Батыстан келген ағымның әсері ме, әлде санасының жетіп болған жері сол ма әйтеуір тәнін суретпен безендірген жастарды жиі жолықтыратын болдық. Тәніне татуировка салдырғандарды бұрын шетелдің клип, фильмдерінен ғана көретінбіз. Ал қазір қазақтың өрімдей жас ұл-қыздары да Батыстағы аға-апаларының жолын қуғанға ұқсайды.
Қаламыздағы әрбір 4 сұлулық салонының біреуі міндетті түрде татуировка,татуаж жасауды кәсіп еткен. Чапаев және Шевченко көшелерінің қиылысында орналасқан «Калибри» сән салонының шеберімен сөйлескенімізде, салонға ұлты қазақ жастардың жиі келетінін де жасырмады. Клиент келіп, дизайн түрін таңдаған соң, шебердің тәніңізді тескілеу процесі басталып, ол процесс 7-8 сағатқа созылады екен. ҚазҰУ-дың 5 жатақхансында тұратын Айнұр есімді қыз мойнына салынған татуировкасын мақтан тұтатынын, салдырғанына түкте өкінбейтінін ерекше бір қуанышпен айтты. Айнұрдың татуы роза гүлінің бейнесінде бедерленген. «Бұл ешқандайда уақытша түрі емес, өмір бойы тәнімде қалмақ. Көп адамдар ойлайды, роза гүлі жезөкшелердің белгісі деп, шын мәнінде роза гүлі христиан дәуірінен келе жатқан символ іспетті» дейді Айнұр. Түбі қазақ болғанмен түрі бөлек, діні – христиан студент қыздың тірлігі бұл.
Тәніне тату салған шоу-бизнес өкілдерінің ішінен кім бар дегенімізде, Меруерт Түсіпбаеваны жолықтырдық. Алайда әнші арқасына боди-арт яғни уақытша түрін салдырған екен. Басында шын тату салдырғысы келген ол, кейін имаммен сөйлесе келе бұл ойынан айнып қалғанын жеткізді. Айтпақшы татуировка шариғат тұрғысынан да дұрыс қаралмайды. Тастақ мешітінің имамы Сейітбек ағамызбен татудың қаншалықты зиян екенін айтып берді: «Исламда тауировка, яғни тәнге қандай да бір таңба түсіру харам болып табылады, ондай адамдарға пайғамбарымыз (ғ.с.с) лағнет айтқан»
Алланың жаратқан денесіне «өзгерістер мен толықтырулар» енгізіп жүрген біздің жастардың татуға құмарлығы тым артып бара жатқандай. Біреудің қаңсығын таңсық көріп, ар мұңы мен денінің саулығын былай жиып қойып, қоғамда ерекше болуға ұмтылып бара жатқан секілді. Дәрігер Ержан Өтеулиевтің пікірінше қазіргі тату салдырғандар бірнеше жылдан кейін тері аурулар бөлімінің кезегінде тұруы мүмкін екен.
Ержан Өтеулиев, дәрігер: Жұқпалы аурулар өңделмеген татуировка жасайтын құралдардан пайда болады. Ол терінің қалпын бұзады. Тып-тыныш өмір сүріп жатқан жасушалардың тіршілігіне кері әсерін тигізеді.
Кемесі қайраңға кеткен Кеңес заманында әскерге барып, тату салдырып қайту жазылмаған заң секілді еді. Бұл талапты бұлжытпай орындаған, әскерден жаңа келген жігіт ішкі істер бөліміне жұмысқа тұрмақшы болады. Алайда қолындағы татуы аяғына тұсау болыпты. Айта берсек мысал көп. Қоғамға дендеп енген бұл індетті қалай алдын алсақ болады? Бәлкім татуировка салдыруға мемлекет тұрғысынан заң шығарып, тиым салғанымыз жөн шығар. Заң қабылданып күшіне енген соң, өзгелер амалсыз бағынуға мәжбүр болады. Бірақ заң органдары кімнің тәнін тіміскілеп жүрмек дейтін шығарсыз. Бұл да мүмкін. Ендеше БАҚ арқылы тату салдырудың зиян екенін ұғындыратындай насихат көптеп жүргізілуі тиіс. Біз ең алдымен мұсылман мемлекетіміз. Тура жолдан таймауды жастардың санасына сіңіру біздің елдің қолынан келетін шаруа. Неге келмеске, Бразииля мен Португалия тату салдыруға 18 ғасырда-ақ тиым салып тастаған. Еуропада мұның пайдалы «өнер түрі» емес екенін түсініп, бұл мәселені бірінші кезекке шығаруда. Қараңызшы енді бізге үнсіз жата беруге болмайтындығы түсінікті. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?». Кейінгі ұрпақтың алдына «алабажақ» болып бару кімге жақсы дейсің!
Абай Аймағамбетов, әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті
Парақшамызға жазылыңыз
Абай жарайсын!Өте жақсы тақырып қозғапсың!өзім татуировка жасауға қарсымын,тіпті қызығып та көрмеппін,әрине бұны сәндік үшін жасатып жатқан қазақтың қыздары жетерлік,дегенмен сәндік деп айта алмас едім,жалпы бұл әр адамның санасына байланысты деп ойлаймын!Табиғилыққа не жетсін!