///

Наурыз мейрамын қалай тойладық? Мейрамнан алған әсер қандай?

2869 рет қаралды

Тойдың болғанынан боладысы қызық, дейді қазақ. Соңғы жылдары әлемді жайлаған коронавирусқа байланысты еліміз біраз уақыт  карантинде болды. Жаппай мереке тойламақ түгілі, көшеде еркін қозғалудың өзі мұңға айналды. Бір-бірін көруден қалған халық шектеулерден шаршағаны да шын. Бір жағынан адамдар той жасаудағы дарақылық пен ысыраптың қажеті жоқ екенін түсіне бастады. Жеке отбасылық болсын, ел көлеміндегі мейрамдарды тойлау болсын аса көп қаржы жұмсап, артық шығын жасаудың орынсыз екенін түйсінді.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында Наурыз мейрамы қалай өтті? Бұл туралы Орал қаласының әкімдігі ресми сайтында 22 наурыз күні кеште ақпарат жариялапты.

Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы.

Төл мерекеге орай Орал қаласының Тұңғыш Президент алаңында басты мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік іс-шара көктем, табиғаттың оянуы, қызғалдақтардың гүлденуін бейнелейтін театрландырылған көріністермен шымылдығын ашып, ән мен биге ұласты.

Салтанатты шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.

Мерекелік шарада ақшаңқай 14 киіз үй тігіліп, ұлттық құндылықтарымыз, әдет-ғұрыптарымыз дәріптелді. Ұлттық қолөнер шеберлерінің туындылары тұрғындар назарына ұсынылып, жәрмеңке де оздырылды. «Қазақ күресі», «Арқан тарту», «Асық ату», «Қой көтеру», «Қол күресі» сынды ұлттық ойындар ойнатылып, онда қала тұрғындары белсене қатысты.

Сондай-ақ бұл күні Зашаған, Деркөл, Круглоозерный кенттері мен шаһарымыздың бірнеше шағынаудандарында Наурыз мерекесі кеңінен тойланды.

Фотолар Орал қаласы әкімдігінің сайтынан алынды.

MINBER.KZ редакциясы өз тарапынан Орал қаласының Тұңғыш Президент алаңына жақын жерде тұратын тұрғындарынан мейрамнан алған әсерлерін біліп қайтты

Тимур мен Айсана, екі баланың ата-анасы: 

– Наурыз мейрамына дайындық біздің отбасымызда көже мен бауырсақ пісіруден басталады. Биыл қытырлақ та дайындадық. Күнделікті демалыс күндеріндей өткіздік. Наурыз біз үшін қыстан аман шығып, көктемнің келуін аңсап, асыға күтетін мереке. Балаларымыз өсіп келеді. Наурызды өз басым жаңа жыл сияқты дайындықпен, салтанатпен қарсы алуды отбасылық дәстүрге айналдырғым келеді. Балаларымызға жақсы естелік болса деймін, олар да осы дәстүрді жалғастырса деймін.

Ал, қалада өткен шаралар туралы айтсақ, мерекелік концерт, спорттық ойындар – күрес, асық ату ұнады. Асық ату ойынын балалар дұрыс көре алмады, оларға да, өзімізге де ойынның қалай өткенін көру қиынға соқты. Кісі өте көп болды. Киіз үй құрылған, алайда оған кіру мүмкін болмады. Байқағаным, өз адамдарын кіргізу үшін дайындаған. Кіргізбей қойғасын, біртүрлі сезімде қалдым, балалардан да ыңғайсыз болды. Негізі қызыма киіз үй мен жабдықтарын, жалпы ішкі сән-салтанатын көрсеткім келген. Киіз үйді күнде көре бермейді ғой. Наурыз көже, бауырсақтарды көре алмадым. Тәтті мақта алып берейін деп жақындағанбыз, кезекте адам көп болғасын, оны да ала алмадық. Кәуаптың иісі де аңқып, мұрынды жарды. Кәуапқа да кезек көп, ақыры жете алмадық.  Адамның көптігін де түсінуге болады, өйткені пандемия уақытында осындай мерекелік шараларға шектеу қойылған еді. Не қарарын білмей, ұзынсонар кезек күткен, босып жүрген адам көп. Өзімнің жеке ойым ұйымдастыру жағы ақсап қалды. Алдағы уақытта кемшіліктер ескеріледі деп үміттенеміз.

Жомарт пен Ақторғын, 4 баланың ата-анасы:

– 22 наурыз күні көжеміз бен бауырсағымызды алдын ала дайындап, алаңдағы Наурыз мерекесіне бармақ болып жиналдық. Алаң үйімізге тиіп тұр, әдемі әуен де айналаға әр беріп, адамдар да сол бағытқа нөпірдей ағылып жатыр. Алайда, мынадайды көптен көрмеген, төбе шашым тік тұрды. Ойлап қарасақ, дым жасамадық. Бір сағат алаңды айналып жүріп келдік. Кісі өте көп болды, түйісіп-қағысып, өте алмай, бір-бірімізге жол бермей, демалудың орнына шаршап қалдық. Бір тобырмен өткен жиналысқа барғандай болып, көңіліміз қалып, балаларға не ештеңе көрсете алмай, не ештеңе алып бере алмай, қайттық. Балалар жылап берекетсізденді, өзіміздің де күйіміз кетті. Мейрам екенін сезіне алмадық.

Сол кезде үйге келе жатып «сонда Наурыз осылай өтуі керек пе? Бір өзгеріс керек сияқты. Наурызды тап осылай өткізу дұрыс емес сияқты» деген ойға қалдым. Наурыз екенін сездірген, көңіл-күй сыйлаған тек әдемі әуен десем дұрыс болатын шығар. Басқалай, Наурыз екенін сезіне алмадық. Себебі, Наурыз бір-бірімен көрісіп, қауышып, наурыз көжеден ауыз тиіп, бауырсақтан дәм татып, жақсы тілек тілеп арқа-жарқа болатын күн еді ғой. Ауыз тию былай тұрсын, ақшаға да сатып ала алмадық.

Қаланың балалары шыны керек, киіз үй, алтыбақанды көрмеген. Алтыбақанға бір дегеннен жете алмай, екінші рет алаңды кері айналып, қайта бардық. Бала көп, таласып-тармасып жатыр, бір-біріне орын беріп, ізет сақтау деген жоқ. Әрине, балаларды да түсінуге болады, алтыбақанға бәрі де үлгергісі келеді. Ақыры жете алмаған қызымыз жылап қайтты. Сол кезде тағы ойға қалдым. Неге алтыбақанды бір күнге құрады? Алаңда наурыз өтетін болғасын, неге 14-ші наурыздан бері қарай, наурыз өткенше құрып қоймайды? Неге екеу емес, 5-6 не 10 алтыбақан құрылмайды? 10 шақты күн тұрған алтыбақанға балалар да емін-еркін ойнар еді. Ал, кеше екі алтыбақанды сол күні құрып, сол күні асығыс-үсігіс жинап, алып та кетті.

Содан кейін, қолөнершілердің көрмесі. Қолөнер бұйымдары шығарылған үстелдер, сөрелердің алды толған кісі. Амал жоқ, олардың да жанынан өтіп кетуге тура келді. Өйткені, әрбіреуі әр жерде, жан-жақта шашырап тұр. Бізде құдайға шүкір қолөнершілер көп. Сондықтан оларға арнайы орын дайындау керек еді. Барлығының бұйымын көріп, асықпай таңдап, қажетіңді алғың келеді. Пандемиядан бұрын, Достық үйінің алдында қолөнершілерге бөлек орын бөліп, арнайы көрме жасаған, өте ыңғайлы болды. Тек қолөнерге қызығатын адамдар ғана барып, керек-жарағын алды. Ал, биыл қай жерде не бар екенін де білмейсің. Қарақұрым адам тұрғасын тәттілер болар деп барсақ, ол көрме болып шықты. Қай жерде не орналасып, не өтіп жатқанын көпшілік жиылған жерге барып жеткесін ғана анықтап біліп жүрдік. Бауырсақ пен көже де таппағасын, тәтті мақта алып берейін деп іздеген уақытта көргеніміз осы болды. Спорттық ойындар ғана бөлек орындарда ұйымдастырылды, ол енді жақсы болды.

Тағы бір мәселе, алаңда кәуап, басқа да ыстық тағамдар дайындалып жатыр. Ол алаңнан, жалпы көпшілік қыдырып жүрген, мейрамды тамашалап жатқан жерден алшақ та емес. Кәуаптың көк түтінінің иісінен көзіміз ашып, ол киімімізге, денемізге сіңіп, өте жайсыз жағдай болды. Бұл кәуап алмай жанынан өткен кездегі жағдай. Ал, кәуап, самса, бәліш, қуырдақ сияқты пісірілетін тағамдарды дайындау үшін бөлек орын бөлінсе, қажет еткен адамдар ғана барып алып, қалған жұртқа кедергі болмас еді. Алаңға дайын жеткізілген Наурыз көже, бауырсақ, құрт сияқты өнімдерді олардан бөлек орынға орналастырса деген ой келді. Адамдардың кедергісіз қозғалысы мен қажетін тез табуы үшін ыңғайлы болар еді.

Келесі аса мән беретін жағдай баға мәселесі. Мейрам күндері адамның көп болатынын, бағаға аса бір көңіл бөлмейтінін, асығыс және саудаласпайтынын білетін кейбір кәсіпкерлер бағаны екі есеге көтеріп, өз пайдасына пайдаланды. Әдетте дүкендерден 150 теңгеге сатып алатын сусындардың бағасы 300 теңгеге дейін көтерілген. Тәтті мақтаның өзі де әшейінде 150 теңге, кеше 260 теңге болды.

Көңілге қаяу түсірген тағы бір жай болды. Киіз үйге толтырып тамақ дайындаған, өздері ішінде тұр, ешкімді кіргізбеді. Кірген адамға тиме-тиме, қозғама деп, ешкімді жолатпай, ешкімге ештеңе ұстатпайды. Ол да өздерінің бастықтарына не ұжымына дайындап қойғаны ма белгісіз. Сол дастарханы толған киіз үй не үшін қажет? Ол да түсініксіз.

Осыған дейінгі пандемия шектеулеріне қатысты алаңда адам өте көп болды. Халық мейрамды сағынғаны көрініп тұр. Мүмкін ұйымдастырушылар халықтың осындай көп жиналатынын алдын ала болжамаған шығар. Оны түсінуге болады. Алайда, алаңның аумағы кең, үлкен, мүмкіндік бар. Барлық шараны, көрмені, сатылатын тағамдарды бір жерге ұйма-жұйма қылмай, арасын алшақ не бөлек орындарға орналастырса, халық асықпай, талассыз, қызығын көрсе, тамашаласа, әдемі әсермен үйлеріне оралып, тойлауды отбасында жалғастырса жақсы болар еді. Осыған байланысты, қала тұрғыны ретінде қала басшылығына, ұйымдастырушыларға біздің бірнеше ұсынысымыз бар.

Біріншіден, өткізіліп жатқан әр шараның нақты орынында шара атауы үлкен әріптермен жазылып, жоғарыдан көрініп тұрса не көрсеткіштер болса.

Екіншіден, шаралар қызығушылықтарға қарай бір-біріне кедергі болмайтын бөлек-бөлек орындарда бір-бірінен алшақ орналастырылып, ұйымдастырылса.

Үшіншіден, қала тұрғындарына таңсық алтыбақан, киіз үй, қолөнершілер көрмесі сияқты дүниелер дәл 22 Наурыз күні емес, 10 күн немесе 1 апта бұрын дайындалып, осы күндер бойы өткізілсе.

Төртіншіден, мейрамдағы жаппай халық қыдыру кезінде сол жерде   дайындалатын ыстық тағамдар, дайын жеткізілген өнімдер, тәттілердің бағасы белгіленсе. Тауарлардың бағасы күнделікті дүкендегі бағасынан жоғары болмауы бақылауға алынса.

Осы ұсыныстарымыз ұйымдастырушыларға жетеді, олар алдағы уақыттағы мерекелерді ұйымдастыру кезінде бәрін ескереді деген үміттеміз.

Бұл 22 наурыз күні мейрамды тамашалап, балаларына Наурыз қызықтарын көрсеткісі келген, бірақ көңілдері құлазып қайтқан екі отбасының пікірі ғана. Ұнаған тұстарын да, жетіспеген жерін де жасырмай айтты. Қала тұрғындарының мейрамнан алған әсерін білеміз деп, жақсы әсерден бөлек, сын да естідік. Біткен іске сыншы көп демекші, мақсат сын айту ғана емес. Наурыз мейрамын қазіргі күні қалай тойлаған дұрыс? Тұрғындардың ұсыныстарын жолдап, ұйымдастырушылармен бірге кеңесіп, мерекелік шараларды жақсы деңгейде өткізу үшін не істей аламыз? Өйткені, ұйымдастырушылар да, әкім де, мейрамның басы-қасында жүрген адамдар да, барлығы қала тұрғыны. Сайып келгенде барлығы да елдің басты капиталы – адамдар, мемлекет құраушы азаматтар. Көпшілік болғасын бәрінің бірдей көңілінен шығу мүмкін емес. Біздің міндетіміз, халықтың ұсынысын жерге қалдырмай жария ету. Ал, әй, осылар ақ өмір бойы көңілі толмай жүреді демей, сындарлы сынды лайықты қабылдау ұйымдастырушыларға сын. Содан соң азды-көпті кемшіліктер мен жетіспеушіліктерді жеткізу үшін ұсыныстарды қарап, жағдайды жақсарту үшін жұмыстану ол бөлек деңгей. Қалада тұратын өзіміз, бір-бірімізді айыптамай, қит еткенді көшеге шығып айқаймен талап етпей, біріміздің сөзімізге екіншіміз құлақ асып, тең дәрежеде сөйлесе алу ол өнер, өркениет. Дауысымызды еститін үкімет болса, қай тарап та лайықты тең дәрежеде диалог құрғанға не жетсін!

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар