28 мамыр күні Алматыдағы «ÓzgeEpic» өнер кеңістігінде Maqpalsher есімімен танымал қазақстандық ақын, музыкант Мақпал Жұмабайдың «Қолыңды бер» атты әніне түсірілген бейнебаянының тұсаукесері өтті.
Maqpalsher өз шығармашылығында көкейкесті сұрақтарды көтеруімен ерекшеленеді. Жаңа бейнебаянында да адами және адамзаттық құндылықтар туралы бірнеше өзекті мәселені қамтыды: сана мен бейсананың күресі; үміт пен түнектің тартысы; индустриалдық революция мен табиғаттың қарым-қатынасы; шындық пен виртуалды шындықтың арпалысы. Осы күрделі төрт тақырыпты бейнелеу арқылы Maqpalsher адамдарды өз тағдыры мен бір-біріне қамқорлық танытуға, ортақ үйіміз – Жер-Әлемді сақтауға шақырады. Бұл бейнебаян өткеніміз бен болашағымызға көркем шолу жасап, болуы мүмкін қауіптерден сақтандырады.
«Қолыңды бер» әні Берлиндегі Jazzanova Recording Studio-да (JRS) неміс музыканттарының қатысуымен жазылды. JRS – 2013 жылы негізі қаланған Еуропадағы озық дыбыс жазу студияларының бірі. Maqpalsher 2019 жылы Лондондағы «The Brunel Museum» сахнасында «AUA» концептуалды концертін өткізген еді. Белгілі британ ақыны Дэвид Кук оның өлеңдерін ағылшын тіліне аударған болатын.
Адам және адамзаттың мәселелерін қозғауға тырысамын. Өзім арқылы бүкіл әлемді айтқым келеді. Сіз бен бізді айтқым келеді. Қазір адамдар бәрі туралы біледі, бірақ өздері туралы ештеңе біле бермейді… Кімнің көкірек көзі қай жерге жетеді, соны көре алады. Біздің бір-бірімізге созған қолымыз құтқарады. Өзімізге деген жауапкершілік құтқарады. Бәрімізге қолыңды бер деймін. Қазақтың заманауи өнерінде болып жатқан тенденцияға өзімнің ойларым, қарсылықтарым бар. Сол жолдан айнымаймыз», – деді Мақпал Жұмабай тұсаукесерінде.
Кешті Молдияр Ергебек жүргізді. Танымал әнші Сәкен Майғазиев өз пікірін білдірсе, әнші Мархаба Сәби де әннен шашу шашты.
Эльенора Әмір,
Алматы қаласы
Парақшамызға жазылыңыз