//

Ресейде туған немесе Британия басылымдары Уимблдоннан Қазақстанға жеңіс сыйлаған Рыбакина туралы не жазды?

2975 рет қаралды

Сенбі күнгі Рыбакинаның Уимблдондағы Қазақстанға сыйлаған жеңісі бүкіл әлем үшін сенсацияға айналды. Бұл туралы жазған ағылшын басылымдары Елена Рыбакинаның жеңісі Қазақстанды әлемдік теннис картасына шығарды дейді. Дәл осы тақырыппен мақала жариялаған Британиядағы беделді басылымдардың бірі The Guardian оның осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2018 жылы ұлттық құрамасын өзгерткендігін, соның арқасында Уимблдонға қатысуға мүмкіндік алғандығын айтады.

Ресейдің Украинаға шабуылынан кейін Ресейлік теннисшілерге Уимблдон чемпионатына қатысуға тыйым салынған еді.  Алайда 23 жастағы Елена Рыбакинаның 2018 жылдан бері Қазақстан құрамасында болғандығы оған жеңіс сыйлады. Daily mail Рыбакина өзін бұл үшін қатты бақытты сезінетінін жазады. “Былтырғы қыркүйектегі инстаграмдағы жазбасында Рыбакина Қазақстанның туын ұстап, жымиып тұр. Ол “Қазақстанда екі аптадан кейін WTA 250 чемпионаты басталады. Мен дәл осы оқиға үшін қатты қуаныштымын және Қазақстанның Теннис Федерациясына көп рахмет айтқым келеді” деп жазды. Сондай-ақ, ол бұл чемпионаттың Қазақстанда өтуі елдегі теннистің дамуы үшін үлкен мүмкіндік екендігін айтқан болатын. 23 жасында әлемнің 23-ші ракеткасы атанған Рыбакина Бейсенбідегі баспасөз мәслихатында Мәскеуде қанша уақыт өткізетінін жасырмады. Алайда ол чемпионаттарға қатысу үшін негізгі жаттығуды Словакия мен Дубайда өткізетінін айтты.

“Шынымды айтсам, менің тұрақты мекенім жоқ” деді ол. Оған қойылатын ең ауыр сұрақтардың бірі ол өзін “орыспын” деп сезіне ме, “қазақпын” деп сезіне ме? Бұл сұраққа жауап беруге ол үнемі қиналады. “Мен Ресейде тудым, дегенмен Қазақстанның атынан қатысып жатқаныма сондай қуанамын. Оларға жақсы спортшы керек болды, ал маған көмек керек болды. Мен адамдардың мені қолдайтынын сезем. Өйткені мен Қазақстанға қажетті жеңісті алып келемін” деген Рыбакина сайыс алаңынан шеттетілген ресейліктерге шынымен жаны ашитынын айтты. Одан Ресейдің (басылым “отанының” деп жазады) Украинаға басқыншылығы туралы не ойлайтынын сұрағанда: “Мен тек соғыстың тез аяқталуын қалаймын” деп жауап берді.

Дегенмен Ресейде туған спортшының Уимблдонға қатысуы күмән тудырмай қойған жоқ. Ұлы теннисист Джон Макинрой ( John McEnroe) орыс пен беларусь спортшылары ойыннан аластатылып жатқанда, оның қатысуы қалай болады деп күмәнданған еді. Ойынға комментарий беру кезінде ол Би-би-сиден “Ол өте мықты шабуылшы әрі допты жақсы қайтарады екен. Бірақ мен бір нәрсені түсінбеймін. Мен саясатқа араласқым келмейді. Дегенмен ол орыс қой, солай ма? Орыстарға бұл чемпионатқа қатысуға рұқсат берілмеген еді ғой. Бұл қызық болайын деп тұр” деді.

Ресейдің ерлер арасындағы әлем чемпионы Даниил Медведев бұл жарысқа қөатыса алмағанда, Рыбакина чемпион титулын жеңіп алып отыр. Оның өзінде  ширек финалдағы алғашқы ойынында австралиялық Айла Томляновичтен жеңіліп қалған болатын.

BBC спорт “Елена Рыбакина жеңісін қалай тойлайтынын білмейтінін айтты деп тақырып қойған. (Wimbledon: Elena Rybakina says she ‘did not know’ how to celebrate victory)

“Бәлкім қүндердің күнінде менің ерекше реакциямды көрерсіздер. Бірақ, өкінішке қарай бүгін емес. Мен не істерімді білмедім. Көп эмоцияға ерік бердім. Мен өзімді сабама түсіруге тырыстым. Мен жеңіс тұғырында сөз алған кезде жылайтын шығармын деп ойладым, бірақ өзімді ұстадым. Бәлкім кешірек бөлмемде жалғыз өзім болмағанда, көз жасыма ерік берермін. Білмеймін” деді Рыбакина.

ҚАЗАҚСТАН МАҒАН СЕНДІ 

Мәскеуде туған Рыбакина 2018 жылдан бері Қазақстан атынан қатысады. Ол Қазақстан атынан бұған дейін де біраз байрақты бәсекелерге қатысып келген. Сенбі күні Қазақстанның Теннис Федерациясы оның қолдаушылары тізімінде болды, елдің президенті де оны жеңісімен құттықтады. 

Дегенмен, Ресей Теннис Федерациясының президенті Шамиль Тарпишев бұл жеңісті Ресейдің жеңісі деп атап өтті Риа Новости ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында. “Бұл өте керемет. Рыбакина, жарайсың. Біз Уимблдонды жеңдік” деген ол.

Рыбакина өз кезегінде: “Мен Қазақстан атынан қатыстым. Ал туған жерімді таңдай алмаймын” деп жауап берді. “Адамдар маған сенді. Қазақстан мені қолдады. Тіпті бүгіннің өзінде қаншама қолдауға ие болдым. Мен тулардың желбірегенін көрдім” деді ол.

“ТЫМ ҰЗЫНСЫҢ, СПОРТТА САҒАН ОРЫН ЖОҚ” 

Рыбакина тенниспен айналысардан бұрын гимнаст және мәнерлеп сырғанаушы болған. Алайда оған спортта жетістікке жетуге ешқандай шанс жоқ, сен тым ұзынсың деген екен. Әкесі оны қолдап, тенниспен айналысуға кеңес береді. Бірақ, ол тенниспен айналысуды қолға алған кезде мектепті аяқтап жатқан еді. Әкесі оның колледжге түсуін қалаған, сөйтіп ол Америкадан көптеген ұсыныстар алған.

Алайда, 2018 жылы Қазақстан Теннис Федерациясы оны қаржылай қолдауға ұсыныс береді, бірақ ол Қазақстан атынан қатысуы тиіс болады. Ол алғашқы WTA титулын 2019 жылы Бухаресте жеңіп алады. Бұған дейін алғашқы бес турнирдің төртеуінде финалға жеткен болатын.

Сөйтіп ол коронавирус пандемиясының кесірінен жабылып қалған турдың алғашқы 20-лығына енген Қазақстанның алғашқы жеке ойыншысы болады. Ол былтыр Франциядағы ашық чемпионатта Серена Уильямсті жеңіп, ширек финалға шықса, бірнеше аптадан кейін Уимблдонда төртінші айналымға жетеді.

Дегенмен ол биылғы турнирде жеңіске жеткенді былай қойғанда, екінші аптаның ойынына дейін барамын деп ойламағанын айтты.

Суреттер фейсбуктегі Елена Рыбакина парақшасынан алынды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар