Президенттің мемлекеттік аппарат тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар бастамалары бюрократиялық аппараттың жұмысын оңтайлы етуге жол ашты.
Дегенмен, бұл істің бастауы ғана… Мемлекет басшысы қоғамды демократияландыру мен бюрократиялық реформалардың бастамасын айқындады. Бірақ, мемлекеттің өркендеп, дамуы үшін осы реформалардың институционалдық тұрғыда тұрақты болуын қамтамасыз ету маңызды. Институционалдық реформалар мемлекет басшысының тұлғалық қасиетін танытудан гөрі мемлекеттік институттардың нақты жұмысы мен құзіреттілігін айқындауға бағытталған шаралар кешенімен анықталады. Демек, болашақта мемлекеттік институттар елдегі басшылардың жеке қасиетіне емес, мемлекеттік институттардың өз миссиясын қалтқысыз, қоғамдық негізде тұрақты жұмыс істеуіне арқа сүйеуі тиіс. Яғни, келесі кезең институционалдық консолидация кезеңі. Ол орталық мемлекеттік органдардың мызғымас құзіреті мен өкілеттігін айқындап конституциялық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бұл ретте елімізде кезек күттірмейтін мәселе – бюрократиясыздандырудан кейін мемлекет құзіретін орталықсыздандыру.
ОРТАЛЫҚТАНҒАН МЕМЛЕКЕТ – КҮШТІ ЕМЕС, КЕРІСІНШЕ ӘЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ
Соңғы жолдауында ҚР Президенті бұл мәселеге назар аударғандығы белгілі. Аудан әкімдерінің сайлануы, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту, облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту секілді шаралардың дені осы орталықсыздандыруға бағытталған шаралар кешені.
Осы уақытқа дейін негізгі екі ой жергілікті билік өкілдеріне сенімсіздікті күшейтті. Біріншісі, орталықтанған мемлекет – күшті мемлекет тұжырымдамасы. Екіншісі, кең тараған сепаратизм қорқынышы. Соңғы уақытта екі дәйек те қайта сараптауды талап етеді.
Орталықтанған мемлекет – күшті емес, керісінше әлсіз мемлекет. Неге? Себебі күнделікті өмірде тұрғындар жергілікті билікпен бетпе-бет келеді, жүздеседі. Яғни, мемлекет ұғымы азаматтар үшін жергілікті мемлекеттік органдармен байланысты ұғым. Бұрынғыдай «Президент жақсы, әкімдер жаман» логикасы экономикаға көп зардап шектіреді. Себебі, жергілікті тұрғындармен байланысы жоқ әкім-қара халыққа емес, жоғарыдағы басшылыққа қызмет етумен шектеледі. Оның үстіне осы күнге дейін Президенттік немесе Парламенттік сайлау науқаны бірінші кезекте Президент тағайындаған әкімдерге сенім артатын институт ретінде қарастырылды. Дауыс аз жинаған аймақ әкімдері халық сенімінен шыққандардың қатарына жатқызылып, лауазымынан босатылып, түрлі шаралар қолданылатын. Логика бойынша бұл тежеуші шара әкімдер жұмысының халық алдындағы жауапкершілігін арттыруы тиіс болып көрінгенімен, шын мәнінде жергілікті биліктің түрлі деңгейдегі сайлау тетіктерін өз мүддесі үшін пайдалануына алып келді, Нәтижесі белгілі… Аймақтарда сайлауға рекордты қатысу деңгейі елбасына рекордты дауыс жинаумен шектелді. Ол үшін шындыққа жанаспайтын түрлі айла-әдістер қолданыла бастады. Шын мәнінде сайлау қорытындылары жергілікті биліктің өзін ақтап алу ниеті ретінде қарастырылды да, қоғамда, саяси терминологияда «абсентизм» ұғымымен байланысты, саяси процестерге қатыспау ниетінің күшеюіне ықпал етті. Бұл жергілікті тұрғындардың сайлауға және өзге де саяси институттарға деген сенімсіздігінің қаншалықты күшейткенін көрсетті. Демек, жергілікті билік халықтан алыстап, жергілікті экономиканың дамуына ықылассыз бола бастады.
Екіншіден, халық қарны тойған сайын күйбең тіршіліктің тысындағы мәселелерге мүдделі болып, елдің даму векторына назар аудара бастайды. Дәлірек айтқанда, саяси процестерге қатысуға ниеттенеді. Бұл жергілікті билік алдында есеп беру, экономикалық көрсеткіштерді оңалту, халық мүддесімен санасу секілді көптеген жайттарды күн тәртібіне шығарады. Бұл парадигма элитаның мүддесімен жанаспайды, себебі элита белгілі бір тұлғалық сипатқа ие саяси жүйеде жұмыс істейді. Билік вертикалы жағдайында халық саяси субъектілігінен айрылып, шешім шығару процесінен аластатыла бастайды. Демек халық жағдайы неғұрлым нашар болса, саяси талаптар да соғұрлым төмен болады деген сөз.
ӨКІЛЕТТІГІ МЕН ҚҰЗІРЕТІ БАР ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ӘЛЕУМЕТТІК ҚАҚТЫҒЫСТАРДЫ БОЛДЫРМАУДЫҢ БІР ЖОЛЫ
Шын мәнінде Қазақстандағы қаңтар оқиғасына не арқау болды? Ойланып қарасақ, орталық билікті былай қойғанда жергілікті биліктің халықпен қарым-қатынасының болмауы және орталық биліктің аймақтағы мәселелерден хабарсыз болуы. Әйтпесе, Экономика министрі кеңесшісінің «егер газ қымбат болса, қоғамдық көлікті пайдалануға мүмкіндіктеріңіз бар» деген ойы қайдан шығады. Осы тұста жергілікті биліктің халықпен байланысы үзілгенін ғана емес, жергілікті мәселелерді шешуге дәрменсіздігін де аңғару қиын емес. Халықты тыныштандыру үшін жергілікті билік жауапты да, газ бағасын қалыптастыратын орталық билік. Не деген дисбаланс? Бұл жағдайда жергілікті әкімнің бағаны реттеу мүмкіндігі болды ма? Жоқ. Демек, тиімді, өкілеттігі мен құзіреті бар жергілікті билік әлеуметтік қақтығыстарды болдырмаудың бір жолы.
Екінші дәйек – сепаратизм. Қазақстан көп ұлтты мемлекет және бұл ішкі саясатта ескерілуі керек негізгі мәселелердің бірі. Бірақ сепаратизмнің негізгі себебі неде? Шовинизм, саяси сананың өзгелігі ме, жоқ әлде әлеуметтік жағдайдың нашарлығы ма? Осы мәселені саралап көрейікші… Еуропа құрлығында орналасқан көршілес елдердің бір-біріне қояр территориялық талаптары аз емес, бірақ осы уақытқа дейін социалистік идеология ықпалында болған аймақты алып тастағанда өзге аймақтарда сепаратизмнен бастау алған саяси дағдарыстар болды деп айту қиын. Тіпті Солтүстік Ирландия мен Шотландияны Ұлыбритания құрамында сақтап отырған экономикалық мүдде. Басқа сепаратистердің ықпалды күш бола алмай отырғандығы да, Каталонияның тәуелсіз мемлекет мәртебесіне жете алмай отырғандығы да экономикалық мүдде. Кезінде Германия канцлері Отто фон Бисмарк соғыстарының бірінде алдымен Пруссияның, кейін Германияның құрамына кірген Шлезвиг-Гольштейн жерінің өзі бірде бір рет Германиядан тәуелсіздік алып Дания құрамына кіру туралы сауал қоймапты. Неге? Өйткені Германияның құрамында болу тиімді, пайдалы. Мәселе осында! Біз ендігі жерде елімізде басым болып келген этноцентристтік көзқарастан азаматтық центристтік көзқарасқа бет бұруымыз керек. Жергілікті органдар ұлтына, жынысына, нәсіліне қарамай жергілікті халыққа, бірінші кезекте Қазақстан Республикасының азаматтарына қызмет етуі керек. Демек, мемлекеттік билікті орталықсыздандыру арқылы біз этносаралық тұрақтылық мәселесін шешу мүмкіндігіне де ие боламыз. Соңғы этносаралық жанжалдар бұл күрделі мәселені орталықтан шешу механизмдерінің, Қазақстан халқының ассамблеясы секілді дәстүрлі институттардың тиімсіздігін, дәрменсіздігін көрсетті. Неліктен? Себебі орталық билік аймақта не болып жатқанын жіті білмейді. Егер біз тиімді кері байланыс орната алатын жергілікті атқарушы органдар жүйесін қалыптастырсақ, онда өзге этнос өкілдерін бауырына басып, олармен тату қоғам құра алу мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Демек сепаратизмнің негізгі қайнар көзі бүгінгі жергілікті биліктің этносаралық мәселелерді тиімді шеше алмауында болып отыр.
БИЛІКТІҢ ОРТАЛЫҚСЫЗДАНДЫРЫЛУЫ ТЕК ҚАНА ЖЕРГІЛІКТІ ӘКІМДЕРДІ САЙЛАУМЕН БІТПЕЙДІ
Президентіміз өз жолдауында бұл мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар шараларды ұсынды және бұл шешімдердің оңтайлы жүзеге асатынына сенім мол. Дегенмен, кез-келген реформа кешенді жүзеге асырылуы тиіс. Биліктің орталықсыздандырылуы тек қана жергілікті әкімдерді сайлаумен бітпейді. Бұл мәселенің басы ғана. Орталықсыздандыру үш негізгі салада айқын көрініс табуы керек.
Біріншіден, билік деңгейлері арасындағы өкілеттік бөлініс. Қазір Қазақстанда қай мәселе үшін жергілікті атқарушы билік жауап береді, қай мәселе орталық Үкіметтің құзіретінде екендігі нақты әрі айқын емес. Логикалық тұрғыдан келесі қадам негізгі құзіретті жергілікті әкімшіліктерге жүктеп, бағдарламалардың жүзеге асырылуын қадағалау құзіреттіліктерін орталық билікке қалдыру. Орталықтан талап етілетін рұқсат қағаздар мен лицензиялардың санын қысқартып, олардың негізгі денін жергілікті органдарға жүктеген орынды. Белгілі кәсіпкерлік қызметтер үшін арнайы облыс орталығы немесе Нұр-Сұлтанға бару тәжірибесін азайтып, рұқсат қағаздардың негізгі денін әрі кетсе аудан денгейінде қалдыру бюрократиялық тиімділікті арттыратын факторға айналады. Бұл жергілікті жерлердегі кәсіпкерлік белсенділік пен аудан, облыс әкімдерінің құзіреттілігін айқындауға септігін тигізеді, жауапкершілікті айқындайды.
Екіншіден, қаржылық-бюджеттік қатынастарды орталықсыздандыру. Шын мәнінде, бүгінгі заңнамаға сәйкес жергілікті әкімдіктердің әлеуметтік міндеттері көп те, кірістері аз. Осы тұста аймақтардың тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін олардың қаржылай қамтамасыз етілуіне жағдай жасау керек. Бұрынғы логика бойынша күшті орталық бюджет аймақтар арасындағы теңсіздікті қалпына келтіріп, теңгермешілік саясат жүргізуге ықпал ететін. Бір жағынан қарасаңыз логикалық тұрғыдан дұрыс секілді. Біріншіден, орталықтанған бюджеттік жүйе орталық биліктің ықпалын нығайтты. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шынайы орын алуы мүмкін сепаратизмнің алдын алу тетіктерінің бірі болды. Екіншіден, бай аймақтардан қаражатты өзге аймақтарға беруге ықпал етеді. Бірақ, бұл жүйенің кемшін тұстары да бар еді. Себебі жергілікті билік қанша жерден тиімді жұмыс істесе де, жергілікті бюджеттің қалыптасуы әкімнің іскерлік қабілетіне емес, оның орталықпен байланысының деңгейіне арқа сүйейді. Яғни, жауапты Үкімет мүшелерімен жақсы болсаң бюджетің де жақсы болады. Оның үстіне орталықтан келетін трансферлердің бір бөлігі орталық мемлекеттік сатып алу жүйесімен байланысты. Олар тендерді қашан жариялайды, ол ақша қашан түседі? Осының барлығы үлкен мәселе. Мұның тысында, жергілікті билік кәсіпкерліктің дамуына мүдделі болмады. Себебі бұрын кепілдендірілген орталықтан келіп түсетін трансферттердің арқасында жергілікті билік бұл көрсеткішке жіті мән бермейтін. Неге? Себебі орталықтан келетін трансферт кепілдендірілген. Демек, кәсіпкерлікті дамытып шаршағанша орталықтан келетін дотацияға қарап, қол қусырып отыра беруге болады. Бюджеттік жүйені орталықсыздандыру кәсіпкерлік белсенділікті арттырары сөзсіз. Себебі өз шығынының негізгі денін өзі жабатын әкімдер үшін салықтық базаны кеңейту керек. Ал, ол кәсіпкерлікті дамытпасақ жүзеге аспайтын мәселе. Келесі маңызды фактор алымдар мен салықтардың жиналу деңгейі өседі. Кәсіпкерлік пен өндірістің дамуы, жергілікті тұрғындардың өз салығы қайда жұмсалып жатқанын қадағалауға деген ниетін арттырады. Осы уақытқа дейін салықтың негізгі дені орталыққа кетіп, оның қайда кетіп жатқандығын қадағалай алмаған тұрғындар енді аймақтың кірісі мен шығысына мән береді. Ең маңызды қаржылық бастамалардың бірі іргелі аймақтық қаржы институттарының пайда болуы. Бұл коммерциялық құрылымдардың жергілікті даму мүмкіндіктерін кеңейту үшін қажет. Бүгінгі күні үлкен бизнес жобасын жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер Алматы не Нұр-Сұлтан қалаларына баруға мәжбүр. Бұл аймақтық дамуды тежейді. Оның үстіне аймақтық ерекшелікті ескермейді. Көптеген ұлттық жобалардың тиімділік деңгейінің төмендігі де сонда жатыр. Аймаққа не керек екендігін түсінбестен бекітілген қандай жақсы жоба болса да, тиімді бола қоюы екіталай. Қолға алынуы тиіс шаралардың ішінде аймақтардың қарыз алу мүмкіндіктерін кеңейтудің орны ерекше. Аймақтық дамуды қамтамасыз ету үшін муниципалды қарыз алу механизмдерін дамыту аймаққа жетпей отырған қаржылық ресурстардың орнын толтырып қана қоймай, құнды қағаздар және қарыздар нарығының дамуына ықпал етеді. Жергілікті әкімдердің мұндай қарыздық тетіктерін пайдалана алу мүмкіндігі аймақ мұқтаждықтарын қайта саралау мен басымдықтарды айқындауға септігін тигізеді.
Үшіншіден, құқық қоғау органдары жүйесінде ең болмағанда шерифтік институтын енгізу маңызды. Бүгінгі күні учаскелік полиция өкілдерінен бастап аудандық полиция басшылары толықтай жергілікті тұрғындармен байланысы жоқ, кімнің мүддесін қорғайтыны белгісіз органға айналып отыр. Бұл өз кезегінде өз құқықтарын қорғап шыққан жергілікті тұрғындар мен құқық қорғау органдарының арасындағы тұрақты жанжалдар мен күш қолдануға алып келеді. Жергілікті полиция өкілдерінің тұрғындардан тәуелділігі, зиялы қоғамдық диалогтың бастамасы, құқық қоғау органдарының «құқық қорғаушылық» сипатын ашатын бірден-бір ресурсқа айналады.
Еліміздегі жергілікті басқару мәселелері мұнымен аяқталмайды. Бірақ, жергілікті өзін-өзі басқару инстуттарын дамыту тұжырымдамалық, кешенді негізде жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ұсыныстар жергілікті мемлекеттік басқару тетіктерін дамытудың бағытын айқындауға ықпал етер деген үміттеміз. Себебі кез-келген мемлекеттің арқа сүйейтін негізгі тірегі азаматтар мен азаматтық қоғам. Бұл институттар өздігінен қалыптаспайды. Оларды қалыптастыру үшін ең маңызды мәселе олардың үнін естіп, мүдделеріне құлақ асу. Ал бұл міндетті жүзеге асыру тек дамыған жергілікті басқару институттары жағдайында ғана жүзеге асады.
Шыңғыс ЕРГӨБЕК
саясаттанушы
Парақшамызға жазылыңыз