//

Шолақайда бұған дейін қыз зорлап істі болған педофилдің неге мерзімінен бұрын босағаны түсініксіз

2774 рет қаралды

Бірнеше күннен бері 15 жастағы қыздың жоғалып, кейін зорлап, өлтірілгеніне қатысты жағдай жаңалықтардың басты бетінен түспей тұр. Оқиға Жетісу облысының Панфилов ауданында болған. Осы оқиға туралы Нұргелді Әбдіғани өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында егжей-тегжейлі жазған екен. Сол қалпында сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

“Шолақайдағы жантүргішерлік оқиғаның анық-қанығы
Панфилов ауданында орналасқан Шолақай деген ауыл бар. Ауылдық округ. Тұрғылықты жұрттың саны ресми деректерде 5 мыңға жуықтайды дейді. Шолақай ауылы – қазақ пен ұйғыр аралас қоныстанған ауыл. Алматы-Қорғас бағытын жалғап жатқан автомагистральдің бойында, Жаркентке кіреберіс жолда орналасқан.
Кешелі-бері әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Шолақайда болған жантүршігерлік оқиғаның шеті шығып, желіде түрлі видеолар мен ақпараттар тарап жатыр.
Осыдан 8-9 күн бұрын Жаркенттегі Шолақай ауылында 15 жасар қыз бала із-түссіз жоғалып кетті деген ақпарат тарады. Жоғалған қыздың ата-анасы, туған-туыстары, ауылдастары Панфилов ауданында орналасқан барлық ауылды жаяу аралап, әрбір үйдің есігін қағып шыққан. Жоғалған қызды таппаған. Қазіргі күні адам ұрлығына қатысты фактілер әлсін-әлсін ақпарат құралдарында айтылып, жазылып жүргені және белгілі. Шолақай тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, түрлі болжамдар айтылған. Қызды құлдыққа ұрлап кетуі мүмкін екендігі немесе саудаға салу үшін ұрлап кетуі мүмкін екендігі деген бірнеше нұсқа қарастырылған. Ал арада аптадан аса уақыт өткенде жоғалған қыздың өлі денесі сол ауылдың маңайынан табылған.
Бірінші дерек:
Қыздың толық аты-жөні: Қисабекова Құралай Ерболқызы. 2007 жылы 25 мамырда дүниеге келген. Биыл аталған ауыл мектебінде 9 сыныпты тәмамдаған. Толық жасы – 15-те.
Ұлты – қазақ. Туыстарының айтуынша, 21 шілдеде үйінен кетіп оралмаған. Мәйіт араға апта салып, 28 шілдеде табылды.
Екінші дерек:
Қызды сол ауылдың бір азаматы бірнеше күн бойы (бейресми ақпаратта 3 күн делінеді) қамап ұстап, зорлық-зомбылық жасаған. Артынан ауылдың шетіндегі алқапқа апарып, өлігін өртеп, жерге көміп тастаған.
Үшінші дерек:
Күдікті ретінде сол ауылдың тұрғыны ұсталған. Аты-жөні: Рустам Ахметов. 1984 жылы туған. Ұлты – ұйғыр. Толық жасы – 38-де.
БАҚ-тағы деректерге көз жүгіртсек, күдікті бұған дейін де қыз зорлау фактісі бойынша сотталып шыққан. 5-6 жыл бұрын кәмелетке толмаған қызды зорлап, істі болған. Түрмеде тәртіпті болғаны үшін, жазасын толық өтемеген. Кейін және бір мәрте қыз зорлап істі болған. Екінші жолы жазадан құтылып кету үшін, өзі зорлаған қызға үйленген.
Қаза тапқан қыздың әпкесі Кәмшат Көпбаева: «Біз соңғы сәттерге дейін қыздың тірі екеніне сендік. Біз қызымызды жан ұшырып іздеп жүрген кезде, мына айуан түк болмағандай, Жарткентте такси болып жүрген», – депті.
Аталған ақпарат қазір әлеуметтік желілер арқылы күллі Қазақстан жұртына тарады. Жергілікті азаматтардан жеткен ақпараттарға арқа сүйер болсақ, қазір Шолақай ауылына күштік құрылымдар апарылған. Ауылды айнылдыра қоршауға алған. Оқиға ұлтаралық сипат алып бара жатқандықтан, ауылда интернет байланысы өшірілген.
Терістелген нұсқа:
Осыған дейін әлеуметтік желілерде қызды 4 еркек жабылып зорлаған деген дерек шықан. Алайда жергілікті Полиция департаменті бұл ақпаратты терістеген.
«Ауылда қауіпсіздік шарасы күшейтілген. Жасөспірімді төрт жігіт жабылып зорлаған деген ақпарат жалған. Қылмысты бір адам жасаған. Біз халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз»,- деді Жетісу облысы әкімінің баспасөз хатшысы Думан Алтынбеков.
Бесінші дерек:
Қазір марқұмның денесіне сот-медициналық сараптама жасалған. Күдікті ретінде ұсталған жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскенін және қылмысын жасыру үшін оны өлтіріп, денесін ауыл шетіне көмгенін мойындаған.
Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 99-шы бабы және 120-ншы бабабы бойынша қылмыстық іс тіркелген. Ол 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар