Жыл басынан бері әлеуметтік желіні балалардың өлімімен толтырып келеміз. Сіз бен біз көрген, естіген, оқыған бала өлімінен бөлек, камера сыртында қалып жатқаны қаншама.
Алматы облысы, Ескелді ауданында 23 сәуір күні сағат 22:05-те жүйіткіп келе жатқан көлік, 36 жасар әйелді қолындағы қос бүлдіршінімен бірге қағып өлтірген.
17-сәуір күні Алматы облысы, Сарқан ауданында 4-5 жастағы баланың мәйіті қоқыстан табылған.
Наурыз айында Қостанай облысы Амангелді ауылында екі пәтерлі тұрғын үйде өрт шығып, үш кішкентай бала қаза тапқан. Ең кенжесі 2020 жылы дүние есігін ашқан екен.
Түркістан облысында жеке тұрғын үй өртеніп, 13 жасар екі бала қаза тапқан. Оқиға Сауран ауданы Бабайқорған ауылында болған. Ш. Қалдаяқов көшесінде орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, жалын 180 шаршы метрді шарпыды. Бірінші қабаттың төбесі опырылып, құлап түскен. Оқиға орнынан 13 жасқа енді толған екі жасөспірімнің денесі табылған.
15-мамыр күні 18:15-те Текелі қаласында лай көшкіні кезінде құлаған үйдің үйіндісінің астынан 2016 жылы дүниеге келген бүлдіршіннің мәйіті табылған.
Күні кеше ғана Текелі қаласында суға батқан баланың мәйіті табылды…”Балалар жылы” басталғалы қаза тапқан бүлдіршіндердің тізімін тоқтаусыз жалғастыра беруге болады.
Бала-болашағымыз. Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлкендердің міндеті. Міндетімізді қалтқысыз қашан орындаймыз?
Парақшамызға жазылыңыз