Смартфон ақылды телефон дейді ғой. Ол мына қолымыздағы қол телефонның атауы. «Ақылды телефон» деп қарапайым ғана сөзбен атай салған. Біз әлі жүрміз соның тұрақтанған бір атауы жоқ. Алғашында ұялы телефон дедік. Одан қол телефон дедік. Енді смарт фон болды. Бізде қай нәрседе болсын өздік талғам жоқ. Біреудікі қыздай көрінеді де тұрады.
Жә, айтайын дегенім бұл емес еді. Айтайын дегенім: Жаңа ғана осы смартфоннан «Түркістан. кз» порталынан әмерикандық жазушы-суретші бір келіншектен алған сұхбатты оқыдым. Оқымай өте шықсамшы. Оқып қойып бір түрлі болып отырмын. Қазақстанда, соның ішінде Атырауда алты жыл тұрған әмерикан әйел «On a train in Kazakhstan (Қазақстанды пойызбен шарлағанда)» атты илюстрациясын да өзі жасаған, балаларға арналған кітап шығарған екен. Шет ел азаматының сенің елің туралы насихаттап, мәдениетіңді таныстырып жазып жатқаны әрине құптарлық жай. Оған қуанасың.
Алайда сол азаматтың алты жыл бойы Атырауда өмір сүргенде «қазақ тілінде бір ғана сөз білемін» дегені менің жүрегіме мұз басқандай әсер етті. «Мен рахмет» десем қазақтар қатты қуанады дейді. Біз қазақтар сондай халық екенбіз. Бөтен жұрттың бір адамы қазақ елінде пәленпай жыл, ғасырлап тұрып жатып бір ауыз сөз қазақша айтса қуанып, мәз болады екенбіз.
Қазақ Елінде алты жыл тұрып алты сөз қазақша білмей кетуіне кімді кінәлауға болады? Алты жыл Қазақстанда ас ішіп, аяғын босатқан жат жұрттықты ма, әлде соған бір ауыз қазақ сөзін үйренуге мүмкіндік тудырып, жағдай жасап, орта қалыптастырмаған өзіміз кінәліміз бе?
Шет ел азаматын қойып, бір ауыз қазақша білмейтін өзіңнің қазағың да жетерлік, алдымен соларыңды түзеп алмайсың ба дейтін шығарсыздар. Ол да жөн, дегенмен сенің асыңды ішіп, аяғыңды босатып отырып бір ғана сөз білгенін мақтанышпен айтып отырғанын, оған қазақтардың жәтіп кеп қуанып, мәз болатынын естігенде құр болса да намыстанады екенсің. Біз неге осындай жетесіздікке бой алдырдық?
Мен Әңгілияда жүрмін. Ағылшынша бір ауыз сөз білмеймін. Білмеймін емес, шындығында бір-екі сөз үйреніп алдым. «А» деп айтып, «Бы» деп жазатынын да аз болса да меңгердім. Тұрған жеріме құрмет үшін. Әйтпесе ағылшын тілінің мен үшін түкке де қажеті болған жоқ. Мен үшін тілдік қажеттіліктің бәрін Есенгүл мен Ақтанай атқарады. Ал мен болсам әдейілеп қазақша сөйлесемін ағылшындармен. Олар кәдімгідей мүйізді қоян көргендей көздері бадырайып кетеді. Олардың алдында басқа тілде мүлдемге сөйлеуге болмайтын сияқты. Есенгүл қызарақтайды, «қазақшаңды олар қайдан түсінеді» деп. «Түсінбесе қойсын, бірақ мені түсінуге тырыссын. Болмағанда қазақтың үнін естіртіп кетейін не үшін келдім» деймін. Ал ана ағылшын бақандай алты жыл Атырауда тұрған ғой. Сонда білгені жалғыз сөз. Соны бізге әдейі айтып тұрғанын біз сорлы түсінбейміз ғой. Бетімізге басып тұр ғой.
Осында, Әңгілияда (Англияда), Ниюкәсіл (Ньюкасл) қаласының тұрғыны ағылшын азаматын теңіз жағасында серуендеп жүріп кездестірдім. Ол болса Атырауда он жыл жұмыс істеген. Жұмыс істегені былай тұрыпты қазақтың бір қызына үйленіп, бір балалы болып, контракт уақыты бітіп осында, туған жеріне келіп, үй сатып алып, бай-қуатты өмір сүріп жатыр екен. Амалың бар ма, әйелі де, әлгі біздің қыз, одан туаған бала да бір ауыз қазақша білмейді ғой. Біз олармен орыс тілінде қатынастық. Елден-жерден алыс жүр ғой, қам көңіл жан ғой деп ойлап, көмекейіңе келіп тіреліп тұрған көкейіңдегі сөзді – қазақ бола тұра неге қазақша білмейсің, мыналарға болмаса бір ауыз неге қазақша үйретіп қоймайсың деп деп айтуға батпайды екенсің. Ал ағылшын азаматтың бізге онша іші бауыры езіліп бауырмалдық танытпағаны, суық жүзін сыртына салып, сызданып тұрғаны бес енеден белгілі еді. Әкесі бүйтіп сазарып тұрғанда одан туған жиеннің нағашыларына деген көз қарасы қандай болады? Қыз төркіндеп бармай ма, күйеу қайын жұртымен, ата-енесімен, ағайын-туысымен қарым-қатынас жасамай ма? Алған жарының ұлтына, еліне, жеріне деген тинамдай болса да сүйіспеншілігі болмаса екеу ара құрған ерлі-зайыптық ғұмыры ертең не болады деп те ойлайды екенсің. Әлде жат жұртқа шыққан қыз төркін жұртымен, туған елімен бір жолата ат құйрығын кесіп кете ме?
Қоғамдық сананың өсуіне, эстетикалық тәрбиенің дамуына, ішкі жан дүниеңнің ізгілік ілімдерінің ұрпақ бойына сіңісуіне әйел затының рөлінің айырықша белсенді екенін біле тұрып бойжеткен қыздарымыздың шет елдіктерге шығуына пассив көзқарастарды қазақтың дәстүрлі әдет ғұрпы (консервативтік көзқарастар) мен байырғы, ескілікті салт ұстанымдарынан шыға алмай қалған кертартпалығы төңірегінде қарастыруға бола ма? Мен бір ғана отбасын көріп былай сөйлеуге ерік алып отырғамын жоқпын. Мұндай отбасылар, қазақ әйеліне үйленген аралас некелер Әңгілияда жеткілікті екен. Солардың бірнешеуімен кезігіп, әңгімелескеннен кейін барып осындай ой айтуға тура келіп отыр. Әлгі ғалым Тұрсын Жұртпайдың Шыңғыстың Ұлы империясының түбіне жеткен «Кекті бесік немесе «кекті қатындар» мен «кекті жатыр» деген әпсанасы тағы да ойға орала береді. Осы әпсанада айтылатын «кекті қатындар» қанында бұлқынып жататын бүгінгі тілмен айтсақ отаншылдық, ұлшылдық, елшілдік ерліктерден бұ заманға жеткен сарқыны, болмағанда тырнақтай болса да өміршең ұрқы қалмағаны ма?
Неге біз, іштегіміз болсын, шет елдерде жүргендеріміз болсын өзімізді өзгеден төменшіктете береміз? Өзімізді өзіміз, қазақты қазақ сыйламаса басқа кім сыйлайды. Неге біз ылғи да біреуге жалтақтап, соның қол астында қол бала болып өмір сүруге құштармыз. Қашанға дейін құлдық санадан құтыла алмай әлде кімге жалтақтаумен өмір сүреміз?