Қазақстан Президент әкімшілігінің бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов Euractiv басылымына берген сұхбатында Қазақстанның Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін, Қырым және Донбасстың мәселелері бойынша БҰҰ шешімін басшылыққа алатындығын мәлімдеген. Сұхбат “Қазақ шенеунігі: Біз Ресеймен бір кемеде болуға тәуекел етпейміз” деп аталады.
Тимур Сүлейменовке екі түрлі мәселеге қатысты сұрақтар қойылған. Бірі Украинадағы соғыс және Ресеймен арадағы қарым-қатынас мәселесі болса, екіншісі еліміздегі Қаңтар оқиғасына бағытталады. Сол сұхбаттың бірінші бөлімін ықшамдап, аударып беруді жөн көріп отырмыз.
– Мен әдетте мұнда келушілердің сапарының негізгі мақсатын сұраймын. Десе де, қазіргі халықаралық жағдайлардың шиеленісуі сіздердің қандай мақсатты көздейтіндеріңізді айтпай-ақ білдіріп тұрғандай…
– Әрине, бұл сапардың негізгі мақсаты қазіргі геосаяси дағдарысты талқылау, Украинадағы соғыс ахуалы, Ресейдің экономикасы мен қаржы жүйесіне салынып жатқан санкциялар және оның Қазақстанға тигізер кері ықпалы, сол әсердің алдын алу жолдары.
Екіншіден, біздің еуропалық әріптестерімізге Қазақстан АҚШ пен ЕО-ның Ресейге салып жатқан санкцияларды айналып өту құралы болмайтынын ескерткіміз келеді. Біз санкцияларды қабыл аламыз. Біз Ресей, Беларусьпен бірге Еуразиялық Экономикалық одақтың мүшесі болсақ та, біз халықаралық қауымдастықтың мүшесіміз. Біздің келесі қалауымыз АҚШ пен ЕО тарапынан салынатын қайталама санкциялардың Қазақстанға қолданылатынын әлде қолданылмайтынын анықтау. Үшіншіден, Еуро Одақпен қарым қатынасымызды арықарай кеңейту мәселесін талқылау.
– Сіз Қазақстан АҚШ пен ЕО-ның Ресейге салып жатқан санкцияларды айналып өту құралы болмайды дедіңіз. Бұл сіздің өзіңіздің көзқарасыңыз ба, әлде сіздің Батыстық әріптестеріңіз бұған қатысты қандай да бір алаңдаушылық білдірді ме?
– Бұл екі бағытты жол секілді. Мәселе ЕО тарапынан емес, бірақ ЕО-ның бұрынғы мүшесі, Ұлы Британия Парламенті мүшесінің тарапынан айтылды. Онда ол Ресейге салынып жатқан санкция Еуразиялық Экономикалық одақтың бір мүшесі ретінде Қазақстанға да салынуы керек дейді. Өйткені біз төрт түрлі бостандықты: капиталдың, тауардың, қызметтердің және жұмыс күшінің өзара айналымын пайдаланамыз. Ал Британия депутаты “бізге периметрлерді жабу керек” деп мәлімдеді.
Бірақ негізгі мәселе ол да емес. Негізгі мәселе, біздің мұнда келгендегі басты қалауымыз, біздің негізгі сауда әріптесіміз жайлы болмақ, мәселені ашық талқылап, Ресейдің біздің басты сауда әріптесіміз болып қала беретінін айтқымыз келеді. Біз Ресейге инвестиция салуды және Ресейден инвестиция алуды жалғастыра беретін боламыз. Біздің экономикамыздың басқа балама жолы жоқ. Дегенмен, біз санкция салынған тауарларды бақылауға тырысамыз. Біз санкцияға ілінген адамдардың Қазақстанға инвестиция құймауын да қадағалайтын боламыз. Біздің еуропалықтарға осыны ашық жеткізгіміз келді. Біздің өз даму жүйеміз бар, өкінішке қарай, ол жүйені тез арада өзгерту оңай емес.
Бұл жүйені өзгерту үшін заңдарды өзгерту керек, біз солай жасауды бастап та кеттік.
– Еуропалық әріптестеріңіз сіздерді қаншалықты түсінді деп ойлайсыз? Көңіліңіз толды ма?
– Иә. Олар бізді толығымен түсінді, біздің көңіліміз толды.
– Қазақстанда Украинадағы соғысты “соғыс” деп атау үшін қандай да бір кедергі бар ма? Сіз сөзіңіздің басында “арнайы операция” деп айтып қалдыңыз...
– Жоқ, біз әр нәрсені өз атымен атаудан ешқандай проблема көріп тұрған жоқпыз. Ресей “соғыс” деген сөзді қолдануға тыйым салатын заң қабылдады. Олар оны арнайы операция деп атауда. Бірақ Қазақстанда біз оны өз атымен атаймыз, өкінішке қарай.
– БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы соғысты тоқтатуға шақырған екі міндетті емес резолюция қабылдады. Бұның екеуінде де Қазақстан қалыс қалды. Бұның сіздердің Ресеймен арадағы келісімшарттарға қандай да қатысы бар ма?
– Негізінен Қазақстан Еуразиялық Экономикалық одақтың да, Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының да мүшесі. Демек, біз Ресейдің экономикалық және әскери одақтасымыз. Дегенмен келісімшарттардың негізгі ережесінің қазіргі нақты жағдайға қатысы жоқ.
Әрине, Ресей оларды қолдағанымызды, солар жағына шыққанымызды қалады. Алайда Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейді. Біз Қырым және Донбасстағы қазіргі жағдайды мойындамаймыз және бұл мәселелер бойынша БҰҰ шешімін басшылыққа аламыз. Біз БҰҰ қабылдаған шешімдерді ғана құрмет тұтамыз.