РЕФОРМА ЖЫЛДАРЫ
(бесінші тарау)
Сонымен 1995 жылы Дж. Буштың шақыруымен АҚШ-та, Техас штатында болып қайттым. Америкаға барған адамға алдымен мемлекеттің алыптығы, байлығы көзге түседі. Ал Техаста бола қалсаңыз, бұның бәрі екі есеге көбейетіндей. Бәрі керемет, әлемдегі ең үлкен ғимараттар, машиналар, жарқыраған дүкендер, көшелер. Әрі осы ерекшеліктерін жергілікті халық мақтанышпен айтады. Болат пен шыныдан жасалған алып әуежайларының ұзындығы соншалық, шығатын есікке жету үшін электр көлікті пайдалануға тура келді. Ал сыртта қонақжай техастықтар ақ лимузин дайындап қойыпты. Оның ұзындығы мен әдемілігі адамды таңғалдырады. Бұл – сегіз миллион халқы бар Хьюстон қаласы еді. Жол бойында бізді қарсы алған кісілер жетістіктерін жасырмай айтып жатыр: «АҚШ- тағы, дүние жүзіндегі ең үлкен ғимараттар, ipi кәсіпорындар, ең озат технология (NASA орталығы) бізде». Көргеніміз мақтануға тұрарлық екеніне көзіміз жетті. Тағы көзге түскені – олардың ерекше патриот екені, отансүйгіш сезімі барлық жағдайда байқалады. Көргеніміздің бәрі де ұнады, көп нәрсе үйрендік. Техаста жүріп, еріксіз өзіміздің «Қазақстан» көз алдыма келді.
Өндірісімен қатар Американың ауыл шаруашылығымен де таныстық. Техаста жылқыны ерекше қастерлейтіні әлемге әйгілі. Ал менің назар аударғаным, олар ipi қара малды бағып, жүздеп, мыңдап табындап жаяды екен. Бұндағы мал өсірудің ерекшелігі – бip фермердің ранчосында малды қысқа мерзім ғана ұстайды. Бip ранчода бұзаулар болса, келесіде – торпақ, үшіншісінде – өгізше, не құнажын боп үш-төрт ай сайын ауысып тұрады. Бұның себебін жайылымды тоздырмай, малды тез уақытта базарға салатындай дәрежеге жеткізу деп түсіндім. Нарық заманында бізге де үйренетін жағдай екен деп ойладым. Кейін Семей архивінен қазақтың нарыққа бұрыннан бейімделгені жөнінде деректерді оқыдым. Оған сүйенсек, бip облыстың өзінде 1913 жылы 1 миллионға жуық қара мал, одан артық жылқы (баска тұяқтыны санамағанда) болыпты. Ол қаншама байлық! «Бүгінгі міндетіміз – атадан қалған кәсіпті жаңғырту, малдың санын, өнімділігін көбейту» деген ойымды өзіміздің ауыл шаруашылық мамандарына айтып жүрдім. Дұрыс егін шықпайтын, есепсіз жыртылған кұнарсыз жерді қайта жайылым қатарына қосуды талап еттім. Бар байлығымыз – жерде. Бушпен кездескенімізде де осы тақырыпта әңгіме болды. Ол өзінің ранчосына барғанын тәуір көретінін айтты. Техас тарихында алғаш мұнай табылғанда бірінші қатардағы кәсіпкер де, жұмысшы да болған кешегі мал шаруашылығымен айналысқан ковбойлар екен. Мұнай өндіру саласындағы кейбір терминдер солардан шыққан. Техастың «Шеврон», «Мобил» сияқты мұнай алыптары әлемдегі мұнай өндірісіне де, АҚШ-тың көптеген елдің тағдырын шешетін саясатына да жетекшілік етіп отыр.
Әңгіме барысында Буш мырза өзі туралы, Буш әулеті жайында ерекше көтеріңкі әңгімелеп берді. Ecкі фотосуреттерін көрсетті. Онда өзі кішкентай бала, атасының, сенатор Буштың қолында, әскер киімін киген әкесі әскери ұшақтан түсіп келе жатыр. «Саясат біздің кәсіби жұмысымыз болғандыктан, мен де жуықта осы штаттың губернаторлығына сайландым», – деді ол. «Әкеңіздің жолын қуып, келесі жылы президенттік сайлауға түсерсіз?» – деп сұрағанымды өзім де байқамай қалдым. «Мемлекеттік қызметке келгеніме бip-екі жыл ғана. Сондықтан 96-жылы ондай сайысқа түскенім ертерек болар. Кейінгісін көре жатармыз», – деді Буш. Америкалық әріптесім маған өте ақылды, әр сөзі мен қимылын есептеп істейтін және қойған мақсатына жете алатын жігерлі азамат боп көрінді.
Айтқан сөзін тыңдай отырып, Американың келесі президенті Буш болатынына менде еш күмән қалмады. «Бұрын бизнесте жүргенімде өзімді еркін сезінуші едім, қазір ондай жағдай болмай тұр» дегенде, еріксіз өз басым туралы ойладым. Бізде де нарық қатынастары қалыптасып келе жатқанын әңгімеледім. «Кеңес Одағы күйреп, орнына тәуелсіз мемлекеттер құрылып, экономикалық жүйе түбегейлі өзгеріп жатқанда қиыншылықтар көп болар?» – деген сұрағына, мен: «Ең қиыны – адамдардың сана-сезімін, қоғамдағы жылдар бойы сіресіп қалған менталитетті өзгерту», – деп жауап қайтардым. Бұл әңгімеміз оның губернатор ретіндегі кабинетінің артындағы кітаптар, фотосуреттер, басқа да естелік заттар қойылған бөлмесінде өткен. Байқағаным, кабинетінің өзі де аса үлкен емес, жұмысқа қолайлы бөлме екен. Кабинетін аралатқанда, назарым кеңес өткізетін дөңгеленген ықшам столға түсті. Қасында сегіз орындық бар екен. «Ғалымдардың дәлелдегені бойынша, ең өнімді жиналыстар қатысушылардың саны сегізден артпағанда болады. Одан көп болғанда мардымсыз, боссөзді басқосуға айналады екен», – деп, менің үнсіз сұрағыма жауап қайтарғандай болды.
«Бұл үйренуге тұратындай тәжірибе екен» деп, елге оралған бетте кабинетімде кеңес дәуірінен қалған ұзын, бүкіл облыс басшылары сыятын «бюро» столды сегіз кісілік дөңгеленген түріне ауыстырдым. Әрине, Америкадағы сапарымыздан үйреніп-түйгенім жалғыз бұнымен шектелмейді. Уақытымыз жеткенше, әр саладан, ауыл шаруашылығы мен өндіріс болсын, әлеуметтік сала мен экономика болсын – ой-өрісін кеңейтетін көптеген мағлұмат алдық. Сапар бойы, кешкісін де бас қосып, көрген-естігенімізді ортаға салып, пікір алысып жүрдік. Ол кезде менің кеңесшім болған Виктор Ковтуновский осының маңызды жерлерін компьютеріне жазып жатты. Қарлығаш та әлеуметтік-қайырымдылық саласы бойынша көп нәрсеге көзі ашылғанын жасырмады. Дж. Буштың жұбайы Лорамен осы жөнінде үйінде қалай пікір алмасқанын да айтты. Мен үшін ең маңызды болғаны – Америкадағы штаттардың жергілікті билік жүйесі. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысын ұйымдастыру мәселелерін өз көзіммен көріп, құлағыммен естідім. Жалпы бұл сапарымыз кәсіби жағынан да, дүниетану жағынан да маған үлкен әсер етті.
Әрине, көргенімнің бәрі облыста ic жүзіне асты, не болмаса бұрын осыны білмей, енді ғана көзіміз жетті деуім шындық болмас. Америкада көргеніміз тек жалпы бағыт беріп, бұған дейін істеп жатқанымыз дұрыс бағыт екенін айқындады. Сол кезде елде мемлекетіміздің болашағы жайлы алуан пікірлер айтылып жатты. Үкімет делегациясы қай мемлекетке барса, сол жердің іс-тәжірибесін ақпарат құралдары арқылы әңгімелейтін.
Азия жолбарыстары жайында үлгі ретінде көп айтылды. Ал негізін іздеп қарасақ, Жапония мен Кореяның, басқа да мемлекеттердің дамуына ең үлкен ықпал еткен америкалықтар екен. Сондықтан үйренейік, тәжірибе алайық дегенімізде көшірмеден емес, түпнұсқадан үлгі алғанымыз дұрыс болар еді. Мен өзім де көп елдің қалаларына ат басын тірегем. Соның ішінде Қытай, Австралия, Түркия, Швеция, Германия сияқты әлемнің әйгілі мемлекеттерінде болдым. Әрқайсының табиғатына, жеріне, халықтың менталитетіне байланысты ерекшеліктері бар. Бірақ дамыған бақытты елдердің жүрген жолы ұқсас. Өйткені кай жерде болсын нарық пен демократия заңдары математика мен физика зандары сияқты бірдей.
Пифагор мен Ньютон ашқан заңдар әлемнің барлық жерінде бірдей әсер етеді. Сол сияқты, нарықтағы бәсекелестік ұтымды екені, ал өзін-өзі басқару үшін (демократия принциптері) қала мен ауылдағы жұрт өз басшыларын өздері таңдауы керек екені әлемнің барлық жерінде күші бар қоғамдық заңдар.
