«Жаңа Қазақстан – жаңа руханият» атты аймақтық халық театрлары байқауына арнайы бөлінген қаржы жоқ. Мақсат ауыл мәдениетін көтеру. Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырған шарада «Хантәңірі» және «Қарадала», Кеген аудандық халық театры мен «Қаракемер» театрлары өнер көрсетеді.
Бұл – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр және кино актеры, режиссер Асқар Наймантаевтың бастамасы. Режиссердің мақсаты – ең алдымен материалдық байлық қуған қоғамның ойын рухани байлыққа бұру.
«Алғаш рет өткізгелі отырған осындай мәдени шараны Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарындағы театрлар өзара келісіп, «көрпесіне қарай көсіліп», ауыл арасы жақын болғандықтан өз көліктерімен келіп-кете алатын болып, келетін адамдардың да санын азайтып, көрермен көңілінен шығатын қойылымдарына қатысатын артистермен ғана келуге келісті. Фестивальді ұйымдастыруды өз мойнына алған «Қарадала» театры дәстүр бойынша қонақтарды қарсы алып, салтанатты түрде қызыл кілемнің үстімен шеру жасата жүргізіп, сахна бағдарламасының ашылу мен жабылу бөлімдері мен дастархан жаю қызметін ұйымдастырып жатыр».
Фестиваль аясында осы аудандардағы театрлар болашақта бір-біріне баратын гастрольдік сапарлар кестесін келісіп, ауылдағы театрлардың ендігі іс-жоспарларын, тәжірибе алмасу, білім жетілдіру, репертуарлық саясатын, қандай кәсіби көмекке мұқтаждығын ақылдаса шешіп, келісіп отыратын семинарлар мен форумдар өткізу мәселелерін талқыланады.
“Бұл үлкен істің бастамасы ғана. Тұңғыш аймақтық фестиваль келешекте жалғасын тауып, қатысушылардың қатары көбейіп жатса құба-құп” – дейді Асқар Наймантаев. Болашақта фестивальде өнер көрсетуге көрші қырғыз елінің аудан театрларын шақыру жоспарлануда.
Парақшамызға жазылыңыз