///////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

5414 рет қаралды

28.05.2022ж

КӨРЕЙІН ДЕГЕН ҚЫЗЫҒЫҢ, ДӘРІПТЕЙІН ДЕГЕН “ҚЫЗ-ҰЛЫҢ” ОСЫ МА ЕД?!

Туған жерден, туған елден алыс шалғайда өмір сүріп жатсақ та өзегіміз де, өзіміз де жан-тәнімізбен елмен бірге. Ел дегенде құлағымыз түрік, екі көзіміз төрт. Ғаламтордың арқасында елде болып жатқан түрлі оқиға, жағдайлардың ішінде жүргендей сезініп, көріп-біліп отырмыз.
2022 жылы 25 маусым күні Алматы қаласында Балуан Шолақ бабамыз атындағы спорт сарайында мен атын естігім де келмейтін, алайда бүгінгі жастар, жас ұрпақ жақсы көреді дейтін «Ирина Кайратовна» деген қойыртпақ есімді бір топ, оның итаршысы «шиза» ма, «шезо» ма тағы біреулердің жасаған анайы қылмысын ғаламтор арқылы көріп, бетіммен жер басып, елдің бетіне қалай қарарымды білмей қалдым.
Әумесерлердің қылмысынан бүкіл адамзат алдында қазақ халқы масқара болды. Арсыздардың Қазақстан жұртын мазақ етіп, масқара қылып, әйел затына аузына келгенін айтып, аузын саптаған  анайы қылығына куә болдық. Құр дене, қуыс кеуде, көк ми, көргенсіз сұмырайлар Мемлекет Туын, халықтың ар-ұжданын аяққа таптап, ойына келгенін істеп, бір кеште анайылықтың бәрін жасап бақты. Қазақты қара бет қылды.
Азғын тобырдың қылығына қол соғып, сықылықтай күліп, ыржалақтап қоштап, жер тепкілеп желігіп, есі кетіп, есіріп залда ине шаншар орын қалдырмай отырғандар кімдер? Ұрпақтың түрі мынау болса ертеңіңнен не күтесің? Қазақ баласының өркениетке жетем дегендегі көрмек тәрбиесі, бермек тәртібі, алған тәлімі, мәдениеті осы ма еді? Аузы мен асты бірігіп кеткен бұл не қылған жетістігі? Көксеген еркіндігіміз, діттеген демократиямыз осы ма еді?
Өткенде бір теле бағдарламада бір жүргізуші «сексуальный» деген сөзді осылай атаймыз деп көкіп тұрды. Соның әкесі, шешесі, атасы бар адам ба? Оған қандай жаза қолданғанын білмейміз. Ал мына бассыз-баусыз кеткен адами қасиеттен жұрдай, ақыл есі азған бейдауа бейбастақтарды бетімен жіберіп, қолтығына су бүркіп, оған киелі төрден орын беріп қолпаштап отырғандардың көздеген мақсатын тыюға қауқарсыз күйге жетіппіз. Ұлттық ар-намысыңды аяққа таптаған, елдік, мемлекетшіл санадан жұрдай, жылтсыз ұрпақ кімнің өнімі? Малғұн ба, мәңгүрт пе? Біз қандай ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз? Бұлар қазақтың баласы ма? Өзегіңе құрт түсіп, шіріп, тозып, азып жатқаныңды басқа немен дәлелдейсің? Жемқорлығы жетесіне жеткен жүйенің тағы бір адам төзгісіз жиіркенішті құрты жирелеңдеп жер бетіне шықты. Бұл басынуға да халық ұзақ төзбес.
Кешегі күні, оқ пен оттың ортасынан Көк Туыңды көтеріп шыққан батырыңды көк ала қойдай қылып сабап, етінен ет кесіп өлімші етіп жазалағанда көрейін деген қызығың, дәріптейін деген «қыз-ұлың» осы ма еді?!

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар