Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды.
ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІ ТӨМЕН, ИННОВАЦИЯ ЖЕТКІЛІКСІЗ
«Біздің экономикалық саясатымыздың базалық мақсаты – өзгеріссіз қалады – азаматтарымыздың сапалы әрі инклюзивті тұрмысы қамтамасыз етілуі керек», – деді Президент.
Сондай-ақ, ол баршаға бірдей мүмкіндік жасау жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі болуы керектігін атап өтті.
«Жаңа экономикалық бағдардың басым бағыты жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру яғни, мемлекеттік капитализм мен мемлекеттің экономикаға шектен тыс килігуінен кету; бәсекелестікті дамытып, баршаға бірдей мүмкіндік жасау және әрине, ұлттық табысты әділетті бөлу болмақ.», – деді Мемлекет басшысы.
ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ КӨЛЕМІ ӨСЕДІ
“Мен ең төменгі жалақыны 60-тан 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл 1,8 миллион азаматтың кірісіне тікелей әсер етеді.
Зейнетақы жүйесін қайта іске қосу қажет. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғарысын 120 пайызға дейін дәйекті түрде жеткізу қажет. Бұл бұрынғы қабылданған шешімдермен бірге 2025 жылға қарай зейнетақының жалпы көлемін орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді”, – деді Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
ШЕНЕУНІКТЕРДІ 25% ҚЫСҚАРТУ
Жолдауының басында Президент елдегі мемлекеттік бағдарламалар мен шенеуніктер санына тоқталды. Ол елдің көлемді емес, халық түсінетін ықшам мемлекеттік бағдарламаларға көшу керегін ескертті.
Сонымен қатар, шенеуніктер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды.
“Мемлекеттік қызметтің жүйесін қайта қарау керек. Пандемия мен мемлекеттік органдағы көптеген қызметкерді қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру мемаппаратты қысқарту керек екенін көрсетті. Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторын қысқарту мерзімін жылдамдатуды тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға қысқарту қажет. Келесі жылы тағы 15 пайызға қысқарту керек. Осылайша, шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту тапсырмасын 2021 жылы шешіп боламыз. Нәтиже мен цифрландыруға байланысты тағы да қысқарту мәселесін қараймыз”, – деді ол.