///

Жолдас Өрісбай: Путиннің соғыс туралы шындығын біздің телеарналар да қайталай бастады. Бұл демократия үшін қауіпті

1554 рет қаралды
АҚШ-та Трамп президент болған кезде республикалықтар тарапынан alternative facts (альтернативті фактілер) деген тіркес қолданыла бастады. Расында факт біреу ғана, оны бұрмалауы мүмкін, бірақ оның альтернативасы болмайды.
Сол сияқты, шындықты ауыстыру, оның альтернативасын іздеу мүмкін емес деп ойлаушы едім. Бірақ Путин өзінің биліктегі қуатын пайдалана отырып, соғысты әскери операцияға ауыстыра алды. Күні кеше Ресейдің Думасы да осы нарративтен ауытқитын журналистерді қылмыстық кодекспен соттауға мүмкіндік беретін заң бекітті. Роскомнадзор талабын орындамайтындар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Сол үшін де Дождь телеарнасы кеше өз жұмысын уақытша тоқтатты. Уақытша дегенімен, бұл уақытша көпке созылуы мүмкін. Себебі заң жақын уақытта жоққа шығарылуы екіталай. Одан бөлек, Мәскеуде істеп жүрген Батыс медиа ресурстарының тілшілері де Ресейден лезде кетуіне тура келді. Бәрі твиттерде өз қауіпсіздігі солай жасауына тура келгенін жазып жатыр. Нақтысы, Ресей журналистер еркін қысым көрмей жұмыс істей алмайтын елге айналды.
Путиннің геосаяси амбициясы Ресейді Солтүстік Корея сынды псевдодемократиялық елдердің қатарына кіргізді. Бұл елде сөз еркіндігі мен медиа бостандықтың атымен жойылуын білдіреді. 2021 жылы The Reporters Without Borders медиа рейтингі индексінде Ресей 180 елдің ішінде 150-орында тұрған екен. Рейтинг жаңарғанда 180-орынға ұшатыны анық.
Дождь телеарнасының жабылғанына кәдімгідей көңіл күйім түсті. Ал бүгін Қазақстанның мемлекеттік телеарналары орыс үкіметінің нарративіне көшкенін көріп, одан да көңіл күй түсіп отыр. Нақтырақ, мемлекеттік телеарналар да әскери операциялар тіркесіне көше бастады. Бұл самоцензура екендігі анық. Роскомнадзор келіп талап етті деп ойламаймын.
Өкінішке орай, көп жағдайда пропаганда әділетсіз әдістері сәтті нәтиже беріп, жеңіп жатыр. Соның нәтижесінде орыс халқы былай тұрсын, Қазақстанның біраз бөлігі Ресейдің агрессиясын қолдайтын сияқты. Бұл жүріспен біз ешқашан демократиялық қоғам құра алмайтын сияқтымыз.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар