//////

Ауыз судың зары: Орал қаласының түбіндегі Зеленое ауылы 30 жылдан бері ауыз судың зардабын тартып келеді

3407 рет қаралды
фото: kaz.tenrinews.kz

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданындағы Зеленое ауылының тұрғындары 30 жыл бойы шешімін таппай келе жатқан ауыз су мәселесін айтып, дабыл қағуда.

Ауыл Орал қаласының түбінде орналасқанымен, Бәйтерек ауданына қарасты. Алайда,  ешқашан орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Суды ауылға тасымалдап жеткізеді. Қаңтар айында 500-ге жуық тұрғыны бар ауылға су тек 1 рет қана жеткізілген. Тұрғындар атынан Тілеген Жұматов атты ауыл ағасы мәселені егжей-тегжейлі айтып берді.

Тілеген Жұматов Зеленое ауылының тұрғыны

– Біздер Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округінің 2-ші бөлімшесі Зеленое деген ауылданбыз. Біздің ауылда бұрын-соңды мүлдем су болмаған. Бұрын болса да, ішуге жарамсыз. Сондықтан, қазір сусыз отырмыз. Су тасымал, су тасығыш машинамен жеткізіп береді. Онда да бұрын аптасына бір рет келетін еді, содан кейін он күнде бір келетін болды. Кейде мүлдем кешігіп қалады. Себебі бөлінген техника өте ескі, жиі бұзылады. Ауылымыздың жағдайы қазір өте қиындап кетті. Әсіресе балалар мен үлкен кісілерге қиын. Шаған деген өзеніміз бар, содан су тасимыз. Одан қала берсе күнделікті шаруаға қолдану үшін қыстың күні қар ерітеді. Анда-санда бір келетін ауыз суды сақтап қоямыз. Оған да көлемі, сыйымдылығы үлкен ыдыс керек. Қыста сақтау қиын. Сол себептен жоғарыда отырған адамдардан ауыз су сұраймыз. Және биыл өткізіп беруін талап етеміз. Судың жоқтығы неше түрлі ауруға да әкеледі. Ауырған жағдайда ауылымызда дұрыс медпункт те жоқ. Медпункт апатты жағдайдағы жеке үйді жалдап отыр.

– Осы күнге дейін бұл мәселе жайында қайда жүгіндіңіздер?

– Бұл су туралы өте көп әңгіме болды. Өзімнің осы ауылға көшіп келгеніме биыл 18 жыл, 2004 жылы көшіп бардым. Содан бері қаншама ақпарат көздеріне хабарластық. Газеттерге, ТДК-42, Ақжайық телеарналарына мәселені айтып, түсіндіріп, ақпараттандырдық, арыздандық. Басшылардың барлығы біледі. Бірнеше рет өткіземіз деп сөз берді. Бірақ, ешқандай нәтиже шығара алмай отыр. Ауыл әкімін 3 жылдан бері көрген жоқпыз. Халықты жинап ешқандай ақпарат бермеді, жағдайды да айтпады. Өткенде 2 ақпан күні әкімдіктен келді. Бірақ Бәйтерек ауданының да, Мичурин ауылдық округінің де әкімдері келмеді, тек орынбасарлары келді. Олардың да айтқаны, – жоғарыға жолдадық, чертеж сызылды, қашан болатыны белгісіз. 2024-2025 жылдарға қарай нақты болады. Сіздердің талаптарыңызды жеткізіп барамыз», – деді. Ал, біз суды биыл өткізуін талап етеміз. 30 жыл күтті тұрғындар, енді қанша күту керек?

– Бұрын сумен қамту қалай жүргізілді?

– Қасымыздан су құбыры да өтпейді. 2015 жылға дейін тасымал су да болған жоқ. 2015 жылдан бері аудан орталығынан біздің ауылға дейін суды тасымалдап, жеткізу үшін бөлінген машина бар. Ол су тасығыш машина да уақытында келмейді. Біз мәселені көтерген соң, аптасына бір рет жібереміз дейді. Бірақ, ол да сөз жүзінде қалып отыр. Ескі машина болғасын кез-келген уақытта бұзылып қалады.

– Судың әлі күнге жүргізілмеу себебі неде?

– Негізі «Ақбұлақ» бағдарламасына кірді деп айтты. Бірақ, бұл да тек сөз жүзінде, өйткені ол туралы ешбір құжат көрсетпеді. Тек құр сөзбен ғана уәде береді. Уақ-түйек мәселелер болмаса, нағыз халық мұқтаж болып отырған мәселелер шешілмей қалып отыр. Ауылда есепте тұрған халық саны 428 адам. Алайда, бұл ресми тіркелген халық. Одан бөлек пәтер жалдап тұрып жатқандар, уақытша балаларының қолына келген ата-аналар, әке-шешесінің қолына келіп тұрып жатқан балалар бар. Олардың барлығын нақты есептесек 500-ге жуық адам бар. Біз Ақбұлақ бағдарламасы бойынша әр үйге су жеткізсін деп талап етеміз. Біздің ауылға 2 км жақын жерден осыдан үш жыл бұрын су шығарды. Сол судан ауылдың қасындағы Октябрьское, Жамбыл ауылдарына су тартты. Бізге 2021 жылы өткізу керек еді, әлі жоқ. Мемлекеттен су өткізу жөнінде көмек сұраймыз.

Біз түрлі сайттарға, әлеуметтік желілерге, барлығына хабарласып, қолымыздан келгенше өз даусымызды жеткізгіміз келеді. Одан кейін әкімдіктен хабарласып, биыл қалайда өткізіп береміз деп сөз берді. Негізі шешімін таппай отырған мәселелер көп ақ. Бірақ, ең бастысы су мәселесі. Су – тіршілік көзі. Барлығы судан басталады. Одан басқа бір жұма тұрып қалған суды ішу оңай емес, әрі дұрыс емес. Оның ішіне не түсуі мүмкін, білмейміз. Адамдар қандай жағдайда тұрып жатыр. Біздің ауылдың адамдарының жағдайы өте төмен. Жұмыс орны жоқ ауылда. Мүмкіндігі, денсаулығы барлары қалаға барып жұмыс істейді. Қалғаны үйде, көбі ең  төменгі 60 мың еңбекақыға қарап отыр. Бізге адам саны жетпейді дейді. Ал, адам мемлекеттің ең басты құндылығы, қанша адам болса да құндылық. Ауылға су өткізсе тасымалға, су тасығыш машинаға шығын шықпас еді, жұмыс орны пайда болар еді, адамдар суды беру қызметіне ақша төлер еді. Ал, бұл ауылдың әлеуметтік жағдайы аз да болса көтеріледі деген сөз. Ауданнын келген әкімнің орынбасары өздерінің істеп жатқан жұмыстары туралы толық айтып берді, ризамыз. Олар жұмыс істеп жатыр, бірақ біз де үнсіз отыра алмаймыз, өз мұң-мұқтажымызды жеткізуіміз керек, – деп өз сөзін аяқтады Тілеген аға.

Ауыл тұрғындарының атынан Тілеген ағайды тыңдаған соң біз Бәйтерек ауданы не Мичурин ауылдық округінің ресми сайты не әлеуметтік желідегі парақшалары бар-жоғын қарадық. Білгіміз келгені, олар болған жағдайда 2022 жылы Зеленое ауылындағы ауыз су мәселесінің жағдайы туралы қандай ақпарат бар екенін көргіміз келген.

Бәйтерек ауданының Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында 09 ақпан күні Мичурин, Белес, Переметный округтерінде аудан әкімінің есептік кездесулері өткені туралы ақпарат жарияланған. Мұнда әкімдіктің баспасөз қызметі Зеленое ауылындағы ауыз су мәселесі жайында «…Өткен 2021 жылы Мичурин және Асан ауылдарында жол жөнделіп, көше жарығы жүргізілді. Жамбылда жаңа мектеп құрылысы, Октябрский ауылында жол құрылысы басталды. Зеленое елді мекеніне ауыз су тартуға жобалық-сметалық құжаты дайындалды» деп хабарлайды.

Бұл жолы Зеленое ауылының тұрғындары атынан Тілеген ағаймен сұхбаттасып, Бәйтерек ауданы әкімдігі мен Мичурин ауылдық округі әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларына шолу жасадық. Ал, Мичурин ауылдық округінің әкімімен болған сұхбатты келесі материалдан оқисыз.

Мичурин ауылдық округінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасы 02 ақпан күні Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Залмуканов Зеленое, Октябрьское, Жамбыл және Асан ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізгені туралы хабарлайды. Кездесу барысында 2021 жылы ауыл және аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен жобалар туралы баяндалып, аталған ауылдық округтердегі өзекті мәселелер талқыланған. Олардың ішінде Зеленое ауылы бойынша ауыз су өткізу мәселесі де бар. Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Дүйсенұлы, – бұл сұрақтарға жергілікті әкімшілік жауап беріп шешімін табатын болады. Зеленое ауылындағы ауыз су бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) дайын, мемлекеттік сараптамадан өтті. Қаржы бөліну үшін тапсырыс жолданады, қаржы бөлінген бойда бұл жоба іске асырылатын болады, – деп мәлімдеген.

P.S. Бұл жолы Зеленое ауылының тұрғындары атынан Тілеген ағаймен сұхбаттасып, Бәйтерек ауданы әкімдігі мен Мичурин ауылдық округі әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларына шолу жасадық. Ал, Мичурин ауылдық округінің әкімімен арадағы сұхбатты келесі материалдан оқисыздар.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар