Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жылдар бойы Қазақстаннан сыртқа кеткен ел байлығын елге қайтару туралы тапсырма берді:
“Үкіметке екі айдың ішінде шетелдерге заңсыз шығарылған қаражат пен сол жерде алынған мүлікті елге қайтару жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Бұл әлеуметтік-экономикалық аспектілерге, мемлекеттік саясат мәселелеріне, ұлттық бірегейлік пен жастарды тәрбиелеуге әсер ететін үкімет пен қоғамның ортақ міндеті”, – деді президент.
Яғни шетелдегі қаржыны қайтарудың нақты схемасын ұсыну үшін Үкіметке екі ай берілді. Ал шетелде бұл қаржы туралы қандай пікірлер айтылып жатыр? Біз www.codastory.com сайтындағы “Kazakhstan’s wealth won’t go home again” деген мақаланы аударып ұсынуды жөн көріп отырмыз. Мақала авторы – Оливер Буллоу (Oliver Bullough).
Қазақстанда соңғы рет осыдан сегіз жыл бұрын болған едім. Қасымда бірге жұмыс істеген радио-продюсері әйел адам бар еді. Екеуміз бір кішкентай қарлы боранды қалаға тап болыппыз, ал әкімі (біз оны өзара «бақа» деп атап кеттік) бізді әбден мезі еткен еді. Егер біз бөлмемізде болмасақ, ол бөлмемізді тінтіп, ешқандай рұқсатсыз кіріп келеді, егер бірге жүрсек қасымдағы продюсер әйелге қырындай қоятын. Бақытымызға орай, ауа райының құбылуына орай, біз бұл жерден кететін болдық, сондай қуанбаспын, өйткені ана әкіммен арықарай бірге болу мүмкін емес еді. Сөйтіп, ел астанасына да жеттік-ау (ол кезде Астана еді, қазіргі атауы Нұр-Сұлтан). Бізді таңқалдырғаны бұл қалаға ақшаның оңды солды шашылғаны, соның ішінде алтын жалатылған президенттің қолы да бар. Бұл ақшаны одан да біз болған қалашық пен ондағы тұрғындардың өмірін жақсартуға жұмсаса әлдеқайда пайдалырақ болар еді.
Қысқаша айтқанда, қаңтардағы үкіметке қарсы ереуілдер мені аса таңдандыра қойған жоқ.
«Соңғы жылдары әлеуметтік қорғау жүйесінің мүлдем нашарлап кеткені анық, елдегі жастардың көбі үшін экономикалық мүмкіндіктерінің жоқтығынан тереңдеп кеткен проблемалар айқындалған еді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерден елдегі екі ірі қала Алматы мен Нұр-Сұлтан маңайындағы ауылдарға көшіп келген этникалық қазақтар үшін аса өзекті болатын. Өте жылдам қарқынмен дамып келе жатқан екі қаладағы байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылық бірден көзге ұрып тұрады» деген еді Карнеги қорының қызметкері Пол Стронски (Paul Stronski) жасаған анализінде.
Орталық Азия стандартымен қарасақ, Қазақстандағы өмір ондай жаман емес. Дегенмен, Орталық Азияның басқа мемлекеттері сияқты («қара тесік» Түркіменстан, «себет» арқалаған Тәжікстан мен Қырғызстан, клептократиялықмемлекет Өзбекстан) болу шарт емес қой. Ресми статистикаға сүйенсек, халықтың әл ауқатының теңсіздік деңгейі АҚШ-тың деңгейіне пара-пар: халықтың 10%-ы бар байлықтың үштен екі бөлігіне ие, ал 50%-ы жиырманың бірін ғана иеленеді.
Нақты мәселе бұдан да күрделі болуы мүмкін. Ресми статистика активтерін оффшорда ұстайтындардың байлығын есептемейді. Ал бұрынғы президенттің көптеген жақын туыстарының байлығы оффшорда екенін білесіздер ғой. Біз олардың жекеменшігінде қанша бар екенін білмейміз, бірақ біз олардың шетелде салтанатты сарайларға және өзге де бұйымдарға көп ақша шашатынын білеміз. Белсенділер мен зерттеушілер бұл байлықтың шетіне шығу үшін жылдар бойы еңбектенді, соның нәтижесі 2015 жылғы Global Witness есебі. «Панама құжаттары» мен «Пандора құжаттары» олар өзге елдердегі өз байлықтарын жасыру үшін оффшорлық компанияларды қалай пайдаланғанын көрсетіп беріп отыр, ал жергілікті билік оны зерттеуден бас тартқан.
Әрине, сіз ақшаңыз бен активтеріңізді сыртқы күштердің көмегінсіз оффшорға аудара алмайсыз. Тармақталған жақтаушылар желісі Қазақстанның 0,01 процент халқына, сонымен қатар, көп жылдар бойы Батыста Қазақстан мүддесін қорғап келген және 2011 жылғы ереуілшілерді жаппай қыру туралы Қазақстан Үкіметіне кеңес берген Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрге көмек қолын созып келген. Ең қуанарлығы, Британиялық Эксетер университетінің бір топ ғалымы бұл мәселені ашумен айналысып келеді. Солардың арқасында бүгін жұрттың алдында мәселе етіп көтеруге, соның ішінде Ұлыбритания Парламентінің күн тәртібіне шығаруға мүмкіндік туды:
«Орталық Азия ақша жымқырудың «шыңына» жеткен елдердің мысалы бола алады. Егер Орталық Азияның саяси маңызды тұлғалары ірі көлемдегі ақшаны Ұлыбританияда жымқыра алса, демек Ұлыбритания бүкіл әлемнен жымқырылған ақшаға «бизнес ашуға жол беріп отыр» деген сөз» делінген аталған зерттеулердің бірінде.
Қазақтар, әрине, өз басшыларының өздерін жылдар бойы тонап келгенін жақсы біледі. Қазақстанның қазіргі президенті Назарбаевтың ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының әл ауқатын жақсарту үшін «Қазақстан халқына» деген жаңа қор құратынын мәлімдеді. Бұл қор саяси бақылаудан азат болмақ. Әрі, ол бұрынғы президент кезінде жағдайын жасап алған адамдардың бұл қорға ақша аударатынына сенімді екендігін айтты.
«Мен ірі байлыққа белшесінен батқан, алайда көлеңкені саялап жүргендердің бұл қорды толтыруға белсенді қатысатынына сенімдімін» деді ол.
Жемқорлықпен сыртқа шығарылған қаржыны Қазақстанға қайтару оқиғасы Швейцариядағы ақшаны қайтару кезінде қолға алынғаны белгілі. Бота қорының елге қайтқан қаржының қалай жұмсалғанын бақылағандығын осындай операциялардың моделі ретінде қарастыруға болады. Өкінішке қарай, екінші транштың қаржысының жұмсалу барысы көңіл көншітпейді. Демек, бұл мемлекеттік институттар жемқорлыққа белшесінен батқан елде жымқырылған қаржыны қайтарудың қандай қиын екендігін айғақтай түседі.
«Бұл қаржы билік партиясы “Нұр Отанның” жастар қанаты «Жас Отанның» үгіт-насихат кампаниясын салтанатты түрде жүргізуге жұмсалды. Біз куә болған алаяқтыққа дауа жоқ еді» деді аталған есептің авторы Том Мэйн (Tom Mayne, ол Эксетердегі зерттеу тобының мүшесі).
Біздіңше, ақшаны қайтарудың соңғы схемасы қайталануы мүмкін. Демек, халықтың жағдайын жасағаннан гөрі, жаңа президенттің адамдары ескі президенттің адамдарынан ақшаны алып, өз қалталарын қампайтуы бек мүмкін. Бұндай жағдай клептократиялық мемлекеттердің басшысы ауысқанда қайталанып келді (Ресей, Ангола, Украинаны т.б. қара).
Әрине, оффшорда тығылған активтердің әйтеуір кәмпескеленіп, елге қайтарылуы мүмкін деп болжауға болатын еді. Алайда 18 ай бұрынғы Лондонда өткен сот ісі бұндай болжам жасауға да негіз қалмағандығын көрсетіп отыр. Назарбаевтың қыздарының біріне тиесілі активтер Ұлыбританияда табыстың қайдан келгенін дәлелдеуге қатысты алғашқы соттың өтуіне негіз болды. Басында Ұлыбритания шынымен бұндай саяси салмағы бар байлықтан бас тартатын секілді көрінген. Алайда, Қылмыспен күрес ұлттық агенттігінің жеңіліс табуы Ұлыбританияның құқыққорғау аппаратының қаншалықты төмен екендігін танытты.
Егер мен бұрынғы басқарушы отбасының мүшесі болсам, бар активімді Дубайға аударып үлгерер едім. Дубайдың қаржылық ашықтығы Түркіменстандағы сөз бостандығының деңгейінде ғой. Дубайға жасырған ақшаны қайтару оңай болмайды.
Парақшамызға жазылыңыз