////

Нұртөре Жүсіп: Журналистің мәртебесін заңмен нақтылау керек. Бұл журналистерді әлеуметтік, құқықтық жағынан қорғайды

3113 рет қаралды

Қазір медиа қауымдастық “БАҚ туралы” заңның жаңа жобасын талқылап жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын журналист, сенатор Нұртөре Жүсіп “Журналистің мәртебесі” туралы мәселені көтерген еді. Біздің сенатормен бүгінгі әңгімеміз осы төңіректе өрбімек. 

Нұртөре аға, жақында Сенат қабырғасынан журналистің мәртебесі туралы мәселе көтердіңіз. Жаңылыспасам, бұл мәселені осымен бірнеше рет айтып отырсыз. Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ туралы жаңа заңды қолға алып жатыр екен. Біраз адам жұмыс тобына еніпті. Енді сіздің көтеріп отырған мәселеңіз осы заңның аясында қарастырылуы керек пе, әлде Журналистің мәртебесі деген басқа заң қабылдау керек пе?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге бірнеше рет айналып соғып, «Бұл өте өзекті мәселе, сондықтан оны жақсылап қарауымыз керек, егер қажет болса  Үкіметке тиісті тапсырмалар беремін. Алдағы уақытта журналистердің мәртебесі туралы заң қабылдаймыз. Иә, болмаса мен өзім Президент ретінде жарлығымды шығарамын» деп жауап берген еді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт  Кемелұлы Қаңтар оқиғасынан кейін Парламентке келіп он түрлі мәселені көтерген еді, соның жетіншісі осы журналистердің мәртебесі, жұмысының ашықтығы, анықтығы жайында айта келіп, Ақпарат министрлігіне БАҚ туралы заңды қайтадан жасау керек деген тапсырма берді. Бұған дейінгі менің депутаттық сауалыма Үкімет басшысы (ол кезде Премьер-министр Асқар Мамин еді) «2021-2026 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарға сәйкес, 2022 жылдың ІІ жартыжылдығында бұқаралық ақпарат саласында пікір білдіру, ақпарат алу, тарату бостандығын, БАҚ қызметін регламенттейтін жаңа заң жобасын әзірлеу жоспарлануда» деп жауап берген болатын. Басында осы қазіргі қолданыстағы заңға  өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсат болғандай болды. Одан кейін Президенттің тапсырмасына сәйкес, мүлдем жаңа тұрпатта БАҚ туралы заң қабылдау мәселесі туды. Мен де осы жаңа заңның қабылданғанын қолдаймын. Өйткені біздің қазіргі қолданыстағы заңымыз, егер жаңылыспасам 1991 жылы «Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары» туралы заң қабылданған. Бұл журналистерге алғашқы заңымыз еді. Ол кезде министріміз Қуаныш Сұлтанов болған. Сол заңға отандық БАҚ-ты дамытуға байланысты 1999, 2001 жылдары біраз өзгерістер енгізілген.  Содан бергі аралықта өзіміз айтып отырған журналист мәртебесі деген мәселе бірнеше рет көтеріліп, сөз болғанымен, биік мінберден депутаттық сауал ретінде бірінші рет жолданып отыр.

Мәселе неде? Мысалы, коронавирус пандемиясы кезінде Шектеусіз репортерлер ұйымы (Reporters without border) Коронавирус пандемиясының журналистика мен сөз бостандығына әсерін бақылау, бағалау және ақпаратқа қол жеткізу деңгейін насихаттау үшін «Трекер-19» деген қосымшаны іске қосқан екен. Халықаралық баспасөз институты да осы Covid-19-ға байланысты сөз бостандығының қадағалануына біраз зерттеу жүргізген екен. Сол кезде журналистердің психологиялық, денсаулық жағдайына ерекше назар аударады. Мәселен, коронавирустың алғашқы толқынында қаншама әріптесіміз бұл өмірден кетіп қалды ғой. Сол себепті де менің жаңа заң жобасынан журналистердің кәсіби міндетін адал атқару жолындағы мүмкіндіктері не және  кедергілердің болмауы үшін не жасауға болады, осыларды көргім келеді. Екінші әлеуметтік жағынан қорғау. Біз осыған дейін біраз заңдарды қабылдадық,  солардың бірі полиция қызметкерлері туралы, дәрігерлер туралы, ұстаздардың мәртебесі туралы заңдар. Ұстаздардың мәртебесінің заңмен бекітілгенінің арқасында, кезінде дипломын алып, мектебі құрысын деп кеткендер мектепке қайтып оралып жатыр. Неге, ұстаздың мәртебесі, қоғамдағы орны анықталды. Соған сай жалақысы да көтерілді, жағдайы да дұрысталып келе жатыр. Ал, журналистің мәртебесі қайда? Ол қандай болуы керек? Мәселен, өзің оқып жатқан Ұлыбританияда қандай?

– Бұнда журналистің мәртебесіне байланысты арнайы заң жоқ. Жалпы бұл жақта БАҚ туралы арнайы заң жоқ. Бірақ бұлардың мәртебесі арнайы этикалық кодекстермен реттеледі. Мен бұл туралы заңгерден арнайы сұраған едім. Неге біздің елде қызметтеріміз заңмен реттеледі, ал Ұлыбритания және басқа да дамыған елдерде өзін өзі реттеу мәселесіне басымдық береді деп? Ол кісінің айтуынша, мәселе біздің елдердің құқықтық жүйесінде екен. Бірақ, стандарттар біреу. Журналистің құқығы қоғамдық маңызды қызметтер қатарына енгізілген. Мәселен, журналистер қызмет барысында қайтыс болса, оған төленетін өтемақы деген сияқты, құқықтық мәртебе берілген. Дегенмен, мұнда да журналистердің өз мәртебелеріне көңілі толмайды. Қай жерде де журналист қорғалмаған деген пікір айтылады.

– Ең қауіпті мамандық ретінде шахтерлерден кейін осы журналистік мамандық тұр екен. Жарайды, журналист мәртебесін «Ұстаздар мәртебесі» секілді ерекше заңмен бекітпей-ақ қояйық. Алайда, қазіргі қаралып жатқан жаңа заңда арнайы қарастырылуы керек. Осы мәселені көтергеннен кейін маған бір тәуелсіз басылымның журналисі хабарласып, журналиске арнайы мәртебе берілетін болса, біздің еркіндігіміз шектеледі. Біздің арнайы тіркеуден өтуіміз керек болады. Сөз бостандығына нұқсан келеді, пікірімізді ашық білдіре алмай қаламыз, сіздің көтерген мәселеңіз біздің жұмысымызды қиындатады  деп алаңдаушылығын білдірді. Екінші, мен осы мәселені көтергеннен кейін біздің әріптестеріміз жан-жақтан араласып, осы мәселеге қатысты өз ұсынысын айтатын шығар деп ойлағам. Егер ұсыныстар жан жақтан түссе, мен оны арықарай жылжытуға әрекет ететін шығармын деген дәмем болып еді. Өкінішке қарай, мынауыңыз жақсы екен, дұрыс мәселе көтердіңіз деген пікірден басқа нақты ұсыныстар болмады. Тек журналист Исраил Смаил ғана, (өзі түрік тілін біледі, Түркияның түрлі ақпараттық агенттігімен жұмыс істеген), Түркияда журналистердің мәртебесі қалай қорғалады екен, сары карточка дегеніміз не, қызмет барысында қандай да бір жағдайға ұшыраса қандай кепілдіктер қарастырылған, осы жайындағы деректерді мен сізге тауып бере аламын деп хабарласты. Басқа нақты ұсыныстар келмеді.

Өткен аптадағы пленарлық отырыстан кейін журналистер мені қаумалап: «Сіз мәселені көтердіңіз, бірақ оның шешімін табу үшін не істеліп жатыр? Тек жұрттың көңілін аулап үшін ғана көтердіңіз бе?» деген сауалдың астына алды. Бірақ ол менің ғана қолымда тұрған дүние емес қой, журналистер осы мәселеде ынтымақтастық танытуы керек қой. Сол қаумалап тұрған журналистердің көбі менің депутаттық сауалымды оқымаған да. Негізі, басқа-басқа Парламентте тіркеуден өткен журналистер заң жобаларын, депутаттық сауалдарды оқып, іштей дайындықпен келсе дұрыс болар еді.

Мен ол жерде ең әуелі журналистердің әлеуметтік мәселесіне басты назар аударуды жөн көрдім. Мәселен, тұрғын үй, біздің журналистердің ең басты мәселесі. Астана, Алматы, Шымкент секілі ірі мегаполистерде бұл күйіп тұрған проблема. Менің ұсынысым бойынша, BI, MAC, Bazis секілді ірі құрылыс компаниялары бар, солардың журналистерге арнап үй салуын жолға қойсақ. Әзірбайжанда да журналистерге арнап көп қабатты үйлерді салып жатыр. Бішкекте де солай, дәрігерлер үйі, журналистер үйі, полицейлер үйі деп үйдің өзін сондай ретпен салады екен. Баяғыда есіңізде болса, Алматыдағы Төле би мен Момышұлының қиылысында «Тұрғын үй 91» деген бағдарлама бойынша Колбиннің салдырған үйі бар. Журналистер, баспагерлер тұрады. Тоғыз қабатты үй. Былайғы жұрт сол үйді баспагерлер үйі деп атап кетті. Мысалы, Шерхан Мұртазаның үйі дегендей. Бұл жерде біз баспананы тегін бер деп отырған жоқпыз, бірақ, сол үйді алудың бір оңтайлы жолдарын қарастыру керек. Журналистер әзір бастапқы жарнаны төлей алмайды. Жалақының көлемі белгілі. Күні кеше Үкіметтің халықтың әл ауқатына қатысты берген есебінде осы мәселені тағы көтердім. Қазақстан бойынша орташа жалақы 285 мың теңге болатын болса, «Қазақстан», «Хабар» және «Егемен Қазақстан» секілді мемлекеттік ақпарат құралында жұмыс істейтін журналистердің орташа жалақысы – 202 мың теңгенің көлемінде. Ал оны Үкімет 2025 жылға дейін кезең кезеңімен көбейтеміз деген. Ал ең төменгі жалақы 50-60 мың теңгенің көлемінде болуы мүмкін.

Екінші мәселе, денсаулық, әлеуметтік кепілдіктер, мәселен, пандемия кезінде қайтыс болған дәрігерлердің отбасына 10 миллион теңге өтемақы төледі, ал біздің әріптесіміз Жолдасбек Дуанабай қайтыс болып кетті. Ол кісінің отбасына бір тиын да төленбеді.

– Журналистерді баспанамен қамтамасыз етуге қатысты жұрт арасында, «бұл журналист тәуелді етудің амалы, бұдан кейін журналистің еркін қимылдауына мүмкіндік болмай қалады» деген пікірлер бар. Сол үшін тәуелді болмаудың амалдарын қалай қарастыруға болады?

– Жаңа Қазақстанда басталған реформаларды, жақсы жұмыстарды, нәтижені өзіміз жүректен сезініп насихаттап жазу үшін, біздің жағдайымыз жақсы болуы керек пе, жоқ па? Мысалы, баспанасыз жүріп, сіз елде баспана мәселесінің шешіліп жатқаны жайында жүрекжарды материал дайындай алмайсыз ғой. Айталық, жоғарыда атап өткен құрылыс компаниялары аталған үш мегаполисте үш үй салса, біраз әріптестің жағдайы жақсарар еді. Ол компаниялар Үкіметке тәуелді емес, ал журналист үйді салған құрылыс компаниясына да тәуелді болмайды. Өйткені олар оны тегін алмайды ғой. Мәртебе дегеннің өзі қайдан шықты, журналистер елдегі түрлі жеңілдетілген бағдарламаларға қатыса алмайды, тұрғын үй кезегіне тұра алмайды, жастарға арналған бағдарламаларға жас журналистер қатыса алмайды. Ақпарат құралдарының көбі жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып есептеледі. Яғни, оның қызметкерлері жеке сектордың қызметкері. Біз идеологиялық тұрғыдан мемлекеттің сөзін сөйлейміз, сойылын соғамыз, екінші жағынан жекеменшік өз мәселесін өзі шешеді деген қағида бар. Екі ортада журналист не бай да емес, не түрлі әлеуметтік топқа да жатпайды. Сол себепті де, құрылыс компаниялары үйлерді нысаналы түрде салатын болса, көп жеңілдік болар еді. Біздің әріптестеріміз бастапқы жарнаны төлей алмай отыр. Өйткені айлық өте төмен. Ал жалақыны барлық ақпарат құралдары көтере алмайды. Тегін ешкімге үй жоқ, ол анық нәрсе.

– Журналистің әлеуметтік мәртебесімен қоса, журналистің құқықтық мәртебесі деген бар. Ол қандай болуы керек? Әрі БАҚ қызметкерлері деген категорияға тек журналистер ғана жатпайды, өзіңіз айтып өткен, журналистиканың қара жұмысын атқаратын корректорлар, операторлар да осы категорияға енеді. Журналист мәртебесі дегенде бұл кісілер қай санатқа жататын болады?

– Бұл үлкен мәселе. Біз БАҚ саласында тер төгіп жүрген барлық қызметкерді осы санатқа енгізуіміз керек. Соны медиа индустрияны арнайы сала ретінде дамытудың қандай жолы бар дегенді іздестірсек. Екіншіден, қазір блогерлер де журналист болып жүр. Дегенмен, кәсіби журналистер мен әуесқой журналистердің аражігін ашу керек сияқты. Өйткені, журналистикаға көлденеңнен қосылғандардың тілдің тазалығын бұзғанын былай қойған күннің өзінде, қоғамдық жауапкершілікті сезінбей отырғандығы байқалады. Менің ойымша, құқықтық мемлекет құру жолында әркім өзіне де, сөзіне де жауапты болуы керек сияқты. Мәселен, Германияның «Штерн» журналына сын мақала жарияланатын болса, одан кейін оны ешкім сотқа бермейді. Бізде сын материал жарияланса, азаматтық арым мен намысым тапталды деп сотқа сүйреп жатады. Осы мәселе де біздің БАҚтың алға басуына біраз кесірін тигізді ғой деп ойлаймын.

– Бұл жерде журналистің көтеріп отырған мәселесін нақтылау керек. Ол жеке мәселе жайында жазды ма, жоқ қоғамдық мүдде тұрғысынан сөз қозғады ма? Мәселен, біздің заңдарда қоғамдық мүдде туралы түсінік жоқ, сондай-ақ, қоғамдық тұлға туралы да нақты түсінік жоқ. Қарастырылып жатқан заңдарда осы мәселеге басымдық беру керек. Егер, журналист қоғамдық мүдде тұрғысынан мәселе көтергендігін дәлелдей алса, жеңеді. Дәлелдей алмаса, жеңіледі. Екіншіден, ұсынып отырған фактілердің нақтылығы аса маңызды. Егер верификация жасалмаса, фактілер дәлелденбесе, онда сот процесі өте қымбат, әрі оны жеңілген жақ төлейді. Сондықтан, журналист әрбір сөзіне абай болуға мәжбүр.

– Олар иненің ұшында жүргендей ғой. Бір рет репутациясынан айрылса, ол адамды қайтып ешкім журналистиканың маңына жолатпайды. Бізде де өлшем осындай болуы керек. Сіз ақиқаттың жаршысыз ба, шындықтың жолындасыз ба, онда өтірікті жазба. Біздің кезімізде шығармашылыққа деген адалдық бар еді. Қазір кейбір сайттар мақаланы ақшаға шығарады екен немесе бір блогердің бір постысы пәленбай ақша тұрады екен дегенді естимін. Өз басым соны қабылдай алмаймын. Журналистиканы саудаға салу дұрыс емес.

Жоғарыда айтып өткеніңіздей, қоғамдық тұлға, қоғамдық мүдде деген нақты түсінікті енгізіп, соның мәртебесін нақтылау қажет. Қоғамдық тұлғалар туралы ақпараттардың жариялануы ол адамдардың ар намысына нұқсан болмауы тиіс. Бізде «өз бейнесіне құқық» деген бап бар. Ол жерде суретті рұқсатсыз басуға болмайды делінген. Ал қоғамдық тұлғалар осы бапты көлденең тартып, соттасып жатады. Егер сіз қоғамдық тұлға болсаңыз, онда неге суретіңіздің жарияланғанына қарсысыз?

– Мемлекеттің ақпараттық саясатын қалай өзгертуге болады? Өйткені бұл ақпараттың дамуын қамтамасыз ете алмай отыр.

– Қаржыландыру көздері мемлекеттік тапсырыс арқылы және тендерлер арқылы жүзеге асады. Мәселен, «Хабар», «Қазақстан», «Егемен Қазақстан» және «Қазинформ» секілді мемлекеттік ақпарат құралдарына тендер жүрмейді. Олар тікелей мемлекеттің тапсырысын орындаушылар. Ал облыстың ішкі саясаты арқылы тендер ұтып отырғандар бар. Тендер электронды болғандықтан оған қатысу ашық, біршама әділ өте бастады. Бірақ, мұнда бір мәселе бар. Мәселен, бір облыс өткізген ақпараттық тапсырысты басқа бір облыстың ақпарат құралы арзан баға ұсынып ұтып алады. Алайда олар бұл облыстың ішкі ахуалынан бейхабар ғой. Қалай тапсырысты орындай алады?

– Сондай-ақ, бұл жерде тағы бір мәселе бар. Тендер жүргізіп отырған компаниялар сіздің сайтыңыздың қаралымының жоғары болуын талап етеді. Ал біздің оқырман сапалы дүниені оқымайды. Мүмкін мемлекеттің ақпараттық саясатын өзгерту керек шығар?

– Біздің редакциялар өздерінің редакциялық құрамынан әлдеқайда қысқарды. Оның орнына сайт нұсқасы ашылды да, сайтқа адам көбейді. Қазақстанның халқы 19 миллион. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдерді алып тастасақ, өткенде сайлауға келген 11 миллион қалады екен. Сонда бір оқырманға қанша сайттан келіп жатыр? Бізде қазір 4,5 мың ақпарат тіркелген: 184 телеарна, 79 радио, 790 ақпараттық агенттік, 2964 мерзімді баспасөз (80,8%) бар: оның ішінде 1859 газет, 1105 журнал тіркеліпті. Осының бәрі рейтинг жолында тұр.

– Негізі ақпараттың көбейгені жақсы, алайда олар сапалы ақпарат таратса. Журналистік стандарттарды басшылыққа алса.

– Кезінде Дархан Мыңбай министр болып тұрғанында журналистердің этикалық Кодексі деген қабылданған еді. Бірақ, Кодекс сол жерде қалып қойған секілді. Оның нормалары қазір жұмыс істеп жатқан жоқ. Меніңше, біздің азаматтардың мәдениетіне, ішкі тәрбиесіне, ұлт алдындағы жауапкершілігіне көп нәрсе байланысты шығар деп ойлаймын. Абай атамыз айтқан еді: «Атаның баласы болма, Адамның баласы бол» деп. Неге дейсіз ғой? Адами, адамзаттық құндылық бәрінен жоғары тұрғанын Абай атамыз бізге өнеге қылып кетті. Абайдың ілімінен асқан ілім жоқ. Абай да, одан кейінгі қаламгерлердің атын шығару үшін арзан сөз қууына болатын еді. Бірақ, ешқайсысы ондайға барған жоқ. Қазіргідей жаһандық қауіп қатерлер кезінде, біздің бірінші ұстанымымыз мемлекетіміздің болашағы болуы тиіс.

–  Бізде журналистер екі лагерьге бөлінеді. Мемлекеттік және оппозициялық. Оппозициядағы журналистер үнемі өз өкпелерін айтып жүреді. Біз үнемі шетқақпай боламыз. Аккредитация бермейді, деген сияқты. Сіз өзіңіз оппозициялық басылымды басқардыңыз кезінде. Сіздіңше, журналистерге қатысты дискриминация бар ма?

– Меніңше, қазіргі қолданыстағы БАҚ туралы заңның өзінде журналистерді аккредитациядан өткізуде ешқандай шектеу жоқ. Мысалы, бізге «Азаттық» та келіп жатыр. Басқа да басылымдарға жол ашық. Оппозиция дегеніміз көзқарастың өзгешелігі ғой. Бірақ, бір нәрсені түсінуіміз керек, көзқарасымыз сан алуан болуы мүмкін. Бірақ мүддеміз бір болуы керек. Сондықтан мен елдік, мемлекеттік мүдде жолында жүрген кез келген әріптесіме қолдау білдіремін. Бізде адамдарды көзқарасына бола ұнатпайтын большевизмнен қалған бір кері көзқарас бар. Ал мемлекетіміздің дамуы үшін кез келген көзқарас құнды. Ол үшін екі лагерьге бөлінудің қажеті жоқ. Өйткені Қазақстан ортақ, оның игілігін басқа ешкім жасап бермейді. Мемлекеттік тілдің мәртебесінің күшеюі үшін де ақпаратымыз дұрыс болуы керек.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар