/////

Қалың нешік, Қазақ журналистикасы?

2964 рет қаралды

Маусымның 25-інде Алматыда Ганди атындағы саябақта Сөз бостандығын қолдауға арналған рұқсат етілген митинг болып өтті. “Азаттық” радиосының жазуы бойынша, митингіге  100-ге жуық журналистер мен құқық қорғаушылар және белсенділер жиналған. Бұл митинг негізі Orda.kz онлайн басылымының бастамасымен ұйымдастырылған. 

Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенованың айтуынша, бұндай шараның өтетіндігі туралы Алматы қаласы әкімшілігіне мұндай шараның өтетіндігі туралы ескерту жіберілген. Сондықтан болар оған кедергі келтірген құқық қорғау органдарының қызметкерлері болған жоқ.

Сөз алғандардың арасында, Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенова, “Әділ сөз” баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева, “Сарыағаш-Инфо” сайтының бас редакторы Амангелді Батырбеков, журналист Гүлжан Ерғалиева, Ардақ Бөкеева және қоғам белсендісі Инга Иманбай мен саясаткер Болат Әбілев, Мұхтар Тайжан  және журналист Күлтегін Аспанұлы бар.

Шеруге жиналғандар қазіргі қазақ журналистикасының ахуалын тілге тиек етіп, сөз бостандығының өз деңгейінде емес екендігін айтты.

Шекарасыз репортерлер ұйымы жариялаған сөз бостандығы индексі бойынша Қазақстан былтырғымен салыстырғанда биыл 33 позицияға ілгерлеген. Алайда, бұл жағдайдың бұрынғыдан жақсарғанына байланысты емес, керісінше бағалау индексіндегі өзгерістерге байланысты дейді сарапшылар.

Қазақстан журналистикасы әлі де екі лагерьге бөлінеді. Бірі мемлекеттік тапсырысты орындаушылар болса, екіншісі өзін тәуелсіз деп жариялаған, мемлекеттік тапсырыс алмайтындар. Биліктің сойылын соғып, Үкіметтің саясатын дәріптейтіндер жылда Қазақстан журналистер күні қарсаңында қомақты қаржылай сыйлыққа ие болып, мәртебелері өсіп жатса, тәуелсіз басылым журналистері бұндай марапаттан тыс қалады. Керісінше, журналистік қызметі үшін қудаланады. Алайда қоғам нақты шынайы ақпараттарды осы ат төбеліндей тәуелсіз басылым журналистерінен алады. Солардың ақпаратына көбірек сенеді. Ал пропагандамен уланған мемлекеттік басылымдардың ақпараты тиісінше резонанс тудырмайды. “Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, сипай қамшылап” келе жатқан әріптестеріміз аз емес.

Сондықтан, ел боламыз десек ақпаратымызды жөндейік. Ақпараты мықты қоғам дамудың да сара жолындағы қоғам, ақпарат қаншалықты еркін болса, қоғам да соншалықты еркін бола алады. Ақпараты құрсаудағы ел, өзі де құрсауда деген сөз.

Сондықтан мемлекеттің ақпараттық саясатын түбегейлі өзгертіп, мемлекеттік тапсырысты түбірімен жоюды немесе контентті бақыламаудың жолдарын қарастыратын басқа амалды қарастыру керек. Бүгінгідей мемлекеттік тапсырыс жалғаса беретін болса, біздің ақпараттың да көсегесі көгермейді.

“Қазақ таймс” газетінің арнайы сауалына жолданған жауап
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар