Бүгінгі күндері ел ішінде болып жатқан жағдайлар ескі бір есте қалған дүниелерді еске түсіреді. Кеше ғана су жаңа Тәуелсіз елімізді құрып, ал бүгін соған отыз жыл толмай жатып, ескіріп кеткендей “Жаңа Қазақстанды” құрамыз деп жатқан соң айтып жатқаным ғой. Әйтпесе сондай ес кірмей жатып, ескіре қоятындай да уақыт емес қой отыз жыл деген. Сонымен Осыдан отыз бір жыл бұрынғы бір оқиға.
1991 жылдың маусым айының 17 күні болатын. 11 сағат мезетінде Ұланбатыр-Новосибирск-Алматы пойызымен Талдықорған облысының Үштөбе стансасына біздің көш келді. Көш деген қыдырып немесе саяхаттап, жолаушылап, сапарлап жүрген бір-екі не бірнеше әлде бір топ адамның бейсауат жүрісі емес қой. Көш дегеніміз бір отбасының немесе бір әулеттің немесе бір үйірлі елдің бір мекеннен келесі бір мекенге тұрақты өмір сүріп, тіршілік етуі үшін салтанатты түрде қоныс аударуы. Ал сол көш елден елге аударылып қотарылып көшіп келіп жатса оның орны тіпті бөлек.
Біз бірнеше вагонды тұтасымен жалдап алған бір қора жанбыз. Арамызда ақсақал қартымыз, ақбасты анамыз, кәрі-құртаң, кемпір-кешек, қатын-қалаш, бала-шаға, жігіт-желең, оқыған-тоқығаны бар, маманды-мамансызы бар, әлеуметтің бар саласының адамдарынан құралған үлкен әулет – Топай ауылы.
Бізді пойыздан түсе бірнеше совхоз, колхоздың атқа мінерлері қарсы алды. Ошарыла қопарылып вагондардан умақ-шумақ түсіп жатырмыз. Қабылдаушы топ сақалы белуарын ораған ақсақалға, шылауышы жер сызған апамызға, көйлегі көлбіреген кермиық келін-келіншектерге, боқ мұрын балаларға, бойжеткен қыздарға, дипломатын көтерген костюмді ығайға, адидас киген сығайға… аң-таң болыл үрке қарап, іркіліп қалған екен.
Ал адамдарының келбеті, киім киісі, жүріс-тұрысы, құрамы тап бір үлкен салтанаты жиын-тойға, халықаралық фествальға келе жатқан құрметті қонақ, үлкен делегацияға ұқсаса керек. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» болысыпты. Ілезімде ес жиып қолға тұратын атқа қорқа-қорқа қолын созған жандай жақындап, аман-саулық сұрасты. Тәйірі, сөйтсек олар, күн көру үшін нәпәқа іздеп келе жатқан қойшы-қолаң, құрылысшы-мұрылысшы жұмысшы қабылдап аламыз деп жаман-жұтық киім-кешектерін бір машинаға тиеп алып, ұшып жеткен ғой. Солай болуға да әбден қақылы еді. Өйткені біз малшы-жалшы боламыз деп еңбек шартын жасасып келе жатқандар едік. Ал шынтуайтында ел-жер деп, тарихи отанымыз деп, келешек ұрпақ қамы үшін деп ауыл-аймағымызбен көшіп келіп қалғанымызды біреу білсе, біреу әрине құлақтанған жоқ еді…
Сонымен алдын ала жасасқан келісім-шарт бойынша әр колхоз, әр совхозға бөлініп әлгі торы айғырдың үйіріндей шұрқыраған ел лезімде әлде неше топқа бөлініп, жан-жаққа быт-шыт болдық. Кімнің қайда, қай жерге кеткенін де білмей қалдық. Біз 13 үй Талдықорған ауданының Кировск колхозымен шарт жасасқанбыз. Осы 13 үйдің өзін және бірнеше бөлімшеге бөліп әкетті. Тобымыз барған сайын желінген маядай шөмиіп, кішірейіп барады. Облыс, аудан, колхоз, совхоз, бөлімше, отгон, атар (отар) дейді оның не екенін ұғып болмай басымыз қатты. Нар тәуекел. Ешкім бізді байлап әкелген жоқ. Ешкім бізді зорлап әкелген жоқ. Шешінген судан тайынбайды. «Бар деген жеріне барып, алды-артымызды шолып, түгендеп алып, кейінгісін көреміз» деп шештік!
Бізді, 5 отбасын, өзін Айбар деп таныстырған тығыршықтай денелі, орта бойлы, отыз-отыз бестер шамасындағы, ақ сұр костюмді, көмір қара шашты жігіт ағасы жетектей жөнелді. Шамасы колхоздың атқа мінерінің бірі. Үштөбе стансасының бір асханасына әкеліп тамақтандырды. Жолсоқтылықтан ба, әлде күннің ыстығынан ба, әлде тамақтары татымады ма, әйтеу жарытып мардымды ас ішпедік. Қаңсып, аңқамыз кеуіп қапты. Сусынды, сұйығын қылқылдатып жұта бердік. Күн тал түс болды. Күйіп тұр. Алты айырығымыздан тер кетті.
Тоғымызды басып үлгірмей сары түсті ПАЗ автобусына отырғызып алды да темір жолдан өте солтүсікке қарай қара жолмен құйындата жөнелді. Күн деген мұндай ыстық болар ма? Жанып тұр. Әуе айналып жерге түседі. Қаңғайдың қоңыр салқын төсінен келген қоңыр аңдар үшін ми қайнатар ыстық деген осы. Автобустың іші лезімде от жаққан моншаға айналды. Терезені ашсаң ыстық жел ұрады. Ыстық желін қойшы, құммен қоса сабалайды. Жапсаң қапырық. Оның үстіне ойлы-шұңқыр жол. Олай бұрса олай, былай бұрса былай жапырыламыз. Маза кетті. Омыраудағы бала жылады. Үлкендерден үн жоқ. Төбеден күн, іштен мотор қыздырып, буға пісірген мәнтідей темір кебеженің ішінде пісіріліп келеміз. Сәкен Сейфулиннің «Анненковтың азап вагоны» мынаның қасында жұмақ болса керек.
Жол бойы көлікті бір неше рет тоқтаттық. «Осы жер дегені, көш жер болды». Қу медиен, құмды дала. Соққан боран, сабалаған құм. Терезе ашсаң ыстықпен бірге аузы-мұрныңа құм кіреді… Жағдайымыз әбден кеткен соң біз ары қарай жүрмейміз, сен бізді құмға айдап барасың деп машинаны тоқтатып, шуылдап тұрып алдық. Айбар шыр-пыр болады. «Ағайындар, мені аяңдар. Мен иполнителмін. Менің басым екеу емес. Бастық не айтса соны істеймін. Апар десе апарамын, әкел десе әкелемін»,- деп. Сонда әкем: – Әй, қарақтарым, – деді, – ерте күнді кеш қылмаңдар, исполнительмін деді ғой, мына баланы да қинап не етесіңдер. Барып көрелік, бүгінге шыдармыз, болмай жатса бастығына сөйлесіңдер, – деді.
(Оқиға қысқартылып берілді)
Парақшамызға жазылыңыз