2017 жылы, яғни төрт жылдың алдында сол кездегі Алматы облысын (жақында ғана Жетісу облысына айналды) ұзақ жылдар басқарған Амандық Батталов Талдықорған қаласының маңындағы Көксу және Ақсу қант зауыттарының ашылғандығы жайында айтып, бөркімізді аспанға атқан еді.
Қазір бүкіл Қазақстан бойынша қант қат боп жатқан сәтте бізді осы зауыттардың жұмысы толғандырды. Осындай сәтті пайдаланып қант зауытының өндірістік қуатын арттыруға, сөйтіп ішкі рынокты жаулауға мүмкіндік туып тұрған жоқ па? Сөйтіп елдегі қант зауыттарының хал ахуалын білуді жөн көріп, ашық ақпарат көздерін ақтара бастадық.
Бір қызығы, өңірдегі қант зауыттары дүрілдеп жұмыс істей бастады деген көпірме ақпараттар 2018 жылдан кейін сап тиылған. «AKSU KANT» зауытының ресми сайтында көрсетілген өндірістік көрсеткіштер тек 2018 жылғы жазылған ескі ақпаратпен тұр, содан бері жаңармаған.
Ресми сайтта жазылғанындай 2018 жылғы өндірістік маусымның нәтижелері бойынша Ақсу қант зауыты 85 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, 10 мың тонна қант өндірген. Ақпарат неге жаңармағанын білу мақсатында Жетісу облыстық Мемлекеттік “Jetisu media” коммуналдық мекемесінің басшысы Жанна Арынбековаға хабарластық. Жанна Арынбекова бізге Ақсу ауданының баспасөз хатшысының нөмірін берді. Бірақ өзін Мағжан деп таныстырған аудандық баспасөз хатшысы «AKSU KANT» зауыты туралы ақпарат бере алмайтынын айтып, Жетісу СПК-ына хабарласуымызды сұрады. Бірақ, ол мекеме де бұл жайлы ештеңе білмейтінін айтып, зауыт директорының нөмірін берді. Зауыт директоры Самат Надирбаев біздің сұранысымызды жауапсыз қалдырды.
Сонымен интернеттегі ақпараттарды сапырып отырып тапқанымыз, 2021 жылы Ақсу қант зауытының өз жұмысын тоқтатқандығы.
«Қазіргі уақытта қазақстандағы 4 қант зауытының екеуі, Ақсу және Меркі зауыттары өз қызметін тоқтатты, ал Тараз зауытының өндірістік қуаттылығы 25 мың тонна, алайда қазір айналым қаражатының жетіспеуіне байланысты айына тек 15-17 мың тонна өндіреді» деп жазды informburo.kz 2021 жылы
– «Қазақстандық 4 зауыт Ресейдің 75 зауытымен және Беларусьтің қызылшамен жұмыс істейтін 4 зауытымен бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Нарық бізде ортақ және ол ресейлік және белоруссиялық өндірістің қантына толы. Жамбыл облысында қызылша аз өндірілетіні сондай, Меркі қант зауыты оны 75 күннің ішінде өндіріп тастайды. Қалған уақытта зауыт тоқтап тұрады. Мұндай масштабпен өндірісті дамыту мүмкін емес, – деп түсіндірген Меркі және Тараз қант зауыттарының бақылау кеңесінің төрағасы Нұржан Қайырбеков.
2017 жылы Аксу қант зауытын жаңғыртуға 15 млрд теңге инвестиция тартылған болатын. Жалпы кәсіпорын жыл бойы 300-350 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдейтін қуатқа ие деп жазды басылымдар.
2020 жылы аудан халқының алдында есеп берген Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов 2019 жылы ауданда 2850 гектар жерге қызылша егілгенін, бұның 2018 жылмен салыстырғанда, 830 гектарға артық екенін мақтанышпен баяндаған. 97 мың тонна өнім жиналып, 6156 тонна қант өндірілген. Ал бір жылдан кейін аталған зауыттар Ресей мен Беларусьтен келетін бәсекелестікке төтеп бере алмай тоқтайды. 2022 жылы елде қант тапшылығы басталды. Парадокс.
Сенбі күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ауыздықтау туралы отырыс өткізген ҚР Премьер министрі Әлихан Смаилов “Қант бағасы 480-490 теңгеден аспауы керек. Оған мүмкіндік те, қор да жеткілікті. Елдегі қант қоры 101,4 мың тонна, маусымда ішкі сұранысты өтеуге 59 мың тонна қант шығарылды, бұл нарықты 171, 4 % қамтамасыз етеді…”- деп тапсырма берді.
Ал дүкендерде, базарда қант бағасы 850-900 теңге болып тұр.
Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанға 415,9 мың тонна қант импортталған. Ұлттық Статистика бюросы 2021 жылы Қазақстан Ресейден 163,5 млн долларға 272,3 мың тонна қант әкелгендігін айтады.
Қант өндіретін жетекші мемлекеттер: