////

Көркіне көз тоймайтын Көлсай көлдері туризмді дамытуға қалай үлес қосып отыр?

7951 рет қаралды

Алматы облысы, Кеген ауданындағы Көлсай көлін бір көруді армандайтындар көп. Зерттеуші ғалымдар Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 350 шақырым қашықтықтағы Көлсай орын тепкен таулы-қарағайлы аймақтың 250 жыл бұрын пайда болғанын айтады.

Көлдің өзі Бірінші Көлсай, Екінші Көлсай, үшінші Көлсай деп үшке бөлінеді. Көлдер өзінше ерекше және тереңдігі де түрліше. Әрқайсысы теңіз деңгейінен 1700, 2252 және 2650 метр биіктікте орналасқан. Бұл көлдердің пайда болуын ғалымдар ХІХ ғасыр соңында 1887, 1889 жылдар аралығында орын алған жер сілкінісімен байланыстырады. Орасан зор опырылып құлаған тас пен топырақ үйіндісі шатқалдың бірнеше жерін бөгеп, табиғи бөгеттер жасаған.

Тәңірінің өзі сыйлаған, даңқы алысқа ұзаған, Іле Алатауының мөлдір шарасы іспеттес, сұлулығына көз тоймас ғажап көл – Көлсайды аман алып қалу мақсатында ҚР Үкіметінің 2007 жылы шешімімен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (МҰТП) құрылды. Ұлттық парктің құрылуына жергілікті тұрғындар да қуануда. Көптеген жұмыс орны ашылды.

 Әр облыстың өзінше бір ерекшеленетін бағалы табиғи әсем жерлері болады. Облыстың мақтанышы – Көлсай көлдері. Шекарасы Талғар мұздығымен шектесетін парк батыстан шығысқа – 100 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке – 23 шақырым жерді алып жатыр. Парк Қырғызстан шекарасымен шектеседі. Орман алқабында өз әсемдігімен ерекшелеленетін Тянь-Шань шыршасы, жеміс ағаштары, қайың, терек және тағы басқа ағаштар бар. Қазір рұқсатсыз ағаш кесуге, аң аулауға тыйым салынған.

 Парк аумағының көлемі 161 045 мың гектар. Бұл өңірде ұлттық парк құрудағы негізгі мақсат ерекше экологиялық, тарихи ғылыми және бірегей табиғи кешендерді сақтау, ішкі туризмді дамыту. Мекеме республикалық бюджеттен қаржыландырылады.Парктің Күрметі, Қарабұлақ, Көлсай бөлімшелері жұмыс істейді. Табиғатты пайдалану және табиғи кешендерді қорғау, ғылым және мониторинг, туризм және экологиялық ағарту, мемлекеттік сатып алу, ұйымдастыру бөлімдері бар.

Жаз айларында мұнда туристер көп келеді. Көлсайдың маңайында біраз саябақтар мен бұрынғы орман шарушылығынан қалған нысандар бар. Осылардың барлығы жөндеу жұмыстарынан өтіп, туристерге қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ, қонақ күтуге арналған киіз үйлер де тігілген.

Алматы – Нарынқол тас жолынан Көлсайға дейінгі 80-100 шақырым жолды жөндеу үшін 2009 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жол қиындығы артта қалды. Жол сапасы жақсы, туристердің келіп-кетуіне ыңғайлы.

Лиза Нұржаубаева, Саты ауылының тұрғыны:

– Көлсай – әлемдегі теңдесі жоқ әсем жер. Бұл өлке әсемдігімен ғана емес, қасиеттілігімен де ерекшеленеді. Алланың берген осындай кереметін аялап ұстауымыз керек. Бұл демалыс орнында бұрынғыдай кім қалай демалғысы келсе солай емес, инспекторлар қатты қадағалайды, демалушылар арнайы тәртіпке бағындырылады.

Қаби Сақалов, Саты ауылының тұрғыны:

– «Табиғат-ұстаның ұстасы» деген рас. Бұл мекен – теңдессіз демалыс орны. Ауасы таза, суы тұнық. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелдерден де демалушылар көптеп келуде. Көлсай, Қайыңды көлін көрем деушілер саны күннен күнге артпаса, кеміген емес.

Саты қонысының шығысында Қайыңды шатқалы бар, онда Қайыңды деп аталатын шағын ғана бұлақ суы ағып жатады.

Осы шатқал бойымен 15 км-дей жүрсеңіз Қайыңды көліне тап боласыз. Бұл көл қалың шыршалы орман деңгейінде, яғни теңіз деңгейінен 1800 м биіктікте жатыр. Көл таңғажайып әсем және өзінше ерекше. Көл шығыс беткейдің орасан зор көшкінінен соң пайда болған, бетіне өсімдік өсіп жабылмаған көшкін орнын осы күндері де байқауға болады. Көлдің ерекшелігі сол, су астынан көкке шаншылған өткір найзадай өсімдіктердің шығып тұруы. Бұлар – су астында қалған қарағайлардың бастары. Мұндай көрініс қай саяхатшыны да таңқалдыратыны анық. Су астында қалған ағаш өз бұтақтарын сақтап, балдырлармен араласа өсіп, су астының қайталанбас пейзажын жасайды. Көл суы салқын әрі мөп-мөлдір. Қайыңды көлі шамамен 20 м болатын екі жақты тар жартас арқылы ағып келіп, көлге құяды. Тап осы жерден көкке ұмтылған шыршалы көл беті ерекше сұлу, әрі таңғажайып болып көрінеді.

Кеген аудандық «Кәсіпкерлік бөлімі» Мемлекеттік мекемесінің мәліметі бойынша Саты ауылында (Көлсай маңындағы ауыл) 61 қонақтарды қабылдайтын үйлер бар.

Үстіміздегі жылдың 5 айында Көлсайға 42 897 мың турист келіп, бюджетке 13 млн 570 мың теңге салық түскен.

«J.S.TRAVEL» ЖШС-гі «Көлсай Көлдері» Ұлттық паркінің жерінен  конақтарды қабылдайтын 10 үйді  пайдалануға берген. «Көлсай Гранд» және «Колсай Номад» қонақ үйлерін пайдалануға беріп, 143 млн теңгеге инвестиция тартылған.

2022 жылы «Parmigiano Group Solutions» ЖШС-і Қарабұлақ ауылдық округінің жерінен 7 га жер телімін алып, жобалық құны 110 млн теңге болатын қонақ үй салуды жоспарлауда екен. 20 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Ал, «Атырау Рент» ЖШС-і «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағынан 17 га жер телімдерін 25 жылға алып туристік объектілер салуды жоспарлауда, олар 82 негізгі ғимарат, 15 қосалқы ғимарат. Оған 2,0 млрд теңгеге инвестиция тартылады және 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Асанов Ербол Тұрарбекұлы Көлсай көлінің аумағынан 23 га жер телімін 20 жылға алып, туристік объектілер салуды және балық шаруашылығын дамытуды  жоспарлауда екен. Атап айтсақ, 10 негізгі ғимарат, 3 қосалқы ғимарат. Оған 120 млн теңгеге инвестиция тартылып, 25 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Сонымен, Көлсайға жол түсіп бара қалсаңыз, қалтаңыз тоқ болғаны жөн. Себебі, мұндағы қызмет көрсету бағасы төмендегідей:

Көлсайға кіру бағасы – 860 тг

Қайықпен серуендеу сағаты – 8000 тг

Естелік суретке түсу – 3000 тг

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бүгінде жабайы туризмді түп-тамырымен жойып, жергілікті тұрғындар үшін де, келушілер үшін де, мәдениетті демалысты қамтамасыз ету шараларын іске асыруда. Қазір бұл өлкенің суы да, балығы да, орман тоғайы да мемлекет қорғауында.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, туризм дегеніміз – мемлекеттің қазынасына мол қаржы әкелетін сала. Ебін тапқан өзге елдер осы саланың арқасында жан бағып отыр. Біз байлығымыз жетеді деп, бөркімізді аспанға атқанымызбен, туризм саласы әлі ақсап тұр. Сол үшін өзгелерге қарай отырып, өзіміздің туризмнің деңгейін көтермесек, біріншіден, елге келетін қаржыдан айырыламыз, екіншіден, отандастарымыз сыртта демалуды тоқтатпай, мемлекеттің қаржысы өзге елдердің қоржынына түсе беретін болады.

Дәурен Ермекбай,

Алматы облысы,

Кеген ауданы,

Тасашы ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар