///

Бауыржан Омаров: Жапырағы жасыл жаутерек

2228 рет қаралды
фото: qazaqtimes.kz
Жапырағы жасыл жаутерек,
Жайқалмағы желден-дүр…
/Шалкиіз/
Жиырма жетінші жылы туғандар…
Алыптар шоғыры. Ұлт руханиятының тұғырлы тұлғалары. Қазақы дәстүрдің қадірін арттырған парасатты перзенттер.
Міне, қараңыз… Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Мүсілім Базарбаев, Нығымет Ғабдуллин, Рахманқұл Бердібай, Үшкілтай Сұбханбердина, Телғожа Жанұзақ, Қалжан Нұрмаханов, Ғазиза Жұбанова, Қанапия Телжанов, Сұлтан Сартаев, Болат Сарыбаев, Жаңатай Шарденов, Кенжебек Күмісбеков, Бақтажар Мекішев, Майя Шығаева, Дүнгенбай Ботбаев… Жететін шығар.
Биыл әр жерде бұл тізімдегі бірқатар танымал тұлғалардың туғанына 95 жыл толғаны ептеп атап өтіліп жатыр. Осылардың ішінде тұғырлы тоқсан бесін көзімен көргені, сөзімен өргені тілші-ғалым Телғожа Жанұзақ ағамыз ғана.
Жиырма жетінші жылғылардың арасында ғибратты ғалым, әлеуетті әдебиеттанушы, ұлағатты ұстаз, абыройлы ақсақал, ардақты аға Тұрсынбек Кәкішевтің орны бөлек-ті. Алты алашқа әйгілі зерделі зерттеуші болғаны өз алдына, оның азаматтық ұстанымы да өте берік еді. Еменнің иір бұтағы секілді, ешкімнің ыңғайына жығылмай, жөнсіздік атаулының бәріне қайыспай қарсы тұрды.
Қажет жерінде Махамбет-мінезге салып, ақырып теңдік сұрады. Осы күнгі депутаттар біресе айтып алып, біресе қайтып алып жүрген мәселелерді Тұрсынбек ағам талай жыл бойы жеріне жеткізе тәпсірледі. Ол кісінің өнегелі істерін үнемі үлгі тұттық. Арғы-бергі, алыс-жақын елдердің архивтерін түгел сүзіп шыққаны үшін құрметтейтін едік. Атақты қолжазба журнал – “Садақты” тер төгіп іздеп, деректері мен дәйектерін ғылыми айналымға қосқаны үшін қадірлейтін едік. Кішкене ғана мәліметтің мән-жайы құлағына шалынса, бар шаруасын тастап, жолға шығып кететініне, сөйтіп, айлап жүріп, “еңку-еңку шер шалатынына, қоңыр салқын төске алатынына” әбден құрсан болатынбыз.
Жас буыннан қамқорлығын аяған жоқ. Бесіктен беліміз шықпай жатып, докторлық қорғауға талпынғанымызда қолдау көрсетті. Бізге сенім артты. Ғылыми жетекшіміз болмаса да, ақыл-кеңесін аяған жоқ. Қайта жолымызда жатқан жоталы жалпақтар мен шіренген шалқақтарды тиып тастап отырды. Өйткені, мінезді еді. Кескекті ердің сойы еді. Сырдарияның сарқыраған суын теріс ағызып жібере алмаса да, кез-келген ғылыми кеңестің бағыт-бағдарын өзгертіп жіберу тегеурінді Тұрсағамның қолынан келетін. Сондай айбарлы ағаның аялы алақаны, шуақты шұғыласы, қалтқысыз қамқорлығы бізді қанаттандыра түсті. Алдағы белестерімізге қарай құлшына ұмтылдық.
Ең бастысы, жақсылық жасау да, ерлік жасау да Тұрсынбек ағаға тән қасиет-тін. Үзеңгілес досы Зейнолла Қабдолов қайтыс болғанда, қаралы хабарды естіп, жолға шығып кеткен жерінен сапарын үзіп, дереу қайтып оралды. Тіпті Шу ма, Тараз ба, едәуір жерге шығандап үлгерген екен. Ол жақта ардақты ағамызды қалың ел күтіп отырған-ды. Бәрін де тәрк етті. Дереу ат басын кері бұрды. Қоштасу рәсімінде жүрегі жылап тұрып сөйледі. Бейіт басында таудай Тұрсекең заңғар Зекеңе өз қолымен топырақ салды. Біз, Қабдолов пен Кәкішевтің шәкірттері, мұны ешқашан ұмытпаймыз. Өрелі ісіңіз, өрісті өнегеңіз жөнінде жылдар бойы айтыла бермек.
Қызылордада қызмет істеп жүрген сәтімізде талай келді. Ердік. Еркеледік. Бірақ әдеп сақтап, ентелемедік. Ағамыз жетпіске толғанда тайлы-таяғымыз қалмай, Алатаудың етегіне құстай ұшып жеттік. Ақмешіттің әйгілі әкімі, берекелі басшы Бақберген Досманбетовтің арнайы жолдаған құттықтауын оқыдық:
Ғалым аға, ұстаз аға – Тұрсынбек,
Келдік біздер қадіріңді ел білсін деп.
Өзіңізді іздейтұғын жүректер,
Сыр бойында соғып жатыр дүрсілдеп!
Сонда аяулы ағамыздың риясыз күлгені есімізде. Соның бәрі күні кеше сияқты еді…
Жапанға біткен жасылдай саялы бәйтерек көзден кетсе де, көңілден кеткен емес. Ешқашан кетпейді де…
Қазір интернеттегі дерек іздеу арналарынан Тұрсекең туралы мәлімет сауғың келсе, Тұрсынбек Кәкішевтен бұрын Тұрсынбек Қабатов шыға келетін заман… Қайтесіз… Бірақ бәрібір ұстазымыздың бейнесі бәрінен биік тұрады!
Бүгін қалың қазақтың қадірлісі Тұрсынбек Кәкішевтің туғанына – 95 жыл. Рухыңыз шат болсын, балдағы алтын құрыш болат!
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар