///

Ертең 1 қыркүйек. Мектепке дайынбыз ба?

2522 рет қаралды

2022–2023 жаңа оқу жылының басталуына бір күн  қалды. Биылғы оқу жылына оқушылар дайын ба? Дұрысы, ата-аналар балаларын дайындай алды ма?

Осы жылы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру ұйымдары ның міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға түзетулер енгізгенінен хабардармыз. Мектеп формасына қойылатын талаптар: пиджак, жилет, белдемше, шалбар, түймелері немесе құлпы бар тоқылған кардиган (бомбер), классикалық блузка (қысқы кезең: тоқылған жилет, сарафан, водолазка), қыздарға арналған шалбар (кеңдеу, аяқтың тобығын жауып тұратын). Сонымен қатар мектеп формасына орта білім беру ұйымдарының ерекше белгілерін (эмблемасын, патчтарын, шеврондарын және т.б.) тағуға рұқсат етіледі. Елімізде мектеп формасы негізінен барлық мемлекеттік мектептерде – қою көк түсті. Жеке мектептерде мектеп формасының өзіндік дизайны болуы мүмкін. Ата-аналардың мектеп формасын сатып алуда ерікті болуы ескерілген.

Жалпы «Біздің елде баланы мектепке жіберу қанша тұрады?» деп ойлана бастасақ, сұрастыра бастасақ түрлі жауапқа кезігеміз.

Айтпақшы, мектеп формасы дегенде еске түсетін жағдай – Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың дүкенге барып, мектепте оқитын бір баласына мектеп формасын сатып алуы да біраз талқыға түсті. Министр баласына ақ көйлек, шалбар, костюм, галстукты сатып алып, оған шамамен отыз бес мың теңге шығындағанын айтты. Ол жерде сумка, құрал-жабдық немесе аяқ-киім деп айтқан жоқ. Бірақ шу көтерушілер министр ол бағаларды қайдан алған деп жарысып айтып, жазып жатты.

Жақындағанда тыпырлайтын қазақпыз ғой, базарда да, сауда орталықтарында да балаларына мектеп киімдерін алып жүргендер жетерлік. Саудагерлерге де жан бағу керек, бір жағы бәрібір алатындарын білген соң болар бағаларын түсіру ойларында да жоқ.

Елімізде кеңсе тауарлары бір жылда 50 пайызға қымбаттаған дегенмен, шын мәнінде қымбаттағанын бетпе-бет келгенде ғана түсініп жатырмыз. Қалам-қарындаш салатын пеналдың ең арзаны  700 теңге дегенде таң қалғаным рас. Бұл Алматы қаласында. Басқа өңірлерде қалай екені белгісіз. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, басқа өңірлердегі бағалар сол жақтағы алып-сатарларға байланысты …

Айдана есімді сіңліммен Алматының барахолкасына барып, бағаларды шолып шықтым. Сіңлім бір баласына костюм-шалбарды 20000 теңгеге,  кейбір құралдарын 5000 теңгеге, майка, шұлық, іш киім секілді ұсақ-түйектерді 5000 теңгеге, аяқ киімін 10000 теңгеге алды. Былтырғы сөмкесін ұстайды деді. Дене шынықтыру сабағына киетін киімдері мен күзге, қысқа арналған жылы киімдерді кейін аламын деді. Соған қарағанда бір балаға шамамен жүз мың теңге кететіні сөзсіз. Тіпті одан да көп болуы әбден мүмкін. Себебі, баға бар жерде бірдей емес. Және бір байқауға болатын дүние, ер балаларға қарағанда қыздардың киімі қымбатырақ. Бантик, гольфи деген сияқты дүниелері бар. Және қыздардың әдемі дүниелерге үйір екенін, өздері таңдайтынын ескерсек, қалтаға біраз салмақ болатыны айтпаса да түсінікті. «Ер балалар алып бергеніңді кие береді» дегенді базарда жүрген аналардың біразынан естідім.

Сонымен, блузка немесе ақ жейделердің нарықтағы бағасы  6 мыңнан 10 мыңға дейін. Қыздардың белдемшесі 7-8 мың арасы. Ал  ауыстырып киюге белдемшемен қатар, қызыңызға сарафан кигіземін десеңіз, оның бағасы 10 мың теңге. Бірыңғай форманың жакеті 12 мың, шалбардың бағасы 7-9 мың теңге арасы. Жилеттің бағасы 6 мың теңге болса, былғары туфлидің бағасы 20 мың теңге.

Қазіргі кезде адамдар өзінің не істегендігін әлеуметтік желілерде бөлісіп жататыны заңдылық қой. Базарға барғандарын, бағаларымен бөліскен жандарды да көзіміз шалып қалды. Қызына әдемі жемпірді  37 мыңға алғандығын жазғанын көріп едім. «Ол бағада бір түйір жемпірді алып бере алатындары бар, алып бере алмайтындары бар. Біреулер баласына барын беру үшін күндіз-түні жұмыста жүр ғой. Бізде неге қымбатшылық белең алып кетті?» деп неше түрлі ойлардың жетегінде кетесің…

Расымен, солай. Бір отбасында бірнеше бала болса және табыс табушы бір ғана адам болса, жағдай қиын екендігі айтпаса да түсінікті. Үш баланы киіндіремін деп шашылып қалдық деп жатқандар бар.

Көмекке мұқтаж жандар үшін «Мектепке жол» деген акция бар. Бар нәрсені түгендеп бермесе де, жыртықты жамайды.  «Жалпыға міндетті білім беру» қорының аясында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ ондай көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар және т.б. материалдық көмек алады.

Алайда мемлекеттен берілетін 40 мың теңгеге жуық қаражат нарықтағы бағамен мүлде сәйкес келмейді. Бір баланы мектепке дайындау 100 мың теңгенің ар жақ-бер жағы болса, мемлекет беретін 40 мың теңге ештеңеге мардымайтыны түсінікті. Қолы ашық, жаны жомарт бай-бағландар кей отбасыларды бір демеп жібермесе, жағдай қиындау. Әйтпесе кей оқушылардың мектепке бара алмай қалуы екіталай сияқты. Себебі, біздің елдегі қымбатшылық тоқтамай тұрғаны жасырын емес. Ол жоғары таптағы адамдарға әсер етпес, алайда кей отбасылардың, жалғыз басты аналардың қалтасын қағатыны сөзсіз…

Эльенора Әмір,

Алматы қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар