27 тамыз күні Орал қаласында «Атамекен» өнер ордасының концерт залында «Волга-Бэнд» үрмелі аспаптар оркестрінің дирижері және көркемдік жетекшісі, дирижер Денис Марьевтің басқаруымен Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен әнші Ирина Левинаның және музыкант-гитарашы Вахтанг Торелидің қатысуымен «CLASSIC&ROCK» атты концерттік бағдарламасы үлкен аншлагпен өтті.
Ирина Левинаның орындауында дирижер Денис Марьевтің басқаруымен «Queen», «The Beatles», «Scorpions», «Metallica», «Deep Purple», «Status Quo», «Bon Jovi», «Kiss», «Aerosmith», «Smash Mouth» әйгілі рок топтарының танымал шығармалары орындалды. «Атамекен» өнер ордасында 80-90 жылдарда танымал болып, қазіргі кезде де өз тыңдармандарын жоғалтпаған рок жанрындағы әндер қалықтады. Рок кеші әртүрлі жас өкілдерін біріктіріп, нағыз шын талант пен өнер үшін ешқандай шектеу болмайтындығын тағы да дәлелдеді. Сол себептен де «браво», «бис» дауыстарымен қатар, стадиондардағы жаппай рок-концерттерге тән жалынды дауыстар естілді.
Классикалық композициялар мен рок әуендердің үндестігі әрине таңғалдырмай тұра алмады. Былай қарасақ, екеуі екі бөлек әлем, бірақ барлық ұлттар мен шын жанашыр меломендар үшін бір ғана тіл бар – ол әрине музыка тілі. Ал бұл жерде әр композиция тыңдармандардың жүректен-жүрекке жетті.
Бұл концерттік бағдарламаның аншлагпен өтетіні барша көрермендерге алдын ала аян болған десек болады. Оралдықтар көрші елден келген қонақтарды әр әуенге қосылып, ду қол шапалақпен қарсы алды. Көрермендер тіпті бірнеше қайтара «биске» орындауды сұрады. Оркестрдің солисті Ирина Левина шырқаған «Queen»тобының «We are the champions», «We will rock you», сондай-ақ «It’s my life» әндерін лық толы зал әншімен бірге орындады.
Концерттік бағдарлама соңында кеш қонақтары оралдықтарға жылы қарсы алып, білдірген қошеметтеріне алғыс айтып, тағы да келетіндіктерін жеткізіп, көрермендермен қоштасты.
Светлана Аманғалиева,
Орал қаласы, БҚО
Парақшамызға жазылыңыз