////

Жаңа құрылған Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанда апатты үйлер көп. Тұрғындар қала әкімшілігінің шешіміне наразы

4453 рет қаралды
сурет: dknews.kz сайтынан алынды

Жезқазған қаласында осы уақытта 37 апатты үй бар. Оның 26 ескі және апатты үйлеріне «бұзылуы қажет» деген техникалық қорытынды жасалынған. Тұрғындарға келісім бойынша өтемақы төлеу немесе көшіру жұмыстарының жүріп жатқанына біраз болды. 2020 жылдан бастап апатты үйлердің алғашқы 9 үйінен тұрғындар шығарыла бастаған. Қала тұрғындары жиі сынайтын тұрғын үйді реквизициялау жайлы қолданыстағы бағдарламаны реновациялау бағдарламасы енгізілген. Алайда тұрғындардың көбісі көшіру жұмыстарына қарсылық білдіруде.

Жезқазғандық Балнұр Сламбек Абай көшесі бойындағы 55-ші үйдің тұрғыны, жалғызбасты ана. Балнұр Сламбектің айтуынша тұрып жатқан үйін апатты деп танып, өтемақыға өте төмен баға ұсынған.

– Биыл осы үйге көшіп келгеніме 2-ші жыл. Апатты деп танып, өтемақы ретінде 3 млн теңге ғана берілетінін айтты. Масқара ғой. Қазір 3 млн-ға ешқандай үй келмейді. Үш бөлмелі пәтер үшін 4,7 миллион теңге, екі бөлмелі пәтер үшін 3,5 миллион теңге беріледі деді. Бірақ қазір тек екі бөлмелі пәтерлер орташа есеппен 6 миллион теңге, үш бөлмелі пәтерлер 9-10 миллион теңгеден жоғары тұр. Мен жалғызбасты анамын. Бұл үйге 3 млн теңге өтемақы алып үстінен тағы 3 млн теңге қосып үй сатып алуға менің жағдайым жетпейді. Кейбір пәтерлердің иесіне ипотекаға 20 жылға дейін несие төлеуді ұсыныпты. Бірақ оның несиесін жабу да оңай емес қой. Сондай төмен бағаланатындай пәтерлерді қандай талаптармен бағалағанын білгіміз келеді және әкімшіліктен тек өзіміздің пәтеріміздің құнындай пәтер беруді ғана сұраймыз.- дейді Балнұр Сламбек.

Осы сұрақтар бойынша Жезқазған әкімдігі жағдайға түсініктеме беріп, кейбір тұстарын түсіндірді:

– Пәтерлер тұрғын үй қоры бойынша бағаланды. Оның ішінде ағаштан тұрғызылған үйлердің бағалары төмен болды. Сондықтан ағаш үйлердің пәтер иелеріне 2 бөлмелі пәтер өтемақысы орташа есеппен 4,5 млн теңге деп есептелді, ал 3 бөлмелі пәтер иелеріне 5,5 млн теңге өтемақы төленді. Панельден салынған немесе блоктан салынған үйлердің бағалары одан көбірек болды. Мысалы блоктан салынған Жеңіс 11, Алашахан 24 үйлерінің 3 бөлмелі пәтерлері ауданына қарастырылып 9-10 млн-ға дейін,  2 бөлмелі пәтерлері ауданына қарастырылып 7-8  млн-ға дейін бағаланды. Сол нарықтағы пәтерлердің құны бойынша теңдей болып, бағалау жұмысы Қазақстан Республикасының аккредитация алған бағалау компаниялары өз пікірлерін көрсетті. Жезқазған қаласының әкімдігі құрған бағалау комисиясы бағалаушылардың берген есептерін бекітіп, сол бағаға қарап өтемақы төледі.

Сонымен қатар, қалған тұрғындар осы уақытта берілген өтемақыға келіспеген. Көбісі  Абай көшесі, Байқоңыров көшесіндегі орналасқан ағаш үйлердің тұрғындары. Осы себептен Жезқазған қаласы әкімдігі 2021 жылы 19 қараша айында тұрғын үй қорын ескі және апатты үйлерді реновациялау бағдарламасын қабылдады. «Қазіргі уақытта біз реновация бағдарламасын іске асыру жөнінде жұмыстарды атқарудамыз» – деп хабарлайды Жезқазған әкімшілігі.

– 2021 жылы 24 үйдің, оның ішінде 259 пәтер тұрғындарын көшіруді бастадық. қазіргі уақытта 259 пәтер иелерінен 135 адам өтемақы алды. 8 пәтер жекешеленбеген. Оған үкімет тарапынан коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдау шартымен пәтер беріледі – дейді Жезқазған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Алиса Сағымбаева.

Мемлекеттің сатып алу порталы бойынша үйлерді жөндеуден өткізу үшін конкурстар алдын ала квалификациясы бар жарыс немесе ашық конкурстар арқылы анықталады. Мысалы 3 қабатты Байқоныр көшесі бойында орналасқан 28A үйін жөндеу үшін бюджеттен 222 млрд теңге қаражат бөлінген.  Ал, Жезқазған қаласында  апатты және ескі үйлерді көшіру бағдарламасына Жезқазған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының берген анықтамасы бойынша 2021 жылы 24 үйге 1 млрд 571 млн теңге бөлінген. Осы күнге 134 пәтер иелеріне  968 млн  теңге ақшамен өтемақы төленген.

Сонымен қатар, 2021 жылы ақпанда dknews.kz сайтының тілшілері анықтауы бойынша 24 үй апатты жағдайда деп танылған. 1 жылдан астам уақыт өтсе де цифрлар тек көбейген. Неліктен үйлерді көшіру жұмыстары баяу жүріп жатыр? Осы сұрақ бойынша Жезқазған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Алиса Сағымбаевадан жауап алдық.

– 2021 жылы басталған жұмыстың әлі аяқталмаған себебі 24 үйдің 17-сі ағаштан салынған ескі үйлер солардың құны нарық құнынан өте төмен болды. Сол себепті қазіргі уақытта 4 үйдің тұрғындары мемлекет есебіне қарсы болып сотқа жүгінді. Тұрғындардың талаптарын реновация бағдарламасы қабылдап, ескі және апатты үйлердің пәтер иелеріне ауданы мен бөлме санына сәйкес пәтер беру ұйғарылды. Реновациялық бағдарлама қабылданып, қазіргі уақытта инвестор іздеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Тұрғындармен кездесу өтіп, келісім жасалынды. – дейді Алиса Сағымбаева.

Реновацияға келісім берген тұрғындарға қазіргі таңда тек инвестор табу жұмыстарының аяқталуын күтуі керек. Жалпы 2020 жылғы tengrinews.kz сайтының көрсеткіші бойынша 26 үй апатты жағдайда тіркелген. Бұл тізімге Абай көшесі бойындағы  53, 55, 57, 59, 63, 69 үйлер, Байқоңыров көшесі бойындағы  22, 26, 28, 30, 32, 34, 36, 42, 44, 48, 50, № 3 үйлер кіреді. Омарова көшесіндегі 30, Некрасов көшесіндегі  13, Мира көшесіндегі  3, Алашахана көшесіндегі № 24 (4-ші кіреберіс), Жеңіс көшесіндегі № 11, Шевченко көшесіндегі № 23 (1-ші кіреберіс), № 2 үй. Железнодорожная көшесі, 19 үйлері бар.

Перизат Дәлкенқызы, 

Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар