Ақпан айының аяғы әлемдік саясатқа көптеген жаңалық және біз күтпеген нәтижелерді алып келді. Ресей Украинаға басып кірді. Тіпті ең фаталист саясаттанушылар мүмкін емес деген сценарий жүзеге асты.
Бауырлас мемлекеттер арасындағы соғыс саясаттану және геосаяси ғылымдарындағы тұжырымдамаларды қайта саралауға ықпал етті. Агрессивті риторика басқа да, соғыс немесе әскери операция ұғымы басқа. Агрессивті соғысты ешқашан ештеңе ақтамайды да, ақтаған да емес. Мәселе басқада. Мәселе Украина тек Ресейдің ғана емес, әлемдік саясаттың құрбанына айналуында. Бұл соғыстың тікелей қатысушылары мен ықпал етуші агенттері географиялық тұрғыдан әлде қайда кең. Ал әлемдік экономикаға тигізетін зардабының өзін аяғына дейін саралау мүмкін емес, себебі өзге мәселелерді алып тастағанда Ресейдің экономикасы әлемнің алғашқы ондығына кіреді және Ресейдің соғыстың басты ойыншысы болуы әлемдік экономиканы астаң-кестең етті. Өз кезегінде Украина экономикасының орны да ерекше. Украина әлемдегі бидай экспортындағы ондыққа кіретін мемлекеттердің қатарында.
Онымен қоймай, экономикалық шығындар мен әлемдік қауіпсіздік мәселелерін ысырып қойғанда Украина төңірегіндегі қанды геосаяси ойын ықпал ететін бірнеше мемлекет пен аймақтар бар. Оларды шартты түрде келесідей қарастыруға болады: Украина, Ресей, АҚШ, Қытай, Түркия, Еуропа одағы, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, посткеңестік кеңістік және ОПЕК.
УКРАИНА ШЫНАЙЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІ ҮШІН КҮРЕСІП ЖАТЫР
Украина бұл қақтығыста негізгі зардап тартушы мемлекет екендігі сөзсіз. Азаматтық инфрақұрылымға келтірілген залал мен ел халқының тартқан зардабының орнын толтыру үшін әлі ондаған жылдар керек болады. Дәл бүгінгі күні позициясы ең айқын мемлекет те Украина. Украина не үшін күресуде:
1. Өз болашағын дербес, тәуелсіз анықтау құқығы мен егемендік. Осы уақытқа дейін тіпті Советтер одағы ыдырағаннан кейін де посткеңестік кеңістік Ресей Федерациясының өмірлік қажеттілігі бар мүдделер аймағы деп қарастырылған болатын. Оның нақты дәлелі Грузия, Молдова, Таулы Карабах, Украинадағы қақтығыс аймақтары мен Еуразиялық экономикалық одақ. Осы посткеңестік кеңістіктегі қақтығыс аймақтарының барлығының пайда болуы Ресей мүддесінің көрсеткіші. Ресей аймақта тек өз билігін сақтап қалуға ғана емес, сонымен бірге ортақ құндылықтар аймағын да сақтап қалуға мүдделілігін көрсетті. Украина үшін өз болашағын анықтау құқығы дегеніміз ең әуелі кеңестік немесе еуразияшылдық мәдени құндылықтар аймағынан еуропалық құндылықтар кеңістігіне ойысуға талпыну. Посткеңестік кеңістіктегі ұлтқырылыс процестерінің күрделенуі ұлттық элиталардың пайда болуымен және ол элиталардың дербес таңдау мүмкіндігіне арқа сүйеуімен ерекшеленеді. Кеңестер одағының ыдырауы бұл мемлекеттердің Ресейге қатысты ең болмаған жағдайда «финляндизациялануын» талап етеді. Қазан төңкерісіне дейін өз тәуелсіздігін алып үлгерген Финляндияны КСРО қосып алуға тырысқандығы белгілі. Соғыс КСРО үшін сәтсіздікке ұласқанымен тараптардың өзара келісімінің нәтижесінде Финляндияның әскер ұстау мүмкіндігінің шектелуі мен тұрақты бейтараптық мәртебесі Кеңестер одағының қауіпсіздігіне оңтайлы болғандығын аңғару қиын емес. Мәдениеті мен өркениеті бөлек фин халқына осындай талап қойған Ресей үшін, Украинаның өзге өркениеттік таңдау жасауы әсіресе ішкі саяси тұрақтылық тұрғысынан қауіпті. Бұл таңдау Ресей үшін қаншалықты маңызды болса Украина үшін өзге өркениеттік жолды таңдау еркіндігі соғұрлым маңызды.
2. Украина үшін ұлттық құрылыста территориялық тұтастық ең маңызды факторлардың бірі. ХХ ғасырдың аяғында мемлекеттердің дамуында территориялық қағидаға қарағанда экономикалық мүдде басымдығы негізгі қағида ретінде көрініс тапты. Варшава келісімшарты елдерінің ішінде бұл қағида бейбіт жолмен орын алған мемлекет Чехословакия болды. Чехия экономикасының басымдығына арқа сүйеген мемлекет Чех элитасының Словакиядан бас тартуы мен дербес екі мемлекеттің құрылуына ықпал етті. Бірақ неғұрлым шығысқа қимылдаған сайын империялық бағыттағы мемлекеттерде бұл процесстің күрделенуін байқау қиын емес. Мысал ретінде Югославияны алуға болады. Югославия қолдан жасалған федерация ретінде тек күшті орталықтанған мемлекет жағдайында тұтастығын сақтап қалуы мүмкін еді. Сол себепті Брос Титоның кезінде тұтастығын сақтай алған Югославия лидер өлімінен кейін ішкі дағдарысқа және ұзақ уақытқа созылған азаматтық соғысқа алып келді. Қанша жерден Украинаны «батыстық» мемлекет деп қарастырғанмен Украина үшін де территориялық тұтастық маңызды фактор болып қала бермек. Яғни Украина белгілі дәрежеде «шығыстық» құндылықтарын сақтаған мемлекет. Бұл тұрғыдан Ресейдің Қырымды қосып алуы, Донецк пен Луганск мәселесі Украина үшін бейбіт шешімді күмәнді нәтиже ретінде қарастыруға ықпал етті.
3. Украина күрделі демократиялық құндылықтарды қалыптастыру жолындағы мемлекет. Сондықтан бұл үрдісті шығыстық көрші «аға мемлекет» Ресейге жалтақтамай, өз бетінше қамтамасыз ету маңызды. Егемендігін алған уақыттан бастап демократиялық құндылықтарға ең жақын елдердің бірі Украина болғандығы белгілі. Мұнда биліктегі тұлғалардың сайлау механизмі арқылы өзгеріп тұруы демократиялық құндылықтардың дамуына жол ашты. Шын мәнінде Украина Президенттерінің ішінде екі кезеңнен артық отырғаны жоқ. Бұл Украинадағы демократиялық таңдау құқығының дамуын қамтамасыз етіп, демократиялық құндылықтар консолидациясына ықпал еткендігі айқын. Бұл тұрғыдан алғанда Украина үшін бұл күрес белгілі дәрежеде «демократия үшін» соғыспен тең.
ШЫН МӘНІНДЕ РЕСЕЙДІҢ СЫРТҚЫ ЖАУЫ АҚШ. УКРАИНАМЕН КҮРЕС АҚШ-ПЕН КҮРЕСТІҢ БІР БӨЛІГІ ҒАНА
Украинадағы соғыстың екінші қатысушысы Ресей үшін бұл соғыстың маңыздылығы одан да айқын. Оған келесі дәйектерді келтіруге болады.
1. Ресей үшін бұл соғыс геостратегиялық тұрғыдан «реваншисттік соғыс». Петр І кезінен бастап ұлы еуропалық, ал Александр І кезінен бастап Наполоенды женген Ресей әлемнің жетекші державасына айналды. Бұл мәртебе Қырым соғысына дейін де, одан кейін де өз маңыздылығын сақтап қалды. Өз халқының жағдайына қарағанда мемлекеттің әлемдегі орны мазалайтын Ресей ең соңғы крепостнойлық құқықтан бас тартқан мемлекет. Қырғиқабақ соғыстан жеңіліп ыдыраған КСРО-ның мирасқоры Ресей өзін ешқашан жеңілген тарап ретінде мойындаған емес. Қайта өзін тоталитаризмді жеңген жеңімпаз мемлекет ретінде қарастырады. Шын мәнінде КСРО секілді тоталитарлы жүйені жеңу сыртқы күштердің көмегімен болды ма, жоқ әлде ішкі көтерілістің нәтижесі ме? Бұл сауалға жауап беру өте күрделі және өзге үлкен мақаланың арқауы бола алады.
2. Ресей үшін бұл халықаралық саясат аренасына қайтып келудің амалы. Жоғарыда айтылғандай Ресей үшін «халықаралық күн тәртібі» ұлттық күн тәртібінің бір бөлігі боп есептелінеді. Яғни ресейліктердің біраз бөлігі тарихи тұрғыдан ішкі күн тәртібіне қарағанда Ресейдің әлемдегі геостратегиялық орны маңызды деп есептейді. Халық нан таба алмай, аштан өліп жатқан «жұт жылдарында» КСРО-ның әлемдік интернационалды қаржыландыруға көптеп ақша жұмсауы немесе крепостнойлық құқығы ең қатаң, шексіз билікті Ресейдің Парижді басып келіп, оны «тиран Наполеоннан» құтқаруы қызық, бірақ ресейлік логикаға сиымды мәселе. Бұл тұрғыдан 1991 жылдан бастап НАТО-ның Еуропа мен әлемнің өзге бөлігіндегі біжақты әрекеттері Ресейдің қытығына тимеуі мүмкін емес еді. Путиннен әлде қайда демократ Борис Ельциннің өзі Ресейдің күрделі экономикалық жағдайына қарамастан Сербияны бомбалауға байланысты белсенді позиция ұстануының да себебі сонда.
Путиннің алғашқы кезеңде НАТО-мен тығыз байланыс орнату ниеті, тіпті Ресейдің НАТО құрамына кіру ұсынысы бұл тұрғыдан батыстың ұжымдық мүддесін айқындауда маңызды қадам болды. Батыс бұл мәселені қарастырмақ түгілі, күн тәртібіне қоймады. Демек бұл елдер жау. Демек, батысқа бағыт алу Ресейге қарсы бағыт алу. Бұл тұрғыдан Украина да, Грузия да Ресейдің мүдделеріне қарсы әрекет етуші, сатқын мемлекеттер. Жәй сатқын емес, ортақ мүддеге қарсы тұрушы елдер деп саналды.
Ресеймен тең дәрежелі келіссөз жүргізуге бармайтын, оны тең дәрежелі әріптес ретінде мүддесін есепке алмайтын Батысты тыңдату керек. Оны тыңдату үшін күш көрсету керек. Ресейдің өзге көзқарасының бар екендігін көрсету керек. Путиннің Мюнхен риторикасынан бері, әр берген интервьюінен осыны айқындау қиын емес. Батыс Солтүстік Африка мен Таяу Шығысты дағдарыс жағдайында қалдырып кетті. Бұл болашақ жойқын соғыстардың бастамасы деген Путин АҚШ-қа қарсы кез-келген мемлекеттерді қолдай бастады. Бұлардың қатарында Венесуэла, Сирия, Ирак секілді мемлекеттер бар. Бұл әрекеттер Ресейдің әлемдік саясаттағы субъектілігін нығайту тұрғысынан маңызды болды, Ресейдің ішкі саясаттағы күн тәртібінің біртіндеп геосаяси бағытқа ойысуына алып келді.
3. Ресей элитасы үшін еуразиялық кеңістіктегі ықпалды сақтап қалу ұлттық мүдде. Ресей жәй мемлекет емес, әлемдік және аймақтық деңгейде дамудың альтернативті жолын ұсынушы мемлекет, яғни белгілі дәрежеде өркениет қалыптастырушы мемлекет. Сондықтан да болар Ресей көптеген интеграциялық жобаларды қолдаушы және ұсынушы мемлекет болды. Ресейден тыс ұсыныстардың барлығы Ресей гегемониясы мен оның өмірлік мүдделер аймағына қарсы әрекет ретінде қарастырылды. Бүгінгі күні мұндай бірлестіктердің басын Еуразия экономикалық одағы құрап отыр. Еуразиялық одақты Қазақстан басшысы ұсынғанына қарамастан, Еуразиялық одақ абсолютті тұрғыдан ресейлік жоба деуге толық негіз бар. Ресей бұл одақта тек гегемон емес, «даму моделін» қалыптастырушы мемлекет. Шын мәнінде Еуразиялық одақ елдері белгілі дәрежеде Ресей жолын қайталаушы мемлекеттер болды. Ресейде заң қабылданса Еуразиялық одаққа қатысушы мемлекеттер оны аздап түрлендіріп қабылдады. Қоғам мен мемлекеттің дамуы үшін ресейлік модель мысал болып қала берді. Бұл елдердің экономикалық және саяси егемендігі шектеліп «финляндизацияның» «еуразиялық моделін» қалыптастыруға ықпал етті. Өркениеттік дамудың негізгі дәйегі ресейлік «егеменді демократия», «билік вертикалі» ұғымдарымен байланысты болды. Демек аймақтағы «демократияның» өзгеше сипатта болуы өркениеттік ерекшеліктермен тығыз байланысты болды. Бұл тұрғыдан еуропалық «демократиялық» құндылықтар Еуразиялық өркениетке жат, ал оны қолдаушылар аймақтың «табиғи» дамуына қарсы элементтер ретінде қарастырылды.
4. Ресей автократиялық дамудың ғаламдық орталығына айналды. Автократия белгілі дәрежеде «демократиялық демнің» жетіспеушілігінен нарықтық элементтердің дамуына кедергі келтіреді. Биліктегі монополия нарықтағы монополияға жетектейді. Нәтижесінде билік қоғам дамуына кедергі келтіретін бірқатар мәселелермен жүздеседі. Экономикалық даму тежеледі. Бұл тежелу саяси тұрақтылық пен жеке билікті сақтап қалу үшін сыртқы жауды талап етеді. Шын мәнінде Ресейдің сыртқы жауы АҚШ. Украинамен күрес АҚШ-пен күрестің бір бөлігі ғана. Бұл күрес бұрынғыдай формациялық күрес емес, бұл жүйелік күрес. Еуразиялық даму мен батыстық даму жүйесі араларындағы күрес. Белгілі дәрежеде Ресей билігі үшін, ресейлік түсініктегі «егемендік» пен жаһандану арасындағы күрес. Гегемонмен күрес. Бұл күрес өркениет жолындағы күрес. Еуразиялық егеменді демократияның шынайы демократиямен күресі. Ең қызығы Ресейдің бұл риторикада «елдің өзін басқару жүйесін таңдау құқығы», «демократиялық алуантүрлілік» секілді демократиялық қағидаларға арқа сүйеуі. Бұл қағидалар әр түрлі аймақтарда орналасқан мемлекеттердің әр түрлі саяси жүйеге арқа сүйеуін ақтайды. Демократияны абсолютті құндылық деп қарастырмайды.
(жалғасы бар)