29 мамыр күні Орал аэроклубының 85 жылдығына орайластырылып, Деркөл кентіндегі Кордон аэродромында қала тұрғындары үшін мерейтойға арналған іс-шара өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қызықты ойын-сауық бағдарламасы мен авиамоделистердің өнер көрсетуі ұсынылды. Бұл іс-шараға кіру тегін болды.
– Аэроклуб 1937 жылдан бастап ұшу училищесіне түсу үшін курсанттарды даярлауға, ал кейін ҰОС майданына арналған база ретінде бастау алды. Соғыстан кейін планерлік станция құрылды, парашютшілер дайындықтан өтті. Біздің спортшылар жарысқа шығып, жүлделі орындарға ие болды. 2002 жылға дейін клуб базасында спорт мектебі құрылып, сонымен қатар аэродром да жұмыс істеді. 2009 жылы ересектерді оқыту және туристік ұшуларды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Қазір аэроклуб авиатуризмді дамытумен айналысады, бізге көршілес облыстардан тек ұшуға ғана емес, планерлік спортты да үйренуге де келеді, – деді аэроклуб төрағасы Талғат Убышев.
Жалпы бұл спорт елімізде қарқынды дамуда. Қазақстан Республикасында 15-ке жуық аэроклуб бар, олар негізінен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан. Батыс өңірлерінің ішінде Орал қаласындағы аэроклуб жалғыз аэроклуб. Ұшу құны 20-дан 40 мың теңге аралығында, мұнда ақылы негізде парашютпен секіру қызметі жоқ, белгілі бір себептерге байланысты аэродром қызметінен алынып тасталды. Парашют-десант даярлығының нұсқаушысы Илья Китин спорт шеберіне үміткер және бүгін 778-ші рет парашютпен секірді.
– Парашют спорты – болашағы зор спорт түрлерінің бірі. Әсіресе жастар үшін бұл спорт элиталық әскерлерге тікелей жол болғандықтан, біз болашақ десантшыларды дайындаймыз. Біз 14 жастан 17 жасқа дейінгі дені сау, мықты балаларды таңдаймыз, көптеген балалар көру қабілетінің нашарлығынан өтпейді. Бірақ біздің мектептің тәрбиеленушілері бос тұрмай, қарқынды жаттығуда, – деді Илья Китин.
Қазіргі күні спорт мектебінде 50-ге жуық бала парашютпен айналысады.
Светлана Аманғалиева,
БҚО. Орал қаласы
Парақшамызға жазылыңыз