////

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін бөлінген қаржы қаншалықты өзін-өзі ақтайды?

3893 рет қаралды

 MINBER.KZ оқырмандардың назарына «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» атты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы бюджет қаржысына жүзеге асырылатын қызметтің 2021 жылы қалай атқарылғаны туралы зерттеуін ұсынады

Елімізде осы уақытқа дейін ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілген (2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986). Стратегия мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын одан әрі айқындау мақсатында қабылданған. Стратегияның мақсат, міндеттері «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020-2024 жылдарға арналған даму жоспары жарияланған. Ал, стратегияны нақты іске асыруды Іс-шаралар жоспары қамтамасыз етеді. Осы жоспарға сәйкес қол жеткізілуі қажет маңызды индикатор, бұл – Қазақстанның 2021 жылы Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексіндегі көрсеткіші (Corruption Perception Index, Transparency International) 40 баллға жетуі қажет. Бұл межелі индикатор, ал іс жүзінде орындалуы қалай болды? Бүгінгі күні стратегия өз мақсатына жетті ме әлде жоқ па? Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексіндегі көрсеткіш (Corruption Perception Index, Transparency International) жоспарланған 40 балл болса, іс жүзінде 37 балл ғана. Есепте көрсетілгендей бұл көрсеткішке қол жеткізілмеген.

Transparency Kazakhstan ұйымының 2021 жылғы 28 қаңтарда жариялаған деректеріне сүйенсек (Transparency International – индекс восприятия коррупиции) Қазақстан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 38 балл жинап, 94-ші орынға жайғасқан еді. Алайда, 2021 жылы бұл көрсеткіш мемлекет бөлетін әжептәуір қаржылық шығындарға қарамастан жақсарудың орнына нашарлаған. Бұған дәлел Transparency International ұйымының 2022 жылғы 25 қаңтарда жариялаған Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінің мәліметтері. Қазақстан 2021 жылы 100 баллдан 37 балл алып, 180 орынның 102-ші орынына орналасқан. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда сыбайлас жемқорлықты қабылдау көрсеткіші 1 баллға төмендеп, 94 орыннан 102 орынға ығысқанын көрсетеді.

Стратегияның мақсат, міндеттеріне қысқаша жоғарыда тоқталып өттік, осы міндеттердің ішінде «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің деңгейін қалыптастыру» міндетіне жеке тоқталып өткен жөн. Өйткені, дәл осы міндетті орындау үшін мемлекет бюджеттен қаржы бөледі.

Мемлекеттік сатып алу порталында 2021 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін 86 қызмет сатып алынған. Ол үшін жалпы 1 жылға жоспарланған қаржы – 120 миллион 829 мың теңге, ал Қосымша құн салығын (ҚҚС) қоса есептегенде жасалған шарт бойынша жеткізушіге іс жүзінде төленген қаржы – 72 миллион теңгеден асқан. Осы 86 қызметтің ішіндегі 66-сы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша шараларды ұйымдастыру мен өткізуге бағытталған. Оларды атқару үшін 1 жылға жоспарланған қаржы – 90 миллиондай теңге, ал ҚҚС-ын қоса есептегенде жасалған шарт бойынша жеткізушіге іс жүзінде төленген қаржы – 60 миллиондай теңге. Мемлекеттік сатып алулар тәсіліне қарай 66 қызметтің: 52-сі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тәсілімен, 14-і өткізілмеген сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылған.

Өңірлерге келетін болсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін өңірлердің барлығы дерлік қаржы бөлген. Енді әр өңір бұл қызметті сатып алу үшін қанша қаржы бөлген екен?

Бөлінген қаржы көлеміне қарай ондыққа кірген өңірлер төмендегі кестеде көрсетілген.

Алдыңғы үштіктен көрінген өңірлерге келетін болсақ, олар Нұр-Сұлтан қаласы – 11 040 000 теңге, Батыс Қазақстан облысы – 9 550 000 теңге, Қарағанды облысы – 7 780 836.

Бұл қызметтерге тапсырыс берушілерді өңірлер бөлінісінде талдайық. Нұр-Сұлтан қаласында барлық қаржы көлеміне бір қызметке бір мемлекетік мекеме Нұр-Сұлтан қаласының ішкі саясат бөлімі тапсырыс берген. Батыс Қазақсан облысында бұл қызметтерге 4 мемлекеттік мекеме дербес тапсырыс берген. Олар, облыстық ішкі саясат басқармасы (8 000 000 теңге), облыстық тілдерді дамыту басқармасы (760 000 теңге), Тасқала аудандық ішкі саясат бөлімі (300 000 теңге), Теректі аудандық ішкі саясат бөлімі (490 000 мың теңге). Қарағанды облысында бұл қызметтерге 9 мемлекеттік мекеме тапсырыс берген, олар:

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы әкімінің аппараты (1 200 000 теңге) 

Теміртау (2) қаласының ішкі саясат бөлімі (1 200 000 теңге), (1 200 000 теңге)

Бұқар жырау ауданының ішкі саясат бөлім (1 072 428, 71 теңге)

Жезқазған қаласының ішкі саясат бөлімі (320 000 теңге)

Приозерск қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі (1 200 000 теңге);

Саран қаласының ішкі саясат бөлімі (640 000 теңге)

Осакаров ауданының ішкі саясат бөлімі (401 000 теңге)

Нұра ауданының ішкі саясат бөлімі (376 000 теңге);

Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі (800 000 теңге)

Мұнда бір назар аударатын жай Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі бір мазмұндағы бір қызметті бірдей қаржы көлеміне екі рет сатып алған.

Бұл қызметтерді жеткізушілер кімдер? Нұр-Сұлтан қаласында 1 жеткізуші ғана –  «Казахстанская Ассоциация Даму» заңды тұлғалардың бірлестігі . Батыс Қазақстан облысында барлығы 3 жеткізуші. 2 қызметті Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» корпоративтік қоры жеткізсе,  қалған 2 қызметті «Іс үшін – За дело» Теректі жастар орталығы Жастар қоғамдық бірлестігі және «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігі орындаған.

Нұр-Сұлтан қаласы техникалық ерекшеліктерде жоба мерзімінің ұзақ мерзімді екенін және әр жылы дәл осындай мазмұндағы осындай қаржыға осы қызметтер сатып алынатынын айқын жазған. Қалған екі өңірде қанша мерзімге жоспарланған жоба екені туралы ақпарат жоқ. Ал, қызметтерді көрсету мерзімі барлық өңірлерде де 1 жыл.

Бұл толыққанды зерттеуден берілген үзнді ғана, осы зерттеу арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бюджеттен қаржыландырылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қызметі түрлі өңірде қалай орындалатынына талдау жүргіздік. Зерттеу нысанына бөлінген қаржы көлемінен алғашқы үштікте орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары кірді. Жүргізілген зерттеудің нәтижесінде келесі сұрақтар туындады.

Бірінші, Тапсырыс беруші лоттарды қалыптастыру кезінде қандай деректерге сүйенеді? Бұл қызметті сатып алу міндетті болса лоттарды қалыптастыру кезінде ол қандай негізге сүйене отырып қалыптастырады? ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлер бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейін талдап, өлшеп, анықтайтын қалыптасқан рейтингі бар ма? Егер болса, тапсырыс берушілер бюджеттен қаржы бөлу кезінде осы рейтингтегі өңірлер көрсеткішін есепке ала ма? Өйткені, әр өңірде бөлінетін қаржы көлемі әртүрлі, қызметтерді орындау бойынша талаптары да түрлі, бірақ мақсат бір – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Екінші, бөлінетін қаржы көлемі қандай деректерге негізделіп анықталады? Қызметтерді орындағаннан кейін тапсырыс беруші мен жеткізуші бірігіп, не болмаса әрқайсысы бөлек өз алдына қызметтерді сатып алу кезінде айқындалған мақсаттардың орындалуына, межелеген көрсеткіштерге қол жеткізілуіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру деңгейінің қандай мөлшерде артып не кемігеніне талдау не мониторинг жасап, қорытындылай ма? Егер қорытындылайтын болса қол жеткізген жетістіктерге қарай жылдан жылға бөлінетін қаржы көлемі көбеюі не азаюы қажет сияқты. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы бойынша 2020 жыл мен 2021 жылға бөлінген қаржы көлемін салыстырсақ шамамен сол деңгейде қалған.

Үшінші, бөлінген қаржыға атқарылған қызметтер мақсатына жетті ме? Жеткен жағдайда ол қалай анықталады, өлшенеді және бағаланады? Аталған мәдениеттің қалыптасқан не қалыптаспағанын, қалыптасса қандай деңгейде екенін қандай өлшем бірлікпен өлшеп, қалай көріп, бағалауға болады? Және, осы бағытта әлі қанша жұмыс істеп, бюджеттен тағы қанша қаражат бөлінуі қажет екендігін жұртшылық, халық қайдан көре алады? Үкіметтік емес ұйымдар орындаған қызметтердің егжей-тегжейлі, толық есебі ашық дереккөзде жариялана ма? Егер жарияланса, ол қандай дереккөз? Егер қалың жұртшылыққа қолжетімді жарияланбайтын болса, жариялауға не кедергі және ашық есептілікті қалай реттеуге болады?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін қаржы бөліп, ол қаржының есептілігін егжей-тегжейлі ашық жарияламау, оны талқыламау жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға емес, керісінше жемқорлық жасауға жол ашатын секілді. Себебі, тапсырыс берушілер мен жеткізушілердің өткен шаралар туралы әлеуметтік желідегі фото есебі арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қаншалықты сапалы қалыптасқанын бағалау мүмкін емес. Нақты жағдайды көру үшін нақты сандар  мен көрссеткіштерді қамтитын ашық есеп болуы қажет. Осыдан келіп аяғында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін мемлекеттен қаржы бөлу қажет пе? Егер қажет болса бөлінген қаржы өзін ақтай ма? Бөлінген қаржы мақсатты жұмсалып, ақтайтын болса,  Қазақстан сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексіндегі көрсеткішін жақсартудың орнына неге нашарлатып отыр? деген сұрақ туындайды. Жыл сайын бюджет қаржысынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін барлық өңірлерде бөлінетін қаржының жұмсалу тиімділігін анықтау мүмкін бе?

Бұл мақала 12  сәуір күні «ZertteuResearchInstitute» ҚҚ ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қаржыландырылуын талдау» атты қоғамдық презентациясында ұсынылған зерттеудің желісімен жазылған. Зерттеу жұмысының қорытындысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жобаларының нәтижелерімен жұртшылық таныса алуы және ол  барлық азаматтарға қолжетімді болуы үшін игерілген қаржы мен атқарылған қызметтердің есебін ашық дереккөздерде жариялау ұсынылды. Мысалы, Тапсырыс беруші мен Жеткізушінің интернет-ресурстары, әлеуметтік желідегі парақшалары немесе жұртшылықтың алдында есеп беру.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар