////

Бағжан Октябрь ерекше өнерімен оралдықтарды тәнті етті

3449 рет қаралды

9 маусым Бағжан Октябрьдің арқасында виолончель аспабын сүйіп тыңдайтын Оралдықтар үшін мереке болды десек артық болмас. “Терапия души” атты концерттік тур аясындағы концертке 2 ай бұрын алдын ала билет алып, асыға күткен жас музыканттың жанкүйерлері залды толтырды. Қаламыздағы Хадиша Бөкеева атындағы Қазақ драма театрындағы әдемі кештің куәсі болдық.

2 сағат жарымға созылған концертте Бағжанның репертуарындағы өнерсүйер қауым жатқа білетін  шығармаларының барлығы дерлік орындалды. Залдағы көрермендер бір уақыт ұйып тыңдап, келесі бір сәтте көз жасына ерік беріп, ал одан кейін шын жүректен қуана күлді. Орындалған шығармалардың ішінде концертте бүкіл зал болып, қосылып шырқау дәстүрге айналған «Ана туралы жырды» көрермендер де нақышына келтіре орындады. Алайда, зал тек осы өлеңді емес «Балқадиша» мен «Балапан қаз» әнін де қосыла шырқады. Классика да, атақты түрік және корей сериалдарының әуендері де ойналды. Концерт бағдарламасының тағы бір ерекшелігі Бағжан көрермендерді өзі орындайтын әуенге вальс билеуге және өзі үзіліс жасап, алдыңғы қатарда отырған қыздардың біреуін биге шақырды. Оралдықтар бірден сахнаға жүгірмеді, содан кейін музыкант қонақтарды өзі шақырып, сахнада вальс ырғағымен шыр айналуға мүмкүндік берді. Басқа концерттер де қалай болғанын қайдам, біздің қыздар сол алдыңғы қатардағы қызға толық билеуге мұрша бермеді. Дәл сол сәтте олар үшін көрермен мәдениетінен, өнер иесіне деген сүйіспеншілік сезімі басым болды-ау деп түсіністік таныттым.

Концерт басында Бағжан Оралдағы көптен күткен күннің жеткеніне қуанышын жасыра алмай, – Бұл концерттің форматы өте ерекше. Бұл жақта ешкім болмайды, тек қана сіздер, мен және сіздер сүйіп тыңдайтын виолончель аспабының үні. Сол себептен берер кеңесім осы залға кіргеннен есіктің сыртында үй, тіршілік, жұмыс, бүкіл ауыр ойлардың барлығын қалдырыңыз. Дәл осы сәтте, осы сахнада болыңыздар. Шын ниетіңізбен күліп, жылап, сезімді ұстамаңыздар, – деп өз әлеміне шақырды.

Шығармаларын орындау барысында үзіліс жасап, гастрольдер барысындағы қызықты оқиғаларын да айтып үлгерді. Мысалы, өзімен бірге сахнада күй ойнап, өнер көрсетуге шыққан Оралдың өнерпаз қызына қатысты оқиға. Ол концертке билет алуға үлгермей қалыпты. Сөйтіп, күн сайын Алладан маған Бағжанның концертінен бір орын бере көр деп тілеген. Бағжан болса өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында үнемі «Армандаңдар, армандар орындалады» деп көп айтады. Оралдан домбырада ойнайтын қыз бала іздегенде осы қызды ұсынған. Ал, сенбей көріңіз осыдан кейін армандардың орындалмайтынына.

Уақыттың қалай тез өткенін байқамай қалғанымызды қалай жасырайық. Көрермендер концерт соңында ұзақ қол соғып, өнеріне тәнті қылған музыкантпен қимай қоштасты. Бағжанның концерттерінің тағы бір ерекшелігі, дәстүрі десек те болады. Өнерін сүйетін жандар концертке ата-анасын, жақын жандарын, достарын шақырады. Мұндай адамдар Оралда да болды. Олардың кейбіреуімен сұхбаттасып та үлгердік.

Гүлжан, Орал қаласының тұрғыны:

– Мен, Бағжаннан бұрын хорват скрипкашысы Степан Хаусерді тыңдайтынмын. Әлеуметтік желі нені көресің, соған орай саған парақшаларды жарнама жасайтыны бар ғой. Бір күні Бағжанның өнерін көріп қалдым. Біздің қазақта да осындай виолончелист жігіт бар екен ғой деп қуанып, өзім парақшасына жазылдым. Анамды да осы парақшаға жазып қойдым. Содан Бағжанның парақшасындағы жаңалықты жібермей, қарап отырамыз. Сосын мүмкіндігі келсе, Бағжанның концертіне барамын деп жоспарлап жүргенмін. Сәуір айында Бағжанның қаламызға келетінін біліп, екі ай бұрын екі билет алдым. Концерт өте әсерлі. Көптен тыңдап жүргесін, барлық шығармаларын жатқа білемін деп айтуға болады. Өте ұнады. Өте қуаныштымыз. Бағжанның өнеріне табыс тілейміз, атақты классик өнерпаздар секілді, ол да есімі әлемге әйгілі музыкант болсын деген тілек айтамыз.

Гүлжанның анасы, Ұлдай: 

– Бүгінгі Бағжанның концертіне келгенде менің байқағаным негізінен өнерін бағалайтын жастар екен. Ал, менің жасымдағылар сирек келеді екен. Бағжанның өнерімен таныстығым қызымның оның өнеріне деген сүйіспеншілігінен басталды десем болады. Сол кезден өте мағыналы, мәнді шығармалар орындайтынын және орындау шеберлігінің жоғары деңгейін білдім. Телефоннан тыңдаған бөлек, бүгін көзбе-көз көргенде шығарманы сондай беріліп тыңдадым. Өзі де сондай жағымды. Шығармаларды орындауының бізге берілуі, жағуына да осының өз әсері бар. Бағжанның өзі айтқандай жастық кезімді еске алып, сүйсініп тыңдадым. Кейбір концерттерге барғанда, көңілің толмай, ақшасын төлегесін, әйтеуір көріп қайтасың. Бұл біздің арамызда жаңадан танымал болып отырған аспаппен өтетін жеке концерт, қалай болады екен осы деген ой да болды. Өте тартымды болды. Скрипка класында оқитын 10 жастағы немере қызымды алып келдім. Өзінің оқитын бағытына сүйіспеншілігі артсын, талаптансын деген оймен. Ұнамай қалды ма, жаратпай отыр ма деп көзімнің қырымен қарап қоямын. Жоқ, ол да беріліп, жақсы тыңдап отыр. Жаңағы, вальске шығыңдар деген кезде шықпағаныма өкініп қалдым. Көпшілігі жастар болғасын шықпап едім, негізі мен де вальсте айналатын едім. Бағжан баламның Қазақстандық, шетелдік шығармаларды орындап, сол жерлерде әдемі видеолар түсіріп жүргені де тыңдармандарды, шетелдіктерді де қызықтырады. Өзінің орындаушылық дәрежесін өте жоғары деңгейге жеткізген, еңбекқор бала деп ойлаймын. Жұмысы жемісті болсын. Біздің қазақтардың ішінде де осындай сирек музыкалық аспаптарды меңгерген балалар көп болсын. Өзім де музыканы жақсы көремін. «Ару аналар» атты ансамбль мүшесімін. Екі немерем бар домбыра сыныбын аяқтаған. Өнерді сүйген, өнерлі болған жақсы. Өнерге, әдемілікке қарап жастар түзеледі деп ойлаймын».

Айзере, Ақтөбе қаласындағы медициналық университеттің 5-курс студенті

Бағжан Октябрьді бір жыл көлемінде танимын. Парақшамда видеоларының жарнамасын көріп білгенмін. Құрбылар бір-бірімізге видеоларын жолдап, осы арқылы арамызда танымалдылығы арта бастады. Өзім Ақтөбеде оқығандықтан, Ақтөбеге қашан келесіз деген сұрақты өзінің жекесіне де қоя бердік. Уақыт өте келе, екі ай бұрын Бағжанның концертіне афиша жарияланды. Афишасында Орал қаласында да концерт беретінін білген соң, бірден анам екеумізге билет алдым. Анам екеуміз рухани демалысты жақсы көреміз. Ол да бір демалыс, күнделікті тұрмыс-тіршілік, жұмыс, басқа да шаруадан демалудың бір амалы. Сондықтан, анам екеумізге демалыс сыйладым. Бүгін міне көптен күткен концерт. Сезімге ерік беріп, көңіліміз де түсіп, арманымызды асқақтатып, жақсы сезімге бөлендік. Концерт бізге қатты ұнады.

Анықтама үшін: 

Бағжан Октябрь, Оңтүстік Қазақстан облысының, Қазығұрт ауданында дүниеге келген.

2002 жылы отбасымен Алматыға көшіп келген.

6 жасында әкесі Бағжанды А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатына оқуға береді.  Содан бері осы виолончель аспабында ойнап келеді.

Ең алғаш концертін 2021 жылдың 6 желтоқсанында Алматы қаласында Республика сарайында берген.

2022 жылғы ақпан айынан бастап @Classica_shakyr атты балаларға арналған классикалық музыка шараларын өткізеді.

Фото автордыкі

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар