Соңғы күндердегі әлеуметтік желілердің әуре-сарсаңға түсіп, «шок» болғаны және қазақ баласын есінен тандырған «оқыс оқиға» Қазақ Елінің астанасында бір топ ұлты қазақ әйелдің Қазақстан Республикасының Парламент депутаттары, әкімшілік органдардың басшы қызметкерлері және қоғамдық ұйымдардың белсенді өкілдерінің қатысуымен өткен жиында «Қазақ тілінде оқытылатын мектептен орыс кластарын ашып бер. Егер ашып бермесең, Путинге айтамын!» деп қоқаң-лоқы көрсетіп, тебітіп, көкбеттеніп, сұқ саусақтарын шошайтқаны болды. Осыны естіген біз, шет елде Англияда жүрсек те жағамызды ұстадық. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген осы болар. Бірден мынадай ойлар басыма келді:
Бұлар әлі күнге дейін өзін Ресейдің отарымыз санайтындар ғой. Олай болса оларды неге сол сүйген еліне жібермейді?
Өзінің туған елін менсінбейтіндерге қолданылатын шара бар ма?
Өз мемлекетін сыйламаған адам қалай сол елдің тең құқықты азаматы болуға еркі бар?
Өзінің Президенті тұрып басқа бір елдің Президентіне шағымдану деген не сөз? Бұл мемлекетті әлем алдында масқаралау ғой.
МЕКТЕПТЕРДЕ БІР АУЫСЫММЕН ОҚИДЫ
Англияда қоғаммен байланыстың барлық түрі онлайн, қашықтан хабарласу арқылы өтеді екен. Бұрыннан сондай ма, әлде, соңғы жылдардағы дертке қатысты осындай күйге түскен бе ол жағын құтқуырлап, қаузап жатпадық.
Жат жерде жүрміз, шамамыз келгенше бетегеден биік, жусаннан аласа болуға тырыстық. «Ұнамаса гет аут» – «тайып тұр» десе не дейміз. Шаңыраққа қарап жүру керек. Гегомондық кеуде бізде жоқ. Қылаяғы әлеуметтік, әсіресе кеш қалуға болмайтын ден саулығыңа байланысты мәселені де ғаламтор арқылы онлайн түрде шешуге тура келді. Онсыз барған жерің есігінен де сығалатпайды. Бетпе-бет ешкіммен жүздесе алмадық. Тәртіп солай. Мойындадық. Онлайнсыз кіріп-шығатын жерлер – Сауда орындары, музей-мұражай, кітапханалар.
Ал біздің басты мақсатымыз, бірінші кезекте шешетін мәселеміз – баламызды мектепке беру, оқудан қалдырмау. Жергілікті біре жарым қазақтың және таныстардың айтуынша балаларды бала-бақшаға, мектепке беру қиямет қайым. Мемлекеттік оқу орындарына қабылдану үшін айлап-жылдап кезекке тұру қалыпты жағдай. Ал оған көнбесең, еркің, ақылы бала-бақша, ақылы мектептерге бара ғой, таңдау өз қалауың.
Әуелі мемлекеттік мектептердің тамырын басып көру керек. Тәртіп бойынша Ньюкасл қаласының Саутгосфорт ауданында тұратындығымызды айтып және баламыз туралы мәліметтерді қосып қалалық оқу департаментіне алдын ала, тамыз айында елде жүргенде электрон пошта арқылы хат жолдадық. Тәртіп бойынша төрт мектепті көрсету мүмкіндігі беріледі екен.
Қазан айының басында хатымызға жауап келді. Төрттің бірі қабылдауға ықылас танытыпты. Карта бойынша қарап көрсек, бұл мектеп қаланың шеткі ауданында, автобуспен бір сағаттық, ал жаяу жүрсең 1 жарым сағаттық жерде орналасқан болып шықты. Алыс. «Оқушының тұрғылықты жері мен мектеп арасы радиусы 2 км-ден артық болмау керек». ҚР-ның заңы. Сұраушының сүйген асын кім береді? Кінәлі өзіміз.
Қыркүйек айында басталған оқуға бір ай кешігіп келдік. Бұл – барлық оқу орындарының жоспары әлде қашан толықталып, мектептің әлеуметтік кіріс-шығысы есептеліп қойған уақыт. Реніш жоқ. Алайда, баламыздың қалай да оқуы керек.
Сонымен нар тәуекел. Мейлі, ұзақ болсын, әуелі мектепті барып көрейік, қайда, қандай жерге орналасқанын, қалай баруға болатынын білейік деп бара жатқан жолда Кентон мектебін байқап қалдық. Ғаламторды қайта ақтардық. Картадан қарасақ біздің мекеннен тым алыс емес. Ат шаптырым ауланың, шамасы бір гектар жердің оң қапталына қарай орналасқан мектеп аумағы айналдыра темір қашамен қоршалыпты.
Жалпы ағылшын мектептерінің ауласының кеңдігі айтсаңшы. Қай мектепке барсаң да көгалдандырылған көлемді аулаларды көресің. Көзің тояды. Кіріп кетіп шапқылағың келеді. Кең пішілген кеңістікке қарап-ақ кеңсірігің ашылып, тынысың кеңіп сала береді.
Осының алдында ғана католик мектебіне барып ресепшинмен тура сөйлескеміз.
Ал келбеті көркем Кентон мектебінің сыртынан қайттық. Күзетші ішке енгізбеді. -Рұхсатың жоқ,- деді.
– Әуелі не үшін, кіммен кездескіміз келетінін алдын ала онлайн түрде хат жазып хабарлассын,- депті іште отырғандар. Интернет арқылы Кентон мектебінің (Secondary school) мезгілінде бір рет шығатын газеті, 2000-ға жуық оқушысы бар, 2012 жылдан Академия екенін білдік.
Кентон мектебін кірістіріп төрт мектепті таңдап, департаментке келесі хатымызды жолдадық. Тоқал ешкі бастанып, мүйіз сұраймын деп жүріп құлақтан айырылып қаламыз ба деп те қобалжыдық. Бірақ үмітіміз ақталды. Баламыз студент болды. Британияда оқушыларды да студент деп атайды екен.
Англия көп ұлтты, демократиясы дамыған мемлекет. Халқының 30-ға жуық пайызы ағылшын емес этнос өкілдері. Сөйте тұра бірде бір өзге ұлт тілінде оқытатын мемлекеттік мектеп болмайды екен. Оны талап етіп өзеуіреп жатқан ұлтты да, ұлт өкілдерін де кездестірмедік. Әр қалаларда шоғырланып отыратын үнді, пәкістан, қытай, араб қатарлы диаспора өкілдерінің ондай талап қойыпты дегенін де естімедік. Ал егер ағылшын ұлтынан әлде кімдер мектеп ішінен класс ашып басқа тілде оқытып беруін талап етер болса сөзсіз оның псикихасына күмән келтірілуі әбден мүмкін. Өйткені басқа тілде мектеп ашпақ түгіл, керек десеңіз ағылшындарда «ағылшын болу шет тілін үйренбеу» (“To be English means not to learn foreign languages”) деген мәтел де бар екен. Шет тілі ағылшын мектептерінде тек 9 сыныптан бастап үйретіледі, соның өзінде міндетті емес. Үшінші тіл деген атымен жоқ. Ал 12-13 сыныптарда шет тілі студенттердің таңдауына қарай оқытылады. Егер студент жаратылыстану бағытын қаласа аптасына шет тілі 3,5 сағат, ал гуманитарлық саланы таңдаған болса шет тілі аптасына 4,5 сағат үйретіледі екен.
Біздің баламыз 15 жаста еді. Англияда оқу жүйесі 13 жылдық. Осы жүйе бойынша баламыз 11 класқа баруға тиісті. Бұл келесі жоғарғы сатыға өтудің соңғы жылы. 11 жылдықты бітіргеннен кейін емтихан тапсырып, іріктеліп, орта білімді болғаны туралы диплом алады, қаласа колледжде, ал ары қарай оқимын деген бала өз таңдауларын жалғастырады.
Негізгі пәндері математика, тарих, әдебиет, ағылшын тілі, дене шынықтыру. Физика, химия, биология, бизнес және суретті біз таңдадық. Әлгі «өзін өзі тану», «дін тану», «гендер-мендір» қатарлы қосымша, қыртымбай пәндер оқу бағдарламаларында мүлдем жоқ екен.
Сабақ бір ауысыммен аптасына бес күн.
Ал ағылшын тілі күн сайын таңертең бір сағат үйретіледі. Өйткені ағылшын тілін жетік меңгеру Англиядағы баршаға ортақ, басты талап. Азаматтыққа өтуде де ағылшын тілінен онлайн экзамен тапсырады. Көз қысты, бармақ басты жоқ.
Алайда, ақшаң болса (егер кемінде Британия экономикасына 2 миллион фунт құйсаң 5 жылдан соң, 5 млн фунт құйсаң 2,5 жылдан соң, ал 10 млн фунт құйсаң 2 жылдан соң Англия азаматтығын алуға өтініш бере аласың) «алтын виза» аласың. Ол оқуға, жұмыс істеуге, тұрақты тұруға, бизнеспен айналысуға мүмкіндік береді.
Әр мектептің өз эмблемасы, мектеп және спорт формасы бар.
Бояну, тарану, шаш қою т.б. студенттің өз қалауы.
Оқушылардың оқу үлгерімі, тәртібі туралы тұрақты түрде класс жетекшісі электрондық пошта мен мектеп порталындағы әр баланың парақшасына жазып тұрады. Біз үшін оқу бағдарламасы жеңіл болып көрінді. Алайда біздің азаматтың ағылшын тілінің осалдығына орай оқу бағдарламасы жеңілдетілген болуы да мүмкін еді.
Егер студент жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырғысы келсе, онда мектептің соңғы сатысында, оқудың 12-13 жылында таңдау пәндері бойынша білім тереңдетіліп беріледі.
Баламыздың оқу үлгірімі, тәртібіне орай ашық хаттар алғанда кәдімгідей мәз болып, көңілденіп қалдық. Әр түрлі кәсіп орындармен бірлесіп оқушыны ынталандыру үшін тағайындалған 10 фунт болса да ақшалай сыйлығын әкелген күн де біз үшін үлкен қуаныш болды.
Оқушының мектепте алған білімін үйде қайталап пысықтауына толық мүмкіндігі бар. Өткен сабақтарының бейне жазбасы, жазбаша лекциясы және үй тапсырмалары әр баланың жеке парақшасына орналастырылған.
Оқушының оқу үлгерім деңгейі, өріс өресінің өлшемі әріптермен ашалап көрсетіледі. Мысалы: G, R, F…. Жақсы, орташа, нашар дегендей. Ал баланың жақсы-жаман оқуы, білімді-білімсіз болуы оның туа бітті қабылеті мен көрген тәлім-тәрбиесіне қарай болатыны әр бір ата-анаға мәлім жағдай.