///

Оқулықтағы тапсырмалар бала деңгейіне сай ма?

3334 рет қаралды
фото: egemen.kz

Бүгінгі таңда оқулық мәселесі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Оқулықтар жаңа оқу бағдарламасына сай жаңартылғаны да белгілі. Бірақ, сол оқулықтардың олқылығы да жетеді.  

Бастауыш сынып ұстаздары да бұл тұрғыда оқулықтағы тақырыптардың  бір-бірімен байланысы жоқ деген ойларын айтады. Айталық, 4-ші сынып оқулықтарының  5-ші сынып оқулығымен өзара байланысы жоқ.

Оқулықтағы мәтіндер өткен тақырыптық мәтіндермен байланысса оқушылардың салыстыра оқуына жеңіл болар еді. Сонымен қатар, оқулықтағы кей тапсырмалар бала деңгейіне сай емес, ауыр, түсініксіз. Сондықтан баланың оқуға деген қызығушылығы төмендейді. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларының жұмыс дәптерлері жоқ. Әрі берілген логикалық, танымдық тапсырмалар 45 минутқа өте көп. Негізгі оқулықтардағы олқылықтарды тере берсек көп, біз соның біреуіне ғана бастауыш сыныбындағы “Дүниетану” оқулығындағы бір мысалға тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

Мәселен, 1-ші сыныптың Дүниетану оқулығындағы «Саяхат» бөлімінде 49-50 беттегі  «Ежелгі адамдар қандай болған және қалай өмір сүрген?», ҮІІ бөлімдегі «Тағам мен сусын» тарауындағы  80-82 беттегі «Ежелгі адамдардың өмірі қалай өзгерді?» – деген тақырыптарды талдап көрейік.  «Ежелгі адамдар Африкада  пайда болды, терімшілікпен айналысты, жабайы өскен өсімдіктер мен жануарлардың ортасында өмір сүрді, зіл – деген аңды аулады, алғашқы еңбек құралы шапқы болды, тағамды табиғи түрде (шикілей) қолданды. Ғасырлар өтіп, үлкен мұздықтар еріп, өзен, көлдер пайда болды» делінеді мәтін. I сынып оқушысы бұл мәтіндегі терімшілік, шапқы, зіл секілді сөздерді түсіне алатын деңгейде ме? Бұл тақырыптар орта буын, яғни бесінші сыныпта оқытылса дұрыс болар еді.

Осы  оқулықтар мәселесі жөнінде бірнеше ұстаздың да пікірін білген едік.

 Аятжан Ахметжан, Нұр-Сұлтан қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы 90-гимназия директоры: 

ҚАЗІРГІ ОҚУЛЫҚТАРДЫҢ БАСЫМ КӨПШІЛІГІ ЖАРАМСЫЗ

Жаңаша оқыту бағдарламасына байланысты оқулықтар сапасына байланысты әртүрлі деңгейде пікірлер айтылудан кенде емес, мақалалар да жазылды, посты да жазылды, сұхбатта бердік. Соған байланысты Білім және  ғылым министірлігі жанынан комиссия да құрылып, 1-11 сынып оқулықтарын қайта қарау мәселесі қолға алынып жатыр. Басында Наурыз айында алғашқы отырыстарын жасамақ болған еді. Белгілі бір себептермен маусым айына шегерілді. Осы комиссияның мүшесі ретінде олқылықтарды жөндеуге бар күшімізді саламыз деген ойдамын. Оқулықтарда кеткен  олқылықтарды ескерер деген де үмітім бар.  Қазіргі оқытылып жатқан оқулықтардың қатесін терудің де қажеті жоқ, себебі, қазіргі оқулықтар дерлік жарамсыз деп ойлаймын, – деген пікірін білдірді.

Шымкент қаласының № 41 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі «ҚР Білім саласының құрметті қызметкері» Өмір Шыныбекұлы: 

– 2020 жылы наурыз айында Алматы қаласында тарих оқулығын жазатын ғалымдарды жинап, сол жиынға мектеп тарихшы –мұғалімдерінен мені шақырған еді, мен өз ұсынысымды айттым. 2022 жылғы 3 наурыз күні Петропавл қаласында өткен Қазақстанның тарихшы мұғалімдерінің съезінде  сөйлеген тарихшы – ғалым З. Қабылдинов мырза жеті томдық Қазақстан тарихы дайын болғанын айтты. Үш томдықтың мазмұнын көріп, 2020 жылы  мен айтқан ұсыныс  ескерілмегенін түсіндім. Біз тағы тек Жошы ұлысының тарихын оқытатын болыппыз. Өздеріңіз білесіздер, Шағатай ұлысына Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан толық кірді. 7-ші сыныптарға арналған Қазақстан тарихы оқулығында Шағатай ұлысы мен Моғолстан  мемлекетіне 1 параграф арналған. Ал, 10 сыныптарға арналған Қазақстан тарихы оқулығында Шағатай ордасы Моғолстанға 4-5 жол ғана берілген. Меніңше, Шағатай ордасы мен Моғолстан тарихы да, Жошы ұлысының тарихымен бірдей Отан тарихы ретінде оқытылуы керек. Соның әсері шығар, 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысының тарихына Мырзашөл қазақтарының, яғни Жызақ-Шымқорған көтерілісінің тарихы енбей қалды. Бұл туралы деректер Ташкент, Жызақ архивтерінде баршылық, – деген ұстаз Қазақстан тарихы оқулығына қатысты пікірін білдірді.

Осы тұрғыда орта мектептің бастауыш сынып мұғалімдеріне де сауал қойдық. Сөйтіп, 12-13 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздардың да пікірін тыңдадық:

– Кей тарауларда тапсырмалар жеңілден орташа, орташадан күрделіге қарай берілсе жақсы болар еді. Тапсырмалар кіріктіріліп берілсе, өйткені кей тарауларда тапсырмалар ретсіз, сәйкестендірілмеген. Содан кейін толық аяқталып, сосын қайталау тапсырмалар беріліп отырса деген өз ұсыныстарын білдірді.

Жалпы біздің мақсатымыз оқулықтан мін табу емес, оқулықтар әр сынып баласының жас деңгейіне сай, оқуға түсінікті, бала қызыға оқитын, тілге жеңіл, тиянақты болса деген ойымызды жеткізуді жөн көрдік.

Нұржан Құмар, ШҚО,

Үржар ауданы, Көкөзек ауылы 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар