///

«Цифрлы Қазақстандағы» интернет желісі жоқ ауыл: Кеткен әкімнің уәдесін келген әкім орындай ала ма?

3808 рет қаралды
Кепебұлақ аулының көрінісі

Мінбер.кз сайтына Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кепебұлақ аулының тұрғындарынан хат келді. Ауылда интернет желісі мен ұялы телефон байланысы жоқ деген мәселе көтерілгелі 10 жылдан астам уақыт өтсе де мәселе шешілмей келеді екен. Кетпен ауылдық округінің  құрамындағы шағын мекен аудан орталығы – Шонжыдан оңтүстік-шығысқа қарай 77 км-дей жерде. 1999 жылы тұрғындар саны 621 адам (313 ер адам және 308 әйел адам) болса,  2009 жылы санақ бойынша 579 адам (288 ер адам және 291 әйел адам)  болған екен.

Шағын ауылдың жанайқайын жеткізген хат мәтіні мынадай:

2010  жылдан  бері  Кепебұлақ  ауылының  тұрғындары  ауыл және аудан әкімдеріне интернет қою туралы өзекті мәселені көтеріп келе жатыр. Алайда, арыздарымыз бен өтініштеріміз жауапсыз қалып отырды. Он жылдан бері осы мәселені барынша көтеріп келе жатырмыз. Ауыл әкімі де, аудан әкімі де бұл жағдайдан хабардар, соған қарамастан еш әрекет жасамады. Ұйғыр ауданында  отыздан аса ауыл бар. Солардың ішінде Кепебұлақ ауылында ғана интернет желісі мүлде ұстамайды. Көрші ауылдарда (3G, 4G) қуаты жоғары интернет желілері орнатылған. Қай жерге арызымызды көтеріп апарсақ та, бәрінің берер жауабы бір. Бәрінің айтатыны:«Сендердің ауылдарыңда интернет ұстамайды…)

     ХХІ ғасыр  – озық технология мен ақпарат ғасыры. Қазақстан Республикасы бүгінде дамушы озық елдердің қатарында. Еліміздің түкпір-түкпіріне интернет желілері қойылып жатқанда, неге Кепебұлақ ауылына осы интернет  желісі орнатылмасқа? Ауылымыз шынымен де шағын. Бірақ  еліме, жеріме қайтсем де өз үлесімді қосамын деген жастарға ауыл көлемі маңызды емес. Небір ұлы ойшылдар, ақындар мен ғалымдар осындай шағын ауылдардан шыққан. Біз көп нәрсе сұрап отырған жоқпыз.  Жастарды ауылға тарту мәселесі Президентіміздің әрбір жолдауында баса айтылады. Өкінішке қарай, біздің ауылда жастарды ұстап тұру мүмкін емес. Барлығы «ауылда интернет ұстамайды» деп қалаға кетіп жатыр. Мектеп оқушылары сабаққа қатысты және басқа да танымдық дүниелерді қосымша іздей алмайды. Мектеп мұғалімдерінің өзі онлайн курстар кезінде биік төбешіктер мен көрші ауылдарды аралап кетеді. Ал мектеп оқушылары болса, ауылда интернет желісі болмағандықтан, індет кезінде еріктілер арқылы тапсырма мен дәптерлер тасымалдап оқытылды. Бұл қандай білім болады? Осы өзекті мәселемізді әлемде орын алып жатқан COVID-19 індеті одан сайын арттырып жіберді. Індет басталысымен жастар мен студенттер ауылға қарай қашықтықтан оқу үшін келген. Бірақ, олар індетке қарамастан қанша қауіпті болса да  алыс аймақтардағы туыс-туғандарының үйіне кетіп қалды. Туыс – туғандары жоқ кейбір студенттер ауылда қалуға мәжбүр болды. Олар бүгінде суық күнге қарамастан биік тауларда әлсіз интернет желісімен сабақ оқуда. Бұл жағдай студенттердің сабақ үлгерімдеріне кері әсерін тигізбей қоймасы анық.

Қашықтан оқу кезінде көрші ауылдарға

қатынасып оқыған студент Айерке Сайран.  

Барлық ауыл тұрғындары мен жастарының атынан

 

Хат мәтінінде айтылғандай ауыл тұрғындары бұл мәселені талмай айтып келеді. 2020 жылы пандемия уақытында Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы тілшісі Қалмаханбет Мұқаметқали да мақала жариялаған.

Мінбер.кз тілшісі хатты алған бойда Ұйғыр ауданы әкімшілігіне хат жолдап еді, мынадай жауап алдық.

…..

Шағын ауылдың шағын проблемасын шеше алмаған тұрғындар, Алматы облысының әкімі қызметінен жақында ғана кеткен Қанат Бозымбаевқа да қойған еді.

45.50 минуттан 48. 22 аралығында Кепебұлақ аулының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Кеуерхан Ахметова интернет мәселесін көтерді.

Облыс әкімдігінің инстаграмм парақшасындағы бейнежазбада Қанат Алдабергенұлы Ұйғыр ауданына жеткенше оншақты жерде интернет түгілі ұялы байланыстың болмағанын айтып, мәселені шешеміз деген. Алайда, бір әкім кетіп бір әкім келгенімен мәселе қала беретіні анық. Кеткен әкімнің уәдесін келген әкім орындай алар ма?..

17 мамыр күні Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Қарадала аймағына барған сапарында осындағы интернет байланысы жайлы мәселені тілге тиек еткен:

«Кешегі сапарымыз Ұйғыр ауданының орталығы – Шонжы ауылында жалғасқан. «Цифрлы Қазақстанның» мінәйі себептеріне байланысты ақпаратты кештеу беріп жатырмын. Келесі сапарларда Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинды таулы өңірге арнайы шақыру керек болды…»

Аудан әкімінің жауабын алдық, облыс әкімі шешуге уәде еткен. Мәселеден Мәжіліс депутаты да хабардар.

Енді облыс екіге бөлініп елең-алаң болып жатқасын ауыл тұрғындарының жанайқайына Цифрлық даму министрлігі көңіл бөлетін шығар?..

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар