//

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

1288 рет қаралды
көрнекі сурет
БРИТАНИЯДАҒЫ ҚАЗАҚТАР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК
Британияға алғашқы қазақтар тұрақты түрде, біржолата мекендеп қалу үшін келмеген. Алғашқылар Түркиядан шыққан еңбек мигранттары болса керек-ті. Өткен ғасырдың (XX) жетпісінші жылдарынан бастап қоныстана бастаған. Олар негізінен әуелгіде тоқыма фабрикасы мен тері заводтарының қарапайым, қара жұмысшылары болған. Жағдайлары оңалып, тұрмыстары жақсара келе тұрақты тұруға шешім қабылдайды. Англияның азаматтығын алады. Ішінара жеке кәсіпорындар ашып шаруасын дөңгелетіп кеткендер де бар. Олардың екіден үш ұрпақтары осында өніп-өсті. Алдыңғы толқынмен келгендердің жас шамасы қазір зейнет жасынан асқан.
Кейінгі жылдарда олардың қатарын Қытай, Моңғолия, Қазақстаннан «жерұйық іздеп» көшіп барған әлеуметтік шығу тегі әр түрлі қазақтар толықтырады. Олардың толық саны да белгісіз. Бұлар Британияның әр өңірінде, тарап қоныстанғандықтан олардың топтасып өмір сүру, үйірімен жүру, бір-бірімен жиі араласу, барып-келу мүмкіндіктері шектеулі. Әр түрлі жерлерде, әр түрлі жұмыспен шұғылданып, әр түрлі қызметтер атқарады. Бір қалада бір отбасы немесе жалғыз басты жүрген қазақтар да кездеседі.
Бұлардың арасында болашағын Қазақстанмен байланыстыратындары, отанынан қол үзбеген, ел үшін қызмет етіп, оқып білімін жетілдіріп жүргендері де бар, ал санасын жақсы тіршілік қамы ғана билеген күнкөріс үшін жүргендері де жеткілікті.
Ұлыбританияда өмір сүру біздің елмен салыстырғанда әлде қайда қымбат. Сондықтан да мұндағы қазақтардың көбін тұрмыс жағдайы орташа табысты топқа жатқызуға болар. Ішінара олигархтары да бар деп естідім. Әрине олар, батысты басып, тұманды Альбионды тізгіндеп, Англия айдынында жүзгендер. Бірақ мені олардың тірлігі мен тынысы қызықтырмады. Байдың аты бай. Алаштың ақшалы адамының арманы аспанға бір түкірсем деп жүретіні баршаға белгілі ғой. Ал бұлар ондай емес те шығар. Көпті кінәлауға болмайды. Топырақ шашпаймыз. Олардың  шалқып басып, шашып ішіп жүргені де әмсеге аян. Машинасы, билласы, яхтасы бар дегендей. Байлығының қызығын туған елімен бөлісіп жатса оған сөз бар ма?
Еуропалық қазақтардың бәрі шетінен отаншыл, ұлтшыл, елшіл, мықты қазақтар деп айтуға болмайды. Аты қазақ болғанымен, заты ұқсамайтындар да кездеседі.
Британия қазақтарының құрамы мынадай:
1. Британиядағы Қазақстан елшілігінде қызмет атқаратындар;
2. Алыс-жақын шет елдерден қоныс аударған Британия азаматтығын алған қазақтар;
3. Британия азаматтығын алмаған мигрант қазақтар;
4. Студент қазақтар;
5. Аралас некелі қазақтар;
6. Өздерін саяси босқын санайтын қазақтар.
Бұлардың саны біршама болуға керек. Бірақ ұзын санын ешкім де  білмейді. Британияның бүкіл халықтық санағында бұлардың аты-жөні де көрсетілмеген,  көзге де ілінбеген. Британия көп этнос өкілдерінен құралған мемлекет бола тұра, біздегідей бір адамды да бір этнос есебінде тіркемеген.
Британия азаматтығын алған жергілікті қазақтардың жас ұрпақтарының тілдік жағдайы жасыратыны жоқ өте аянышты. Тілдік орта жоқ. Тіл білейін деген ынта да ішін ара болмаса барлығында бірдей деп айтуға келмейді. Орыс тілді қазақтар олар өз алдына бір әлем. Осыдан 40-50 жыл бұрын келген қазақтардың қариялары, тіл білетін үлкендер қарасы азайып кеткен.
Қазақтардың тілдік жағдаятына көңіл бөліп, Лондондағы Қазақстан елшілігі жанынан кезінде тілдік курстар  ашылған екен. Бірақ оның өміршеңдігі үйренушілер мен ұйымдастырушы тараптардың кемшіліктерінен болып ұзаққа созылмаса керек-ті.
Адамның санасында бақ пен байлықтың басты тетігі материалдық құндылықтарға айналған заманда бақуатты, жайлы тұрмыс кешіп, жақсы өмір сүріп жатқан қандастарымыздың тарихи отанына орала қоюы екі талай. Тарихи отаныма қалай да жетсем, туған елімде өмір сүрсем, бар ғұмырымды қасиетті Қара шаңырағымда өткізсем, туған елдің Қасиетті қара топырағын басып жүрсем екі дүниеде бақытты болар едім деген  асыл, аяулы сезім жергілікті қазақтарда әлде  қашан суынған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында шет елердегі қазақтардың бойында Қазақстанға деген махаббаты өте-мөте күшті еді. Ыстығыңа күйіп, суығыңа тоңайын, басқа елден сұлтан болып жүргенше өз еліме барып ұлтан болайын деуші еді. Осы қуатты сезім қазір жоқ. Қазақстаннан көңілдері қалған. Осы бір салқындық әсіресе шығу тегі Түркиялық жасамыс жастағы қазақтардан ерекше байқалады. Бұлай болуына не әсер етті. Қазағым дегенде ішкен асын жерге қоятын қазақтар еді ғой? Оларың көңілін қалай суытып алдық?
Осы тұрғыдан қарағанда оның негізгі себептері де жоқ емес. Ол Қазақстанның қоғамдық өмірінде тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қордаланған кемшіліктерімен, келеңсіз олқылықтарымен тікелей сабақтасып, байланысып жатқаны белгілі.
Мәселен, сырт  көз сыншы. Сырттан, шет елден келген ағайындар елімізге сын көзбен қарайды. Өздері тұрып жатқан елдің әлеуетін біздің елмен салыстырады.  Деколонизациялық үдеріс жүрілмеген, автократтық жүйе қалыптасқан, жемқорлыққа белшесінен батқан елден батыстық бай-бағлан тұрмыс пен демократияны талап етеді. Ал біздің қоғам оған мүлде дайын емес. Сонымен қатар Қазақ Елінің Мемлекеттік тілдің Ата заңмен бекітілген мәртебесіне отыз жылда қол жеткізе алмауы, билік органдарында, құзырлы әкімшілік орындарда орыс тілінің үстем болып отырғандығы орыс тілін білмейтін қазақтар үшін жүрек шайлығарлық ең үлкен кедергі болса керекті; Сөз көп, түрлі салалардың жобалары көп, бірақ атқарылған нәтиже жоқ; Қорытып  айтқанда  жемқорлық пен өтірік өркен жайған өлкеде ештеменің де көсегесі көгермейтініне көздері жетті.  Алыстан ат терлетіп келген ағайындарды да жылы сөзбен шығарып саламыз. Істің ақиқаты осы. Осының бәрін мойындаған қандастарымыз өзінің жас ұрпақтарына Қазақстанға деген негативті түсінік қалыптастырған.
Сондай-ақ, көптеген Қазақстан азаматтарының байлық, бақыт, жақсы тұрмыс көксеп қолы жеткендері шет елдерге кетіп қалуы шет елдердегі қазақтардың отанға, туған жерге, туған елге деген ыстық махаббат, қызу қайратына су сепкендей әсер етіп отыр. Осыдан болып, өзінің тумасы күн көре алмай шет елдерге шығып кетіп жатқанда жат жұртта туып-өскен менің күнім не болады деген ой туатыны сөзсіз.
Солай бола тұрса да олардың көкейінің түбінде қай уақытта да иен түзде жанған түнгі жарықтай үміт шырағы бар. Шырақты лаулатып жандырып, жақындатып әкететін сиректер қатары аз да болса бой көрсеткенімен жылдар өте келе біртіндеп алыстап, сөніп, із-тозсыз қалатыны әмсеге аян.

Қазір қай мемлекетте, жердің қай түкпірінде жүрсең де Қазақстанмен байланыс жасауға мүмкіндік толық бар. Алайда сол мүмкіндікке бәрінің қолы жете бермейді. Тіршілік әр жерде әр түрлі. Шет елдердегі қазақ диаспораларының бәрі шетінен шылқыған бай емес. Мүкіндіктері де әр түрлі. Адамдардың ұлттық сана-сезімі де әр алуан. Сондықтан батыс елдеріндегі, басқа да мемлекеттердегі қазақтардың түп отанына деген махаббатын суытпай, үнемі жандандырып, тұтатып тұру үшін жан жақты рухани іс-шараларды Қазақстан елшілігі, қазақ диаспоралары мен әр түрлі қоғамдық ұйымдар тарапынан, жергілікті өзін-өзі қолдау ұйымдары арқылы жүзеге асырып отырса құба-құп болары сөзсіз.
Екіншіден, жасы үлкен, дүниенің оң-солын таныған, жасамыс ағайындар өзінің жас ұрпақтарына олардың Атажұрты Қазақстан екенін, күндердің күнінде қазақ үшін қызмет ету керек екенін үнемі құлқына құйып, ұрпақтарын отаншыл рухта тәрбиелеген ата-бабаларың асыл ізін, салған жолын, күш-қуатымен тұрақты жалғастырып отыруы абзал. Жастардың санасын жасытпай, жігерін құм қылмай, жетілдіріп, түлетіп, туған елі, ұлты туралы үнемі жақсы пікір қалыптастыру ләзім.
Қазір қазақ баласы үшін қазақ болып өмір сүру емес, қазақ үшін қызмет ететін уақыт келді.
Еуропа елдерінің дамып, өркениетке жетіп, халқының бай-қуатты өмір сүріп отырғандығының басты себебі әр бір еуропалық азамат өзінің туған ұлты үшін қызмет ету керек деген сананы, тұрмысты сана билейтіндігін жан жүрегіммен  сезініп, етінен өткізіп, сүйегіне жеткізіп, санасына сіңіргендіктен екендігіне көзім жетті.
 Ал кіндік қаны Қазақстанда тамған қазақтардың бір-екі жыл жұмыс істеп, байып алып, елге оралсам дейтіндері көп екен. Бірақ, кім білсін жалған қандай тағдыр бұйырарын? Британияда еңбек еткен адамның жалақысы бізбен салыстырғанда әрине жоғары. Ал күнделікті тұтыну тауарларының да бағасы арзан да емес. Мысалы, Британияда жылдық жалақы мөлшері (30.04.2022ж) 30-40 мың фунт (pound sterling) стерлиңг болса, бір литер бензинніңіздің бағасы 1 фунт 70 пенс арзан емес. Күн сайын бұл мөлшер де құбылып тұр.
Ал егер кімде-кім жақсы тұрмыс кешемін десе, бірінші кезекте әр адам өзінің қарым-қабылетіне қарай жұмыс табуы керек. Содан кейін жатпай-тұрмай жұмыс жасауы, қызмет істеуі керек. Мұнда сені ешкім маңдайыңнан сипап, еркелетпейді. Табан ет, маңдай теріңді төгіп, тәртіпті болып, заң бұзбай жұмыс істейсің бе, ақыңды аласың, сол алған ақыңа сай тұрмыс сүресің.  Босқындардың жөні басқа. Оларды мемлекет тарапынан жан-жақты қамтамасыз етеді. Орнығып, күйленіп кеткенінше үкімет демеушілік  жасайды.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар