///

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Human Rights Watch халықаралық үкіметтік емес ұйымының сауалына байланысты мәлімдеме жасады

1337 рет қаралды
photo: IFEX

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Human Rights Watch халықаралық үкіметтік емес ұйымының Қазақстанда қаңтар оқиғалары кезінде құқық қорғау органдарының шектен тыс күш қолдану жағдайлары туралы ақпарат берілген сауалы келіп түсті. Сыртқы істер министрлігі осыған байланысты мәлімдеме жасады.

Қаңтар оқиғасы бастау алған кезден бастап Human Rights Watch еліміздегі жағдайды жіті бақылап, қамауға алынғандарға қатысты заң бұзушылықтар туралы ақпаратты назардан тыс қалдырмай, жариялап отырды. Олардың бірі халықаралық үкіметтік емес ұйымның сайтында 07 қаңтар күні жарияланған еді. Мұнда ұйым ескертусіз оқу ату бұйрығын жоюды, осылайша, ұлттық және шетелдік күштердің адам құқықтарының сақталуын және адам өлтіруді тергеуді қамтамасыз етуді талап етеді


«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі ең қатал, шиеленіскен дағдарысты бастан кешуде және әлем үкіметтің өз азаматтарының негізге алатын қағидаттары – адам құқықтарын құрметтейтінін көрсете ала ма әлде жоқ па, соны бақылап отыр», – деді Human Rights Watch дағдарыс және жанжал жөніндегі директордың орынбасары Летта Тейлер, – Қазақстан билігі сол жерлердегі барлық қауіпсіздік күштерінің адам өмірін қорғау қажеттілігінен ғана әрекет еткенін қамтамасыз етуі аса маңызды, ал егер олай болмаған жағдайда – жауапкершілікке тартылуы қажет. Және бұл «ескертусіз оқ ату» бұйрығын дереу жоюдан басталуы керек».

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде – Қазақстан Республикасы шектен тыс күш қолданудың, заңсыз ұстаудың, азаптаудың және қамауға алынғандарға қатыгездік көрсетудің ықтимал жағдайларын айыптайды, – дейді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы тәртіпсіздіктерге тергеу әділ болуы және заң аясында жүргізілуі тиіс екенін бірнеше рет мәлімдегені, қамауға алынғандардың құқықтарын қатаң сақтау және сотта істің әділетті қаралуы міндетті шарт болуы тиіс екені жайында баяндайды.

Мемлекет басшысы Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігін тергеу іс-шараларын жүргізген кезде азаптау мен қатыгездіктің өзге түрлерін қолдануға тыйым салатын еліміздің Конституциясы мен Қылмыстық-процестік кодексiнің сақталуын қамтамасыз етуге шақыратынын айтады.

Сонымен қатар, министрлік заңсыз ұстау және қамауға алынған азаматтарға қатыгездік көрсету туралы кез келген мәліметтер мұқият қарастырылатынын, ал тергеу органдары келіп түсіп жатқан барлық заң бұзушылық фактілерін тексеретінін мәлімдеген.

Осы мақсатта азаматтардың қажетті ақпаратты кедергісіз және жедел алуы, оның ішінде полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағым жолдауы үшін  «шұғыл желі» ашылған.

ҚР Бас прокуратурасының деректері бойынша, бүгінгі күні азаматтардың тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістеріне және құқықтарын бұзуға қатысты шағымдары бойынша құқық қорғау органдары тарапынан барлығы 98 қылмыстық іс тергелуде.

ҚР Бас Прокуратурасы және басқа да тергеу органдары қазақстандық және халықаралық қоғамдастық көтерген әрбір жеке істі жан-жақты қарастыруға дайындығы туралы мәлімдеді.

Осы уақытта Азаттықтың хабарлауынша  3 ақпанда Талдықорғанда құқық қорғау ұйымының кеңсесіне қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары жиналып, азаптауды доғаруды және негізсіз қамауда отырғандарды босатуды талап еткен. 20-ға жуық адам жақындарының тергеу изоляторы мен полицияда көрген қорлықтары мен азаптаулары жайлы айта келіпті.

Олардың арасында «Назарбаев ескерткішін құлатуға атсалысты» деп айыпталған 38 жастағы Азамат Батырбаевтың да туыстары бар. Оның әпкесі мен қарындасы Азаматты полицияның қатты ұрып-соққанын, қазір тергеу изоляторында емдеуге зәру екенін айтқан.

– Сау тамтық жері жоқ. Барлық жерінен ұра берген. Шабының ортасынан да ұрған. Ісіп кеткен. Әлгінде бір күн көрген кезде ақсаңдап әрең жүрді. Айтпайды ғой. Ер азамат. Тырнағына дейін ісіп кеткен. Қолына шейін тепкілеген. Тырнағына ине сұққан. Арқасын үтікпен күйдірген, – деді көзіне жас алған Азамат Батырбаевтың әпкесі.

Оның айтуынша, Азаматтың бар жазығы – «шеруге шыққаны». – Иә, шеруге шықты. Онда тұрған не бар? Бүкіл Қазақстан шықты. Не үшін шықты? Қымбатшылықтан шықты. Жаңаөзенді қорғаймыз деп шықты. Солардың бәрін өстіп ұрып, өлтіріп, қинай беруге керек пе? Азаматты босатсын! Азамат сияқты жазықсыз мыңдаған азамат босатылсын! – деді әпкесі.

Құқық қорғау ұйымының кеңсесінде тұрғандардың барлығы “босатылсын!” деп айқайлады.

Сыртқы істер министрлігі мәлімдемегендей, қамауға алынған азаматтардың құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу үшін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға, Азаптауларды болдырмаудың ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне пенитенциарлық жүйе мекемелеріне қолжетімділік қамтамасыз етілген.

Ұлттық алдын алу тетігінің өңірлік топтары Қазақстанның 16 өңіріндегі 83 жабық мекемеге 97 тәуелсіз мониторинг жүргізген. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына азаматтардан құқықтарының бұзылуы жөнінде 48 өтініш түсіп, қарастырылған. Сонымен қатар, өңірлік топтардың ұсынысы бойынша қамауға алынған және тұтқындалған азаматтарға адвокаттар мен азаматтық дәрігерлердің кіруі қамтамасыз етіліпті.

Азаматтық қоғамның беделді өкілдері, оның ішінде құқық қорғаушылар және заңгерлер қаңтар оқиғаларына тергеу жүргізу бойынша қоғамдық комиссиялар құрылған.

Осындай комиссиялардың бірі «Аманат» қоғамдық комиссиясы. Комиссия құрамындағы батысқазақстандық белгілі заңгер Абзал Құспан 26 қаңтар күні Facebook әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында қаңтар оқиғасына байланысты негізсіз қудалауға ұшырап жатқан азаматтардың құқығын қорғап, бостандыққа шығару мақсатында құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясына хабарласушылар үшін келесі мәтіндегі хабарламаны жариялапты

“Хабарлама!

Қаңтар оқиғасына байланысты негізсіз қудалауға ұшырап жатқан азаматтардың құқығын қорғап, бостандыққа шығару мақсатында құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясына хабарласушылар саны тым көп болғандықтан, әр азаматпен жеке сөйлесіп, жауап беріп үлгірмей жатырмыз.

Сондықтан негізсіз ұсталғандардың жақындарын мына сілтемеге кіріп, онда көрсетілген жолдарды толтыруын сұраймыз. Бұл арқылы біз ресми орындардың берген дерегінен бөлек тізім жасап, тергеуде жүрсе де есепке алынбаған адамдарды да қамтимыз, қажет деп тапсақ, кері байланысқа шығамыз. Сол арқылы тергеу изоляторына кіріп, ұсталғандардың санын нақтылап, олардың бостандыққа шығуын жылдамдатамыз. Іске сәт ағайын!

Барынша таратуларыңызды сұраймын!”  депті Абзал Құспан

Осы хабарлама мен дайын үлгіні біз де бөліскен дұрыс деп шештік.

Министрлік Қазақстан адам құқықтары саласындағы өзінің барлық міндеттемелерін сақтауға бейілді және халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ашық диалогқа және ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді. Оған қоса, ҚР Сыртқы істер министрлігі министр Мұхтар Тілеубердінің Human Rights Watch ұйымының Атқарушы директоры Кеннет Ротпен кездесу өткізуі жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгені туралы хабарлайды.

Қазақстан Республикасы адам құқықтары саласындағы БҰҰ органдарымен және тетіктерімен белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруда.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар