////

Ольга Диденко: Журналист қызметін қоғамдық маңызды қызмет деп тану керек

2142 рет қаралды

Жақында ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі БАҚ туралы заң жобасының қолға алынғандығын айтып, жұмыс тобының тізімін жариялаған еді. Алдағы аптада жұмыс тобы жұмысын бастамақ. Осыған орай Интерньюс-Қазақстан қорының заңгері, “БАҚ туралы” заң жобасының жұмыс тобының мүшесі Ольга Диденконы әңгімеге тартқан едік. 

Қайырлы күн, Ольга. Мен Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің БАҚ туралы заңды қабылдау үшін жұмыс тобын құрғанын білемін. Сіз сол жұмыс тобында мүшесіз. Жалпы жаңа заңнан не күтесіз?

– Әрине, біздің ең басты қуанышымыз – осы заңды қабылдау арқылы бүгінге дейін қалыптасып қалған ақпараттық саясатты өзгертетін күн таяды. Бұл көптеген мәселені қозғайды, яғни нақты мәселелердің тізімі жоқ, алайда қордаланып қалған проблема көп. Бұл проблемалар БАҚ-тың дамуына, журналистердің шығармашылығына, кері ықпалын тигізеді. Біз осы мәселелердің жұмыс тобының назарында болатындығына сенеміз. Біз бұл жөнінде жұмыс тобының басшысымен сөйлесіп, олардың қандай идеяны басшылыққа алып отырғанын білдік. Әзірге олар біздің идеяларымыздың көпшілігін қолдап отыр десек болады. Бірақ бұл әзірге тек сөз жүзінде. Біз дайындалып жатқан заң жобасын және ондағы салыстырмалы кестені көрдік. Яғни, қазірге дейін не болды, енді не болмақ деген кесте.

– Яғни, жұмыс процесі басталып кетті ғой?

– Жоқ, әзірге референдумға дейін ештеңе қолға алынбайды деді. Референдумнан кейін алғашқы отырысы болады деген. Бізге ұсыныстарыңызды жіберіңіздер деп айтты.

– Сіздің пікіріңізше, нақты қандай өзгерістер енгізілуі керек?

– Ең әуелі журналистердің өзінен бастасақ. Қазіргі талқыланып жатқан дүниелердің бірі – журналистердің жеке қауіпсіздігі, олардың кәсіби статусының нығаюы, оларға әлеуметтік жеңілдіктердің қарастырылуы. Мәселен, менің білуімше, редакцияларға журналистердің өмірі мен денсаулығын сақтандыруды міндеттеу көзделіп отыр. Қаңтар оқиғасы көрсетіп бергеніндей журналистің қауіпсіздігі, оның қызметін орындау барысында шеккен зияны мен денсаулығына келген қауіп үшін ешкім жауап бермейтіндігі айқындалды.

Сондай-ақ, ақпаратқа қол жеткізу мәселесі бойынша да нақтылайтын мәселелер бар. Біз министрлікке процедураны өзгерту қажет деп жиі айтамыз.  Әрі мемлекеттік органдардың жауапты болуын талап етеміз. Сонымен қатар, ақпаратты алудың немесе жауап берудің мерзімін қысқарту керек. Көп журналистер оның мерзімі өте ұзақ екенін айтып шағымданады, әрі мәселелерге комментарий беру, өзінің пікірін айтуды да қосу мәселелерін ескеру керек.

Үшіншіден, мұндай өзгерістерді енгізу үшін бұл заңға қатысы бар бірнеше заңдарға да өзгерістер енгізу керек. Мәселен, ақпаратқа қол жеткізу, телерадиохабарларын тарату, жарнама туралы заңдар да қайта қаралуы тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе – блогерлер. Бұны шешудің бір жолы – өзін-өзі реттеу деңгейінде болуы тиіс. Қандай да бір қоғамдық ұйым бұған жауапты болуы тиіс. Олар блогерлерді үйретуі, олар журналистиканың негізгі стандарттарын білуі тиіс. Соның аясында жұмыс істегені абзал.

Мемлекеттің ақпараттық тапсырысын өзгертуге уәде беріп отыр. Әсіресе, бұл тапсырысты орындаудың процедуралары, ашықтық мәселелеріне қатысты.

Сондай-ақ, соттың істі қараудағы мерзімінің өтіп кетуіне қатысты мәселені де ұмытпау керек. Әсіресе, дефамацияға қатысты.

– Сіз журналистің статусы туралы айтып отырсыз. Жақында ғана бұл туралы сенатор, майталман журналист Нұртөре Жүсіп Сенат қабырғасында мәселе көтерген еді.  Сіздіңше, ол қандай болуы тиіс. Қандай да бір міндеттер жүктелуі тиіс пе?

– Жоқ, ешқандай міндеттер жүктелмейді. Журналистің мәртебесі туралы айтқанда біз оның құқықтық мәртебесі жайында айтып отырмыз. Бұл жерде журналистің әлеуметтік мәртебесіне тоқталуы керек. Журналистер қызметтік міндетін атқару барысында олардың қауіпсіздігі бірінші планда болуы керек. Олардың қауіпсіздігіне кепілдік берілуі тиіс. Әсіресе, бүкіл қоғам, құқыққорғау органдары қызметін атқарып жүрген журналистің жұмысына кедергі келтірмеуі, жеке басына қауіп төндірмеуі қажет. Мәселен, құқық қорғау органдарының, төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысы қоғамдық маңызды жұмыс болып саналады. Журналистік қызметті де осындай қызметтердің қатарына қосса бұл журналистерге жақсы мүмкіндіктер берер еді. Мәселен, құқық қорғау орындарының қызметкерлері қызметін орындау барысында қандай да бір қауіпке душар болса, оларға өтемақы төленеді, жеңілдіктер жасалады. Ал қызмет бабында жүрген журналист құқық қорғау орындарының қызметкерлері түрмеге жаба салады. Бұлар қоғамдық-маңызы бар жұмысты атқарып жүргендігі жайында заңда нақты көрсетілсе, оның заңсыз екендігін дәлелдей алар еді. Айтпақшы, журналистерге шабуыл жасау, қысым көрсету секілді мәселелерде бұл мәртебенің берері мол болар еді. Мәселен, біраз журналист өздеріне шабуыл жасалғаны туралы шағымданған, алайда оған қатысты қозғалған іс немесе шығарылған үкім жоқ. Яғни, журналистерге шабуыл жасалады, қысым көрсетіледі. Алайда, бұған қатысты жауап беретін ешкім жоқ. Сонымен қатар, журналистерге жасалатын қандай да бір жеңілдіктер мен әлеуметтік көмектер де, сақтандыру мәселесі де қарастырылуы керек. Мәселен, бір журналист бала тууына орай демалысқа шыққан кезде қандай да бір жеңілдіктерді пайдалана алмаған. Кейбіреулер журналистерге қызметтік пәтер беру туралы да мәселені көтеріп жатыр. Бірақ біз оны талап ете қоймаспыз. Дегенмен, қоғамдық-маңызды қызметті атқарушы деген мәртебені бекітіп алсақ та жаман болмас еді.

–  Сіз Ақпаратқа қол жеткізу мәселесін де атап өттіңіз. Бізде екі заң бар. «Ақпаратқа қол жеткізу» туралы және «БАҚ туралы». Бірақ екі заң аясында өзара корреляция жоқ. Ақпаратты жылдам алу үшін қандай өзгерістер енгізуге болады?

–  Мәселе ақпаратты жылдам алуда ғана емес, сондай-ақ, берілген жауаптардың мағынасыздығында. Әрине, мемлекеттік органдар ақпаратты берудің мерзімін қадағалауы мүмкін, алайда жауаптары түкке тұрғысыз болатын кездері болады. Сонымен қатар, ақпараттан бас тарту үшін Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңдағы «Қызметтік» деген гриф көп сылтау болады. Сондықтан, біз осыған көбірек мән беруіміз керек. Журналиске қандай да бір оқиғаға деген реакцияның жылдам болғаны керек. Яғни, ақпаратқа қол жеткізу мәселесінде берілген жауаптың сапасы, «қызметтік» деген грифтің нақтылануы және ауызша жауап беру мәселесі күн тәртібіне шығады. Сондай-ақ, екі жұмыс күнінің ішінде жедел жауап беру процедурасы ескерілуі керек.

– Менің білуімше,  бұған дейін талқыланған мәселелердің бірі – жала жабу және қорлау. Жала жабу қазір Әкімшілік Кодекске ауыстырылды, қорлау Қылмыстық Кодексте қалды. Бұл баптарды ізгілендіру қалай жүзеге асады?

– Жала жабу Әкімшілік кодекске ауыстырылғалы екі-үш жылдың жүзі боп қалды. Дегенмен, менің алдымдағы құқықтық статистикаға көз жіберсек дәл осы баппен соттасып жатқан журналистер өте аз. Бұл бапқа қатысты әлеуметтік желіні пайдаланушылар, жай коммент жазушылар мен пікір білдірушілер көбірек жауапқа тартылады екен. Десе де, бұл мәселені де қайта қараған абзал деп ойлаймын.

– Ендігі мәселені балалар туралы ақпаратты пайдалануға қарай бұрсам ба деп отырмын. Бұнда Ұлыбританияда балалар туралы ақпараттар таратылмайды. Тіпті бала қылмыс жасаса да, оның кім екені, оған қатысты ақпараттардың жариялануына қатаң тыйым салынады. Жақында Алматыда бір мектептің оқушысының зорланғаны туралы ақпарат тарады. Ол ақпаратта қылмыс жасаған балалар туралы, балалардан зорлық көрген бала туралы да ақпараттар жарияланған. Мәселен, ол мектептің аты, адресі тайға таңба басқандай көрсетілген. Жалпы, бізде бала туралы ақпаратты таратуға қатысты қандай нормалар бар?

– Біздің заңдарымызда, өкінішке қарай, халықаралық нормаларға қайшы баптар бар. Мәселен, қылмыс жасаған баланың аты-жөнін айтпау, ол туралы ақпараттарды жасыру халықаралық норма болып есептелсе, бізде оны жариялауға рұқсат берілген. Ал құрбан болған балаға қатысты қатаң тыйым қойылған, мәселен оның аты-жөні, оған қатысты мәліметтер аса құпия болуы тиіс. Тек ата-анасы немесе қамқоршылары рұқсат еткен жағдайда ғана мәліметтер жария етіледі.

Сондай-ақ, заң нормаларымен қоса балалар туралы мәліметті пайдалануға қатысты этикалық кодекстер бар. Осы кодекстерде балалардың әлі де оң мен солын танымаған, ештеңеден хабарсыз бейкүнә сәби екендігі, бұл ақпараттар болашақта олардың өміріне зиян келтіруі мүмкін екендігі айтылады.

– Енді БАҚ туралы заңның өзіне келейік. Ұлыбританияның тәжірибесіне сүйенсек, мұнда БАҚ туралы заң жоқ екен. Ақпарат құралдары белгілі бір Этика кодексінің аясында реттеледі. Мәселен, мерзімді басылымдар мен интернет басылымдарды Тәуелсіз басылымдар стандарттары ұйымы (IPSO), радио мен телевидениені Коммуникация кеңсесі (OFCOM) реттейді. Ал біз әлі күнге дейін БАҚ туралы заңды талқылап отырмыз. Қалай ойлайсыз, ақпарат құралдарын реттеудің уақыты келген жоқ па?

– Бұл жердегі мәселе құқық жүйесінің әртүрлілігінде. Мәселен, Ұлыбритания жалпы құқық жүйесінде болса, Қазақстан Азаматтық құқық жүйесінде. Жалпы құқық жүйесін таңдаған елдер заңдарды басшылыққа алғаннан гөрі, өзін өзі реттеу мәселесіне көбірек назар аударады. Ұлыбритания Еуроодақ құрамында болған кезінде Еуроодақтың бірқатар реттеу құжаттарын басшылыққа алды. Оның үстіне бұл ел әлі күнге дейін Еуропа Кеңесінің мүшесі. Еуропа Кеңесі Адам құқықтары жөніндегі Конвенцияны қабылдаған. Бұл Конвенция негізгі құқықтарды қорғауға арналған. Осы құқықтардың бірі БАҚ қызметін реттеуге арналады, сол нормалардың бірі негізгі заң болмаған жерде белгілі бір стандарттармен реттеу. Сондай-ақ, сот орындаушылық нормалары жақсы жолға қойылған. Бізде жағдай басқаша, Конституциядан бастап, барлық дүние заң арқылы реттеледі. Сондықтан да бізде БАҚ туралы заң бар. Демек мәселе екі елдің заңдық жүйесінде болып тұр. Бірақ стандарттар бірдей. Дефамация, мәселен, жеке құқық, журналистердің міндеті, ақпаратты  тексеру, баланс сақтау, барлығы халықаралық нормалар. Бұл нормалар Халықаралық адам құқығын қорғау декларациясынан туындайды.

– Қазақстанда ұмытпасам 2012 жылы Журналистердің Кәсіби этикасы қабылданған еді, қазір MediaNetwork Журналистердің базалық стандарттары жайында құжатты қабылдап, соны дамытуға күш салуда. Сіздің ойыңызша, бұл құжаттар жұмыс істей ме? Жоқ, әлде заң үстемдік ететін бола ма?

– Негізінде заң үстемдік еткен қоғамда өзін өзі реттеу және этикалық кодекстердің жұмыс істеуі әлсірейді. Егер медиа нарық өзін өзі реттеуге көбірек иек артса, онда заңның рөлі біртіндеп азая береді. Бұл жолы құзырлы министрліктің бізге айтқан сөзі бойынша, медианың өзін өзі реттеуіне көбірек басымдық беріп, медиа нарыққа араласуды азайтпақ. Әрине, бұл да әзірге сөз жүзіндегі мәселе. Іс жүзінде қалай болатынын әлі уақыт көрсетеді. Бюрократиялық аппарат кәсіпорын ісіне қатысуын тежесе, бұл медианың дамуына жақсы көмек болар еді.

– Рахмет

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар