Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің фейсбук парақшасында жазды.
Министрдің мәліметінде, бірнеше жыл бұрын мектептер рейтингісін жасауда ҰБТ қорытыныдысын есепке алу тоқтатылғаны және мектептердің оқушыларды ҰБТ ға тіркеу міндетінен босатылғаны айтылған.
Мектеп рейтингісін жасауда ҰБТ қорытындысын есепке алу 10-11 сынып оқушыларының өзге пәндерді ысырып қойып, тек таңдау пәні бойынша тестке дайындалуына әкеп соққан еді, ал ҰБТ-ға тіркеу мұғалімдерге қосымша жүктеме болатын. Бұған қоса үлгерімі нашар оқушыларды ҰБТ-дан шеттету, өңірдің орташа балын түрлі тәсілмен көбейту айласы да осы кезде пайда болған.
Бұл ретте ҰБТ-ның орташа балының өзі диагностикалық функцияны орындамады. Яғни, еліміздегі мектептердің білім беру сапасын анықтауға ықпал ете алмады.
Осыны ескерген білім және ғылым министрлігі енді ҰБТ қорытындысы бойынша тек орташа баллды көрсетіп қана қоймай, әр мектеп, облыс, тіпті пән бойынша талдау жасап, оны мектептердің жұмысын бағалау үшін пайдалануға шешім шығарды. Ведомство бұл әдісті наурыз айындағы ҰБТ кезінде пилоттық режимде қоданып көрген екен.
Мұның қандай пайдасы бар?
Енді түлек тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпайларының нәтижесін біліп қана қоймай, қосымша талдау алады. Дәл осындай талдау мектепке де, нақты пәнге қатысты да, аудан, облыс және жалпы республика көлемінде де жасалады.
Министрдің жазуынша, бұл талдау тест тапсырушыға қандай тақырыптарға назар аударып, қандай тақырыпқа дайындықты күшейту керегін анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, сынаққа қатысушылар қазірдің өзінде өзінің әлсіз тұсын анықтап, жеке тақырыптарға көбірек уақыт бөліп, қатемен жұмыс істей алады. Сонымен қатар, мұғалімдер де оқушылардың қай тақырыпта қиналғанын біледі.
Жасалған талдау салалық министрліктің кейбір білім беру бағдарламаларын жетілдіруіне, қай салада біліктілікті арттыру қажет екенін нақтылауына жол ашады.
Парақшамызға жазылыңыз