///

Айсәуле ӘБІЛДА, продюсер: Жеңілдіктерді рәсімдеу үшін жинайтын құжаттар көпбалалы аналарды шаршатады

4523 рет қаралды

Қазақстанда көпбалалы аналар мәселесі 2019 жылдан бастап жиі қозғала бастады. Одан бері көпбалалы аналардың статусы айқындалып, бірқатар жеңілдіктер жасалғаны белгілі. Біз бүгін көпбалалы ана, продюссер Айсәуле Әбілда ханыммен көпбалалы ана болудың мәні жайлы әңгімелестік.

 – Көпбалалы ана болудың мәні неде, жауапкершілігі қандай?

– Көпбалалы ана болудың мәні – сені шексіз жақсы көретін адамдардың болғанын сезіну деп ойлаймын. Ал жауапкершілігі – орасан зор ғой. Шыны керек оның жауапкершілігін толық сезініп көп балалы ана болдық па, жоқ әлде бала махаббатына көбірек шомылу үшін немесе өз махаббатыңды өзгелермен бөлісу үшін көп балалы ана болдық па, оған дәл қазір жауап тауып айту қиын. Адам баласы өмірдің мәнін өле-өлгенше іздеуі мүмкін. Көп балалы аналар өмірдің мәнін өзгелерден гөрі ертерек табатын шығар деп ойлаймын.

Қазір кезең басқа. Өмірлік ұстанымдар, дәстүрлер мен қағидалар кешегіден өзгеше заманда аналардың мойнына артылар жүк өте ауыр. Бұрынғыдай бір баланы бір бала бағып өсіретін заман емес.

– Қарапайым көп балалы ана мен продюссер, тұрақты жұмысы бар көпбалалы ананың ара салмағы жайлы не айта аласыз?

– Қарапайым көп балалы ананың да, продюссер, тұрақты жұмысы бар көпбалалы ананың да өзіне тән қиындығы мен жауапкершілігі бар. Мысалыға алсақ, қарапайым көп балалы ана таң ертеңнен кешке дейін балаға өзі жауапты болуы мүмкін. Ал тұрақты жұмысы бар ана қосымша көмекші шақырады немесе балаларды қосымша орталықтарға тапсырады, ол да бір жауапкершілік. Өзім тұрақты жұмыс істейтіндіктен, әке-шешемнің көмегіне жүгінемін, олар маған үнемі қол ұшын созады. Жалғыз өзім баланы да бағамын, жұмысты да істеймін деп айта алмаймын.

Бірақ біз өзімізді өзгелермен салыстырып өскен ұрпақпыз ғой, бізді де көп салыстырған, әлі де салыстырамыз. Сондықтан, үйде отырған келіншектер «осылар да бес алты баланы туып жұмыста жүр, қалай бәріне үлгереді?», – деп ойлауы мүмкін. Негізі жұмыстағы келіншектер бәріне үлгермейді, олар қосымша кісі жалдайды яки туыстары көмектеседі. Біреудің өмірі біреуге 24 сағат бойы көрініп тұрмағасын, тым оңай көрінуі мүмкін. Сондықтан, мен мынаның өмірі жеңіл, мынаның өмірі ауыр деп айта алмаймын, азаннан кешке дейін балаға қарап, бағып-қағып, әр нәрсені түсіндіріп үйде отырсаң да, продюссерлік секілді салмақты жүк арқалайсың. Физикалық тұрғыда да, эмоционалдық тұрғыда да оңай емес. Дегенмен, үйде жүруден, ас бөлмеде жүріп тамақ пісіруден, тек қана бала-шағаның шаруасымен жүруден кей адам ләззат алады, жанына жақын болуы мүмкін. Сол себепті аналарды жұмыс істейтін, үйде отыратын деп бөліп жарудың қажеті жоқ. Олардың мойнындағы жүк бірдей, мен жұмыс істеймін екен деп, көп баланың анасы жеген жауапкершілік мойнымнан түспейді. Қалай да балаға алаңдап, қадағалап отырамыз.

– Шетелде оқып келдіңіз, ел ішін көп аралайсыз. Сіз оқыған шетелде көп балалы аналардың қоғамдағы орны қандай?

– Шетелдегі көпбалалы аналардың қоғамдағы орны туралы арнайы зерттеп, сондай ортаға барып, бақылап отырмағасын нақты айта алмаймын. Бір білерім, көпбалалы деп нақты бөлгені есімде жоқ, дегенмен, бала көбейген сайын, сіздің кірісіңізді санап, жан басына шаққанда белгілі бір мөлшерден аз болса, медициналық қызметтерді тұтынуға, оқуға түсуге көмек береді. Табыс төмен отбасыларды жеке бөліп, белгілі бір көмектер көрсетеді. Біздегідей, ұшан-теңіз көмек жоқ, кез-келген грантты еңбектеніп барып аласыз. Ал табысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек жақсы көрсетіледі. Мәселен: мектепке тегін киім, тамақ беріліп, ақысыз медициналық қызмет көрсетіледі. Америкада тұрған адамдардың көбінен естігенім, аяғы ауыр кезде жеті айында біздегідей декреттік демалысқа кету, босанған соң бала үш жасқа толғанша жұмыс орны сақталу деген секілді жағдай жоқ. Тек Google секілді үлкен-үлкен компанияларда ғана мұндай жағдай бар көрінеді. Біздегідей, жаппай декреттік демалыс, бала күту демалысы деп ешкімді жібермейді. Жұмыс орны тек төрт айға ғана сақталады екен. Ол жақта тағы бір байқағаным, ана сүтінің пайдасы жайлы, көп ақпарат тарайды. Себебі ол жақтағы аналардың балаларын ұзақ емізуге мүмкіндігі жоқ, жұмыссыз жүре алмайсың. Бәсеке де жоғары, жұмыстан айырылып қалу өте қауіпті. Себебі күнделікті өмір сүру шығыны тым көп. Сол себепті аналар декреттік демалысқа шықпай жұмыс істей бергенді жөн санайды.

ЖЕҢІЛДІКТЕРДІҢ БАРЛЫҒЫН БІРДЕН КӨРЕ АЛАТЫН БАЗА ЖОҚ

 – Көп балалы ана ретінде қандай да бір жеңілдік алдыңыз ба? Елдегі көп балалы аналарға жасалған жағдайларға көңіліңіз тола ма?

– Салыстырмалы түрде, «біздің елде көпбалалы аналарға мүлдем көңіл бөлінбейді» деп бет шымшып айтатындай емес. Айтарға сөзім жоқ, өте жақсы жағдай жасалған, деп таңырқай да алмайсыз, жоққа да шығара алмайсыз. Әйтеуір, көңіл бөлінетіні рас, қандай да бір мүмкіндіктер, үй кезегіне тұруға, көлікте тегін жүруге жеңілдіктер қарастырылғаны рас. Мәселе осы жеңілдіктердің қалай жүзеге асып жатқанында. Жемқорлық араласып, кезегі жақындап қалған ананың кезегі кері ысырылып кетіп жатса, әрине, дұрыс емес. Көптен бері ойымда жүрген бір мәселе көпбалалы аналарға жасалған жеңілдіктердің барлығын бірден көре алатындай база жоқ.  Мәселен, көпбалалы ана баласын балабақшаға тез орналастыра алады, мен екі баламды солай орналастырдым, кезек тез жылжыды. Кинотеатрларға кіруге белгілі бір пайызда жеңілдік қарастырылған, Астанада арнайы карточка алсаңыз, қоғамдық көлікте жүру тегін. Алайда, осындай мүмкіндіктерді көп адам біле бермейді, оны көрсетіп отыратын тетіктер қарастырылмаған.

Араб мемлекеттерін, Еуропаның кейбір елдерін, Финляндияны мысал етіп, ол жақтағы адамдарға жақсы жағдай жасалған деп жиі айтамыз, бірақ ол жақта жан басына шаққандағы көрсеткіш жоғары ғой. Еуропада тұру Қазақстанда тұрумен бірдей емес, оларда салық та көп, өмір сүру шығыны да  аз емес. Біз Америкада оқыдық, ол жақта да ай сайынғы үй жалдау өте қымбат. Араб мемлекетін де бізбен салыстыруға келмейді. Әрине, қай елді алсаңыз да, жақсы екен деп айтатын мысал көп, дегенмен өзіміздегі барды жоққа шығаруды құптамаймын. Табиғатымнан оптимистпін, қаражат керек болған кезде төрт балаға берілетін 49 000 ға қатты қуандым. Биыл ол 54 000 болды. Енді басқаша типтегі адамдар оны түкке тұрғысыз, бір аяқ киімге жетпейді, деп айтуы мүмкін, ол да рас. Жақында ғана көзіме очки жасататын жерде көпбалалы ана болғаным үшін жеңілдік алдым. Сондай-сондай талпынуға болатын мысалдар көп.

Мән беретін тағы бір жайт, көпбалалы ананың санасы тұтынушылық санаға айналып кетпеуі керек. Үнемі тұтынушылық санада болу адамды тоқыратады. Туа сала неге бүйтпейді, неге сүйтпейді, деу адамның жеке дамуына үлкен кедергі. Ертең ондай санамен балаларымыздан да, мемлекеттен де, жан-жағымыздың бәрінен бірдеңе күтіп жаман үйреніп кетеміз. Өмір ғой, бұл жолды өзіміз таңдаған соң көпбалалы болғанымызды міндетсініп, жан-жағымыздағы адамдарды шаршатып алмауымыз керек. Бізге баланы Алла-тағала берді, шама-шарқымызша өсіріп жүрміз, алайда бала ертеңгі күні бізді бағуға міндетті емес, балаларымның олай өскенін  қаламаймын.

– Біздің елдегі көпбалалы аналардың қай мәселесі сізді толғандырады?

– Көпбалалы ана ретінде мені құжатбастылық, қағазбастылық, бір жерге бару үшін пәленбай қағаз жинап, бір нәрсені дәлелдеу керек екені қатты толғандырады. Мәселен, Астанадағы қоғамдық көлікте тегін жүруге қажет карточканы алу үшін 1040 қағаз жинау керек екен. Ол құжаттың барлығын жинау үшін де бірнеше күн жүру керек. Мен көлік айдаймын, ал көлік айдай алмайтын аналар ол құжаттарды қалай жинайды?.. Кейінірек, бұл құжаттарды жинау жеңілдеді-ау деймін. Сосын көпбалалы аналардың жеке дамуына жағдай жоқ, бала энергияны көп алады. Таңнан кешке дейін баламен ғана отыратын аналарға арналған арнайы орталықтар ашылса. Арасында аналар барып, балаларын ойнатуға қалдырып, өзіне көңіл бөле алатындай немесе кеңес ала алатындай мүмкіндік тудырса деп ойлайсың…

Жеке өзім көпбалалы аналарға жасалатын жағдайлар тұтынуға емес, жеке дамуына, балаларының дамуына бағытталса деп ойлаймын.

Астана қаласында көпбалалы аналарға арналған киім өткізіп, киім алатын әлеуметтік орталық бар. Осындай орталық басқа қалаларда да болса екен деп тілеймін. Себебі қазір бізде консюмеризм (тұтыну культі, көп нәрсеге ие болуға ұмтылу, атақты брендтердің тауарларын сатып алу т.б) белең алып тұр ғой. Сән жылдам өзгеретін болды, содан да адамдар ойлана алмай, жоқ ақшасына зат алатын болды. Көпбалалы аналарға да балалары жылдам өсетін болғасын көп киім керек. Оның экологиялық тұрғыда шешілетін жолы өз баласының қысқарған киімін, өткізіп, басқа киімдерді алатын жобалар жасау. Сонда біз экологияға да аз зиян келтіреміз. Себебі шүберектер, әсіресе, табиғи емес маталар, қоқысқа кетеді. Соның барлығын жерге көмеді, ол қанша жылда шіритіні белгісіз, өртесе де табиғатқа зиян. Әрине, қазақта қысқарған киімді туыстарға беретін жақсы әдет бар. Оның өзі де өзгеріп бара жатыр. Жаңа киім сатып ала берген табиғатқа да зиян, қаржыға да салмақ. Сол себепті неғұрлым табиғатқа зиян келтірмей бала өсіруге дағдылансақ деген ниетім бар.

–      Әңгімеңізге рақмет!

Бұл жоба –  АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында дайындалды.
“Мінбер” ақпарат агенттігі ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар