Моңғолияда Ғұн мемлекетінің орнауының 2030, 2031, Ұлы Моңғол елінің 815,816, ұлттық тәуелсіздік орнауының 110, 111, халық революциясының 100, 101 жылдық мерекесі тойланды.
Бұл ұлттық мейрам Шыңғысхан хандық құрған кезден бастап тойланған. 1921 – жылдан бастап тұрақты тойлануда. Әр жылы Шілденің 10,11,12 і күндері мереке ұйымдастырылады. Мемлекет сарайындағы “Ақбоз аттың жалынан жасалған тоғыз Туды” тоғыз атпен алаңға алып келген сәттен бастап той шымылдығы ашылады. Монғолдар бұл мейрамды “Ержігіттің үш мерекесі” деп әспеттейді. Бұған ат жарысы, садақ ату, балуан күресу сайыстары жатады.
Ат жарысына таза қанды моңғол жылқысы ғана қатыстырылады. Тай, құнан, дөнен, бесті, айғыр, жуан ат болып бөлек бөлек шабады. Садақ атуға ер әйелдер екі жеке қатысады. Ал балуан бәсекесіне тек қана ерлер қатысады. Салмақ пен жасқа шектеу жоқ.
Биылғы той 100 жылдық болғандықтан балуандар бәсекесінде 1024 балуан белдесті. 5-кезеңде жыққан балуандарға “Мемлекеттік Лашын” 6-кезеңде жыққанға “Мемлекеттік қаршыға” 7- кезеңді жыққанға “Мемлекеттік піл” атақтары беріледі. Бірінші болған балуанға “арыстан” дәрежесі беріледі. Екі рет Мемлекеттік мейрамда жеңіске жетсе “аварга” яғни чемпион дәрежесі беріледі.
Биылғы балуан бәсекесінде Моңғолия қазақтары атынан Мемлекеттік лашын Н. Мұстафа, Мемлекеттік лашын Б. Серік, Аймақтық арыстандар М. Еркебұлан, Ұ. Береке Ерболат қатарлы балуандар белдесті. Белдесу екі күнге жалғасып күш-жігері мен әдіс-айласын, қажыр-қайратын аямай күрескен Баян-Өлгей аймағының Улаанхус сұмынының тумасы Мемлекеттік лашын Бердімұратұлы Серік 7- кезеңде жығып, Мемлекеттік ПІЛ атағын алды. Бұл тарихи сәт.
Моңғолия қазақтарынан бұл атаққа 1946 жылғы Мемлекеттік тойда Т. Әбдіқажы жеткен еді. Арада 76 жыл салып Б. Серік осындай дәрежеге жетіп отыр. Өлгей халқы ПІЛ атанған Б. Серікке құрмет көрсету үшін орталық алаңға жиылып түн ортасына дейін мерекеледі. Ел еңсесі көтерілген керемет мейрам болды.
Тілектес Ақылбекұлы,
Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы
Парақшамызға жазылыңыз