//////

Жәди Шәкенұлы: Қаралы көш (жалғасы)

2838 рет қаралды
1
фото: Астана ақшамы

* * *

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, Әліптің Дихуаға кеткен хабарын естіген Қожанияз өз жасақтарын бастап келіп, Мори жағынан Сөрлікке қарай асатын қара кезеңде оның жолын тосып жатыпты. Құралды жасақтың үстінен түскен бейқам жолаушыларды Қожанияз қолы тарпа бас салды.

– Сен сатқын, қытайға сатылдың ба? Бүкіл мұсылман қауымы бірігіп қытайларды қуып шығып, ата-бабамыздың ақ мекенін босатып аламыз ба деп толарсақтан қан кешіп жүрсек, сен алтын-күмісіңді артып алып Дихуадағы ұлықтармен тіл біріктірдің. Көрсетерміз саған! – деп тілге де келтірмей байлап-матап, Құмылға қарай ала жөнеледі.

Әліпті ғана ұстап қоймай, Баркөлдің көл жағасындағы бір бөлім елді де Сөрлік, Қойлыққа қарай айдады. «Сақаудың қолына түспе, саңыраудың астына түспе» дегенді халық осындайға қаратып айтса керек. Мүмкін Жин Шурынның өзін шырғалап Дихуаға шақыруында да осындай бір өртті тұтандырудың ішкі есебі бар шығар. Ел іргесі бұзылып, халық күйзеліске ұшырай бастаған соң, елдің мұң-зарын естімек болып көтерілісшілер мен үкімет арасында бейбіт бітім жасамақшы шығар деп үміттенген Шынжаңның иесі, мемлекеттің өкілі Жин Шурындыкі анау. Қозғалысты бастауын бастаса да енді басын қайда соғарын білмей мәңгіріп жүрген халық қормалы, көтеріліс көсемі Қожанияздыкі мынау. Енді қайтеді?! Әліп әр екі жақ үшін де өзін ақтап шырылдағысы, құшағына құлай салғысы келмейді. Күрестің бағыты дұрыс болғанымен, болашағы бұлдыр. Көтеріліс жетекшілерінің көбі саудагерлерден шыққандықтан бір күні елді сатып, саптастарын тақырға отырғызып кетуі де әбден мүмкін. Оған қарағанда бас-аяғы жиналып бірауыздылыққа келсе, ержүрек қазақ азаматтарынан үлкен үміт күтуге болады. Осының бәрін шабыстыра ойлаған Әліп әлі де болса істің соңын күткен еді.

Бірақ артындағы елі ерін жау қолына беріп қойғандай намыстанып, бұдан қатты алаңдады. «Саудагер сарттың мақсаты көтеріліс емес, өз құлқынын толтырып ұпайын түгендеу ғой. Жегенді жек көрсе байқап көрейік» десіп, Қожанияздың қолына бір мың қой, жүздей жылқы айдап әкеліп берді. «Бадырақ көз, мен саған тиіспейін, сен маған тиіспе» деп Әліпті зорға босатты. Соның өзінде Қожанияз жағы барғандардың ат-көлігін түгел сыпырып алып, Әліпті боз биеге жайдақ мінгізіп, қорлағандай қып қоя берген.

Бұрын жауы қытай болса, енді сарт та дұшпанға айналды. Бұл аз болғандай, Әліпті Қожанияз ала жөнелгенде інісі Қожамбергеннің ауылы басын аулаққа салып, Моңғолияға қарай қаша көшіпті.

Әліп «алдымен ағайынның басын қоссам, сарт пен қытайды артынан көрермін» деген ниетпен Қожамберген ауылын көшіріп әкелуге інісі Қожақын, ұлы Елісхан бастаған ауылдың атқа мінер атпал азаматтарын аттандырған болатын.

«Әкемнің өлерде айтқан өсиеттері осының бәрін мең­зеген екен-ау» деп түйді Әліп. Бірақ ол ел ішіндегі үкімет тыңшыларының Жин Шурынға шауып барып: «Әліп Дихуадан бара сала Қожаниязбен тағы да тіл біріктірді. Әуел десеңіз Қожанияздың үкіметке қарсы армиясына бір мың қой, екі жүз ат беріп, Дихуаға шабуылға өтуге дайындалып жатыр» деп хабар жеткізгенін білмейтін еді. Жин Шурын мұның анық-қанығын Баймолладан сұрағанда алдыңғы жолы аузы күйіп, Әліпке деген өкпесі қара қазандай болған ол «мен де солай естідім» деп амалсыз бас шұлғыған болатын.

Көп ойлармен келе жатқан Әліп қалың жыңғылды, шилі қойнаудан суырылып жатаған қоңыр адырларға, одан әрі Сілеусін тауына қарай беттеп келе жатқанын білді.

Шарбы бұлттар қалықтаған мөп-мөлдір аспанға тәкаппарлана бой созып жатқан нар өркешті Сілеусін тауының биігіне көз салған сайын есіне немере ағасы Кәрміш түседі. Аңшылық, құсбегілігімен аты шыққан оның есімін Алтай, Баркөл тегіс білетін. Елге үрей, малға апат әкелетін жабайы аңды жуасыту Кәрміштің кәнігі әдеті болатын. Атқан оғы жерге түспей сақасы алшысынан түсіп тұрған сол заманда осы қоңыр таулардан алты сілеусінді бір жолда соққанын қариялар тамсана әңгімелеуші еді. Содан бастап атағы жұртқа жайылып, бұл тауды да Сілеусін атаған. Амал не, сол ағасының ғұмыры қысқа болды.

Қасына Қареке деген қағушысын ертіп, құс салып жүріп, Қаптық пен Көксеркенің арасында Шонжыдан Қалқаға сау­да апара жатқан кірешілердің үстінен түседі. Аңшылардың әдемі аттары мен қанжығасындағы қалың олжасына қызықты ма, әлде өздерінің жасырын әкетіп бара жатқан заңсыз тауарларын көріп қойып үкіметке мәлімдейді деп қорықты ма, кірешілер Кәрмішті атып тастап, қарсыласқан Қарекені жаралап, қолға түсіреді. Жаумай жасын түскендей болған ел Кәрмішті кім өлтіргенін білмей, қан жылап отырғанда Қареке жау қолынан қашып шығып, мән-жайды айтады.

Сүйекті жерлемей үйіне сақтаған Әліп жендеттерді жазалап беру жөнінде Баркөл әкімдігінің есігін тоздырып қана қоймай, өлке орталығы Дихуаға да неше рет арызданады. Қазақтың мұң-зарын шыбын шаққан құрлы көрмеген Жин Шурын үкіметі істі сұраусыз қалдырады. Бұған кектенген Әліп ақыры атқа қонады. Баркөлден өтетін керуен жолын торып, қарақшыларды іздейді. Үшінші жыл дегенде сексен түйелі кірені бастап Кәрміштің ақжал атына мінген, төбесінде тоқпақтай айдары бар, моңғолдың Жалаң кешіл деген бай кірекеші қаперсіз алдынан шығады. Ағаның кегі, бір­неше жылғы сарпалдаң жанын жегідей жеп қаны қарайған Әліп қарсы оқ атқан керуенбасын қасқа маңдайдан басып қалады. Қалғандарын Адубай мен Тотия жайратады. Керуен тоғанақтарын ауылындағы аш-арықтар мен Кәрміштің бала-шағасына үлестіріп береді. Моңғол жағынан келген қуғыншыны Адубай бастаған батырлар екі күн соғысып қырып салады.

Бірақ бұл іс сұраусыз қалмады. Әліп «сексен түйелі керуенді тонапты» деген хабар өлке орталығына жетіп үлгерді. Жин Шурынның Әліпке төнгенде: «Қаншама бұқараны тонадыңыз, қаншама елді қан қақсаттыңыз» дегені осыны меңзегені еді. Кейіннен аудан сақшысының тергеуінен: «Өз елімді, өз жерімді, өз отанымның шекарасын қорғадым» деген жалғыз ауыз жауаппен құтылып еді. Үкімет жағы қылмысты одан әрі тереңдете қузастырмақшы болып, қанды қақпанын даярлай бастағанда Қожанияз бастаған диқандар көтерілісі туып, байтал түгілі бас қайғы болған қытай жағының Әліпті қудалауға шамасы келмей қалған.

Міне, сол үшін де Сілеусіннің қоңыр адырлары көзге оттай басылады. Ағасы Кәрміш алып денесін көсіліп жайбарақат жатқан сияқты: «Рахмет, інім, кегімді алып бердің, бірақ өзіңе абай бол, абай бол!».

Осы үн дәл құлағының түбінен жаңғырыққандай болған Әліп түйе жүн күпісінің омырауын ашып, кеудесін самалға тосты. Құралды таудың ұсақ үңгірлерінің біріне жасырып, түйелерді қайырмақтай бастағаны сол еді, қалың жыңғылдың арасында жайлақ таймен шауып келе жатқан баласы Шәріпханның төбесі көрінді.

Атынан түсіп, тайдың тізгінін ұстады. Домалай түскен Шәріпхан ботадай боздап, әкесін бас салып, күпісінің өңіріне тұмсығын тығып, сөзін айта алмай өксіп-өксіп кемсеңдейді.

– Балам, не болды? Неден қорықтың?

Әліп оң алақанын жердің борбас топырағына ұрып, баланың жүрегін аптады.

– Айтшы, не болды?

– Жау… Жау…

– Қайдағы жау?

– Ауылды жау басып қалды. Әке, тез қашып кетіңізші.

– Ол қандай жау?

– Қытайдың сарыала шерігі. Түстері тым суық. Бүкіл ауылды қоршап алып, тірі жанды тырп еткізбей отыр. Сізді тез келсін деп шақырып жатыр. Бармаңыз оларға.

– Балам, қорықпа. Келгендердің арасында біз танитын адам бар ма екен?

– Сіз танитын «тамыр қытай» дейтін біреу бар екен.

– Жу Сына ма?

– Иә, иә, соның дәл өзі.

– Ол алдыңғы күні ғана келіп кетіп еді ғой, бөтен ештеңе айтпаған сияқты еді.

– Әке, ол жақсы адам емес. Жауды сол бастап келген сияқты. Бәрін көрсетіп жүр. Оған сенбеңіз. Барсаңыз өлтіреді. Әуелі әскердің біреуі таңертең аттанған Жаябай атаның жирен қасқа атын тұлдап мініп жүр дейді.

– Қорыққанға қос көрінеді деген. Соған ұқсатқан шығар.

– Әке, қайтсе де бармаңыз. Олар жаман адамдар, қырады ғой.

– Жылама, жыламашы. Көз жасын көлдете беру жақсы ырым емес. Сен жігіт емессің бе? Ер жігіт бәріне сабырмен, шыдаммен қарауы керек. Адам адамнан қорқа ма? Қорықпайды. Адам Алладан ғана қорқады. Егер Алланың ырыздық несібесі таусылып тұрса, қашқанмен құтылмайсың. Қытайға керегі –елдің иесі болған менмін. Бала-шаға, қатын-қалаш, шал-шауқанды не қылар дейсің. Мені керек қылып тұрса барайын. Қиын қылғанда басымды алатын шығар. Мен бармасам, ауылдағыларға зәбір тигізіп жүрер.

– Әке, тілімді алыңызшы, бармаңызшы, кетіңізші.

Шәріпхан еңіреп жіберді. Көзінен бұршақтай мөлдір тамшылар бірін-бірі қуалай домалап жатыр. Әліп ойланып қалды. Өзінің бауыр етінен жаралмаса да, баланың шыбын жаны шырқырап, жүрегімен езіліп тұрғанын білді. Балапанын жылан жұтқалы жатқан анаторғайдай тынымсыз шырылдайды. «Қарғам-ай, сені өзімнен тумады деп қалай күнәлі болайын» деп іштей күбірледі. Шәріпханды қалай бала қылып алғаны көз алдынан бір шұбырып өтті.

Ел Баркөлге ерте бауыр басқанымен, баяғыда Бөке ауған заманнан аман қалған Гансу-Чиңхайдың жеріне қанық қазақтар көп еді. Солардың жол көрсетуімен бұл өңірдің қазағы ішкі қытайға сауда істеу, керуен жөнелту, аң аулау жолымен сирек те болса барып тұратын. Сондай сапардың бірінде қартайған жездесі, бүгінде құдасы Қауан бастатқан біраз жігіттер Гансу-Чиңхай өлкесінің қытай ауылдарының біріне өткен еді.

Жол бойы қаздың балапанындай тізілген алты баласы бар қытай қатын шашын жайып, зар илеп отыр екен. Балаларына беретін тамағы болмаған соң үш баласын сатып, қалған баласын аман алып қалу ойының барын айтады. Қауан бастаған топқа «балаларымды сатып ала көріңізші» деп жалынады. Қауан үш баланың бағасын сұрайды да, үшеуін бірдей сатып алатын ниет білдіріп, ақша және астық береді. Бірақ ең кенжесін ғана алады да, қалған екеуін шешесіне қайтарады. Шешесі Қауанның етігін сүйіп, рахмет айтады. Қауан ауылға келгенде алдынан шыққан Әліп бұйымтайы ретінде осы баланы сұрап алады.

Әліптің баланы алуының да өзіндік есебі бар. Үлкен бәйбішесі Мәмила Елісханнан кейін екі қыз тауып, одан кейін бала көтермеді. Екінші әйелі Ділдәжанның пұшпағы қанамады. Үшінші әйелі Шәрбанды алғанына біраз жыл болса да, ол да бала көтермей кешеуілдей берген. Шәріпханды әкелгеннен кейін Шәрбан іркес-тіркес екі ұл тапты. Бірінің атын Сетерхан, екіншісінің атын Әлемхан қойды. Ырымшыл ауыл Шәріпханды ақжолтай санап, алақанына салды.

Шәріпханды молдаға оқуға беріп еді, аз күнде-ақ Құран танып шыға келді. Қол-аяғы жеңіл, сүйкімді бала болды. Есіктен емес, үйдің жабығынан кіргізіп алған оны туған балаларынан кем көрмеді.

Он төрттен он беске қарағанында «отау иесіне» балап кіші әйелі Шәрбанның сіңілісіне құда түсіп, қалыңдық та айттырып қойды.

Әліп Шәріпханның басынан мейірлене сипап, маңдайынан иіскеді:

– Балам, түйелерге ие бол. Бірер жаман жағдай бола қалса, Елісхан ағаңды табарсың. Қазірше ауылдың маңын басушы болма. Алла сақтар, ал бара ғой.

Шәріпхан өзінен алыстап бара жатқан әкесінің ат үстіндегі мығым тұлғасына қимай қарап, көз жасын селдетіп қала берді.

Әліп көрген түсінің тегін еместігін сезіп келеді. Оның үстіне ауылға таяп қалғанда аты сүрініп кетіп, әлденеден секем алған жүрегі қобалжи қалды. Сонда да неге болса да бекіген раймен атын борбайлата ұрып, шоқыта жөнелді. Сілеу­сін жақтан келе жатқан адамға сайдың аузындағы ауылдың қыбыр-жыбыры алақандағыдай көрінеді. Төбе-төбенің басын иелеген қалың шерікті байқап, бір сәт тізгінін іркіп, сәл кідіріп, «қап» деп бармағын тістеді. «Жасақты күні жау келмейді, жабдықты күні дос келмейді. Әлгі Жу Сынаның алдыңғы күнгі келісі тегін болмады ғой. Ауылда бас көтерер еркектің жоқтығын біліп, мыналарды әдейі бастап келген екен-ау. Өкінгенмен амал жоқ, тәуекел». Атына қамшы басып, ауылға тебіне жақындады.

Оны таныған шеріктер тұс-тұсынан қару кезеп, баспалай бұғып жатыр.

Әліптің үлкен үйіне түскені сол еді, алдынан жылай шыққан Мәмила:

– Ойбай-ау, неге келдің? Шәріпхан айтпады ма. Мылтықтың аузына кеудеңді тосқаның қай батырлығың! – деп көз жасын көлдетті. Әліпті күтіп тұрған Чың Пишу да тез жетіп келді:

– Әліп мырза, жақсы келдің. Ауылыңа қонақ келіп жатса, жалғыз басың сопайып қайда кеткенсің. Әлде алтын-күмісің мен қару-жарағыңды тығып, бізден қашқалақтап жүрсің бе?

Әліп оның беліне маузер қыстырып әскери сұспен шекірейе қарағанын жақатпаса да:

– Шақырылмаған қонақ болған соң білмей жатырмыз ғой. Қазақтың дастарқаны қашан да ашық. Аспаны қандай болса, мінезі де сондай, – деді жайбарақат рай танытып.

– А, солай ма, Әліп мырза. Аспаннан кейде қар жауады, кейде нөсер құяды. Тіпті кейде жасын ойнап, жай түседі. Ондай кереметтерің де бар шығар.

Сопақша басын бір жағына қисайтып, мықынын таянған Чың Пишу тауып айттым ба дегендей қарқылдай күліп айналасына қарады. Темекімен ысталған қара қожалақ тістері араның жүзіндей арса-арса көрінді.

– Аспаннан жауған жауын жердің ырысы үшін. Қатал қыстың артынан күлімдеген көктем мен жадыраған жаз келеді. Көктен пәле жауды дегенді естімеппіз, пәленің бәрі жерден өрбиді.

– Аспанның ар жағында не бар, Әліп мырза?

– Аспанның ар жағында Алла бар.

– Ә, сенің Аллаң аспанның ар жағында ма? Жоқ, жоқ, жаңылып тұрсың. Дәл қазір сенің Құдайың қарсы алдыңда тұр. Анау шек-шеті жоқ көк аспанның ар жағынан мейір күткенше, менің табанымды жалай бер.

Әліптің қызыл шырайлы өңі күп-күрең болып, қаны басына бір-ақ көтерілді. Өзін-өзі сабырға әзер жеңдірді. Тұлыбына сыймай жарылып кете жаздаса да, сабырмен сөйлеуге тырысты:

– Қазақ – қонағын Құдайындай сыйлайтын халық. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген мәтел үшін артық-ауыс сөзге де кешіріммен қараймыз. Қалжыңды қояйық. Үйге кірейік. Үйге кіріңіз, дастарқанға отырайық.

– Қазірше үйге кірмеймін. Сенің қандай қонақасы әзірлейтініңді көрейін.

– Қонақта ес бар ма, май берсе де жей береді деген.

– Біз ондай қонақ емеспіз. Не жеп, не қоямыз – оны өзіміз шешеміз. Күтушілікке жиырма-отыз жігітіңді шақыр. Әскердің қонақасы үшін бес жүз қой әкел. Сосын сөйлесеміз, анау кім еді? – ол әлденені есіне түсіре алмағандай жалтақтап еді, аудармашы қытай құлағына сыбырлады, – ә, ана інің Қожақын, балаң Елісхан, оның жанында жүретін Қалимақұл, Асқабыл, Тотия, Тұрды, Қуанышбай – бәрі келсін, оларға сыйлығымыз бар. Ауылына қонақ келіп жатқанда қайда жүр олар?

Әліп қарсыласының жай әріптес емес, қанын ішіне тартып келген нағыз дұшпаны екенін бірден білді. Көрнеуде айтқанына көніп, айдағанына мақұл болып күнді батырсам-ау деген ойға келді.

– Тақсыр, айтқаныңыздың бәрі болсын. Жігіттерден кім бар еді, шақырыңдар. Апырай-ә, ешкім жоқ па? Онда өзім барайын.

Әліптің әр қимылын қалт жібермей бағып тұрған Чың Пишу :

– Жоқ, сен ешқайда бармайсың! Саған ең үлкен сыйлық ұсынамыз. Басқаларды жіберіп малыңды алдыр, жігіттеріңді жина. Еркек болса тезірек келсін! – деп бұйыра сөйледі.

Жан-жаққа жүгірген балалар Құндызбайдың ауылынан елуді еңсеріп қалған Қырықбай деген кісіні шақырып келді.

– Сіз тезірек атқа қоныңыз. Мына кәпірлердің түрі жаман. Алдырар күні жаздырар деп кездігін өндіршегімізге тақап отыр. Бұрымсайдағы бойлақ қойдан қанша еркек қой шықса,соншасын бері айдасын. Мыналар ел ішінен алты-жеті адамның атын атап шақырып отыр. Олардың бәрі жетіп келіп жүрмесін. Сырттан оқ атамыз деп ауылдағы бала-шағаны қырғызып алмайық. Жол-жөнекей Құмбұлақтағы елге соқ. Мүмкін болса Асқабылдың жанымда болып, ақыл қосқаны жөн болар еді.

Жай сөздерін естіртіп, қалғандарын көмескілеп айтқандықтан Әліпті бағып тұрған аудармашы ештеңе аңғара алмай қалды. Сонда да Әліптің алдына келіп:

– Жіберген адамдарың тез келе ме, жоқ па, тез келмей сайтан қулыққа бассаң дәм-тұзың бітті дей бер, – деп әкіреңдеді. Манағыдай емес, бұларға бойы үйрене бастаған Әліп те онша қобалжи қоймады.

– Бәрін шақыртып жатырмын. Бәрі келеді. Жоғын артынан табамыз. Бірақ сіздерге бір сұрағым бар. Менің кінәм не, мына ел-жұртымның кінәсі не? Егер қылмыскер мен болсам, қатын-баламды шулатпай, мені байлап әкете бермейсіңдер ме? – деді. Чың Пишудың өңі сұрланып кетті.

– Ха-ха-ха, жазығым не деуін. Түк білмегенсуін қара, Қожанияз бен Ма Жұңиыңға қосылып, мемлекет армиясына қарсы оқ атқан кім? Қытай мен Моңғолияның арасындағы сауда керуенін тонаған кім? Жин Шурынның алдына барып, бәріне бас шұлғып келіп, келе салып сартқа қосылып, оның кертартпа қосынына бір мың қой, екі жүз ат берген кім? Білмек болсаң, біз бүгін осының бәрінің есебін алғалы келіп отырмыз.

– Мұның бәріне жауап беруіме әбден болады. Бірақ бұл арада емес, мені Жин Шурынның алдына алып бар. Сонда бәрін айтып беремін.

– Бұдан бұрын да әккі қулығыңа басып, жалтарып келгенсің. Дәл осы жолы айтқаның бола қоймас, кеш қалдың. Қазақтарды бастап Тасбастау, Ақөртең, Житайзы жерінде үкімет әскерінің қанын судай шашқаныңды ұмытып қалдың ба? Соның бәрінің қан-қарызын қайтарып алатын кез жетті!

– Мен соғыссам өзімді қорғау үшін, елімнің, жерімнің намысын таптатпау үшін күрестім. Менікі – әлсіздің қорғану үшін жасаған амалы. Ал сенің армияң – сырттан келген шапқыншы күш. Жерімізді таптады, еліміздің ар-намысын аяққа басты. Дінімізді қорлады. Салтымызды мазақ еткісі келді. Өзінің ата-бабасынан қалған ежелгі жерінде күн көрісін әзер айырып отырған  халықты салық төлеуге мәжбүрледіңдер. Бір қорлыққа ұшырап алдарыңа дәт айтып барсақ,құлақтарыңа қыстырмадыңдар. Сендердің адамдарың өлсе құны жоқталады екен. Біздің адамдар қынадай қырылып жатса да бүйректерің бүлк етпейді. Хан қатыгез болса, халықтан береке кетеді. Хан жауыз болса, халық қарсылық білдіреді. Біздікі – әділеттік үшін күрес. Сендердікі – зорлықты шапқыншылық!

– Тапқан екенсің, жап аузыңды! Сен неменеңе арқаланып сүйрелеңдеп тұрсың. Тіліңді желкеңнен суырып алайын ба!? Жер де, ел де мемлекеттікі. Мемлекеттің иесі – патша. Бәріміз соған бағынамыз. Сен секілді даланың жабайыларын жуасытатын жалғыз-ақ нәрсе бар. Ол –мынау! – осыны айтқан Чың Пишу жан құралын жұлып алып Әліпке оқтады, – білдің бе, танисың ба?

– Ата ғой, ата ғой. Мені атқаныңмен, халқымды атып түгете алмайсың. Мен өлгенмен,қазақтың тағы бір қатыны ұл табады.

– Дәл бүгін бәріңді атып тастау менің қолымда.

– Судың да сұрауы бар. Қара халықты қынадай қыратын болсаң ертең өз ұлықтарың-ақ тақымыңа қылбұрау салар. Баланың ойыншығындай шошаңдатпа андағыңды!

– Сенімен мылжыңдасып әбден шаршадым. Әлгі адамдарың келе ме, жоқ па? Мал қайда?Оны күтіп отыратын уақытым жоқ. Мен өлкенің бұйрығын орындаушымын. Онда біраз қазақтың басының есебі жазылған. Әкел бұйрықты!

Осыны айтқан Чың Пишу артына қолын созып еді, хатшыларының бірі болса керек, қара былғарыдан тігілген жеңіл сөмкеден бір жапырақ қағазды оның қолына ұстата берді.

 – Білмек болсаң, бұл – өлкенің бұйрығы! Міне, мынау – Жин Шурынның қолы.

Әліп қытайша жазылған жазуларды танымаса да, қағаздың бір жақ шетіне сызылған өз басын бейнелеген суреттің аяғындағы қызыл крест белгісін көріп, сілейіп қалды.

Осы кезде бұлардың үстіне Асқабылды ертіп, қалың қой айдап Қырықбай келді.

Асқабылды көріп әрең есін жиған Әліп:

– Құдай-ау, Құдай, мына кәпірлерге жем қылатын болдың-ау. Сені қайдан шақырдым. Қаныңа ортақ болатын болдым ғой. Қайтейін енді. Арманда кетер ме екенбіз, – деп күйзеле күңіренді.

Асқабыл саса қойған жоқ. Сабырлы жүзінен неге болса да тәуекел етіп, үлкен бекіммен келгені білінеді.

– Сабыр, сабыр, Әлеке. Алла басқа салып тұрса қашып құтылмақ жоқ. Кәпірлерге керегі біз шығармыз, сөйлесейік. Ажалымыз жетіп тұрса оған да көнерміз. Қатын-балаға тиіспесе болды ғой.

Әліптің шаралы жанары жасаурап, зор тұлғасы шөгіп бара жатқандай көрінді. Көкірегін қарс айыра күрсініп:

– Қанша дегенмен кәпір ғой. Сұрқы жаман. Менің басыммен кетсе қуанар едім. Зұлымдар сені де, ауылды да қырып сала ма деп қорқып тұрмын. Басқаны былай қойғанда, күнәсіз сәбилердің, шиеттей балалардың не жазығы бар?! Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді деп, аузына қан толғыр Құты деген әңгүдік бірнеше айдан бері: «Жау шапты, жау шапты! Қан басты, қан басты!» деп еліре айғайлап жүр деп еді. Сол жарместің құлағына шайтан лағнет сыбырлап кеткен шығар. Қайтейін, қан басып тұр, қан басып тұр! – Әліптің екі иығы солқылдап, жерге отыра кетті.

– Мұны білгенде қол қусырып жетіп келмей, қарсыласып өлер едім ғой. Енді қайттім?! Басқа ел хабар тапты ма? Үстімізге түсіп қырғынға ұшырап жүрмесін!

Өмір-бақи Әліптің иығының түскенін көрмеген Асқабылдың өңі де бозарып кетті. Ұрты бүлкілдеп, иектері дірілдеп, ашу-ызадан қалш-қалш етеді. Әйтсе де, түк сездіргісі келмей,қоңыр үнін бұзбастан:

– Бәрі хабар тапты. Бірақ сенің тапсырмаң бойынша ешкім оқ атпасын деп тапсырып кетіп едім. Бекер-ақ өйтіппін. Өзім бас болып мына кәпірлерді қоршауға алып, әкесін танытпас па едік. Енді бәрі кеш. Өкінгенмен орнына келетін іс жоқ. Оданда енді не істейміз, соны ақылдасайық. Бүйтіп бүгілме. Елге бас болатын сен егілсең, мен егілсем қолында сынық темірдің қылауы жоқ қатын-бала қайтеді. Ақыл қосайық. Бекіт беліңді! – деді.

Әліптің Асқабылды шақыртуы да қысылтаяңда айтатын осындай ақылы үшін еді. Асса Баркөлге, қала берді тасбикеге сөзі өтетін, ауыл-аймақ түгел сыйлайтын «қараби» аты бар болатын. Әліп айналасына айбат болса, Асқабыл ақыл болып бір құстың қос қанатындай көрінуші еді. Келелі кеңестер мен күрмеуі күрделі істерді шешуде дәйім Әліптің қасынан табылатын. Енді, міне, екеуі де үңірейген мылтықтың аузында, қас дұшпанның қатыгездігінің құрығына ілініп, қанат-құйрығы қырқылып отыр. Әліп сәл де болса есін жиғандай болды.

– Басқасы емес, тұқымыңды тұздай құртамын деген қара ниеттілігі қабырғамды қайыстырып тұрғаны болмаса, өз басым бәріне де дайынмын ғой. Қапияда бас салғанын көрмеймісің. Күн кешкіріп, көлеңке көбейсе тағы бір тырбынып қалар едік, әттең…

Азғана уақыт ішінде тіл қайырысып үлгерген олардың сөзін Чың Пишу бөліп жіберді:

– Асқабыл деген сен бе? Қалған қарақшы қазақтар қайда? Олар бізден қашқанымен, бәрібір құтыла алмайды.

Асқабыл төменшіктей, ақырын ғана тіл қатты:

– Басқалар Қаптыққа көшкен елді қайырып келеміз деп сонда кеткен. Бір-екі күнде келіп қалады. Күтсеңіз бәрін алдырамыз.

Чың Пишу шоқ басып алғандай баж ете түсті:

– Күту! Ақымақ адамды тапқан екенсіңдер. Бос сөзді қойыңдар. Бәрін алдырып, дәл қазір алақаныма салыңдар. Әйтпесе бәріңді де қырып саламын.

– Тым құрыса, таңға дейін күткендерің жөн болар еді. Біреуіміз барып бар адамдарды тездеп жинап келер едік.

– Оған уақыт жоқ. Енді бір сағат уақыт беремін. Сол жетеді. Өңкей жабайылар. Атқа мініп үкімет әскеріне қарсы оқ атсаңдар, жерден өнгендей жинала қаласыңдар. Ал бетпе-бет біз келсек, бұралқы итше құйрықтарыңды бұттарыңа қысып тау-тастың қуысына сіңіп, жарқанатша жасырынып қаласыңдар. Даланы тазарту үшін сендерді қырып-жойып жоғалтқаннан басқа амал жоқ.

Шерік бастығының өзінің жұмсақ сөзіне илігер түрі болмаған соң, Асқабыл да қаттырақ сөйлегісі келді:

– Мырза, байқап сөйлеңіз. Үкімет әскеріне оқ атсақ, оны өздеріңнің халыққа жасаған зорлық-зомбылықтарыңнан көріңдер. Біз тыныш жатқан қытай ауылын басып алып, олардың қатын-баласына қоқаңдап көргеміз жоқ. Қатын-баланың не жазығы бар. Еркек пен еркек ерлерше сөйлесетін болар. Саған керегі Әліп екеуміздің басымыз болса, оны  кес те әкете бер. Елімді қорлама, жерімді қорлама. Халқыма тіл тигізбе!

– Халық, ха-ха-ха, қандай халық! Тау-тасты сағалап, малдың соңынан еріп,  хайуанша күн кешіп жүрген жабайылар да халық есептеле ме?

– Өшір үніңді! Біз қалай болғанда да өз жерімізде өмір сүріп жатырмыз. Анығында қаңғыбас бұралқы ит біз емес, дәл сендерсіңдер. Біздің жерімізді жаулағандарыңмен қоймай тұнығымызды лайлап, туырлығымызды ұлтарақ қылмақсыңдар. Жерімізді жұдырықтай жүрегіміздің үстіне сақтайтынымызды білгендерің жөн. Мықты болсаңдар екі жақта жасағымызды жинайық. Тұрысатын жерлеріңді айтыңдар. Жекпе-жекте кімнің кім екенін сонда байқаймыз!

– Ойдөйт деген. Жабайылар тағы да өз мінезіне басты. Олар шайнаудан, тістеуден тайынбайды. Бірақ сөйте тұра жайған тор, құрылған қақпаннан құтыла алмайды. Біз бүгін Әліп екеуіңді ғана емес, бала-шағаларыңды түгел қырамыз. Ертең Қожақын, Елісхандарды өлтіреміз. Әрбір қытайдың қасықтап төгілген қаны үшін әрбір қара басты қазақтың қанын шөміштеп ұрттаймыз, ұқтың ба?!

Чың Пишу енді сөйлегісі келмегендей соңғы сөзін ақырып айтты.

Әліп Асқабылдың етегінен тартып:

– Кәпірлерді алдағаннан басқа амал жоқ, ақырын сөйлесейік, – деп күбір етті. Сөйтті де:

– Чың бастық. Шақырған адамдарыңызды тезірек келсін деген хабар айтып жібергенбіз. Азырақ күтіңіз. Рұқсат болса, біз намаз оқып алайық, – деді.

– Оқысаңдар тез оқыңдар. Құдайларыңа жалбарына беріңдер. Егер мені сұрай қалса, сәлем айтыңдар.

Әншейінде болса шығыстан көтерілген күн лезде-ақ батыс қырқалардың бауырына сіңіп жоқ болатын еді. Тап бүгін арқандаулы тұрғандай жылжымай-ақ қойды. Күзгі шақ болса да жалынымен шарпып шақырайып тұр.

Әліп пен Асқабыл өзін бақылаған қытай жасақтарының көзінше дәрет алып, намазға беттеді. Күбір-күбір сөйлесіп келеді:

Әліптің үні жарықшақтана шықты:

– Асеке, тіріде істеген қиянатым болса, артық айтқан сөзім болса кешір. Егер мен өліп, сен аман қалсаң, арттағы елге, қатын-балаға бас-көз бол. Басыма Құран оқып тұруды ұмытпаңдар. Алланың құлы, Мұхаммедтің үмбетіміз десек те пендеміз ғой. Мен үшін, мен жасаған ағаттықтар үшін ел-жұртымнан кешірім сұрарсың. Ағайынның басын қосып, ел етсем деп ем, басы бірікпеді. Біріккені сол, өзіме жау болғандары көбейді. Арманда кетіп барамын. Қайсыбірін айтайын. Адамның жаны мұрнының ұшына келгенде қай-қайдағы есіне түседі екен. Кімнің ала жібін аттадым екен дегенде аз ғұмырым көз алдымнан бір шұбырып өтті. Әсіресе, баяғыдағы Айшария кемпірдің қарғысы құлағымның түбінде қайта-қайта жаңғырып тұрып алды. Жалған-ай, қас-қаққанша зымырап өте шыққан күндерде есеп жоқ екен-ау.

Осыларды айтқан оның ойына өтіп кеткен сол бір оқиға қайта оралды.

Ердің де, жердің де кіндігі саналатын Алтайдан алыстағандардың оны еске алмайтыны, бір барып қайтқысы келмейтіні жоқ шығар. Ата-бабасының қасиетті күлтөгері болған сол далаға Әліп те бірнеше рет соққан.

Соның бірі Алтайдың Ақаралындағы ақша тасбикенің бір баласы Мәмила зәңгіге амандаса баруы еді. Кезінде ағайынның алалығымен айырылысып кеткен туыстардың кейде алыстан кісінесіп табысатын әдеті бар ғой. Барған елі Жамысбай балаларын ыстық құшағына қысқан. Мәмила зәңгі іні жолындағы Әліпті алақанына салып күтіп, аттанарында қалауы бойынша астындағы қара атын түсіп берген болатын.

Мақпал қара ат түйедей тұлғасымен ғана емес, жорға жүрісімен де, сүліктей қара сымбатымен де көргеннің көз жауын алатын. Әліптің тақымын толтырып, Баркөлдегі ағайынның арасына көңілі марқайып оралған.

Қанаттас отыратын моңғол мен қазақтың жер таласынан қалса, бір-бірінің маңдайға басар жүйрік-жорғасын ұрлап кететін ежелгі әдеті бар емес пе. Қара аттың атақ-даңқына алыста жатып мас болған Қобданың бергі бетіндегі торғауыттың Сәмітін төресі сенімді жортуылшысыБембені атқа қондырады. Әрі оған қадағалай тапсырып:

– Әліппен әріптестігіміз ұзақ болса да есесін жібермей келе жатқан жауым еді. Баяғыда Бәйтікке таласқанда да жердің ұлтанды бөлігін бауырына басып қалған. Қара атты қайтсең де қолға түсіресің, – деп шегелейді.

Күзеті мықты, аяғы кісендеулі қара атты әкету Бембеге оңай тимесе керек. Ел торуылдап жүріп қазақтың Әлшәй жырындысымен достасады. Жердің тесігін жамаған екі қу дегендеріне жетіп, қара ат ұрланады. Неге екенін кім білсін, көзіне мың жылқы емес, бір ғана қара аты көрінетін Әліп қатты ашуланады. Өз мықтыларын іске салады. Ақыры кісенді біреуге сатып жатқан жерінен Әлшәй ұсталады. Бірақ Әлшәй шынын айтпайды. Тұлыбына сыймай долданған Әліп:

– Мынаны кісендеп асып қойыңдар да астына иттің боғын тұтатыңдар! – деп әмір етеді.

Таудың тұнығын ішіп, мал мен аңның сүбелісін ғана жеп үйренген ер тұлғалы, көкжал Әлшәйға бұл қорлық өлімнен қатты батса керек. Бар даусымен айқай салады:

– Ей, Әліп, сен елдің иесі болғанда, мен тентегімін. Тентек неге қарақшы болады. Қарыны ашқан соң. Менің қарыным неге ашты? Есағасы Мажанның малын бағамын деп қайыршы болдым. Көгенкөз балаларым аш қалған соң жаутаңдатпайын деп атқа қондым. Бергенді сұрап алдым. Бермегенді жырып әкеттім. Қара атты мен шығарып бердім. Сәмітін төренің Бембе жортуылшысы хақымды жемеді. Қобдадан мал айдатып қайтарды. Өкінішке қарай, қара ат төреге де бұйырмапты. Бара сала тышқаншықтан өлген екен. Естиін деп отырғаның осы ма?

Мал ашуы – жан ашуы. Оның үстіне: «бауырыңдағы еліңе ие бола алмадың, аш-арық болдық» дейтін ағайынның ащы наласы жанын күйдіріп барады. Ел-жұртқа бас алқамын, иесімін деп жүрген адамның бетіне салық, сүйегіне таңба боларлық ауыр сөз. Әліп екі сөзге келмей Әлшәйды ертіп, Мажан байдың ауылына шапты. Үкімет жағы Әліпті құртамыз деп ел ішінен арыз жиғанда соған бірінші болып бармақ басқан Мажан екенін де білетін. Келе салып дүрсе қоя берді:

– Айғыр екеш айғыр да құтты болса бауырына құлын тоқтайды. Ақ ордаңда қазы-қарта май асап, қара лашықтағы малшыңа ие болмай не бітіріп жатырсың. Құлыңның қақысын неге жейсің? Малшың малшы емес, қарақшы болып барымта жасаса оны неге тыймайсың?!

Мән-жайды білген Мажан:

– Тақсыр, жаздық, жаңылдық, кешіріңіз. Енді бұл сұмды үкімет жамбылына қаматасыз ба? Не істейсіз? – деп кішірейеді.

– Тентектің жазасын өзі берсін деп саған әкелдім.

– Үрерге иті, сығарға биті жоқ бұл бейшараға не билік жүрсін. Билік өзіңізден, үкірдай!

– Мен айтсам былай – біріншіден, елге ие болып отырған үкірдайдың маңдайға басар атын ұрлағаны үшін бір тоғыз кестім. Екіншіден, малшының қақысын жеп қана қоймай, оны жалаңаш қалдырып жұртқа тастағаның үшін, еліне иелік етпеді деген тағы бір тоғызды саған кестім. Үшіншіден, қара аттың басы қырық қой. Осы үш кесімді жүз елу қора малы бар есағасыауылына төлетесің бе, жоқ жалғыз төлейсің бе, ол жағын өзің шеш! Ал шеше алмасаң,Әлшәйды аудан жамбылына өз қолыңмен тапсырып бер. Түрменің түбіне таста!

Мажан басына түскен сынның ауыр екенін әрі одан құтыла алмасын білді. Өз қойынан бір жүз жиырма тұяқты арқан салып бөліп берді. Әліп Әлшәйды шақырып:

– Мұның қырық тұяғы – сенің еңбегіңнің бодауы. Екінші рет ұрлық істегеніңді көрмейін. Ал сексен тұяғын сен сияқты аш-арықтардың ұрлық істемеуі үшін кедей-кепшік, жетім-жесірлерге үлестіріп беремін, – деп жолға түскен.

Аттанып бара жатқаны сол еді. Олардың артынан біреу айқайлап шауып келе жатты. Жақындағанда байқады. Ақ шылауышы желбіреп, екпіндеп келе жатқан Мажанның шешесі Айшария екен. Көзінің алдында бұршақтай меңі бар қара кемпірдің өңі сұп-сұр болып кетіпті. Әжім жиектеген шүңірек көздерін Әліпке қадап, кетік тістерінің арасынан сүйір тілі жылтыңдап:

– Жаумай жасыл түскірлер, ел аман, жұрт тынышта ауылымды құба қалмақша шауып, қай басынғандарың бұл! Мажан екеуіңді тапқанша, қасқырдың күшігін тапсамшы. Ана қырық қоймен Әлшәйдың көні жібігенін көрермін. Алдыңдағы алал малымды өзіме тастап кет. Атың жоғалса бір тулақ емес пе, оны мен ұрлаған жоқпын. Мықты болсаң Әлшәй ұрыңды сүндетке қайта отырғыз, – деп ысылдай, ызбарлы тіл қатты. Малдың алдын орай шауып, атынан түсіп,мықынын таянып тұра қалды.

Әліп ләм-мим деген жоқ. Жігіттеріне: «Малдың жартысын кемпірге қалдырыңдар» деді де,жүріп кетті. Кетіп бара жатқан Әліптің артынан бір уыс топырақ шашқан кемпір:

– Әліп, Мажан екеуің де көктемейсіңдер, көктемейсіңдер, көктемейсіңдер! Әй, Әліп, екі аяғың салбырап көктен түскен жоқсың. Сені де мен секілді ана тапқан. Сол анаңды сыйламадың ғой. Сүтімді көкке саудым, – деп қарғанды. Жерден бір уыс көк шөпті жұлып алып, батуға таяп бара жатқан кешкі күннің шапағына зәрлене қарап: – Көк шөптей жұлын, көктей орыл! – деп қала берген.

Қазір де сол бір қарғыс күні кешегідей-ақ Әліптің құлағында жаңғырығып тұр. «Пендешілікке беріліп аз мал үшін сол кемпірдің қарғысын неге алдым екен десеңші!?». Оның ойын Асқабыл бөлді:

– Алланың жазғанынан асып қайда барамыз. Бәріміз де пендеміз. Көңіліңді ауыртқан жерім болса кешір, не деймін. Қайдағыны қайдан айтып кеттік. «Үмітсіз – шайтан» демеуші ме еді.

Екеуі күбірлесе үйге кіріп, намазға ұйыды. Бесін намазының алғашқы сүннеті аяқтамай жатып соңдарынан кірген Чың Пишу:

– Ой, мыналар әлі болмаған ба?! Енді еркеліктің керегі жоқ, бұлар уақытты өткізу үшін әдейі отыр. Тұрғызыңдар! – деп жендеттеріне әмір етті. Есікте тұрған әскерлер екеуінің желкелерінен сүйреп тұрғызды.

– Намаз оқып болмадық қой! – Әліптің қызыл шырайлы өңі қап-қара болып түтігіп кетті.

– Оқығандарыңмен Құдайларыңнан қайыр жоқ. Қазіргі сендердің Құдайларың – мына,бізбіз! Егер аяғымызды сүйіп, «сұлу қыздарымызды сендерге беріп құда болайық!» – десеңдер,онда ойланамыз. Ондай болғанда өз салттарың бойынша алдарыңа тартылатын біздің сарықасқа шошқамыздың батасын жасайтын боласыңдар.

Әскербасы тауып айттым ба дегендей қарқылдай күлді.

– Үйт, арамнан болған антұрған! – Әліптің түкірігі Чың Пишудың бетіне былш ете түсті. – Оңбай кет, сен кәпір!

– Қырыңдар, қырыңдар, түгел!

Чың Пишудың шәбеленген үні ащы шықты. Тапаншасын суырып алып, көкке қарай атып-атып жіберді.

Әліп оттың басындағы құманды жұлып алып, өзіне төніп келе жатқан бірінші әскерді құлақ шекеден періп жіберді. Бүкіл ауылды құрсаулап тұрған жендеттер әміршінің үнімен қырғынды бастап кетті.

Асқабыл да қонышындағы пышағын суырып алып, жанына жетіп келіп, өзін найзалағалы жатқан бір шерікті қорқыратып үлгерді.

Әліп пен Асқабылдың тосын қарсылығын байқаған Чың Пишу киіз үйдің есігінде тұрып тапаншасын басып-басып жіберді. Кеуделерін басқан екеуі ышқына құлап бара жатты. Әлде біреуінің: «Лә-ә илләһә илла Алла, Мухаммад-расул-Алла…» деп иман айтқан үні қорқырай барып үзіліп қалды.

Мәмиланың ойбайлаған үніне қатын-баланың бақырған, жылаған, шыңғырған үндері қосылып, қып-қызыл қандар шаңыраққа шапшыды. Үй-үйдің бәрінде найзалаған, атқан әскерлердің «са, са!»-лап атойлаған үні естіледі.

– Ойбай, кәпірлер қырып жатыр, қашыңдар, қа-шың-дар, тауға қарай.

Қашып бара жатқан бір баланың басы домалап түсті. Бір жас келіншектің иықтан шауып түсірілген қолы жаны шықпай, саусақтары жыбыр-жыбыр етеді. Тағы бір кемпірдің ішегі шұбатылып жығылып жатыр.

– Тұқымың тұздай құрығыр кәпірлер-ай!

Енді бір шерік екіқабат әйелдің ішін жарып жіберіп, баласын тірідей суырып алып, найзаға шаншып елеурей айқайлайды.

Үйдегілердің көбін қылыштап шауып, найзаға түйреп өлтірсе, сырттағы жеткізбей қашқандарға ғана оқ атып жатқан түрі бар. Мылтық үні сирек естіледі.

– Қасықтай қанымызды, шыбындай жанымызды қиыңдар. Мені өлтірсеңдер де,балаларымды аман қалдырыңдар!

Оны тыңдайтын құлақ жоқ. Баланы найзаның ұшына іліп алып көкке лақтырып жіберіп, түсіп келе жатқан мүрдеге найзаның ұшын қайта тоса қойып, мәз болып жүр бірнеше шерік.

Төбе-төбенің басына орналастырылған қытай мергендері қашқанның бәрін құтқармай қырып жатыр.

– Қу Құдай, ұрпақсыз кететін болдық қой.

– Құлындарым-ай, алдымен мені өлтірмей, сендердің түптеріңе жетті-ау.

– Қош елім, қош, қо-ш!

– Әттең, бас көтерер еркектердің бірде-біреуі болмағанын қарашы, қатын-баланы қырған кәпірлердің сазайын беретін!

Қарғап-сілеу, өкіну, боқтау, кіжіну, шыңғыру, аһ ұру… қырғынға ұшыраған елдің аянышты үні ет асымға жалғасты.

Бәрін қырып болдық-ау дегенде Чың Пишу өзі бас болып, Әліптің үлкен үйінің сандықтарынан бастап ақтарып тонауға кірісті. Кейбір қыз-қатындардың жүзік, білезіктерін шығара алмағанда қолдарын қылышпен шауып-шауып тастап шығарып жатыр.

Дала қан сасыды. Иттер ұлып, ауылдан аулаққа қашты. Өртенген үйлерден көтерілген қып-қызыл жалынның тілі аспанға қарай сүйрелеңдеп, қара қошқыл түтін будақтады. Күздің күні сұрғылт тартып, қырат-қыратта сүркейлі жел азынады.

(жалғасы бар)

Басы мына сілтемеде

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар