////

Фейк ақпараттардан қалай сақтанамыз?

19669 рет қаралды
авторы: Светлана Раздоба

Фейк, жалған деген сөздердің біздің сөздік қорымызға сыналап енгеніне жиырмадан астам жыл болса да, біз оның табиғатының қалай болатынын әлі түсінген жоқпыз. Осы күнге дейін біз санамызды сілкінтіп, сыни ойлаудың тетіктерін жұмыс істетуге талпынбай келеміз. Мысалды алыстан іздемейік, күні кешегі пандемия кезінде таралған қаншама конспирологиялық теориялардың, өсектердің астында қалдық. Соған төтеп берерлік иммунитет біздің қоғамда жоқ екендігіне көз жетті. Ол ол ма, күні кеше ғана өткен Қаңтар оқиғасы біздің қаншалықты әлсіз екендігімізді танытты.

Фейкті қарапайым оқырман ғана емес, сонымен қатар мыңдаған оқырманы бар ақпарат құралдары да таратады. Әрі ең өкініштісі, олар өз қателерін түсінеді, бірақ оқырман жинау үшін осындай әрекеттерге әдейі барады. Бұл қазір қазақ қоғамындағы трендтердің біріне айналды?

Сонымен фейк дегеніміз не? Сіз алған ақпаратыңызға күмәнмен қарайсыз ба, тексергіңіз келе ме? Жоқ, бәріне бірдей сенесіз бе?

Британдық ВВС корпорациясы фейкке былай анықтама береді:

Фейк немесе жалған ақпарат дегеніміз интернетте таралып жатқан өтіріктер.

Фейктің екі түрі болады:

  1. Біріншісі жалған ақпараттарды адамдарды сендіру үшін немесе оқырман жинау мақсатында әдейі тарату. Оны таратып отырған адам жалған екенін біледі, бірақ жұртты алдау үшін әдейі жасайды.
  2. Кей ақпараттың құрамында шындықтың нышаны болуы мүмкін. Алайда, толығымен сенуге болмайтын, өтірік араласқан ақпараттар да болады. Оның да өзіндік себептері бар, журналистер немесе блоггерлер таратқан ақпараттарын алдын ала тексермей, барлығының шын екендігіне көзін жеткізбей тарата беруі мүмкін. Немесе мәселені қоюлатып, жанынан әңгімелер қосып жіберетін жағдайлар да болады.

Фейктердің таралу мақсаты біреу, адамдардың көбірек назарын аудару, мүкіндігінше көбірек тарату, бөлісу.

Әлеуметтік желілер жалған ақпараттардың таралуын жиілетті. Сапалы контенттен гөрі конспирологиялық теориялар көп бөлісіледі. Бұл дезинформацияның өршуін жиілетті. «Жанама фактілер» шын ақпараттың өзіне күмән тудырды.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАРДЫҢ МЫСАЛЫ

Ionos.com сайты жалған ақпараттарды төмендегідей классификациялайды.

Күрделі фейктер (deepfakes): бұл фейк ақпараттардың ең жаңа түрі, видео арқылы жасалады. Біреудің басын екінші бір адамның денесіне қондырып, кәдімгі видео контент жасайды. Бұл видеолардың жалған екендігін тіпті роботтардың өзі айқындай алмай жатады. Видеолар соңғы технология жетістіктерін пайдаланып жасалғандықтан өте сапалы, уақыт өте келе оның жалған екендігін айқындау тым қиынға түсуі мүмкін. Сол себепті бұндай видеолардың таралмауын қадағалаған жөн.

Кликбейт (Clickbait): Кликбейттің жалғыз ғана мақсаты бар. Оқырмандарды көптеп тарту. Сол үшін қазір кейбір журналистер мақалаларының тақырыбын айғайлатып қояды. Алайда контент пен тақырып сәйкеспей жататын мысалдар көп. Әр ақпарат құралына оқырман керек, дегенмен кликбейт оқырманды адастыруы немесе сезімге тиюі мүмкін. Кликбейт мақалаларды хакерлер мен фишинг шабуыл жасайтын адамдар жиі пайдаланады. Олардың мақсаты оқырманды жалған дүниелерге нандыру, сөйтіп сіздің құралыңызға шабуыл жасау, жеке мәліметтеріңізді ұрлау.

Үгіт-насихат (propaganda): Үгіт-насихаттың мақсаты әдейі нашар саяси аргументтерді тарату. Жалған ақпараттың таралуы жылдамдап, оқырманға жетуі оңайлатылғалы бері жаңа саясаткерлердің пропагандамен айналысуы да жеңілдеп кетті. Пропагандада бірлі жарым факт болуы мүмкін. Дегенмен, оның негізгі көзірі адамдардың эмоциясын тарту.

Қазіргі пропаганда бұған дейінгі құндылықтарды және оларға деген халықтың сенімін пайдаланады. Бұл тұжырымдалған сенім деп аталады. Біз ақпаратты тұтыну барысында бұған дейін сенген дүниелерімізді күтеміз. Пропаганданы айқындау үшін әуелі өзің қандай тұжырымдарға сенесің, соны білу керек және осы тұжырымның саған қарсы пайдаланылып отырғанын түсіну керек. Егер сіз жаңаға құштар болсаңыз, жалған ақпаратты да айқындай аласыз.

Көзқарасын күшпен таңатын ақпарат (Biased news): Кейбір ақпараттардың нақты саяси мақсаты болады. Ақпарат құралдарындағы саяси мақсаттың көптігі сонша, тіпті олардан график жасауға да болады. Бұл типтегі ақпараттар мен пропаганда фактілерді бұрмалайды немесе жұрттың көңілін аударатындай спекуляция жасайды. Пропаганда мен біржақты ақпараттың арасындағы айырма оны жазушының мисинформацияны қаншалықты көп пайдаланғаны мен мақалада өз көзқарасын қаншалықты көбірек таңғанында.

Егер сіз ақпараттарға сенгіңіз келсе, ақпарат құралдарының ақпаратты беру тәсіліне назар аударыңыз. Шыншыл ақпараттық сайттар фактілерді ұсынғанда үнемі баланс сақтауға ұмтылады. Дегенмен, қанша шынайы, ақпараттың балансын сақтаса да, ақпарат құралдарының басым көпшілігі біржақты немесе белгілі бір идеяларға жұмыс істеуі мүмкін. Сенбеңіз.

Әлеуметтік медиада ақпараттарды өте талғампаздықпен оқыңыз, скептик болыңыз.

Сапасыз журналистика: Кей кезде жалған ақпараттарды әдейі тарату мақсатымен жұмыс істейтін журналистер болады. Олар сапасыз журналистер. Журналистер фактілерді бұрмалайды, адамдардың сөзін бұрмалайды немесе мәліметті жалған интерпретация жасайды. Сосын олар сол бұрмаланған шындық негізінде қорытынды жасайды.

Журналистиканы сапасыз дүниеден сақтаймыз десеңіз ешуақытта бір ғана дерекке сүйенбеңіз. Мақаланың сапасын вебсайтыңыздың қаншалықты заңды немесе шынайы ақпараттар таратуға қауқарлы екендігінен айқындауға болады. Бұндай сайттарда malvertising деп аталатын қауіпті жарнамалар көп болады. Ол жарнамалар сіздің құрылғыңызға шабуыл жасап, оны істен шығаруы мүмкін.

ФЕЙКТІ ҚАЛАЙ АЖЫРАТУҒА БОЛАДЫ?

Бұл үшін ең әуелі өзіңіздің сыни ойлау қабілетіңізді іске қосыңыз. Оқыған дүниеңізге әртүрлі аспектіден назар аударып көріңіз. Фейкті ажырату қиын болмайды, тек ол үшін барынша сақтық танытып, төменде біз айтқан кеңестерге құлақ асыңыз.

Деректі тексеріңіз: Сіздің оқып отырған жаңалығыңыз ақпараттар сайтынан алынды ма? Фейк ақпараттар сізді заңды ақпарат құралы ретінде алдағысы келеді. Аздап тексерсеңіз ақпаратты алып отырған сайтыңызды жалған әлде беделді екендігі айқын болады. Cайттың қаншалықты сенімді екенін тексеру үшін сайтыңыздың атын жазып «reliable» деген сөзді енгізіңіз. Мәселен:

Бұл туралы басқалар не дейтінін тексеріңіз. Егер барлық сілтеме бір ғана дереккөзге сілтесе, сіз бұл ақпаратқа сенбеуіңіз керек.

Мақаланың тақырыбына назар аударыңыз. Кейде тақырыпты айғайлатып қойғанымен, мақалада ұстап алатын ештеңе болмауы мүмкін.

Авторы туралы дерек жинаңыз. Оның әлеуметтік желілеріне кіріп, қаншалықты біржақты ақпарат тарататынын біліңіз.

Ақпаратта пайдаланылған дереккөздер мен мәліметтерді тексеріңіз. Мақала сізге бірнеше дереккөзді ұсынуы тиіс. Ешқандай цитата қолданбаған материал тек пікір немесе коммент болуы мүмкін. Егер мақалада цитата болса, олар қайдан алынды, соған мән беріңіз. Бәлкім олар сенімсіз ақпарат көзінің өкілі болуы мүмкін.

Ақпараттың жазылған уақытына қараңыз. Көп уақыт бұрын жарияланған ақпарат талқыланып жатуы мүмкін. Ескі жаңалықтар бүгінгі күннің мәселесіне куәлік ете алмайды.

Сатиралық ақпараттар шынайы ақпараттар емес. Ақпаратты таратып отырған ресурстың қандай мақсатта құрылғанына назар аударыңыз.

Өз инстинктіңізді тыңдаңыз. Егер сізге күдікті болып көрінсе, онда оның бір проблемасы бар деген сөз. Онлайн медиаға аса күдікпен қараңыз. Егер тақырыбы айғайлап тұрса, демек бірдеңесі дұрыс емес деген сөз.

Фейк неге тез таралады?

Адамдар сезімге тиетін тақырыптарды жақсы көреді. Біз олардың қаншалықты шынайы екендігін тексеріп жатпастан, бөлісуге құмартамыз. Фейк әлеуметтік желіге таралса болды, жарықтың жылдамдығынан да тез тарала бастайды.

Фейк тарататын ақпарат құралдарының бір ғана көздегені болады, ақша жасау. Бұл сайттар шынайы ақпарат көзі секілді көрінуі мүмкін. Алайда олардың контенті негізінен кликбейт пен пропагандадан тұрады. Әлеуметтік желідегі боттар бұл сайттардың ақпаратын таратуға көмектеседі. Фейкті жасаушылар саясатпен айналысуды қаламайтын шығар, десе де бүгінгі фейк негізінен саяси климатты қыздыра түсуде. Ақпаратты өзгелермен бөліспес бұрын, міндетті түрде тексер.

Шындықты құрметтемейтін ақпарат құралдары сіздің жеке басыңызды да құрметтемейді. Ондай сайттар сіздің кредит картыңыз туралы ақпаратты, басқа жеке бас мәліметіңізді ұрлаудан ұялмайды. Ол сайттардың бетіндегі жарнама материалдардың артында жасырын кодтар болуы мүмкін. Бұл кодтар сіздің компьютеріңізді бұзады. Сол себептен ол жарнамалардан аса сақ болғаныңыз жөн.

Фейк туралы біліміңізді тексеріңіз, біздің сауалнамадан өтіп көріңіз:

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар