//////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

6232 рет қаралды

АНГЛИЯДАҒЫ АҒА ДӘРІГЕР БОРАН НЕМЕСЕ  ҚИМАЙТЫН ЖАТ ҰЯҒА ЖЕТКІНШЕКТЕР

 20.03.2022ж

Күн жексенбі еді. Боранның үйі қонаққа шақырыпты. Үйі деп отырғаным – Боран осында уақытша жүрген жан емес, қоныс аударып, тұрақтап қалғанына 20 жыл болған, үйлі-баранды қазақ. Ауылыңнан алыс шалғайда, артта қалған ауыл-аймақ, ел-жеріңді аңсап, алаң болып жүргенде аяқ астынан қонаққа шақыратын адам табылып жатуының өзі бір ғанибет, қуаныш екен.
Қазақтың тойы көп, қазақ қит етсе той жасайды, жай жасамайды кредит-қарыз алып жасайды. Қазақтың қонағы көп, күнде жиын, күнде той. Қазақ барын тойға шашады. Той-томалақтан жалықтық, әбден запы болдық деп құдайдың зарын қылып жатамыз. Соның барлығы қарыныңның тоқтығынан, қайғы-уайымыңның жоқтығынан, ел іргесінің амандығынан, ел ішінде аман-есен жүргендігіңнің бағасын бағамдамағандықтан, қолда бардың қадірін білмегендіктен айтылады екен. Бізде қазір той да жоқ, тойға бару ой да жоқ. Ой болмаған соң той қайдан болады. Томаға тұйықпыз. «Бармасаң, келмесең жат боласың, алмасаң-бермесең сарт боласың» дегендей саяқ жүре берсең оған да көндігесің.
Боран шақырғанда шуақтанып шыға келдік. Жуынып-шайынып, таранып-түзеліп, желпініп, тойға баратындай сыланып-сипанып әбігерге түсіп қалдық. Алдын ала қоңырау шалып, келіскеніміз бойынша Боранның баласы келіп, дәл айтқан уақытында бізді үйден алып кетті.
Қазақ десе құлағы түрік жүретін Боран Рахымбек Ньюкасл Университетінде оқитын бір топ студентті тауып, шақырып қонақ еткен. Солардың арасында Есенгүл де болған. Ол 2019 жыл. Осындағы оқудағы қазақ балаларына қол ұшын беріп, ел-жерді сағынғанда мауқыңды басатын бір үйің осы деп үйін көрсетіп, қонақ етіп, ағалық қамқорлық көрсеткен жан осы Боран болыпты.
Боран айтса айтқандай-ақ, аңқылдаған, аузын ашса жүрегі көрінетін нағыз қазақы жан екен. Адамның ішкі жан дүниесі оның қарым-қатынасынан, көз қарасынан, айтқан сөзінен-ақ аңғарылып тұрмас па. Алыстан, Алматыдан ат арылтып ағайыны келгендей бізді Боран әулеті ошарылып қарсы алды. Қол алысып, төс қағыстырып амандасқаннан кейін-ақ әңгімеміз ақтарылды да кетті. Қыстайғы қордаланып қалған іштегі қойманы мен де қопарып жатырмын, неше жылғы жиналған абдыра толы алтын-күмісін – бастан кешкенін ол да лақылдатып төкті-ау дерсің. Әңгімесіне айызым қанды. Өткен өміріңді, күткен келешегіңді майын тамызып, мәнерлеп жеткізе білу де үлкен өнер екен. Құлағымның құрышын қандырды. Осындай арқалы, қормал, аңғарлы азаматтардың шет елдерге шығып кетіп, басқаның отын отап, күйін күйттеп кеткеніне іштей ойланып, жауап таппай дағдарып отырасың.
Боран Қытайда туып-өскен, Үрімжідегі Шыңжаң медицина университетін бітірген, жоғары білімді дәрігер маман. Сонда оқып жүргенде, сол университетте оқитын ұйғыр қызы Миғырай Мәжитпен танысып, үйленген. Қазір байсалды бәйбіше, ашық мінезді, ақ құба әйел. Ұйғыр десе лагман келеді ғой көз алдымызға. Бұл жолы олай болмады. Сүрілеп, кептірген ет асып, астың алуан түрін қойып мол дастарқан жайып аса жылы қарсы алған әйелі бір құдайға қараған жан екен. Ас-сумен жүріп, арасында әңгімеге кірісіп кетіп, «келіспей қалып, қазақшамыз жетпей жатса қытайша соғып жібереміз» деп бізді бір күлдіріп тастады. Үш баланың анасы. Екі ұл, бір қызы бар. Және Бейжинде тұратын бір туысқанының қызын алып келіп оқытып жатыр екен.

Үлкен ұлы 25 жас шамасында, аты Айбол, үйленбеген, Джеймс Кук (James Cook) ауруханасының лабораториясында жұмыс істейді. Ақ құба түсті, орта бойлы, көмір қара шашты, биязы азамат. Қызы Әлия Дарем университетінде (Durham University) Биология ғылымы (Biological science) мамандығының ІІ курсында, кіші ұлы Ньюкаслдегі Роял Граммар мектептен (Newcastle Royal Grammar school) стипендия жеңіп алған тұңғыш қазақ. Данияр мектепішілік шараларда өзінің туған елі – қазақтар туралы әртүрлі көрнекі құралдар арқылы таныстырылымдар жасап, насихат жүргізеді екен. Әкесі балаларының туған ұлтына деген осындай ілтипатын мақтан тұтады.

Еңбекті ыдыс-аяқ жуудан бастаған Боран қазір қарттарға қамқорлық жасайтын орында дәрігер. Боранның екі қабатты пәтері, машинасы және жұмысы бар. Әйелі де қызмет жасайды. Тұрмыстары күйлі. Дүние-тірліктен жоқшылық көріп отырған жоқ. Англияда тұрған 20 жылда тіршілік тауқыметін түзеп алған. Елге барып-келіп тұрады. Қазақстанда достары бар. Бірнеше жылдан бері хабар ошарсыз қалған Шыңжандағы туыс-туғандарын уайымдайды. Бар проблемалары балаларының болашағына алаңдау. Ертең кімге үйленеді, кімге тұрмысқа шығады? Үйде қазақша сөйлеуге тырсқандарымен балаларының ағылшыншасы жеңіп кеткен. Қазақша түсінгендерімен қазақша сөйлемейді. Бірақ тәртіптері жақсы. Желкілдеп өсіп келе жатқан жат ұяға қимайтын жас жеткіншектер. Әке-шешенің айтқанынан шықпайды бәрі де бір қазық.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар