///

Сберге сенуге болмайтынына Үкіметтің көзі енді жетті ме? Былтыр Сберді шыр-пыр қорғаған министр енді оған асықпайтынын айтты

1141 рет қаралды

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі «Меморандумда көзделгендей, ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін келісімге қол қою мәселесі бүгінгі күн тәртібінде жоқ» – деп хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 2019-2021 жылдары ҚР Премьер-Министрі қызметін атқарған Асқар Мамин Сбер тобының платформасы Қазақстанды цифрландыру үдерісінде жеке деректерді толық қорғауды қамтамасыз ете алатынын айтқан еді. Ал 2021 жылдың қыркүйегінде Қазақстан үкіметі ресейлік Сбербанк тобымен мемлекеттік секторды цифрландыратын меморандумға қол қойған болатын.
«2022 жылдың наурыз айының соңына дейін келісімге қол қоюға келетін болсақ, үкімет пен компания арасындағы егжей-тегжейлі талдаудан кейін  цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шешім қабылдайды, ол туралы кейінірек хабарлаймыз», – деді баспасөз қызметі Сбербанкпен келісімге қол қою туралы сұраққа жауап беріп.  Әлемдегі қалыптасқан жағдайға байланысты «Министрлік платформалық модельге көшудің бірнеше сценарийін әзірлеуді қарастырып жатқаны» және олардың әрқайсысына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. «Біз IT-сарапшылармен және нарық өкілдерімен кездесулер өткіземіз, ең оңтайлы шешім қабылдау үшін талдау жасаймыз, оның ішінде баламалы технологиялар», – деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Ал «Сбербанк Қазақстан және оның барлық жүйелері қалыпты жұмыс істеп тұр, жеке және заңды тұлғалардың клиенттері өз қаражаттары мен қызметтерін толық көлемде пайдалана алады. Қабылданған шектеулер клиент қаражатының сақталуы мен қолжетімділігіне әсер етпейді», – делінген банк хабарламасында. Еске салайық, АҚШ бірнеше ресейлік банктерге, соның ішінде Ресейдің барлық қаржылық активтерінің үштен бір бөлігіне иелік ететін ВТБ мен Сбербанкке қарсы блоктау санкцияларын салып жатыр. Бұл банктердің акцияларының және қарыздық міндеттемелерінің операциялары 25 мамырға дейін аяқталуы тиіс. Санкциялар осы банктердің Қазақстандағы өкілдіктеріне де әсер етеді.
2021 жылдағы Сбермен цифрлық платформа жасауға келісім жасау туралы ақпаратты желі қолданушылары қызу талқылап, қарсылықтарын білдірді. Оның ішінде бірыңғай халықтың пікірі «сандық платформаны сберсіз де жасауға болады» дегенге саятын еді.

Жұлдыз Ақтанжанова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар