//////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2306 рет қаралды

ШІРКЕУДЕ АЙТЫЛҒАН ӨТІНІШ

Ньюкасл қаласында христиандық діннің екі тармағының Англикандық Әулие Николай соборы мен Римдік Католиктік Әулие Марияның соборлары ерекше көз тартады. Келіп-кетушілерге есік айқара ашық.

Соборлардың сыртқы көрінісінің көркін, көнелігін айтпағанда ішкі әлемі әсем көркемдігімен көздің жауын алады. Әр алуан суреттер, мүсіндер, мәрмәр тастарға ойып жазылған есткерткіш тарихи тақталар, шырағдандар мен шамдар, оюластырып-қиюластырған безендірулері ерекше тартымды. Сондай тамаша орынның бірі приход шіркеуі (parish church) Жезмонд аталады.
Міне мынау «Жезмонд» шіркеуі. Қыс мезгілі. Күн жексенбі. Сағат 16-00. Англияда уақытты жазғанда саннан соң түске дейінгі уақытты «ам», түстен кейінгі уақытты «рм» деп белгілейді екен. Мысалы: 8ам – 8рм десе, таңғы сегізден кешкі сегіз сағатқа дейін дегеннің қысқартылып жазылуы. Кешкі 9 немесе тәңертеңгі 9 дегені сияқты.  Баян-Өлгий қазақтары күніне бір уақ жарты сағат қазақ тілінде берілетін радио хабарын «Тоғыздың хабары» дейді ғой. Бұ да сол сияқты.
Сонымен біз жергілікті уақыт бойынша 4 рм-де шіркеуге келдік. Пандемия кезі болғандықтан кіре берісте антисептик, маска толып тұр. Қара нәсілді, бойшаң, орта жастағы кісі бізге жақындап келіп залдың оң жақ қатарындағы бос орынды меңзеді. Ұзындығы төрт-бес метрдей қоңыр түсті көне сәкінің шетін ала жайғасқаннан кейін айналама көз салдым. Залдың жарығы күңгірт. Жарықтың жарық болмауында да бір мән бар сияқты. Аудитория аурасы адамды ойға батырып, мұңға жетелейді. Он-он бес сәкіден үш қатар қойылған зал іші лық толы адам. Араларында кішкентай балаларымен келгендер де бар екен. Әр жерден қара нәсілділер, әр жерден сары нәсілділер көрінеді. Британдықтар ақ нәсілді ғой, ақ.

Қазақстанда, басқа елді мекенді білмеймін, Алматы қаласында мешіттердің өзін тұрғындардың дініне қарай емес ұлтына қарай, мысалы, Ұйғыр мешіті, Шешен мешіті, Татар мешіті, Дүңген мешіті деп бөлісіп алған ғой. Бұның өзі біздегі ұлттық, елдік бірліктің, мемлекеттік тұтастықтың, халықтың жалпы ұлттық бір мақсатқа жұмылуының сапа деңгейін көрсетеді. Хрестиансың ба болды. Сенің ақ, қараңа, ұлтыңа қарамайды. Міне, мына шіркеудің ішінде залда мен де отырмын. Маған ешкім сенің түрің де, ұлтың да бөтен екен деген жоқ.
Сол қапталдағы жоғарғы балконда да тізіліп бір қора қауым отыр. Солардың соңын ала, тұйыққа тіреліп керней, сырнай, музыкалық аспаптарын құшақтап және бір топ оркестр орын алыпты. Төрдегі сахнадан залға қарама-қарсы қарап орналасқан отызшақты адамның да арасынан азиялық келбеттілер көрінеді. Ағылшын отарында болған елдерден келген келімсектер ішінде христиан дінділер көп болатынын білемін.
Сахнаның оң жағындағы биік мінберге жұрынын сары жіппен шытырмалап сырған ақ желеңді еңкіш тартқан, ет-жеңсіз кәртең кісі шығып он бес минуттай лекция оқыды. Бір қалыпты майда қоңыр үнмен асықпай-аптықпай сөйледі. Адам қай тілде сөйлесін үннің әуезділігі де тыңдаушыға жағымды әсер етеді ғой. Ағылшын тілінен жұрдай менің өзім мына сазды жұмсақ дыбысқа елтіп отырмын. Осындайда біздің радио, теледидарлардан сөйлейтін, сөйлегені құлаққа түрпідей тиетін «дикторларды» тыңдағың да келмей кететіні ойға оралады екен. Ал мына шіркеу лекторының даусының өзі таңдаулы диктордың үнінен кем түспейді-ау. Жұрт мүлгіп, жым-жырт тыңдап отыр.


Шіркеуге келерде Есенгүлге епископтардың не айтатынын, қандай уағыз айтатынын зер салып тыңдап, түгін қалдырмай маған қайталап айтып беруін өтінгенмін. М.Әуезовтің «Абай жолы» романы «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне шәкірт бала барын салды» деп басталушы еді ғой. Қарасам, Есенгүл де өтінішімді мүлтіксіз орындауға бар ынтасын, барын салған сияқты, екі көзін тасқып жұмып алып, ұйып тыңдап отыр екен. Шырқын бұзбадым.

ШІРКЕУДЕН ІШКЕН КОФЕ

Он бес минут уақыт өткеннен кейін лектор жайлап мінберден түсті. Жарық қосылды. Сол кезде әлгі залға қарама-қарсы отырғандар орындарынан өре түрегелді. Хор екен. Оркестр ойнады. Ән бе? Жоқ, мүмкін мадақ, мүмкін дұға шығар. Ел тікесінен тік тұрып хорға ілесіп, хордан дауыстарын оздырмай айтып тұр. Хор екі «ән» орындады. Лектор қайтадан мінберге көтеріліп, тағы да он минуттай лекциясын жалғастырды.
Бұл жиынның бас-аяғы бір сағатқа созылды. Жұрт орнынан тұрды. Бірақ қозғала қоймады. Жан-жағыма қараймын. Дүркіреп есікке қарай ешкім ұмтылмады. Әлгіндегі лектор арт жағында лекторша киінген тағы да бір адамды ертіп екі қатардың бойымен келе жатыр. Олар шығар есіктің алдына барып қатарласып сапқа тұрғанда барып ел біртіндеп шыға бастады. Бұл – Епископтардың шіркеуге келген адамдарды осылай құрметпен шығарып салатын салты екен. Біздің төрден түсе алмай сіресіп отыратын молдекеңдерге үлгі боларлық ізет қой.


Әр кім қалауынша жәшік және бір шелектерге садақаларын тастап жатыр. Шіркеу қызметкерлері әр кімге бір-бір конверт ұстатты. Ішінде екі шоколад кәмпит, Христмас күнімен құттықтаған ашық хат, «CHRISMAS in three words – Кристмас үш сөзбен» деген кітапша бар екен. Сыртта, шіркеудің сол жағындағы алаңқайға үстелге жайылған дастарқаннан қалаған адам дәм татып, ыстық кофе, шай, сусын ішіп тарасып жатты. Дастархан басында қызмет етіп жүргендер азиялық (мен қытайлар деп ойладым) адамдар болды.

Осы жерде бір кәсе кофе ішіп тұрып біздің жұма намазын қалай өтеп жүргеніміз туралы ойландым… Жұма намазына бізде де өте көп адам барады. Әсіресе онда жастардың қарасы көп болады. Жұма намазы уақытында мешіттің маңайынан жол тауып жүре алмай қаласың. Мешітке сыймай қалған адамдардың көшеде, мешіт маңайында, кім-көрінгеннің ит жетектеп нәжіс басқан аяғымен тапталған, кім-көрінгеннің қақырған, түкірген, лас, лас болғанда жуылып-шайылмаған өте арам қара жол үстіне мұнтаздай таза, кіршіксіз пәк, үйінде төрде тұрып, қолтығына қысып келген жайнамазын жая салып жамағатпен бірге құлшылық етіп, сәждеге басын төсеп жататындарын көреміз. Бұндай жағдайды, ұнамсыз көріністі мен Ыстанбұлда Зейтінбұрны ауданында да көрдім. Қазіргі өркені өскен, талайды басынан кешкен, білімді, дәстүрдің озығы мен тозығын айыратын өркениетті заманда адам санасының осындай деңгейге, қасқа маңдайын арам асфальтқа тигізгенге шейін төмендеуінің жалғыз жауабы «жамағатпен оқыған намаздың пәленпай мың сауабы барлығына» сеніп жеке басындағы кедейшілік пен кемшілікті, біліп-білмей істеген күнәсі мен күнәһәрлігінен тек құдайдан тілеу арқылы тазарып, арылуға болады деген құр алдану-ау деген түйін көкейімнен кетпеді. Ал мына жұрттың, ағылшындардың қалай келіп, жиналып, қалай тарап кеткені де білінбей қалды. Бәрі тып-тыныш, тылсым жағдайда өте шықты.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар