///

Жеңіс күні ме, аза тұту күні ме?

2007 рет қаралды

Біз Жеңістен кейін 30 жылдан кейін дүние есігін ашсақ та, Жеңістің рухымен қанаттанып өскен ұрпақпыз. Қазақ тілінде оқыған кітаптарымды ой елегінен өткізсем, революция және соғыс тақырыбы басымырақ болатын секілді. Орыстілінде де соғыс тақырыбы мен революция тақырыбы атойлап алға шығады, адам тағдыры, адамның көңіл күйі сезімі сол оқиғалар барысында суреттеледі (өзім оқыған кітаптар негізінде айтып отырмын).

Тіпті соңғы кезде соғыс туралы кітаптарды оқығым келмейтін болды. Соғыс туралы фильмдерді қарамайтын дәрежеге жеттім.

Дегенмен 90-шы жылдардан кейін соғысқа басқаша көзқарас қалыптастырып, жаңаша фильмдер түсіріп, соғыстың шынайы бет-бейнесін көрсетуге деген талпыныстар аз болмады. Қазір ойлап отырсам, біз түгілі тәуелсіздіктен кейін дүние есігін ашқандардың өзін жеңістің рухы қанаттандырған екен.

Мен қазір Беларусьтен шыққан тұңғыш Нобель сыйлығының иегері Светлана Алексиевичтің ‘The Unwomanly face of war’ (“У войны не женское лицо”) деген кітабын оқып жатырмын. Жалпы, Светлана Алексиевич соғыс тақырыбын жазатын жазушы. Оның кітаптарының жанры да кейде дау тудырып жатады. Ол дерекке негізделген новеллалар, деректі романдар жазады. Сонысымен оның шығармаларын журналистикаға телуге болады, алайда ол өзін жазушы дегенді жақсы көреді.

‘The Unwomanly face of war’ негізінде ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан әйелдермен сұхбат желісімен дүниеге келген. Соғыс туралы кітаптар миллиондап саналса да, оның барлығын ер адамдар жазған. Тіпті әйелдер туралы шығармалардың өзі ер адамның көзімен баяндалады. Сондықтан шығар ол шығармадан “жеңіс рухын”, “соғыс рухын” сезінесіз. Соғысты жек көрмейсіз, қайта сол соғысқа барғыңыз келеді. Отаныңызды қорғағыңыз келеді. Алайда сол жанкешті соғыстың трагедиясы не болды? Бұл екінші планға ысырылып қалатындай.

Қазақ тілінде оқыған шығармаларымның ішінде маған Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» деген романы өте ерекше әсер етіп еді. Оны қашан оқығаным есімде жоқ, бірақ оқиғалары күні кешегідей көз алдымнан өтіп жатады. Оқиға ер адамның көзімен баяндалса да, Нәзира деген қазақ әйелінің басынан өткендері жайында, Нәзираның аузымен бірінші жақтан баяндалады. Өте тартымды, соғыстың шындығын біршама беруге талпынған шығарма. Егер біздің жазушылардың осындай шығармаларын ағылшын тілінде сапалы сөйлеткенде, әлем де біздің әдебиетті таныр ма еді деп ойлаймын.

Светлана Алексиевичтің соғысқа қатысқан әйелдердің естеліктерінен тұратын кітабын әлі аяқтамадым, тіпті орталай алған да жоқпын. Өйткені, арасында сабаққа көңіл бөлу керек. Десе де, біраз мағлұмат алдым. Тек бір ғана эпизодқа назар аударайық:

– Біз жеңіп келеміз… Алғашқы Неміс деревнясы.., Біз жас едік. Күш-қайратымыз да жетерлік. Төрт жыл болған әйел көрмегелі… Сөрелерден біраз вино таптық. Тамақ. Біз неміс әйелдерін ұстап алып, сосын… Он еркек бір қызды зорладық. Бұнда әйелдер көп емес, халық Совет армиясы келерден бұрын қашып кеткен, біздің қолымызға өте жас қыз түсті. Он екі әлде он үште… Егер ол жыласа сабадық, аузына әлденені тығып, үнін өшірдік. Бұл біз үшін ойын, ал ол үшін ауыр болды…

– We advance… The first German villages… We´re young. Strong. Four years without women. There´s wine in the cellars. Food. We´d catch German girls and. .. Ten men violated one girl… There weren´t enough women, the population fled before the Soviet army, we found very young ones. Twelve or thirteen years old… If she cried, we´d beat her, stuff something into her mouth. It was painful for her, but funny for us.
Svetlana Alexievich. “The Unwomanly Face of War”
Бізше айтқанда “мысыққа ойын, тышқанға өлім”.
Соғыстың сіз бен біз естімеген қаны сорғалаған шындығы. Соғысқа басқа көзқараспен, адами және әйелдік көзқараспен қараудың өзгешелігін түйсінесіз. Қазір Украинаға келген Ресей әскерлері осыдан 78 жыл бұрынғыдан өзгерді дейсіз бе? Айуандығын немен ақтап алды екен есерлер.

Соғыстың басқаша бейнесін, біз естімеген сұмдығын оқыған сайын біздің жыл сайын, 9 мамырды мереке ғып өткізетінімізді түсіне алар емеспін. Меніңше, бұл күн адамзатты фашистерден азат еткен тарихи күн ретінде күнтізбеге жазылатыны анық. Алайда біз өзге гегемонияға жол аштық. Өзінің империалистік, ұлы державалық амбициясынан бас тарта алмайтын ірі алпауыт елдердің тайталасының салдарынан бейбіт, ұсақ елдер зардап шегіп келеді. Советтер Одағы мен Америка өз елдерінде емес, өзге жазықсыз мемлекеттерде соғыс ашты, жазықсыз жандардың қанын судай ағызды. Советтер одағы құлап еді, текетірес алаңына «антитеррористік» деген желеумен мұсылман елдеріне қарсы идеология шықты. Екі түйе сүйкеніп, арасында қаншама шыбын өліп жатыр. Бұл әлем бір күн оқ атпай тыныш отыра ала ма? Өз қатыгездігін болмашы бір себептермен ақтап алуға тырысатын алпауыт елдерге тыйым бола ма?

Қазіргі Украинадағы соғыс та сол гегемон, алыптардың текетіресі. Ресей өз әрекетін ақтау үшін Украинадағы орыстардың проблемасы дегенді көлденең тартты. Бірақ, орыстілді тұрғын онда ешқандай орыстың қорлық көрмегенін айтады. Путин шовинизмнің озық үлгісін танытты. Сөйтіп, өзіне, өз еліне ор қазды. Бүгінгі 9 мамыр, фашистерді жер жастандырған күн Ресейдің тарихында екінші жеңіс ретінде тойланады деген идеясы жүзеге аспады. Басқыншылардың жеңіске жетпейтіні аян. Гитлер неге жеңілді? Бүкіл әлем оған қарсы тұрды. Ал қазір бүкіл әлем Ресейге қарсы. Путинді Гитлердің тағдыры күтіп тұрмасына кім кепіл?

Соғыста жеңген тарап болмайды. Соғыс ол трагедия. Сол үшін бұл күнді Германиядағыдай соғыста мерт болған боздақтардың  аруағына бас иіп, аза тұту күні ретінде атап өткен абзал.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар