Дмитрий Муратов өзінің Нобель медалін 103,5 млн долларға сатқан. Түскен қаржыны Украинаның босқын балаларына аударады, – деп хабарлайды Настоящее время.
«Новая газетаның» бас редакторы, 2021 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Дмитрий Муратов өзінің Нобель медалін АҚШ-тағы Heritage үйінің аукционында 103,5 миллион долларға сатқан. Журналист түскен қаржының барлығын Ресей шабуылынан зардап шеккен Украинаның босқын балалары мен олардың отбасылары үшін ЮНИСЕФ-тің халықаралық көмек қорына береді.
Медаль телефон сауда-саттығының жасырын қатысушысына сатылған. Лотқа алғашқы ставка 700 мың долларды құраған, бірақ бірнеше минут ішінде бұл сома 16,6 миллион долларға дейін өскен. Содан кейін медальға 103,5 миллион доллар қойылған және аукционның бірде-бір қатысушысы бұл ставканы түсіре алмаған.
Дмитрий Муратовқа «демократия мен бейбітшіліктің бұлжымас шарты ретінде ойлау еркіндігін сақтауға күш салғаны» үшін Нобель бейбітшілік сыйлығын беру туралы – 2021 жылғы 8 қазанда хабарланды. Дмитрий Муратовпен бірге Нобель сыйлығының екінші лауреаты Филиппиндегі Rappler жаңалықтар сайтының негізін қалаушы Мария Ресса болды.
Нобель комитетінің өкілдері, – Дмитрий Муратов бүгінде Ресейдегі сөз бостандығын қорғаушылардың бірі. «Новая газета» бүгінгі таңда Ресейдегі ең тәуелсіз басылым, ол кәсіби адалдықты ұстанады. «Новая газетаның» алты журналисі өлтірілді, – деп атап өтті. Муратов өзінің сыйлығын қаза тапқан әріптестеріне арнайтынын айтты.
Желтоқсан айында Муратов қайырымдылық қорларына шамамен 40,2 миллион рубль көлемінде сыйақы аударды. Ақша оқырмандар арасында дауыс беру арқылы таңдалған ұйымдарға бөлінді. «Дом с маяком» балалар хосписіне, «Подари жизнь» қорына, СМА диагнозы бар балаларға көмектесетін «Круг добра» қорына және «Вера» хоспистерге көмек қорына 5 миллион рубльден бөлінді.
1 маусым – Балаларды қорғау күні Дмитрий Муратов өзінің Нобель медалін саудаға шығарды.
Парақшамызға жазылыңыз