Еліміздің мәдени дамуында Семей өңірі ерекше орын алатыны тарихи ақиқат. Тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһардың өзіне ғасырлар бойы түрлі елдердің мәдениеті ықпал еткен. Әлем деңгейінде ғұлама М.Достоевский тұрған қалада басқа да орыс перзенттері із қалдырған. Соңғы жылдары құрылған Невзоровтар отбасы атындағы көркем мұражайды Қазақстандағы ipi мәдениет ошағына жатқызуға болады. Орыс және Батыс өнерінің шығармалары жинақталған қордың тарихы 1980 жылдардың аяғынан басталады. Белгілі мәскеулік өнертанушы Ю.Невзоров қаламызға өз коллекциясының бip бөлігін тапсырған екен. Қала басшылары тоғыз қабат үйдің астындағы дүкеннің жартысын босатып, сурет көрмесін ұйымдастырыпты. Әкім боп тағайындалғанымда осы көрмеге Қарлығаш екеуміз қала аралап жүріп кіргенбіз.
Жетекшісі Татьяна Александровна Стромская өз жұмысына адалдықпен берілген кісі болып шықты. Бізді қорда бар заттармен таныстыра келіп, мұражай жайында өз ой-пікірін жеткізді. Көргеніміз қатты әсер етті. Әсіресе даңқты суретшілердің суреттерін көргенде айтатын сөз табылмады. Ылғи тұпнұсқалар! Қаншама дүние! Брюловтан бастап ұлы қылқалам шеберлерінің туындылары бар. Сонымен бірге көрменің шаруашылық жағы нашар халде екені көзге бірден түсті. Көлемі жеткіліксіз, жөнделмеген. Көрме залының қолайсыздығынан суреттердің көбі астындағы подвалда үйілген. Асықпай бәрін көріп, жағдаймен толық таныстық. Үйге келген соң, көргенімізді айтып, түн жарымына дейін ұзақ әңгімелестік. Мұндай мәдени байлық еліміздің рухани абыройын арттыратын мұраға айналуға тиіс. Ол үшін шаруашылық мәселелерін шешіп, толыққанды мұражай ұйымдастыру керек. Жеке ғимаратқа да шығарған жөн. Айтуға оңай, бұл істің артында салмақты жүк жатқаны онсыз да түсінікті. Тапшылықтың заманы, жарымаған бюджеттің жағдайы белгілі. Дегенмен облыстық бюджеттен тыс қаржы іздестіруді мойныма алдым. Невзоровтар әулетімен кездесудің керектігін де ойладым.
Юрий Владимирович Невзоров мәдениетті, тегі ақсүйек тұқымынан шыққан сексендегі қария екен. Жұбайы Антонина Михайловна өзіне сай, өнер сүйген белсенді кісі боп шыкты. Екеуі де аса құрметті конағымыз боп, тиісті қошеметке бөленді. Оларға мұражай жайында істеген шаруамызды, жоспарларымызды айттық. Әңгіме арасында мәскеуліктер қордың тағдырына байланысты өздерінің алдында болған алаңдаушылығын жасырмады. Енді құлақтарымен естіп, көздерімен көрген соң, көңілдері орнына түскендей болды. Сол көңілді сәт үстінде қорды қомақты өнер шығармаларымен толтыратынын және барлығын елімізге сыйға тартатынын жариялады. Біздің қуанышымызда шек болмады. Ақсақалға дәстүрлі шапанымызды мен жапсам, жұбайына Қарлығаш басқа сый-сыяпат көрсетті. Сөйтіп, Репин мен Шишкин, Саврасов пен Брюлов, Айвазовский мен Рембрандт сынды ұлы шеберлердің ұзын саны бес жүзден астам шығармасы ескі Семейдің ең көрнекті ғимаратында келген жұрттың көзін қуантатын болды. Арасында өзіміздің ұлттық шеберлер де көрме ұйымдастырды. Мұражай халкымыздың ең құнды мұрағаттарының есебіне кірді. Мұражаймен және оның ұжымымен, Семейден көшсек те, қол үзбедік. Шамамыз жеткенше көмегімізді көрсеттік. Невзоровтар отбасымен де қатынасымыз жалғасты. Бұл күнге дейін Қарлығаш қариялармен хабарласып, Мәскеуге барғанында жүздесіп тұрады.
Түрмеде кездескен сәттерде Қарлығаш екеуіміз осы мұражайды жиі еске аламыз. Кезінде қолға алған ісіміз оңды болғанына қуанамыз. Есімімді атауға тыйым салынған заманда мұражайдағылардың өзара сыбырласса да бізді жиі еске алатынын естіп жатамын. Ұмытпай, еңбегімізді бағалаған халқымызға ризамыз. Қaзipгі жағдайда біз үшін бұл үлкен бақыт.
Аз уақыт өтсе де, Семей облысындағы түбегейлі реформалар мемлекетімізде де, сыртта да байқала бастады. Үкімет ішінде «экономикалық реформалардың отаны – Семей» деген пікір туды. Оны дұрыс қабылдап, қолдағандармен қатар, оған тepic сипаттама бepіп, халық мүддесіне қарсы қоюға тырысқандар да болды. Солардың бip тобы көре алмай, қызғаншақтық көрсеткен жоғарыдағы шенеуніктер болса, екіншісі шынымен түсінбегендер, ақпарат жетпей білмегендер еді. Газет беттерінде бізді сынай бастады. Ол жағдай мені алаңдатты. «Сөз туып, тepic пікір қалыптасады да мені қызметімнен босатады» дегеннен емес. «Осы теріс пікір жұртшылықты бізге қарсы қойып, бастаған жұмысымызға бөгет болады» деген ойдан. Командаммен ақылдастым. Шешіміміз бipey-ақ болды – бастағанды тоқтатпай, насихатпен түсіндіруді күшейтеміз. Халық ішінде де, ақпарат құралдарында да және Алматыдағы үлкен кабинеттерде де. Мәскеудегі байланыстарды пайдаланып, қоғамдық қатынас мамандарымен жұмыс істей бастадық. Республикада бірінші болып әкімшілік жанынан «Қоғамдық байланыстар» бөлімін аштық. Бұл ағылшынша Public relations немесе PR деген сөзден шыққанын бүгін бүкіл жұрт біледі. Ол кезде болса бұл саладағы алғашқы қадамдарымыз біз үшін жаңалық болып көрінді. Мен өз басым қоғамдық психология мен қатынастар, адам психологиясы мен саяси құбылыстар жайында көптеген оқулық, кітап, ғылыми зepттeyлepдi оқыдым. Осы саладағы мамандардан дәріс алдым. Жоғарыда аталған бөлім қызметкерлерін өз есебімнен оқуға жібердім. Баспасөз хатшысы мен баспасөз қызметінің қызмет әдісін өзгертуге тура келді. Бұрындар олар өз қызметін әкімдерді мақтап- мадақтайтын мақала жазу деп білсе, ендігісі – облыстағы мемлекеттік мекемелер жайында ақпарат беру, ақпарат құралдарындағы сынды талқылау, оған тиісті басшылардың жауабын журналистерге жеткізу болды.
Сонымен қатар үкімет мүшелеріне, министрліктерге және облыстағы мамандарға арнап, істеп жатқан әлеуметтік- экономикалық реформаларды көрсетіп, түсіндіріп, тәжірибе алмасу мақсатымен облысымызда семинар өткізуді ойластырдық. Нәтижесінде, үкімет басшыларымен ақылдаса келе «Семейдегі экономикалық реформалар» (СЭР-96) атты семинар ұйымдастыру жөнінде арнайы үкіметтің қаулысын алдық. Бұл семинар 1996 жылдың сәуір айында Семейде өтті. Оған барлық облыстан әкімнің орынбасары бастаған экономикалық командалары келді. Үкіметтен Е.Өтембаев, Ж.Ертілесова және басқа лауазымды қызметкерлер қатысты. Екі күн ішінде өзімнен бастап орынбасарларым және мамандарымыз жергілікті реформаларға байланысты шаралар мен көзқарастарымызды келген қонақтарға баяндадық. Көптеген сұраққа жауап қайтардық. Үкімет тарапынан және кейбір облыстардың ішінен де арнайы баяндамалар болды. Шетелдік эксперттер де қатысты. Өндіріс пен ауыл шаруашылығы, білім мен денсаулық сақтау, коммуналдық монополия секторлары, жергілікті билік пен аппарат қызметі жайынан кеңінен, бұрын-соңды болмаған әңгіме қозғалды. Мен кіріспе сөзімде облысымыздың экономикалық-қаржы жағдайы нашар болғандықтан, социализмнің жоспарлы жүйесінен жаңа нарық қатынастарына ауысу үшін осындай түбегейлі реформаларды жүргізуге мәжбүр болғанымызды айттым. Бізде бәрі жақсы деп мақтанудан аулақпын, бұл реформалар қиындықтан туындады, еліміз тірелген тығырықтан шығатын жолды табу керек болды. Мысалы, коммуналдық шаруашылықтағы реформа халыққа бәрінен қатты батқаны рас. Бірақ бізде басқа амал болмады. Жергілікті бюджеттің үштен бip бөлігін коммуналдық шығындар құраған. Білім мен денсаулық сақтау салаларына қаржы көбірек керек еді. Мәдениет, ақпарат саласына да қаржы қажет. Бюджеттің жыртық көрпедей бәріне жетпейтіні анық болды. Бұрынғы қалпымен жүре берсек, қалаларда жылу мен су болмай, көз алдымызда қираған қалалардың кебін киер едік. Білімді де, мәдениетті де жоғалтар едік. Әйтеуір, қиын болса да, жанға қатты батса да, өзгерістерге кірістік. Нәтижесінде, қалаларымызды сақтап қалдық, аман-есен қыстап шықтық. Сол сияқты автокөлік саласында реформалар өтті. Айталық, жүрмей тұрған автобустарды жүргізіп, тіпті жол ақысын біраз арзандаттық. Бұрыннан монополия болып келген мекеменің орнына жекеменшікке жол ашып, тендер арқылы қызмет сапасын жақсарттық. Осы жерде айта кететін жайт, кейін біз бастаған реформалардың көбі республикада жалғасын тапты. Әрине, бәрі де оңайлықпен жүзеге аса қойған жоқ. Бip жерлерде бастамаларымызды дұрыс қолданып, нәтижесін беріп жатса, кейбіреуі аяқсыз қалдырды. Реформалардың орындалуы жергілікті жерлердегі қызметкерлердің қабілетіне байланысты еді. Сонымен бірге жергілікті биліктің халық алдындағы жауапкершілігіне де тәуелді болатын. Ал бұл мәселе тікелей әкімдердің ел ішінен сайлануына байланысты болды. Бұл туралы әңгіме әлі алда.
Өкінішке орай, келесі, 1997 жылдың басында мен басқа жұмысқа ауыстым да, Семей облысы таратылды. Көптеген бастамамыз тоқтатылып, қайта шегіну де байқалды. Халық енді түсініп, қолдап келе жатқан реформаларды жаңа басшылар қолдамады. Керісінше, болған қиындықтарды, тіпті Семейдің құлдырауын біздің командаға жабуға тырысты. Бүгінде Семейде жарық жоқ, жылу жоқ дегенді естісем, жүрегіме қатты батып қиналамын.
Семинарда әртүрлі пікірлер айтылды. Бірақ біздің қол қусырып отырмай, ізденіс үстінде жүргенімізді бәpi де қолдады. Әсіресе облыстың экономикалық-қаржылық банкроттыққа тірелген жағдайын еске түсіргенде риза болды. Жалпы, реформалар мен оны жүргізу жүйесі қатысушылардың оң батасына ие болды. Үкіметтен келген қонақтар да ic-әрекеттерімізге жоғары баға беріп жатты. «Кризис жағдайынан шығатын жолды таптыңдар. Аз уақыттың ішінде өтпелі кезеңнің көптеген сұрағына жүйелі шешім көрсеттіңдер. Үлгі болатындай істеріңді тәжірибе ретінде насихаттап, жергілікті жерлерге ұсынамыз», – деп, соңында үкімет аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев қорытынды жасады.
Келгендердің тағы да бip ерекше назар қойған жағдайы – аппарат қызметі мен ic-қағаздарды жүргізу тәртібі еді. Әкімдік қызметке шыққан күннен бастап атам заманнан келе жатқан машинкаларды компьютерлерге ауыстырдық. Көптен бepi істеп келе жатқан Нина Халеловна апамызға: «Компьютерді дұрыстап меңгерсеңіз дұрыс болар еді» деп, ақыры барлық ic-қағаздарын компьютерге көшіргенбіз. Берген тапсырмалардың, жарлық-заңдардың орындалуын қадағалайтын арнайы комиссия құрдық. Оның ici де өнімді болуы үшін компьютерлік бағдарламамен қамтамасыз еттік. Бұл бақылау комиссиясының міндеті – арызданып немесе мәселе көтеріп келген адамдарды қабылдау және аудандарды аралағанымда қойылған сұрақтар мен түскен ұсыныстарды жинастырып, талқылау. Сонда көтерілген мәселе не қойылған сұрақ ескерілмей қалмайды, бәрі де рет-ретімен компьютерге түседі. Бұл бастамамыз да жоғарыдан үлкен қолдау тапты. Әрине, бұл әрекеттеріміз жиналған барлық күрделі мәселені шеше қойған жоқ. Бұл тек оларды біp жүйеге келтіріп, мәселеге жауапты қызметкерлерді белгілеп, біздің халықпен байланысымызды нығайтты. Әрі заңдардың, қаулылардың орындалуын өзіміздің тікелей бақылауымызға алдық.
Ал халықты алаңдатқан көптеген жағдайды, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі күрделі мәселелерді шешу үшін жергілікті қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту керек болды. Олардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін өркениетті адамзаттың бұған тапкан шешімі біреу-ақ – жергілікті атқарушы билік органдары сайланбалы болуы керек. Халық өзінің ауыл, қала, облыс басшыларын өздері таңдап, сайлап алу қажеттігіне осыдан кейін көзім әбден жетті. Онсыз халықтың билікке деген сенімі болмайды. Барлық деңгейдегі әкімдерді жаппай сайлайтын кезең келгені мен үшін айдан анық болды. Бұл ойым жоғары басшыларға аса ұнамайтынын білдім. Дегенмен өз пікірімді президентке жабық хатпен жібердім. Онда мен әкімдерді сайлау мәселесін көтеріп, бірінші кезеңде ауыл, содан соң аудан, қала әкімдерін тікелей халық тарапынан сайлау қажеттігін ұсындым. Не дұрыс, не бұрыс деген жауап болмады.
1996-ның жазында, шамамен шілденің екі-үшінде, Алматыда әкімдердің үлкен жиыны өтті. Оған облыс, қала, аудан, ауыл әкімдердің барлығы катысты. Басқа қызметкерлермен қосқанда ұзын саны үш мыңнан асатын қауым Республика сарайына жиналды. Көкейдегі ойын ала келген жұрт мінбеге шығып, сөз сөйлеп жатгы. Кейбіреулері жағымпазданып, басшыларды мақтап та жатты. «Қайтесің, оларға да нұсқау берілген ғой» деп ішімнен ойлап отырдым. Нақты мәселелерді көтергендер де болды. Сырт көзге ауыл әкімінің мәселелері ұсақ болып көрінгенмен, ол сол жергілікті халықтың мүддесін айтып тұр ғой. Өзінің осы мәселелерді шешуге дәрменсіздігін, биліктің қолының қысқалығын айтқысы келеді. Бірақ оларын өз бастықтарына айтса, басымен тасқа ұрынғандай, жоғарыдан қатты сөз естиді. Өйткені жоғарыдағыларға халықтың нақты жағдайын айтып, мүддесін жеткізбекші боп, оларды мазалайды. Биліктегілергe шындық ұнамайды, бұрқыраған қазанның қакпағын ашқысы келмейді. Дербестік танытып, сөздерін дәлелдей білген тынымсыз әкімдерді аяғында жұмыстан босатады.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре emeді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап, – деп Абай дана калай дәл айтқан!
Бұндай әкімдерді халық та қорғап алып қала алмайды. өйткені оларды сайлаған халық емес, олар жоғарыдан нұсқаумен келген. Әрине, осының бәрін отырған қауым жақсы білетін. Сондықтан мінбеге шыққандар абайлап, тіпті жалтақтап сөйлегені байқалып тұрды. Сол жерде солтүстіктің бip аудан әкімі: «Жағдайымыз нашар, мынадай жекешелендіруді тоқтату керек», – деген еді, Назарбаевтан қатты сөгіс естіді. Аяғында кызметінен босатылды. Дегенмен сөйлегендердің арасынан батылдық көрсетіп, нақты мәселені ашып айтқандар болды. Оңтүстіктегі бір ауылдың әкімі: «Бүгін әкімдер бәріне де жауапты боп тұр, тіпті көшеде көлденең ит өліп жатса, оған да әкім кінәлі сияқты. Халық бізден сұрайды. Ал біздің қаржылық мүмкіндігіміз шамалы, билігіміз жеткіліксіз. Осының бәрін қалай шешеміз?» – деп, жиналғандардың қошеметіне ие болды.
Өзі ашылып айтпаса да, залдағы әкімдер осындай шешендердің сөзін іштей ұнатып, қол шапалақтап қолдап отырды. Осының бәрін тыңдап, ойланып отырдым да, мен де мінбеге шығуға бекіндім. Бұл шешімім бірақ оңай орындала қоймады. Мәселен, күн бұрын, сөзімді жазбаша түрде үкіметке тапсырғанмын. Ойлаймын, үкіметтегілер оны оқып, маған сөз бермеуге ұйғарған сияқты. Сөйтіп, сөз бермеген соң, үзіліс кезінде жиналысты жүргізіп отырған Қажыгелдинге жақындап, өтінішімді айттым. Ол басын изеп, «көреміз» дегендей болды. Бірақ, кезегім келмеген соң, мәжілістің екінші жартысында төрдегілерге «сөз сұраймын» деп хат жолдадым. Оның да көмегі болмаған соң, алдыңғы қатарға отырдым да қол создым. Сол кезде Президентпен көзіміз жолықты. Ол маған «сөйлегің келе ме?» дегендей ымдады да, қасындағы премьерге келісімін бергендей сыбырлады. Сонда ғана маған кезек келіп, мінбеге шықтым.
Сөзімде халықтың әлеуметтік және басқа да шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелері жергілікті өзін-өзі басқару жүйесімен тығыз байланысты екенін айттым. Биліктің барлығы орталықта да, жауапкершілік – әкімдерде. Мысалы, салық жинайтын қызметкерлер орталыққа бағынады да, жергілікті бюджетті толтыруға әкімдер міндетті. Ал сол бюджеттен әкімдер алдына келген халыққа зейнетақысын да, балалардың жәрдемақысын да, мұғалім-дәрігерлердің еңбекақысын да, басқа әлеуметтік жәрдемдерді де төлеуі керек. Әрине, оның бәріне әкімнің не қаржысы, не дәрмені жетпейді. Халық алдында олар жаманатты болады. Сонымен, не әкімдердің мойнынан міндетінің жартысын алыңыздар (онда оған орталық жауап береді), не әкімдерге міндеттерін орындау үшін жеткілікті қуатты билік беріңіздер. Ең жақсысы, әкімдер сайланбалы болса, өз міндеттерін жоғарыға жалтақтамай орындайтын болады. Сонда төмендегі халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, нақты сол халыққа қызмет етеді. «Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл мәселені алдыңызда бұрын да көтергенмін. Мені дұрыс түсінуді өтінемін» деп аяқтағанда, алдында тып-тыныш отырған әріптестерім ду қол шапалақтады. Барлығы 14 минут сөйлеппін. Қобалжығаным басылмай, кездескен, ілтипат білдірген әкімдердің қолын қысып орныма бара жаттым. Шу басыла, президенттің: «Неменеге мәз боп, қол ұрып жатырсыңдар? Әкімдерін сайлап жатқан көрші Ресейдің тағдыры қандай болатынын көрмей тұрмысыңдар? Сендерге не, билік жетпей ме? Барлығы өздеріңнің қолдарыңда! Бүгінгі әкімнің билігі бұрынғы партия хатшыларынан артық! Болмайды әкімдерді сайлау деген! Тоқтатыңдар бұл әңгімені», – деген зіркілдеген дауысы естілді. Бәрі де тып-тыныш бола қалды… «Пәледен аулақ, басымыз аман болсын» деп ойлаған шығар. Жиналыстан соң өткен облыс әкімдерінің кешкі басқосуында Президенттің маған деген көңілі салқындағанын байқадым. Сөз арасында айтатын жәйт, облыс әкімдерін осылай, анда-санда астанаға келген кезде кешкісін жинап, дастарқан жайып, қонақасы беру дәстүрге айналған.
Бұндай бейресми араласуда әкімдер Президенттің құрметіне тост айтумен болатын. Жиналған 15–20 адамның барлығы міндетті түрде Елбасын мадақтайтын. Сонымен қатар өзара әңгімелесіп те жататын. Нұрекең болса, әкімдерге арақ-шараптан мол құйдыртатын. Соңынан қызып алған, не шала масайған нөкерлерінің артынан көз қырымен байқап отыратын. Жалпы, ол кici осындайда әкімдерді сараптап, көңіл-күйлерін аулап, ой сүзгісінен өткізіп отырғанды тәуір көретін сияқты. Сол жолы да, дастарқан басындағы әңгіме арасында Президент: «Осы сендерге әкімдерді сайлағаны керек пе, шындарыңды айтыңдаршы?» – деп сұрақ тастады. Бастықтың кандай жауап тілегенін сезген қулар кезектесіп: «Жо-жоқ, құдай сақтасын, Нұреке!» – деп жамырап кетті. «Мен де солай ойлаймын. Менің тағайындауыммен жұмыс icтегеннен не жамандық көрдіңдер? Басқа жұмысқа ауыстырсам да ешқайсыларыңды ренжіткен жоқпын. Ал сайланбалы болсаңдар, мына Ресейдегі сияқты халықтың аузына қарап тұрасыңдар, ұнамай қалсаңдар сайламай тастайды. Сонда қаласыңдар далада, қызметсіз, ешкімге керектерің жоқ. Ал демократия деген – бос сөз. Көріп жүрміз ғой, Американың өзінде қалай боп жатқанын – бәрін қысып ұстайды, ешқандай да еркіндік жоқ. Таныс бір америкалық бизнесмен айтады, оларда мықтылардың өздері таңдаған адам губернатор болады. Халық сайлады деген бекер, көзбояушылық. Сондықтан бізге ондай сөзге ере бермеу керек. Бізге бірлік керек. Осылай бір-бірімізді сүйеп, сендер мені, мен сендерді қолдап жүргенге не жетеді? Солай ма?» – деп, Назарбаев жүрек түбінде жатқан ойын айтқан сияқты.Бәрі де бас шұлғып, мақұлдады. «Ондай болса, сайлау деген әңгімені тоқтатайық енді!» деген кесімді сөзін айтты. Бұл жағдайда Президенттің пікірімен өзімнің келіспейтінімді, демократия елімізге қажет екенін айтуды ыңғайсыз көрдім де, үндемей отыра бердім.
Жиналыста болған оқиғаның ызғары көпке дейін сезіліп тұрды. Мысалы, алдында «облысыңа барайын, не көрсете аласың?» деген Президенттің сауалына ауылды, Үржар ауданын ұсынған болатынмын. Соған келісіп, шілде айында келеді деп күттік. Бірақ, жаңағы жиналыстан кейін, шілде өтіп, тамыз да келді. Назарбаевтың облысымызға әзірленген сапары екі-үш рет әртүрлі себептермен шегерілді. Тамыздың жиырмаларында, үміт үзіліп басқа бip шаруалармен Алматыға барғанымда Қажыгелдинге жолықтым. Ойымда жағдайды барлау, анығын білу. «Сен не, түсінбедің бе? Саған бармайтынын сезбедің бе? Оның үстіне біреулер сөз жіберген, сен Нұрекеңе Тарбағатайдың бip аюын байлап қойды деп. Е-е, бауырым-ай, ойланбай сөйлейсің сен де!» – деп, Әкежан мені кабинетінен шығарып салды. Әкежанның «біреу сөз жібердісі» күні бойы басымнан кетпеді. Кім екен осы «біреулер?» Оған не себеп болды? Іштерінде Әкежанның өзі жоқ па? Шынымды айтсам, «Президент сол өңірге тұңғыш рет келеді ғой, сондықтан қонағымызды ғажап табиғаты және ұлттық маңызы бар, елімізде ерекше орын алатын Тарбағатай өлкесімен таныстырғанымыз, тауларын аралатқанымыз жөн болар» деген таза көңілден шыққан оймен жүр едік. Енді міне, «біреулер» бұрмалап жатыр. Әлде бұл Президенттің бізге салқын қабақ танытқанының белгісі ме? Сонда қалғанының барлығы маңайында жүргендердің жай «шымылдық» құрғаны болды ғой. Мұндай жағдай әкімдердің тәжірибесінде жиі кездеседі. Тамырын басып сұрағанда әрітестерім осы мағынада сыр шертетін. Бip облысқа жоспарланбай-ақ кезексіз барып жатса, екіншісіне түрлі сылтаулармен Президенттің сапары жүзеге аспайтын.
Осындай «сәтсіздікке» ұшыраған әкімдер кінәнің бәрін Президенттің маңайындағы біреулерге артып, алаңдап жүретін. Басшының өзінен көруге батпайды. Ойлаймын, негізінен мұндай құбылыстың астары Назарбаевтың кейбір әкімге деген көзқарасында жатыр. Патшаның маңайы тек сол көзқарасты аңдып, тиісті қорытынды шығарып, қалғандарына жеткізеді.
Өстіп жүргенімде, тағы бip оқиғалар пайда бола бастады. Ол газет беттерінде шыға бастаған сын мақалалар еді. Республикалық телеарналардан берілген сюжеттерде Семей облысын ерекше жамандай бастағаны көзге түсті. Бұл 1996-ның 1997-ге қараған қысы еді. Орынсыз сын жазылғанына және бүкіл ақпарат майданында «бомбалар» бізге қарай жауа бастағанына қарағанда, бұл жағдай журналистердің күнделікті кәсіби шаруасына ұқсамайды. Жіберген «барлаушыларым» із Ақ үйге, шамамен Тәжин мен Сәрсенбаевтың кабинеттеріне апарады дегеніне сене қоймадым. Жеке басым ол жігіттерге ешбір қастық жасаған жоқпын, маған осындай өшігетіндей. Ал жоғарыдан түйілген «қырғи-қабақтың» осындай деңгейге баратынына күмәнді болдым. Оның үстіне, кейбір ақпарат құралдары ол кезде шынымен тәуелсіздік танытып, Ақ үйге бағынбайтынын естігенбіз. Мысалға, «Караван» газеті Қажыгелдиннің сөзін сөйлейді деген сыбыс бар еді. Әкежанмен де қатынасымыз бұзыла бастаған, бұрынғыдай сырласудан қалғанбыз. Кабинетінің алдында пысықсып жүрген, түр-түci орысқа да, қазаққа да ұқсамайтын біреуді екі-үш рет көзім шалды. Бұл «Караванның» редакторы Гиллер екенін бiреулер айтты. Қажыгелдиннің өзі бұл жайында тіс жармады. «Караван» болса нөмірден нөмірге қайдағы жоқты жаза беретін болды.
алдыңғы тараулар:
Парақшамызға жазылыңыз