/////

 Кемертоған мектебі: 1200 балалық мектепте 4000 бала оқиды

3949 рет қаралды

Биылғы оқу жылын оқушылар біраз проблемамен аяқтады. Осының алдында Алматы облысы Кербұлақ ауданы Тастыөзек ауылының шағын мектебін сөз еткен едік. Енді Алматының іргесіндегі Кеметоған ауылындағы үш ауысыммен оқитын мектеп жайында әңгімелекпіз. Оқушының көптігінен, үш ауысымда оқытып жатқан мектеп басшылығына ата – аналар наразы. Олар үкіметтен өз алдарына жаңа мектеп сұрайды.

Алматы облысының, Кемертоған ауылында оқушының көптігінен тар мектепте үш ауысыммен оқытып жатқан мектеп әкімдігіне ата – аналар наразылық білдіріп, дабыл қағуда. 1200 балаға арнап салынған мектепте бүгінгі таңда 4000-ға жуық бала оқып жатыр. Биылғы жылы тіпті бала көптігінен сыныптар тізбегі 22-ге жетіп, соңы “у” сыныбымен аяқталып отыр.

Сандуғаш Ералиевна, ата-ана:

-Бұл мектеп негізі 1200 балаға салынған. Бірақ қазіргі таңда 4000 бала оқиды бұл мектепте. Мысалы, менің балам 5-ші сыныпта оқиды. Мектепте үш ауысым бар. Үшінші ауысымда кешкі сағат 8 жарымда бірақ шығады мектептен. Әр сыныпта 30-дан аса бала оқиды. Мен шыны керек, алаңдап отырамын балам үйге келгенше. Сонымен қатар, мектепке арналған автобустар берілген, бірақ, ол автобустар бірде жүреді, бірде жүрмейді. Сонда бұл жерде қандай білім болуы мүмкін.   Әр балаға қалай жетеді бұл білім?

Кемертоған ауылындағы жалғыз мектеп жаңа әрі кең. Алайда ата-аналардың көңілі толмай жүр:

-Онлайн оқу кезінде бұл қиындықтар білінбей, біраз арқаны кеңге салған едік, жаңа оқу жылында баламыздың білімі мен өміріне алаңдаймыз дейді. Тұрғындардың айтуынша, мектептегі орындар шектеулі болғанымен, мектепке жыл сайын тәлім алушылар саны көбейіп, қиындық туғызып келеді.

Ал мектеп басшысы заңға сәйкес, алдына келіп тұрған баладан бас тарта алмайды. Сол себепті мектеп бағдарламасы 3 ауысымға көшкен. Үшінші ауысымда оқитын балалар тым кеш тарайтын болғандықтан ата-аналар қатты алаңдауда.

Мектептегі келеңсіз жағдайға біржағынан жақын жерде орналасқан “Асыл арман” тұрғын үй кешенінің де әсері бар. Себебі, ол жақтағы мектеп құрылысы әлі бітпегендіктен, сол тұрғын үйдегі балалар осы жаққа қатынап оқуға мәжбүр. Бірақ, ол жақтағы мектеп құрылысы аяқталып, балалардың біразы сол жаққа ауысқанымен мәселе шешілмейді дейді тұрғындар. Кемертоған ауылы үлкейіп, жаңа құрылыс (новостройка) деп аталатын ауылдың екінші бөлігінде тұрғындар саны көбеюде. Соған сай бала саны да өсіп келеді. Бір мектепке алдағы уақытта бәрібір балалар сыймайды.

Фариза Амангелді:

Менің мына мектепте екі балам оқиды. Бала саны сыныпта 30-дан асады. Сонда балаларда қандай білім болды? Негізі бұл мектеп 1200 балаға арнап салынған. Енді қазір бала саны көп болғандықтан, басшылыққа ұсынысымыз: Кемертоғанға 2000 балаға арнап жаңа мектеп ашып берсе. Қазір сабақ аяқталып жатыр. Бірақ күзге дейін, сабақ басталғанша осы мәселені басшылық шешіп берсе жақсы болатын еді…

 Ата-аналардың айтуынша, тіпті балаларға арналған сары автобустар жүріп тұрған жоқ. Оларды мектеп ауласына әкеліп қойып қойғандарына бірнеше айдың жүзі болған. Бірақ автобустар келгелі бірде-бір рет қолданысқа берілмеген. Балалар әлі бұрынғы тозығы жеткен автобустармен қатынауға мәжбүр. Ал ата -аналар ол ескі автобустардың жолда бұзылып қалуынан қорқады. Тіпті сол ескі автобустардың жүрмей қалған кездері де болған, сөйтіп  балалар сабақтан да қалып қоюға мәжбүр болыпты.

Сондай-ақ, кей көп балалы отбасылар мектепке қатынайтын бірнеше баласының жол ақысын таба алмай қалатын кездері де болады.  Айта кететін жәйт, қазіргі таңда жол ақысы да өсіп кеткен. Ауылды жер болған соң, мұнда 40 теңге төлеп жүретін автобус жоқ. Ал мына жақта мектепке барып келуге 300-ден 600 теңге төлейді. Бір үйдің бес баласы мектепке қатынайтын болса, жолға бір күнге 3000тг төлеу ауыр соғатынын айтады.

Ал мектеп басшысы балалардың саны 3 есеге артық екенін мойындайды.  Заңға сәйкес, баласын ертіп келген ата-ананы кері қайта алмайтынын айтып, сақтық шараларын реттеуге тырысып жатқанын жеткізді. Тұрғындардың сабақ кестесі жайлы шағымын да ескеріп, кестені қайтадан жасап шыққанын айтты.

Дәурен Мәуленов, Кемертоған орта мектебінің директоры:

  –  Қазіргі күнде Кемертоған мектебінде 3 ауысыммен сабақтар жүргізіліп жатыр. Әр сол үш ауысым өз уақытымен өтуде. Осы сабақтардың 70%-ы мектепте өтеді, ал 30%-ы яғни негізгі пәнге жатпайтындарын біз қашықтан оқытуға көштік. Енді осы пәндердің бәрін негізгі сабақ ретінде өткізуді қарастырудамыз. Келешекте шешіледі деген ойдамыз.

Директордан жаңа сары автобустардың неге әлі қолданысқа берілмегенін сұрағанымызда, “біз оған жауап бермейміз” деп жалтарды.

Ал тұрғындарды уайымдатқан мәселемен толық таныс жергілікті шенеуніктер әзірге қолдан келер ешқандай шара жоқ екенін айтуда. Бірақ, ендігі жаңа оқу жылына дейін бәрі шешіліп қалар деп отыр. Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Берік Қайнарбаев “Асыл Арман” тұрғын үй кешенінің артқы жағында салынып жатқан мектеп құрылысының осы жылы аяқталып, қыркүйек айында  пайдалануға берілетінін айтты. Одан басқа Іргелі ауылында тағы да жаңа мектеп салынып жатыр деп сөзін қысқа қайырды. Ал тұрғындардың көптен бері сұрап келе жатқан Кемертоған ауылында екінші мектепті салу жөніндегі сұраққа жауап бермеді.

Ендігі кезекте ауыл тұрғындары көмекті облыс әкімі Қанат Бозымбаевтан сұрайды.

Айдана Игібай, 

СДУ Журналистика мектебінің 3-курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар