Тоқаев:”Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі, арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар”

1061 рет қаралды
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Ақпарат Ақорда сайтында жариялады. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек.

Кеңесте сот жүйесі, ауылшаруашылық саласы, кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлық мәселесі де айтылды. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағытын түбегейлі қайта қарауға шақырды, сондай-ақ уәкілетті органдардың алдына бірқатар міндет қойды. Оның пікірінше, кәсіпкерлер мен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлық деректері бойынша берген өтініштері негізінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет.

Үкіметке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттеу тәсілдерін, соның ішінде осы саладағы мемлекеттік бақылау жүйесін түбегейлі өзгерту тапсырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту қажет деп есептейді. Үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңды түбегейлі жаңарту мәселесін қарастыруға тиіс.

Президент салық және кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелеріне арнайы тоқталды.

– Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін  жемқорлық әбден жайлағанын  анықтады. Елімізде мұндай 49  бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Парақшамызға жазылыңыз

Арай Нұржанқызы

Арай Нұржанқызы Жетісудың тумасы, ақын, "Жетісу келіндері" орталығының төрайымы, "МедиаНет" халықаралық журналистика мектебінің, "Мінбер" ақпарат агенттігінің "Азаматтық журналистер" мектебінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар