////

Хабарға неге сұхбат бересің? Ертең жатақхананы босат: Аягөзде жатақхана тұрғындарына осындай сес көрсетіп жатыр

2481 рет қаралды

Абай облысы, Аягөз қаласы, Ысқақ Сүлейменов көшесі, 17 В мекенжайына орналасқан жатақхана тұрғындары туралы, дәлірек айтқанда жатақханада тұрып жатқан 25 тұрғын  мемлекеттік бағдарламаның мерзімінің аяқталуына орай жатақханадан шығу туралы ескерту алғандығын “Мінбер” ақпараттық порталы бұған дейін де жазған еді.

“Мінбер” ақпараттық порталында жазылған материал бойынша «Хабар» арнасының журналисі репортаж жасау үшін жатақхана тұрғындарымен кездесіп қайтқан. Журналистерге мәселесін айтқан жергілікті жатақхана тұрғындары жергілікті әкімшілік тарапынан қуғындауға ұшыраған сияқты.

Жатақхана тұрғыны жас ана Әйгерімнің айтуы бойынша бүгін жатақхана коменданты және бір әйел адам келіп, өзін таныстырмастан, есікті тоқпақтап, “бұл соңғы ескерту, ертең жатақханадан шығыңдар” деп айтып кеткен. Әйгерім келісім шарт бойынша қыркүйек айының 25-сіне дейін уақыты бар екенін, бүгін ертең ешқайда бара алмаймын деп жағдайын айтып көрген. Бірақ  бейтаныс әйел «Это не наши проблемы, сендер ертең жылу маусымы басталғанша шықпасаңдар ары қарай шықпай отырып аласыңдар» деп айтқан. Онымен қоса Әйгерім үйде кішкентай бала бар, есікті неге сонша тоқпақтап жатырсыздар деп ренжіген. Әйгерім екі баланың анасы, кішкентай баласы бар-жоғы алты айға енді толған. Баратын жерім жоқ, кішкене баламен қайда барамын деп жылап отыр.
Жатақхананың тағы бір тұрғыны Еркежан, өзіне бейтаныс адамдар таңертең хабарласып, “неге “Хабар” арнасына интервью бергенсіңдер, кімді шулатып жүрсіңдер?” деп сес көрсеткен. Кешке Әйгерімнің үйіне келген «қонақтар» Құралайдың да есігін тоқпақтап, интервью бергенің үшін ертең үйді босатасың деп айқайлап кеткен көрінеді.

Сонымен, неге интервью бересіңдер деп, сес көрсетіп жүрген әйел адам кім? Егер мемлекеттік қызметкер болса неге өзін таныстырмайды? Жатақхана тұрғындарының айтуы бойынша ол әйелді бұрын көрмеген.

Еститін үкімет қайда? Егер әлі күнге шейін мемлекет қызметіндегі адам «не наши проблемы» деп жүрсе? Халықтың мұңын кім тыңдайды сонда? Аягөзде жатақхана тұрғындарының мұңына құлақ қойып, туындаған әлеуметтік мәселені жөнімен шеше алатын бірде бір басшы болмағаны ма?

Өкінішке қарай, “Мінбер” ақпараттық порталы 5 тамызда Аягөз ауданы тұрғын үй комммуналдық мекемесінің басшысы Ргаев Думанға №35 хат жолдап, аталған мәселеге орай түсінік беруін сұраған еді. Әлі жауап жоқ. Ал жатақхана коменданты біздің қоңырауымызға жауап бермеді.

Естеріңізге сала кетейік тұрғындарды жатақханадан шығару 1 маусымға, балаларды қорғау күніне жоспарланған болатын. Тұрғындар жаппай наразылық білдіріп, әкімдікке шығару күнін шегеру туралы арызданғаннан кейін,  1 тамызға дейін уақыт берілген. Жатақханадан шығару туралы ескерту алған әр отбасында кем дегенде 3-4 бала бар. Ал тұрғындар болса, қол қойылған келісім шартта әлі қазан, желтоқсан айына дейін тұруға уақыттары бар екенін айтуда.

Жұлдыз Ақтанжанова, ШҚО

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар