“АТЕИСТ” ӘКЕМНІҢ МЕШІТКЕ БАРУЫ
Алғаш 1975 жылы Ұланбатырға келгенімде қаланың солтүстігінде дөң үстіндегі үлкен пұтхананы сыртынан көріп қана өткенім болмаса оның ішін тамашалауға да ынтам болмапты. Мен мектепке баратын жолдың сол жағында, екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан моңғол танксіне қойылған ескерткіштің қарсысында Моңғолияның діні мен билігін 1924 жылға дейін қатар ұстаған Боғда Ханның сарай-музейі бар болатын. Оған да бас сұқпаппын. Бұл менің дінге, тарихи мұра-жәдігерлерге деген қызығушылығымның жоқтығынан гөрі бұрынғы рухани мәдениеттің үлкен ошағының кері, жағымсыз жағынан насихатталуының, жас ұрпақтың санасын діни фанатизммен улап, қорламай таза ұстаудың нәтижесі деп білемін.
Ленинградта (Петербор) оқып жүрген кезімде Исаакиевский соборын музей ретінде тамашалап, залдың дәл ортасындағы 98 метр биіктіктен түсірілген жіпке тағылған, жер шарының айналып тұратынын дәлелдейтін Фуко маятнигіне таңқалғаным бар. Соған қарағанда бұл шіркеу тек діни орда ғана емес, ғылыми орта болған деген түсінік алғанмын.
Қазан революциясының алғашқы жылдарында қаржы-экономикалық тығырыққа тірелгенде биліктегі коммунистер шіркеулердің әшекей-әрлеулеріне жұмсалған алтын-күмістеріне дейін қырып, жинап алыпты. Сонда осы собордың өзінен 45 килограмм алтын, 2 тонна күміс алынғанын, осы соборда 1712 жылы Петр 1 Екатерина Алексеевнамен некесін қидырған дегенді де айтуды музей экскурсоводы ұмытпаған еді.
Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде собордың алып күмбезін неміс фашистерінің талқандауынан тасалау үшін матамен орап, қымтап, қаптап жапқан қала тұрғындарының жанкештілігіне, ұлтының мәдениетіне деген махаббатына, гранит жартастан ойып әкелінген собор алдындағы алып жұп-жұмыр бағаналарына тиген оқ ізі мен құрылыстың сәулетіне, классикалық стиліне көп мән бергенмін. Ал мына ағылшын шіркеулеріне қарап тұрып және олардың ескілігіне, көне бет-бедерін байырғы қалпында сақтап тұрғандығына қайран қала Исаакиевский соборды салуға 40 жыл уақыт жұмсағаны тағы да есіме түсті. Мәңгілік, ұзақ жылдық көркем мәдениет үлгісін қалдыру үшін уақыттан қысым жасалмағанына куә боласың. Бір шеге, бір кірпіш, өрнегіне дейін аса ыждағаттылықпен, шын ықыласымен жасалғандығы тәнті еткен. Әрине менде Исаакиевский шіркеуін православтардың кафедралық соборы емес, мемлекеттік музей-ескерткіш деген ғана ұғым басым болды.
Ленинградтың Братиев-Василиевых көшесінде, біздің студенттердің жатақханасы бар еді. Соның қасындағы Казанский деп аталатын мешітке де мойын бұрмаппын. 1981 жылы жазда әкем мен шешем маған баласына, арнайы шақыртумен қонаққа келді. Әкем жеті жасында намазға жығылып, үш жыл бойы әкеден үздіксіз тәлім алған молланың баласы. Ал шешем болса атақты көріпкел Елеш байдың кенже ұлы Ыстамбұл қажының немересі. Ары-бері өткенде әкем де, шешем де мешітке қарағыштап, жалтақтай береді. Мен оған мән бермеймін, керісінше «Қысқы сарай», «Петергоф», «Петродворец», «Авророны» көрсетуге асығамын ғой.
Бір күні әкем мешітті айналсоқтап жүріп алды. Анам да тым қарсы емес сияқты. Ішіне кіргілері келе ме? Мешіт маңайында адам жоқ. Мен де соңдарынан ілестім. Әкем барып үлкен дарбазасының есігін қаққанда арғы жағынан бір сары әйел келіп татаршалап бүгіндікке жабық екенін айтқанда да түк болмағандай селт етпедім. Ал әкем болса сөйлесіп тұрмады, мешіт туралы аузына да алмады, сөз де қозғамады, үндемей алдымызға түсіп жүріп берді.
Кейін білдім ғой, «партияның қызыл билетін жүрегінің тұсына салып алып, қып-қызыл коммунист, аймақтық депутат Бәміш Ленинградқа барған сапарында мұсылмандар мешітіне барып зиярат жасапты» десе біткені екен ғой. Қызыл билеттен айырылу, құрдымға кетумен бірдей заман екен. Бірақ, әкемнің мұсылмандар мешітіне баруға батылы барыпты. Енді ойласам заманында ол да бір батылдық болған екен ғой.
Осы айтып өткенімнің барлығы менің сол кездегі діни наным-сенімімнің дәрежесін көрсетсе керек. Бірақ дін тарапынан әңгімелеп жазғанымдай ғана балалық танымым болғандығының өмір жолыма, тағдыр-талайыма, келешегіме кері әсері болды деп айта алмаймын. Іштей мұсылманмын деп жүргенім болмаса оның әлеуметтік, рухани маңызына назар аударуға зауқым соқпаған екен. Оның қажеттілігі де болмаса керек. Қажеттілігін жоғары оқуды бітіріп, елге оралып, еңбек етіп, қоғаммен қоян қолтық араласа бастаған сәттен сезіне бастадым. Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан тыс, ішкі өлкелерін, кілең қалқалардың арасында ғұмыр кешкеніне көп жыл болған қазақтардың шынайы өмірін көзіммен көріп, көргенімді көркем шығармаға арқау етіп «Тазша бала», «Соңғы шайқас» қатарлы бірнеше әңгіме және «Айтылмай қалған ақиқат» атты повесть жаздым. Сол еңбектерімде діндері басқа жұрттардың тіршілік, тұрмыс барысында болып жататын өзара қарым-қатынасында, әсіресе аралас некелі отбасыларында туындайтын кейбір қарама-қайшылықтар, наным-сенімге байланысты келіспеушіліктер туралы айтылатын.
Парақшамызға жазылыңыз