////

Алмалыбақ тұрғындары: Не көше жоқ, не көшенің адресі жоқ, не такси келмейді, не жедел жәрдем келмейді

3363 рет қаралды
1

Сәбит Айтбайұлы Алмалыбақ тұрғыны. Сәбит мырзаның айтуы бойынша Алмалыбаққа осы жылы көшіп келген. Көшіп келгеніне өкінетінін де айтты. Себебі қалаға қатынау өте қиын. Асфальттің болмауының себебінен жаңбырлы күні саз батпақ, ал күн ысыса шаң тозаң болады. 75 жасқа толған қария ауырып қалған кезінде жедел жәрдемнің келуі де қиын дейді.

Адрес жоқ. Не такси келмейді,  не газ қызметі келмейді. Бізде мысалы үйде газ плита. Аяқаста өрт шықса, тағы бірдеме болып қалса шақыру керек. Көше болған соң көшенің аты болуы керек қой. Ал былай түсініксіз. Қанша қалаға барамыз, бір сағат жүріп барамыз. Мен айтамын мынау мадагаскар, занзибар.
Алмалыбақ – Алматы қаласынан 15 шақырым жерде, Қарасай ауданына қарасты шағын ауыл. Шамамен 25–30 шақты үйі бар шағын ауылда  адам игілігіне қатысты мүмкіндіктер жасалмаған дейді тұрғындар. Өйткені көшеде асфальт жолы салынбаған. Бұл мәселе тұрғындарға зор қиындық келтіруде. Қыста да, жазда да қатынау қиын, жаңбырлы күні батпақ, жедел жәрдем және тағы да басқа қызметтер келу мүмкіндігі жоқ. Тіпті осы жол мәселесінің кесірінен аналар балаларын балабақшаға жібере алмай отыр.

Аиза Далабаева, Долан тұрғыны.

Осы Долан жаңа құрылысының тұрғынымын. 4 жыл болды тұрып жатқаныма. Бізге осы жол мәселесі қиын болып тұр. Көпбалалы ана болғандықтан балалармен далаға шығу қиын. Күзде, көктемде дала балшық болады. Жаздың күні шаң болады. Таксилер келгісі келмейді бұл жаққа шақырсаң, картаға шықпайды. Балаларды балабақшаға бере алмаймыз. Балабақшаға берейік десек тасымалдаушылар «келмейміз, жолдарыңыз жаман» дейді. Ауруханаға баратын кезде де қиналып қаламыз, жедел жәрдем де келе алмайды біз жаққа қарай. Мына жақта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Балалар ойнайтын жер жоқ, ойын алаңы жоқ. Кішкентай балалар өте көп осы маңайда. Осы мәселелер қарастырылса жол және ойын алаңы балаларға арналған қауіпсіздіктерімен қаралса жақсы болар еді. Балалармен коляскамен жүру ыңғайсыз. Көктемде, жазда аяғының бәрі батпақ болады.

Көпбалалы ананың айтуынша, балалар далада емін еркін ойнаудың орнына үйде смартфондардың алдында отырады. Ол балаларының болашағы үшін алаңдайтынын айтты. Себебі балабақша да, ойын алаңы да бұл жерде жоқ. Ал далаға қараусыз жібере алмайды. Өйткені жан-жақта құрылыс жүріп жатыр. “Мен балаларға ғана қарап отыра алмаймын ғой, үйде басқа да тірліктер бар дегендей. Балабақшаға да жібере алмаймын, оларды күнде таңертеңгісін апарып, кешкісін алып келетін адам керек. Менің көлігім де жоқ. 6 айлық қызым және 3 ұлым бар. Әрине, алдағы уақытта көшеміз деген үміттеміз”. Үйін сатылымға қойған, дегенмен, үйді көруге келген адамдар, жолдың нашар екенін айтып бірнеше рет бастартқан.

Сондай-ақ тұрғындар ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар бар. Олардың өз бетінше қозғалуы мүмкін емес. Таза ауада серуендеудің өзі де қиын. Себебі, жол бірқалыпты емес. Дәрігерге өз бетінше қаралу немесе жедел жәрдем шақырту үшін біраз әбігерге салынатынын жасырмады. Осы сияқты проблемалардың барлығы жолға тіреледі.

Ескендір Егізбекұлы: ҚАРАСАЙ АУДАНЫ БОЙЫНША 1150 км ЖОЛ САЛЫНУЫ КЕРЕК

Тұрғындардың әңгімесінен кейін, осы мәселеге жауапты Алматы облысы, Қарасай ауданының жол, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ескендір Егізбекұлынан сұхбат алдық. Жоспарда көшені жөндеу жұмысының бар екенін айтып, тұрғындарға шешу жолдарын ұсынды.

– Жоспарда барлық көшені жөндеу бар ғой. Бірақ бірінші кезекте: елді мекендердің негізгі көшелері жасалатынын, әлеуметтік маңызды көшелер мен қоса көп тұрғындар қолданатын орталық көшелер жасалады. Одан кейін екінші санаттағы көшелер жасалады. Біздің қарастырып отырған Алмалыбақ көшелері Жаңақұрылыс ауданы болғандықтан, магистралды су тартылғаннан кейін жасалатыны белгілі болды. «Бәрі қаражат бөлінуіне байланысты. Егерде осы жылы қаражат бөлінген болса, онда жасап береді» – дейді Ескендір Егізбекұлы.

Жалпы Қарасай ауданы бойынша 47 елді мекен бар. Әр қайсысына 50-ден 300-ге дейін көше бар. Қаскелеңнің өзінде 320 көше бар. Іргелі ауылында 60 көше бар. Соның бәріне бір уақытта асфальт жасау мүмкін емес. Жылына аудан бойынша 10-15 көше жасаймыз. Қай көше бірінші жасалатыны алдын ала қарастырылады, жоспарлайды, оған документация жасайды және қаражаттың бөлінуіне байланысты. Кейбір көшелерге 400 метрге 20 миллиондай жетеді. Ал, басқа көшелерге мысалы 2 километрге 100 миллион кетуі мүмкін. Мысалы, жыл сайын бірдей қаражат беріп, бірақ бір жылы 10 көше, келесі жылы 15 көше жасауға болады. Ол көшенің ұзындығына байланысты. Жыл сайын біз 50 км-дей жол жасауға тырысып жатырмыз. Ал жалпы Қарасай ауданы бойынша жасалуы керек көшелердің ұзындығы 1150 км. Ал, без учета, новостройка, көшенің атауы болмаса ол әлі планда да жоқ шығар.

Сонымен қатар, жолдың салынбауына бірден бір себеп Алмалыбақ көшелеріне атау берілмеуі. Көше атын қою үшін тұрғындар жиналып, қол қойып жиналыс жасау керек екенін айтты.

Көшенің атын қою үшін Алмалыбақ әкімшілігіне барасыздар. Әкімшілік жиналыс өткізіп, хабарлама таратып, көшеге атау беру бойынша ономастика коммитетіне ұсыныс беріледі. Тұрғындар ұсыныс беруі керек. Жиналыс ұйымдастырылып, онда халықтың пікірін естуі керек. Кейін протокол жасайды, оны толтырады. Тұрғындар көшеге қандай атау беру керек екендігін айтады. Ол жерге мысалы Төле би деген атау бергіміз келеді десе, одан кейін ол атауды қоюға бола ма, болмай ма деген сұрақ туындайды. Кішкентай көшеге үлкен адамның атын қою идеологиялық талапқа сай келе ме? Не болмаса халықтың ауызында жүрген атау болуы мүмкін. Көшеде бұлақ болса, Бұлақты көшесі деген сияқты. Халық ұсыныс берсе, ол жан-жақты қаралады.

Перизат Дәлкенқызы,

Гауһар Сәтбаева, 

СДУ журналистика мектебінің 3-курс студенттері

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар